Алтынай Жорабаева: Ешкімге мұндай тағдыр тілемеймін...
2017 ж. 31 қазан
8410
12
Танымал әнші Алтынай Жорабаева Хабар телеарнасындағы «Тікелей эфир» бағдарламысына бармайтынын мәлімдеді, деп жазады Qamshy ақпарат агенттігі. Бұл туралы ол өзінің инстаграм парақшасына жазған.
Ол рейтинг үшін жалған ақпарат таратқан Хабар телеарнасын сынға алды. Айта кететін болсақ «Тікелей эфир» бағдарламасын танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жүргізеді.
«Мынау не сұмдық! Неге менімен ақылдаспайды? Сонда рейтинг үшін біреудің өмірін талқылау керек пе? Хабар арнасының абыройына мынадай бағдарлама ұят! Хабар телеарнасына ешқандай жаман пікірім, ниетім жоқ! Мынау «Тікелей эфир» деген бағдарламаға шақыратын кезде , тек менің шығармашылығым, Астанада қалай тұрып жатқанымыз, қыздарым Астананы қалай қабылдады? Әкем мен анамнан менің балалық шағым жайында ой өрбітетіндері жайлы айтқан болатын. Ал мынаны қалай түсінуге болады? Ақ сақалды әкем мен ақ жаулықты анам, бауырымды , құрбымды алдыртты ұшақпен. Қыздарымды шақырып , эфирге шығарып қойып, Сәбит екеуіміздің өмірімізді бүкіл халықтың алдында не үшін талқылауымыз керек ? Неге?! Менің ниетім , күйеуге тиіп , бақытты , үлгілі отбасы болу еді. Тіпті сахнаға шыққым келмейтінін айттым. Сәбитке ұрпақ қалдырайын, ұл туып берейін деп , 4 қызым дүниеге келді. Есептеп туу деген нәрсені тіпті білмедім де. Ал енді 4 қызымның әкесін бүкіл халыққа, әке-шешемнің, қыздарымның алдында отырып талқылауымыз керек пе? Мені кішіпейілдікке, ерді сыйлауға тәрбиеледі. Ешқашан ерімнің бетіне келген емеспін . Ешкім ертеңгі күнінің қандай болатынына кепілдік бере алмайды. Менің өмірімді талқылау үшін , ол адамдар өздері 100% идеал болу керек . Қандай болса да Сәбит қыздарымның әкесі! Аман жүрсін , бақытты болсын ! Алла ғана төреші! Мені әнші ретінде, ана ретінде қалай сыйлайсыздар, өз еріктеріңізде. Өзгертуге тырыспаймын. Мені дұрыс түсініңіздер..."Ел болам десең экраныңды түзе" демекші бүкіл xалықтың әлеуметтік мәселесі көтерілетін үлкен арна отбасылық ұсақ-түйекпен айналыспаса екен деген ниетім бар... Менің тағдырым ұлттың мәселесі емес! Біреудің тағдырын талқылап рейтинг көтеру деген, адамның тағдырымен ойнау деген сөз.... Ешкімге мұндай тағдыр тілемеймін! Лайым, қыздарыңыз бақытты болсын! Эфирге бармайтынымызды мәлімдеймін!», — деп жазған болатын Алтынай Жорабаева. Алайда белгісіз себептермен бұл жазбасын өшіріп тастаған. «Тікелей эфир» бағдарламасының инстаграм парақшасында да Алтынай Жорабаева туралы жазба өшірілген.
Еске сала кететін болсақ, осыдан біраз уақыт бұрын Алтынай Жорабаева Сәбит Әбдіхалықовпен ажырасқанын айтқан болатын.