Кеңес империясы түркі халықтарының ортасына жік салған еді

немесе Түрік моласынан табылған домбырадағы жұпар күйінің әуені

каржаубай Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, түрколог, филология ғылымдарының докторы

– Аға, түркологияға қалай келдіңіз?

– Иә, жастайымнан романтик болдым. Кешке жақын қой мен қозыны бөліп біткен соң, анам жатқа жыр оқушы еді. Кейбір жырларды бізге оқытып, тыңдап отырып беріліп жылап отырушы еді. Өзі ескі жадидше хат танитын адам-тын. Майда топыраққа, күлге, табылса қағазға жазып ескі араб әліпбиін үйретті. Кей күндері ұршық иіріп, жіп есіп отырып сыңсып көріс айтатын. Сондағы кейбір жолдар есімде қалыпты: «Дүниенің төрт бұрышын алдау кәпір, Не болар келешекте ұрпағымыз» - деп отырып көзінің жасын сығып тастаушы еді-ау...

– Апа неге жылайсыз? Біз өз елімізде, өз жерімізде өмір сүріп жатырмыз ғой – дегенімде: Біз мұнда ағайын-туыс қазақ ортада отырғанымызбен еліміз Моңғол елі ғой – деді. Төртінші сыныпты бітірген кезім-тін. Балалық жүрек дір етті. Қайдан білейін, өз елімде өз жерімде шалқып жүрмін деп алаңсыз бала сезіммен жүрген заман ғой.

– Жоқ! – деді анам пышақпен кескендей. Біз Моңғол деген елдің қол астында өмір сүреміз. Сенің елің, жерің тым алыста, жырақта қалған – деді.

– Ол қандай ел, не деп аталады? – дедім.

– Айту қиын, қалқам. Ұлы қазақ жері орыстың қолында қалды, басында темір ноқта. Жартысы ши аяқ қытайлар қолында қалды, басында кендір ноқта. Біз мынау моңғолдамыз, басымызда жіп ноқта. Жіп ноқтаны күніне он мәрте үзіп, он мәрте жалғауға болады. Темір ноқтаның үзілуі өте қиын. Бір үзілсе жалғауға келмес-ау. Ал кендір ноқта су тиген сайын басыңды қысып, өлгенде көрге бірге кірер, – деді.

Осы өсиет, осы әңгіме мені ұлтшыл етіп тәрбиеледі. Ұлттың жоғын жоқтауды армандап, әдебиетке әуестеніп өлең, әңгіме, повесті жаздым. Сөйтіп, 8-сынып бітірген жылы «Білім және еңбек» журналына жарияланған Ғ.Айдаровтың «Күлтегін ескерткіші» деген мақаласы қолыма түсті. Онда Күлтегін қолбасшы туралы ақпарат бере отырып байырғы түрік бітіг (руника) әліпбиі жарияланыпты. Әліпбиін жаттап алдым. Белгілеулерімді бітіг (руника) алфавитімен жазатын болдым. Көне дүниеге қызығушылық осылайша оянды. Өзіме-өзім сенім артып, крил, араб, бітіг әліпбиін меңгергенім алға сүйрей бастады. Содан Моңғолия мемелекеттік университетіне барған соң Чой Лувсанжав деген 12 тіл білетін полиглот ғалымның көмегімен байырғы түрік әлеміне кірдім.

– Осы уақыт аралығында қандай еңбектер жаздыңыз?

