Талғат ТЕМЕНОВ: ӨНЕРЛІ ҰРПАҚ ҚЫЛМЫСҚА БАРМАЙДЫ
2017 ж. 12 қазан
4575
3
Талғат Теменовтің есімі баршамызға жақсы таныс. Ежелден тамыр жайған халық мұрасынан нәр алған, ұлттық болмысымен дараланған дарын қазіргі таңда театр сахнасында да, кино өнерінде де өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар талантты тұлғаға айналған. Киелі қазақ өнерінің бар қадір-қасиетін бойына сіңірген белгілі режиссер кино және театр саласындағы тағылымды туындылары арқылы ұлтымыздың руханият өрісін кеңейтіп, жауқазын жастарды рухани биіктікке, рухани тазалыққа тәрбиелеп жүр. Қазақ театр өнерінің әлем сахнасында салтанат құруына атсалысуды перзенттік парызы санайтын сахна шебері қазақ өнері мен мәдениетін дүние жүзіне таныту мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Ұлтымыздың руханиятын ұлықтаған кинодраматург бұл күндері жаңа бастамаларымен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да жан-жақты сан салалы жұмыстарға кірісіп кеткен. Осы орайда, "Алматы ақшамы" газетінің тілшісі Қазақстанның Халық артисі, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат ТЕМЕНОВПЕН әңгімелескен еді.
ЭКСПО көрмесі қазақ театры үшін әлемдік кеңістікке жол ашты
– Талғат Досымғалиұлы, әңгімемізді биыл Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесінен бастасақ. Саясат сахнасындағы 115 көшбасшы мемлекеттің қатысуымен өткен әлемдік көрме аясында 3000 мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Дүние жүзіне ұлттық мәдениетімізді насихаттаудағы, қазақ өнерін әлемдік биікке көтерудегі ЭКСПО көрмесінің маңыздылығы қандай болды?
– Бүгінгі таңда әлемдік кеңістікке шыққан Қазақстан – 166 жылдық тарихы бар ЭКСПО көрмесін өткізген Орта Азия және ТМД елдеріндегі тұңғыш мемлекет. Сонау 1851 жылдан бастау алған бұл көрме ғаламдық өркениет тарихындағы маңызды оқиға болып табылады. Жаңа ғасырда жер жаһан назарын Қазақстанға аударған халықаралық көрме дүниежүзілік саясат сахнасында қанатын кеңге жайып келе жатқан егемен еліміздің әлемдік имиджін жаңа деңгейге көтеріп, беделін биіктетті. Сарыарқа төрінде асқақтаған Астана бүгінгі таңда ұлттық руханиятымыздың, ғылым-білімнің, мәдениет пен өнердің өнегелі ордасына, еліміздің саяси-экономикалық қаржы орталығына айналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен көрмеге келген шетелдік қонақтарды Астана арайланған ажарымен өзіне ғашық қылды. ЭКСПО көрмесі тәуелсіздігіміздің тарихындағы елеулі оқиға болды. Есіл ауданында бой көтерген ЭКСПО қалашығы қазақстандықтарға әлі талай жыл қызмет етері анық. ЭКСПО көрмесі аясында қанат жайған «Этноауыл» ұлттық мәдени кешеніндегі мәдени шараларда шетелдіктер әлемдік өркениет қазынасын толтыратын ғажайып ұлттық құндылықтарымызбен жақын танысты. Алтын бесік атамекенімізде өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы жаңа дәуірде өркениет биігіне көтерілген тәуелсіз қазақ елінің мәдениет және спорт саласындағы жетістіктерін күллі әлемге паш етіп, Сарыарқа алабын рухани мереке алаңына айналдырды. Биыл ЭКСПО көрмесі аясында өткен Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем!» V халықаралық театр фестивалі, аты аңызға айналған театр тарланы Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған І Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі, XІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі, «Опералия-2017» опера өнерінің ХХV дүниежүзілік байқауы, әлемдік балеттің шоқ жұлдыздары шоғырланған Халықаралық балет әртістерінің байқауы, Қазақстандағы 15 облыстың мәдени күндері, ашық аспан астындағы спектакльдер мен концерттер тәрізді көптеген рухани маңызы терең мәдени шаралар дүние жүзіне қазақ мәдениеті мен ұлттық өнерімізді асқақтатты. ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы аясындағы «Опералия» халықаралық опера өнерінің байқауына әлемге әйгілі опера әншісі әрі дирижер Пласидо Домингоның, ал халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне Николас Кейдж, Джон Малкович пен Эдриен Броуди тәрізді голливуд жұлдыздарының Астанаға келуі еліміздің мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды. ЭКСПО көрмесін көру үшін Астанаға келген әрбір адам ұлттық руханиятымыздан нәр алып, дүниежүзілік мәдениеттің бұлағынан сусындады. Театр өнеріне келсек, Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған І Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде көрермен қауым Ресей, Беларусь, Қытай, Латвия, Оңтүстік Корея, Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстанның театр ұжымдарының өнерін тамашалады. Бұл маңызды мәдени шараға Астана Жастар театры, Астана Мюзикл театрлары да қатысты. Әлемнің әр түкпірінен келген шығармашылық ұжымдардың арасында өнер көрсеткен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Аққудың көз жасы» қойылымын сахналады. Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматовтың қос туындысы («Жәмила» повесі, «Боранды бекет» романы) желісімен сахналанған бұл лирикалық драма адам жүрегіндегі ең асыл сезім – сүйіспеншіліктің құдіреті мен қасиеті туралы тұңғиық сыр шертеді. Алғашқы махаббат пен аңызға айналар шынайы махаббаттың қара түнекті, надандық зұлымдығын жеңетін керемет күшін көрсетеді. Аталған дүниежүзілік фестивальдегі бұл қойылым шетелдік қонақтардың сезімін селт еткізіп, жан-дүниесін теңіздей тебірентті. Айта кетерлігі, Лондоннан келген бір топ театр қайраткерлері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық қордың мүшелері театрымыздың ұжымын келесі жылы Лондонда өтетін Ш.Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық фестивальге қатысуға шақырды. 150 жылдық тарихы бар шетелдік театр ұжымдарының өнерін тамашалау біз үшін үлкен мектеп болды. Жалпы, халықаралық кинофестивальдар мен театр фестивальдарындағы мақсатымыз өз өнерімізді көрсету ғана емес, сондай-ақ, мұндай мәдени шараларда өзгелердің өнерімен танысуды, өзіміздің қай биікке жеткенімізді бағалауды, өзіміздің қай биікте тұрғанымызды бағдарлауды мұрат тұтамыз. Театр фестивалінің негізгі миссиясы осы.
Қазақ театрының даму деңгейі бірде-бір елдегі театрлардан кем емес
– Сіз биыл ЭКСПО жаһандық жобасы аясында өткен «Сахнадан сәлем!» атты V халықаралық театр фестивалінде сарапшылар алқасында, ІV Этникалық театрлар фестивалінде, Каспий жағалауы елдерінің халықаралық театр фестивалінде қазылар алқасында төрағалық еттіңіз. Сондай-ақ, Қырғызстандағы «Арт-Ордо» халықаралық театр фестивалінде қазылар алқасының мүшесі болдыңыз. Өркениетті елдермен салыстырғанда қазіргі қазақ театрының даму деңгейі қандай?
