РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ - ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІҢ ТҰҒЫРЫ
2017 ж. 06 қараша
6417
5
Президент Н.Назарбаевтың ұлттық рухани өсіп-өркендеуіміз бен кемелденуіміздің бағдарламасы ретінде қабылданып, халқымыздың қолдауы мен қошаметіне бөленіп отырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық бірегейлігі мығым біртұтас ел болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы ой-пікірлері мен көзқарастарын ортаға салды. Мемлекет басшысы еңбегінің негізгі идеясы – Мәңгілік Қазақ елінің рухани тұғырын негіздеп, алтын арқауын ширата түсу. Бұл жөнінде мақаланың бірінші бөлімінде бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы тақырыпшаларымен берілген Елбасы жазбалары терең толғамдармен ерекшеленеді.
Президент мақаласындағы білімнің салтанат құруы жөніндегі тұжырымдары жас ұрпақ тәрбиесінің қайнаған ортасында жүрген біздер үшін бағыт-бағдарымыздың темірқазығы десек артық айтқандық бола қоймас. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек, - деп жазады Елбасы. – Жастарымыз басымдық беретін мәселелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».
Қай заманда да оқу-білімнің мәртебесі биік болған. Мұны қазақтың ұлы перзенттері зерделей білген. Айталық, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин «Кел, балалар, оқылық...» деп қоңраулатса, ұлы ойшыл Абай халқын білімді болуға үндеді, өзінің «Қара сөздерімен» қазақты ХХ ғасырға дайындады. Қазіргі қазақтың көкірек-көзі ояу, жаппай сауатты елге айналдық. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда аудан орталығы Түркістанда университет ашылып, оған әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидің есімі берілуі түркі дүниесінде үлкен құбылыс, тарихи оқиға болды. Арадан бір жылдан астам уақыт өткенде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы келісім бойынша Түркістан Мемлекеттік университеті түркі әлеміндегі тұңғыш Халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесін алды. Қазір бұл білім ордасы Орта Азиядағы іргелі оқу орындарының бірінен саналады.
Президент мақаласында сананың ашықтығы тұрғысында сөз қозғай отырып, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтініне баса назар аударады.
Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру таяу жылдардағы міндеттер аясындағы басты жобалардың біріне айналып отыр. Елбасы мақаласында латыншаға көшудің логикасын алға тарта отырып, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты болып отырғанына көңіл аударады.
Тұңғыш Президенттің қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығы Тәуелсіз еліміздегі ең басты оқиғалардың біріне айналып отыр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері латын әліпбиіне көшу – Қазақ елінің рухани жаңғыруындағы жаңа қадам екенін терең түсіністікпен қабылдап, барынша қолдауда.
Бұған Жарлыққа қол қойылған күннен бастап, аудиторияларда өткен басқосулардағы жүрекжарды ой-пікірлер мен тебіреністі лебіздер айқын дәлел.
Жарлықта нақты көрсетілгендей, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бекітілуі, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшуін қамтамасыз ету, осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабылдау мақсатындағы Қаулы баршамызды жігерлендіріп, қуанышқа бөлеуде.
Елбасының бағдарламалық мақаласын әбден екшеп, ой елегінен өткізіп, мың ойланып, жүз толғанып барап қолына қалам ұстағаны анық. Бұл еңбекті елдік толғауы десек те болады. Себебі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі Қазақ елінің рухани жаңғыруы аясында жүзеге асырылғалы отырған кең ауқымды жобалардың бірі екендігі айдан анық. Қоғамдағы қызу талқылаулар бұл проблеманың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп отыр.
Біз қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру мәселесіне үлкен дайындықпен келіп отырмыз. Тұңғыш Президентіміздің 2012 жылы латын әліпбиіне көшу туралы идеяны ортаға салғаны есімізде. Содан бергі бес жылға жуық уақыт дайындықпен өтіп келеді десек қателеспейміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап латын әліпбиіне өткен Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан елдерінің тәжірибесі еліміз үшін үлкен сабақ. Бауырлас елдердің жүріп өткен жолындағы кемшіліктері мен жіберген қателіктерін қайталамау әліпби реформасын сәтті жүргізуге ықпал етері анық.
Білім ордасының студенттеріне латын әліпбиіне көшу қиындық тудырмайды. Олай дейтініміз, біздің студенттерімізге барлық мамандықтар бойынша дайындық топтары мен бірінші курстан бастап-ақ ағылшын тілі мен түрік тілі тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ төменгі курстарда орыс тілін де тереңдетіп оқытуға баса мән беріледі. Осылайша, университетімізде төрт тұғырлы тіл бағытында нақты шаралар іс жүзіне асырылуда.
Біз барша түркі дүниесі әлем елдерінің басым көпшілігі қолданып отырған жазуға көшсе, біріншіден, өзара ақпарат алмасудың жеңілдейтініне, екіншіден, жаһандық өркениетке даңғыл жол салынатынына кәміл сенеміз.
Елбасының бағдарламалық мақаласында алға қойылып отырған ұлтымыздың рухани жаңғыруына бағытталған таяу жылдардағы міндеттер біртұтас ұлт болуға, мәдени және сана ашықтығына ұмтылуға, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеген ізгі қасиеттерді қайта түлетуге бастайды. Халқымыз кириллица аталған әліпбидің ықпалынан, анығырақ айтқанда, оның толыққанды иесі саналатын жұрттың саяси-ақпараттық ықпалынан арылатын кезеңге де жетті. Енді, міне, еліміздің рухани өміріндегі елеулі кезеңге де қадам басқалы тұрмыз.