– Мен Қазақстанға келгелі он жыл болды. Осы аралықта «Объединенный каганат тюрков» (16 б.т.) 2002 ж, «Орхон мұралары» (30 б.т.) 2003 ж, М.Жолдасбековпен бірге «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы»- І том (60 б.т.) 2005 ж, «Атлас Орхонских памятников» (60 б.т.) 2007 ж, «Байырғы түрік жазуының генезисі» (30 б.т.) 2007 ж. еңбектерім басылып шығып оқырман қолына тиді. «Байырғы түрік жазуының генезисі» монографиясының толықтырылған екінші басылымы 2010 ж Павлодар облысындағы С.Торайғыров атындағы мемелекеттік университеті екінші мәрте басып шығарды. Осы аталған монографияның орысша аудармасы қазір баспаға өтті. Бұдан сырт 70-ке жуық ғылыми және көсемсөз мақалаларым мен сұхбаттарым жарық көрді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түркология лабораториясына 2001 жылдан басшылық еттім. 2008 жылы «түркология және алтайтану» орталығы құрылды. Қазір осы орталықты басқарып отырмын. Осы орталықтағы түріктану лабораториясының кітапханасына Моңғолия, Тува, Хакас, Таулы-Алтайда сақталған байырғы түрік бітіг жазуының түпнұсқа көшірмелерінің толық қоры жасақталды. Сонымен қатар, ҚХР-ның 12 династиясының астанасы болған Сиань шаһарының маңына жерленген байырғы түрік қайраткерлерінің мазарларына қойылған ондаған ұстындардағы мәтіндердің көшірмесін және батыс Қытай немесе Шығыс Түркістаннан табылған байырғы бітігтер, Ұйғұр әліпбиімен жазылған жүздеген жәдігерліктерді жинап лаборатория кітапхана қорына қостық. Нәтижесінде б.з.б. ХІV – б.з. Х ғғ аралығында Орталық Азия аймағында дүниеге келген жазба деректердің біршама толық қоры пайда болды. Соңғы жылдары «Мәдени мұра» мемелекеттік бағдарламасы аясында Ғылым Акемадемиясының Тарих, Шығыстану, Археология институттары және Орталық мұрағат көптеген тарихи-мәдени құндылықтарды жинап үлкен еңбек етті.

2004 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан «Жазу мұражайын» аштық. ЕҰУ-нің ректоры белгілі қоғам қайраткері М.Жолдасбеков ағамыздың ұйымдастыруымен бұл мұражай дүниеге келді. Мұнда сонау Сақ (Скиф), дәуірінен бастап ХХІ ғасырға дейінгі түріктекті, түркі тілді халықтардың қолданған 18 түрлі жазу үлгісін қамтыдық. Әлемде славян, латын, хамит-семит жазу үлгілерінің, қытай иероглифінің мұражайы бар. Сонда деймін-ау, дүниежүзінде 250 миллион халқы бар түркі әлемінің жазу мұражайы болмауы ұят қой. Осы ақтандақты болдырмау үшін кірістік. Сөйтіп, түркі әлемінің жалғыз мұражайы Қазақстан Республикасында соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында тұңғыш рет дүниеге келді. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің тікелей қолдауының арқасында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қаржысымен осы мұражайға Тұй-ұқұқ, Тэс (Күл-билге қаған), Теркін (Ел-етмиш Билге қаған) ескерткіштерінің көшірмесін жасатып алып кеп орналастырдық. Оның сыртында Елтеріс Құтлұғ қағанның түпнұсқа мүсіні, Күлтегін қолбасшының мүсінінің көшірмесін, б.з. V-VІ ғасырында жасалып Алтай тауының үңгірінде сақталған Атадомбыраның көшірмесін алып келдік. «Күлтегін» атты тарихи-деректі фильм жасап халықтың қолына салдық.

– Кешегі Түрік қағанаты Қазақ мемелекеттілігінің бабатағы дегенге қалай қарайсыз?

