Талғат Теменовтың жаңа фильмі айналымға шықты
2017 ж. 20 қазан
2864
0
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Адигул продакшн» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі бүгіннен бастап прокатқа шықты.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.Режиссері әрі сценарий авторы Қазақстанның халық әртісі, қазақтың «жаңа толқын» өкілі – Талғат Теменов.
«Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті» сынды фильмдерімен көрерменге жақсы таныс Талгат Теменовтың жаңа кинотуындысы жалғыздықтың күйін кешіп жүрген балалар үйінің 6 жасар тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің ардагері арасындағы достығы туралы баяндайды.
Естеріңізге сала кетсек, «Біздің қаланың ханзадасы» фильмінің тұсаукесері (жұмыс атауы «Бибол») 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласында өткен болатын. Сонымен қатар, аталмыш кинотуынды қыркүйек айында Ресейде өткен ІІ Халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінің негізгі бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді.
Фильмнің түсіру жұмыстары Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында өтті. Басты рөлдерді Ануар Толеугажы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай («Жаужүрек Мың Бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан») сомдады. Сонымен қатар, фильмге Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыка және драма театрының (Астана қаласы) актерлері түскен.
Қазақстандықтар «Біздің қаланың ханзадасы» фильмін бүгін – 19 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларынан көре алады.