Елбасының бағдарламалық еңбегінде қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына айрықша мән берілген. Бұл жас ұрпаққа жаңа сапалық деңгейде білім беруге батыл бетбұрыс жасап, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.
Қазақ елі Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдан астам мерзімі ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген идеясы киелі Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне, бүгінгідей ізгілікті істердің белең алуына басты негіз болды. 2017 жылы қасиетті Түркістан күллі түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бұрын аудан орталығы болып келген шағын шаһар қазір мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналып келеді. Қасиетті мекеннің жасарып-жаңғыруында, өсіп- өркендеуінде Қазақ елі Тәуелсіздігі қарсаңында дүниеге келген Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отыр десек, артық айтқандық емес. Білім ордасы еліміз Тәуелсіздігінің символына, түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ғылым мен білімнің бағыттарында алға қойған міндеттер мәртебесі Қазақстандағы Назарбаев университетінен кейінгі Халықаралық дәрежедегі екінші білім ордасы болып саналатын Халықаралық қазақ-түрік университетінің жауапкершілігін арттыра түсті.
Алда тұрған өзекті мәселенің бірі оқытушы-профессорлардың сапалық құрамын талапқа сай жоғары дәрежеге көтеру болып табылады. Ғылым кандидаттары 300-ден асады. Профессорлар 100-ден астам. Олардың санын 200-ге жеткізу көзделуде. Мұнан тыс Түркияның бірқатар университеттерінен 200-дей профессор кезек-кезегімен келіп, лекция оқуда. Білім мен ғылым және өзге де салалардағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында бірқатар университеттермен келісім-хаттамаларға қол қойылған. Олардың негізгілері – Гази университеті (Анкара қ.), Акдениз университеті (Анталия қ.), Ерджиес университеті (Қайсери қ.), Стамбул университеті (Стамбул қ.) және т.б.
Білім ордасындағы оқу жүйесі мен зертханалар жаңа техникалармен және интернет жүйесіне қосылған компьютерлермен, интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген, спутниктік байланыс жүйесі тұрақты пайдаланылуда. Шәкірттердің сапалы да тиянақты білім алуларына мол мүмкіндік бар.
Университетте 29 ұлт өкілі саналатын 10 мыңға жуық жас білім алуда. Оның ішінде түркі тектес 15 мемлекеттен келген 1200-дей студент пен тыңдаушы бар. Студенттер негізінен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылады. Білім ордасында 54 мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік бар, 30 мамандық бойынша магистратура, 3 мамандық бойынша резидентура және 11 мамандық бойынша докторантура (PhD) ашылған.
Университет қабырғасында білім алып, түлеп ұшқан студенттер бүгінде елімізде және шетелдерде сан алуан салаларда жемісті еңбек етуде. Үздік бітірген түлектер жыл сайын Түркияның жетекші университеттеріне магистратура және докторантураға жіберіліп келеді. Жекелеген түлектер Түркияда, ТМД және Еуропа елдерінде лайықты биіктерден көрініп жүр.
Ежелгі Түркістанда шаңырақ көтерген Халықаралық білім ордасы тек білім мен ғылымның нәрімен сусындатып қоймай, қалаға көрік беретін үздік сәулеткерлік шеберлікпен салынған оқу ғимараттарымен, оқытушы-профессорларға арнайы салынған коттедждерімен, спорттық-сауықтыру орындарымен, зәулім мәдениет орталықтарымен, жатақханалар, асхана және еңселі кітапхана кешендерімен де ерекшеленеді. Аумағы 160 гектарды алып жатқан таңғажайып ботаникалық бақ та қасиетті Түркістанның көркіне көрік қосып тұр.
Сан ұлтты студенттер арасындағы достық білім ордасының қабырғасында нығая түседі. Күллі түркі халықтары ынтымағының негізі болып табылатын да солар. Олар өзара қарым-қатынаста жүріп, туыстас халықтардың тарихын, мәдениетін және тілін терең ұғынады. Білім ордасының студенттері білім сапасымен ғана емес, сонымен қатар патриоттық рухымен де ерекшеленеді. Университет еліміздің нағыз патриоттарын даярлауда.
Өз дәуіріндегі білім мен адамгершіліктің жарық жұлдызы, байсалдылық пен салауаттылықтың, адамдардың ар-ұятының символы болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз атындағы Халықаралық университеттің рухани астанамыз – қасиетті Түркістанда шаңырақ көтеруі жастар жүрегіне әрдайым қасиет пен ізгілік нұрын құяды. Осы орайда Елбасымыздың халыққа дәстүрлі Жолдауындағы «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы - Мәңгілік Ел!» деген тебіреністі сөздерінің жүректерге ұялап, толқытқаны ақиқат. Кезінде Елбасының идеясымен шаңырақ көтерген білім ордасының студенттерін Мәңгілік Ел идеясы нұрландырып, патриоттық сезімдерін алаулата түсуде.
Н.Әжіханов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі вице-президенті Арнайы "Қазақ үні" ұлттық порталы үшін