– Сонау ежелгі дәуірден (Сақ және одан бұрынғы) б.з. ХVІ ғасырға дейінгі тарихи құндылықтар бүкіл түркі халықтарына ортақ мұра. Менікі, сенікі деп тартысу артық. Бұл кезеңді ғалымдар классикалық түркология деп атайды. Ал ХV-ХVІ ғғ-дан бастап әрбір түркі халықтары өз-өз мемлекетін орнатты. Өзін-өзі зерттеп кетті. Бұл кезеңді жалпы түркілік деп бөліп зерттейді. Өйткені, әр ұлт, ұлыс өз мәдениетін, өз мәдени құндылығын жасап кете барды. Кеңес империясының заманында Қарханид құндылықтарын ұйғырға, Хорезм, Шағатай мұраларын өзбекке теліп, түркі халықтарының ортасына жік салғанын оқырман қауым жақсы біледі. Орта ғасырдағы (ХІ-ХІІ ғғ.) Қыпшақ қандығының өзін Кеңес зерттеушілері қазаққа қыймады-ғой.

Біздің кейінгі кездегі зерттеулеріміз, анализдеріміз І, ІІ Түрік қағанатының билеуші тайпасы, қағанатты құрушы тайпасының Қыпшақ конфедерациясы екенін көрсетті. Кезінде «қазақ» деген атау аталмай тұрған заманда біздің халқымыз «Қыпшақ» атанған. Ал «Ұйғұр» деп аталған ІІІ Түрік қағанаты немесе Біріккен түрік қағанатының билеуші тайпалары байырқу және едіз тайпасы болды. Б.з. 753 жылы біріккен түрік қағанатының Ел-етміш Білге қаған қағанатты басқару реформасын жасаған кезде, байырқу тайпасын екіге бөліп бір бөлігін сегіз-оғуз деп атап төлес (сол) қанатқа, екінші бөлігін тоғыз-оғыз деп атап тардуш (оң) қанатқа енгізген. Қағанатты билеуші қағанның рулас ұрпақтарын Ордалық қауымға енгізген. Сегіз-оғыздар кейін Кидан заманында Найман аталды, тоғыз-оғыздар мекендеген Кентай тауы мен сондағы Керулен өзенінің сол дәуірдегі атауы Кейре атауымен Тоғыз-керей атанды. Міне, бұл тарихи деректер ІІІ Түрік қағанатын құрушылардың да бүгінгі қазақ деп аталатын халықты құраған наймандар мен керейлер орнатқан қағанаты болмақ. Қыпшақ, Керей, Найман, Қаңлы, Сіргелі тайпалары басқа түркі халықтарының құрамынада кірген.

Осы тарихи нақты деректерге сүйене отырып ерте орта ғасырда Орталық Азияда орнаған І, ІІ, ІІІ Түрік қағанаттары қазақ мемелекеттілігінің бабатағы, бабақағанаты деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл қағанаттардың қоластында аса үлкен аймақ болды. Еуразияның шығыс солтүстігі Хиянған жотасынан (Маньчжурия) батысы Қаратеңізге дейінгі, шығысы Қытай қорғанынан, солтүстігі Түн еліне (Якутия) дейін, оңтүстігі Тивет, Кушан империясынан Қазар теңізіне дейінгі алып аймақта тек ғана түркі халықтары өмір сүрді. Осы алып аймақтың шығысында, оңтүстігінде өмір сүрген түркілер егін шаруашылығымен айналысып сол дәуірдің өзінде отырықшы бола бастаған. Солтүстігіндегілер аң және мал шаруашылығымен, батысындағылар да егін, мал, аң шаруашылығымен, ал еуразиялық далалық аймақтарындағылар мал шаруашылығымен айналысты. Бұл түркі халықтарының шаруашылығы әрқыйлы болғандықтан қалдырған мұралары да әр алуан. Нағыз көшпенді болған деген Көктүріктердің өзі сол дәуірде Орхон дариясының бойына Орда-балық атты қала тұрғызып қағанатын асқақтатты. Ертеорта ғасыр дәуірінде бұл қаланың көлемі 55 шаршы километр болған екен. Міне, осы құндылықтардың барлығы біздің қазақ халқыныкі деп жеке дара иемденуге бола ма? Әрине аузың барса да арың бармайды. Кейін қоғам өркендей келе оңтүстік түріктері шаруашылықтың бір бейімімен, құмдағылар тағы бір бөлек шаруашылық, ормандағылары тағы бір бөлек шаруашылық бейімімен кетті. Сөйтіп түркілер арасында тілдік, діндік, дәстүрлік айырмашылықтар пайда бола бастады. Сондықтан бұл дәуірдегі тарихи-мәдени құндылық жалпы түркілік деп қарастырғанымыз жөн сияқты.

– Түркітануға қосқан үлес­теріңізді айта кетсеңіз?

– Қазақ түркологтары А.Байтұрсынов, Ғ.Айдаров, Томанов, Ә.Құрышжанов, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Қ.Жұбанов, А.Аманжоловтан бастап бүгінгі толқынға дейін түркітануға мол үлес қосты. Қазақстанда түркология мектебін қалыптастырды. Қазақ тілінің, дінінің, ділінің, дәстүр-салтының бастау бұлағы сонау Көк түріктер заманынан қалыптасқанын зерделеп, айшықтап берді. Сол Көк түрік дәуірінен біздің мемелекеттілігіміз қалыптасқанын, дәстүр-салтымыз тұрақтағанын, бекемдегенін дәлелдеп берді. Бүгінгі шығысы Алтайдың шығысынан батысы Астарханға дейінгі 10 000 км аралықта өмір сүріп отырған қазақ деп аталатын ұлттың тілі, дәстүрі сол көк түрік дәуірінде қалыптасқанын анықтап берді. Тым ерте қалыптасқандықтан қазақ тілінде жергілікті говорлар ғана болмаса диалекті болмауының өзі осыған байланысты екенін көрсетті. Дәстүр-салты да тілмен бірдей айырымсыз қалыптасқан. Сібірдегі Хакастар небәрі 300 км аралықта 5-6 диалектіде, Таулы-Алтайлықтар небәрі 400-500 км-де 4-5 диалектіде сөйлейді. Ал бізде 10 000 км-де ешқандай диалектісіз қазақ халқы өмір сүріп жатыр. Бұл осы түркологтардың еңбектерінің арқасында анықталып жатқан дүние.

Менің өз басым қазақ топы­рағында байырғы түріктердің рухани байрағын тіктеуде өз үлесім бар деп ойлаймын. «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» І томын (М.Жолдасбековпен бірге) Ресей түркологиясының атасы В.В.Радловтан соң 110 жылдан кейін қазақ топырағында жасап шыққанымыз менің ғана емес қазақ ғылымының үлесі деп ойлаймын. Оның сыртында байырғы түрік жазуының шығу тегіне қатысты бұған дейін батыс, шығыстың ондаған ғалымдары жекелеген пікірін білдіріп, мақала ғана жазып келген еді. 2007 жылы «Байырғы түрік жазуының генезисі» еңбегім осы салада жарық көрген тұңғыш ғылыми монография болды. Жарық көргеннен кейін 3 жыл болмай жатып, екінші басылымын шығаруға тапсырыс алып, нәтижесінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемелекеттік университетінде толықтырылған екінші басылымы жарық көрді. Кешікпей орыс тілінде басылып шықпақшы.

– Сіз зерттеген тақырыптар мен еңбектеріңізге өзге ұлт ғалымдары тарапынан қаншалықты қадағаланып отыр? Олардың бағасы қандай?

– Кеңес билігінің заманында классикалық түркологиямен түріктекті ғалымдардың айналысуына шектеу қойып отырған. Осы құйтырқы саясаттың салдарынан біздің қазақстандық түріктанушылар біраз қысымға түсті. Ғ.Айдаров ағамыз 1960 жылдардың екінші жартысында «Орхон ескерткіштерінің грамматикасы» атты монографиясын жазып біткеннен кейін 5 жылдан соң 1970 жылы әзер жарық көрді. Ресей ғалымдары Ғ.Айдаров ағамыздың осы еңбегін сын садағына алып есін шығарды да, артынан осы еңбектің әдістемесін пайдаланып өздері 1980 жылы басып шығарды. 1980 жылдары А.Аманжолов ағамыздың оқыған байырғы түрік майда жазуларына байланысты мақалаларын да сынға алды. 2005, 2007 жылдары біздің «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» дүниеге келді. Ресей ғалымдары үнсіз қалды. Мүмкін мойындаған болар. Керісінше 2008 жылы Ломоносов атындағы университет ғалымдары мақтап рецензия жариялады. Бұнысына шүкірлік. Өткен 2010 жылы Түркияда халықаралық конференцияға қатыстым. Сонда көріп көңілім көтеріліп қалды. Түркиялықтардың ондаған еңбектерінде маған 400-ден астам сілтеме жасапты. Бұл әрине менің еңбектерімді қадағалап, бағалап отыр деген сөз деп ұғамын.

Бір ғана «Атадомбыра» деген мақалам өткен жылы бір миллиард үш жүз миллион халқы бар ҚХР-ның, сексен миллионнан астам халқы бар Түркияның, сосын Германияның сайттарында орын алды. Тәуба делік.

– Аға, бірде көне домбыра жайында да тың ойлар айтып едіңіз. Бұл біздің музыка өнеріміздің түркі дәуірінен бері жалғасқан жәдігер екенін көрсетіп бере ме? Осы жайында кеңінен тоқталып өтсеңіз?

– Көне домбыраның табылған орны – Монғол Алтай жотасының бір сілемі Жарғалант-қайырқан тауы. Осы таудың «Өмнөхөн аман» деген жерге орналасқан Нүхэн-хад (Үңгір тас) деген үңгірден біз сөз еткелі отырған көне домбыра табылған болатын. 2008 жылы осы жердің тұрғыны Н.Дандар деген шопан алғаш үңгірге тап болып, оның ішінде мойны қисық саз аспабы бар екенін ауыл мектебінің ұстазы Ч.Энхтөр деген азаматқа хабарлайды. Ч.Энхтөр мұғалім Улан-Батыр қаласында орналасқан Монғолия Республикасы Ғылым академиясының Археология институтына ақпарат жеткізіп, археологтарды шақыртады. Ц.Төрбат бастаған археологтар тобы 2008 жылы 25 маусымда Ч.Энхтөрге келіп Үңгіртастағы үңгірге барып қазба жұмысын жүргізеді. Бұл үңгірден табылған археологиялық олжалардың ішіндегі біздің назарымызды аударған дүние – саз аспабы. 2008 жылғы Монғолияға жасаған экспедиция кезінде саз аспабы туралы мәліметті алғаннан кейін Үңгіртас жерлеу орнына жұмыс жасаған археолог Ц.Төрбатқа барған едік. Археолог Ц.Төрбат бізге саз аспабын көрсетті. Бірақ, суретін алуға, сызуға ұйғармады. Олар бұл монғолдардың түйеқобызы деп жалтарды. Біз өз пікірімізді айттық. Бұл – домбыра. Міне, мынау бүгінгі қазақ домбырасының тиегі, міне мынау екі құлақтың тесігі, шанақ мынау, мойын мынау, перне мынау деп көрсеттік. Онымен қатар, бұл монғол моласынан табылып отырған жоқ, түрік моласынан табылып отыр. Аспап мойнындағы түрік бітік жазуы мынау. Не үшін мұны монғолдарға тарта бересіңдер деген мәселе қойдық. Сонымен қатар, қобыз деген саз аспабынан ысқылап, есіп үн шығарады. Ол үшін аспаптың мойны жуан болу керек. Ал мынаның мойны жіңішке. Бұл шертіп үн шығаруға арналған аспап дегенді айтып дәлелдедік. Аспаптың мойнының иірілгеніне келетін болсақ, оның себебі мынау. Қандай бір осындай ағашты қабырғаға тігінен қоя салсаңдар дымқыл ауа жерінен ұзақ мерзімнің ішінде мойны иіріліп қисайып қалады. Аспаптың ішегі болған. Сол ішекке тартыла иіріліп мойны қисайғаны белгілі. Аспаптың мойнында бір жол түрік бітік (руна) жазуы бар екен. Жазу түрік тілінің үйлесім заңдылығына бағынбаған. Тұжырып айтсақ, түрік бітігке реформа жасалудан бұрынғы жазу. Қараңыз басқы (ž², j) таңбасы жіңішке айтылатын сөзге, ал үшінші таңба (r¹) жуан айтылатын сөзге жазылатын әріптер. Ғылымда анық болғандай байырғы түрік бітігтің грамматикасы жасалып, б.з. 552-570 жылдары реформаланған. Ал мынау одан бұрынғы дүние. Реформадан бұрын байырғы түрік бітігтерінің әріп-таңбаларын ағымдағы түрде қосып жазатын. Ол дәуірде жазудың грамматикалық ережесі жасалған жоқ. Сондықтан б.з. V ғасыр мұрасы. Саз аспабына төмендегі жазу жазылған. Онда: župar küü èöre sebit idmis. Аудармасы: Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді.

Аға, БАҚ-та бір берген сұқбатыңызда, Шыңғыс ханның зираты табылғаны жайында айтыпсыз? Жалпы, осы іске қаншалықты өз үлесіңізді қостыңыз?

– Ұлы қаған өмірден өткен кездегі оқиғаны жазба нұсқалар бойынша ой елегінен бір өткізіп қарайтын болсақ. Шыңғыс хан қайта бас көтерген Таңғұт еліне қолды өзі бастап аттанады. Таңғұт жолындағы “Алтын гандир” атты белегірден ұлы қол өтіп бара жатқанда қаған қамшысын түсіріп алады. Көмекшілері жетіп келіп қамшысын алып бермекші болғанда қаған тоқтатып:

– Жатсын! Біраз жатсын. Мен осы жердің аумағына көз шалайын, - дейді.

Аса үлкен бел де емес. Ағаш өспеген, жан-жағы ашық. Жер атауы Алтын мұнара деп аталады екен. Біраз тұрған соң “болды” дейді. Қол алға жылжып жүріп кетеді. Сөйтіп, қаћарлы қағанның қолы Таңғұт елін қайта жаулап алып, тыныштандырып қайтар күні (1227 жылы қыркүйек айының басында) ұлы тұлға бүгінгі ҚХР-дың Гансу өлкесінің Чин Сүн Сян деген жерінде көз жұмады. Қағанның мүрдесін қазақ арбасына артып елге қайтады. Жолда жоғарыдағы қамшы түсіп кеткен Алтын мұнара беліне келгенде хан мүрдесі артылған арбаның артқы екі доңғалағы жерге кіріп кетіп шығара алмай әуреге түседі. Жер әлпеті белегір әрі құрғақ, жауын жаумаған. Сөйте тұра құдайдың құдіретінше арба доңғалақтары жерге кіріп кеткен. Күштейін десе, арба сынады, күштемейін десе ұлы мүрдені жеткізу ісі кешігеді. Қолбасшыларының бірі Тәңірге жалбарынып дұға оқып, осы жерге үш күн аялдайды. Ақыры дұғадан кейін арба доңғалағын жерден шығарып алады.

Бұл бүгінгі Ішкі Моңғолияның (ҚХР) Зүүн-хошун (Солқол қосыны) ауданының Ежен-қора деген жері еді. Ұлы қағанның мүрдесі үш күн аялдаған осы жерге қаралы керуен кеткен күннен бастап моңғолдар сегіз киіз үй тігіп ұлықтап бүкіл халық тәу ететін қасиетті орынға айналдырған.

Содан бері 847 жыл өтті. Бүгінгі күні ҚХР-дың Үкіметі киіз үй архитектурасымен қазіргі заманның сәнді ғимараттарын тұрғызып, әлем туристерінің көрнекті ордасына айналдырған. Моңғол империясының билік басындағылар сол кезде Ұлы қағанның қайтыс болғанын, оның қайда жерленгенін соншама құпия ұстаған. Қағанның өмірден өткені туралы хабарды жылдығында ғана таратқан. Солай, қайда жерленгені сол күйі құпия қалды. Соңғы 200 жылда қағанның қабірін іздеген 100-ге жуық экспедиция Орталық Азияны кезіп, басын тауға да тасқа да ұрды. Сол жолда мерт болғандар да баршылық. Барлығы да сәтсіздікке ұшырады. Тіпті бірнешеуі атаққұмарлыққа салынып, бірнеше мәрте ұлы адамның жатқан жерін таптық деп жалған ақпараттар таратты. Бірақ, бәрі де жалғандықтан аспады. Ұлы тұлғаның мүрдесін іздеген 200 жылда шетелдік бір ғана адам қаған мазарының басына барып қайтыпты. Ол 1903 жылы америкалық кезбе Кентай жотасындағы Бурхан-Халдун тауына барған. Сонда алты ай бойы тұрып, тұрғын халықпен етене шүйіркелесіп, ішіне кіріп ел аузындағы аңыздарды жазып ала отырып, Бурхан-Халдун тауына шыққан. Сапарын аяқтаған соң еліне барып Шыңғыс ханның мазары Бурхан-Халдун тауының үстінде деген тұжырым жасап жолсапар белгілеуін жариялаған.

1795-1847 жылдары өмір сүрген моңғолдың атақты ғұлама тарихшысы әрі жазушы Ванчинбал “Көк судар” (Киелі шежіре) атты тарихи еңбегінде (кейін бұл еңбекті ұлы Инжинаш жалғастырып жазып аяқтаған): “Шыңғыс ханның мүрдесін Онон, Керулен өзенінің бастау алған басы, Бурхан-Халдун тауының төбесіне тас үй орнатып жерлеген. Мүрдені шынар ағашынан жасалған сандыққа әспеттеп орналастырып, сандықты үш алтын белдікпен сақиналап бекіткен. Алтын белдікті сандық арнайы айналмалы механизмге орнатылған деген аңыз бар” деп жазып қалдырған.

Біздің тарихи мемелекет­тілігімізге байланысты қандай тарихи тақырыптарды көтеру керек деп ойлайсыз?

Байырғы үш Түрік қағанатының (І, ІІ, ІІІ түрік қағанаттары) саяси тарихын бірлікте қарастырып жаңадан жазып шығу;

Батыс түрік, Қарлұқ, Селжук, Қарахандықтар тарихын жаңадан қайта жазу;

Қыпшақ хандығына түрен салу;

Жошы-Қыпшақ империя­сының толық тарихын жасау біздің ғалымдардың алдына қойылып отырған күрделі тақырыптар болмақ.

Сіз орыс ғалымдары мен зерттеушілерінің еңбектерін көбірек пайдалануға байланысты кейбір дерек көздерін алуда «империялық идеяның көлеңкесінде қалып қойған жоқпын бадеген күмәнда емессіз бе?

Мен тек орыс ғалым­дарының ғана еңбекте­рімен қатар батыс, шығыстың түркологтарының, синологтарының еңбектерін көп пайдаланамын. Себебі, түркология деген тек ғана Ресейдің немесе Қазақстанның шұңқұрындағы ғылым емес. Бұл әлемдік дәрежеге шығып кеткен ғылым саласы. Егер түрко­логиямен кімде-кім айналысатын болса әлемдік дәрежедегі біліммен қаруланып, әлемдік дәрежеде ой қозғап, әлемдік дәрежеде сөз етуі керек. Олай істеп шыдамасаң, бұл киелі ғылымнан аулақ жүрген абзал. Өз басым сол еуропа ғалымдарының жетегінде емес, еуроцентризмге (еуроөктемдік) мәңгілік соғыс жариялап, сонымен алысып келемін.

Әсел РЗАЕВА