– Ежелден рухани ұлттық мұраларымыздың інжу-маржандарын жанына балап өскен қазақ халқында театр өнері кеш дамыды. Әлем тарихына зер салсақ, дүние жүзі мемлекеттеріне қарағанда театр өнері бізге кеш келген өнер. Төл тарихымызға үңілсек, ұлттық театр өнері 1913 жылы жазылған Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан басталады. 1926 жылы негізі қаланған қазақ өнерінің қарашаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби театры М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры биыл 92-маусымның шымылдығын ашты. Қазақстандағы ұлттық кәсіби театр өнеріне әлі жүз жыл болған жоқ. Бірақ соған қарамастан қазақтың театр өнері қазіргі таңда өте жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Бүгінгі таңда қазақ театрының даму деңгейі бірде-бір мемлекеттен кем емес екенін, қайта көп жерлерде біздің биік тұрғанымызды өз өнеріміз арқылы дәлелдедік. Биыл 5-6 театр фестивалінде төраға болған кезімде мен бұған анық көз жеткіздім. Ұлттық өнерімізді әлемдік асқар шыңға көтеруге өз үлесін қосып келе жатқан театр ұжымдары шетелдік қонақтарға қазіргі қазақ өнерінің өркендегенін дәлелдеді. Биыл дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі аясында өткен халықаралық театр фестивальдері ұлт руханиятының әлемдік кеңістікке қанат қағуына жаңа жол ашты. Мысалы, биыл І Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде келесі жылы Лондонда өтетін Ш.Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық фестивальге қатысуға шақырту алуымыз 25 жылдық тарихы бар өнер ордамыз үшін үлкен абырой болды. Шетелдік театр қайраткерлерінен Лондон сахнасында өнер көрсетуге шақырту алуымыз – біздің театрымыздың өнеріне риза болғандығының айқын дәлелі. Айта кетерлігі, біз былтыр қараша айында театрымыздың 25 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өттік. Ұлт руханиятының әлемдік кеңістікке шығуына жан-жақты жағдай жасап жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы лебіздерге, таза тілектерге толы Құттықтау хатын алдық. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік хатшысынан, ҚР вице-премьерінен, ҚР Сенат төрағасынан, ҚР Мәжіліс төрағасынан Құттықтау хаттар алдық. Мәскеудегі Ресей театр қайраткерлері одағының төрағасы Александр Калягиннен, белгілі ресейлік театр және кино актері Сергей Безруковтан бейнеқұттықтаулардың келуі театрымыздың асқақ абыройы деп білемін. 2015 жылы Мәскеудегі «Золотой Витязь» XІІІ халықаралық театр фестивалінде Қ.Қуанышбаев театры сахналаған «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасы гран-при иегері атанды. Бұл біздің театр тарихындағы елеулі оқиға болды. Себебі, ол халықаралық фестивальға қазақ театрлары қатысқан емес, бас жүлдеге қол жеткізген емес. Мәскеу қаласы театрдың меккесі деуге болады. Әлем мойындаған орыс театрының мықты сыншылары біз сахналаған қойылымға бас иді, риза болды. Фестивальде Бас жүлдені жеңіп алғанымыз қазақ өнерінің биігі, мақтанышы, мемлекетіміздің мерейі. Бұл тек қана менің мақтанышым емес.
– Биылғы фестивальдерде еліміздің әр өңіріндегі өнер ордаларындағы қандай жас актерлер таудай талабымен ерекшеленді?
– Биыл қыркүйек айында еңселі Елордамызда көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХV республикалық фестивалі және Қайрат Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің І республикалық форум-фестивалі өтті. Өнерлі жастар – қазақ театрының ертеңі. Жастарға тәжірибе мектебі болған бұл іргелі шаралар талабы таудай жас таланттарды ашу, өнерінің өрісін кеңейту, оларға қолдау көрсету мақсатын көздеді. Ұлттық сахна өнерінің кең құлаш жайып, әлем алдында танылуы келешектің кірпішін қалайтын, еліміздің ертеңін жалғайтын жастарға байланысты. Мен талантты жастарды бөліп-жарып, жеке-жеке атын атап көрсеткім келмейді. Себебі, біреуінің аты-жөнін атап, екіншісін ұмытып кетіп, оларды ренжітіп алуым мүмкін. Мен жастардың жүрегін жаралап, көңіліне қаяу түсіргім келмейді. Жастардың барлығы Димаш емес, Мейрамбек емес, Қайрат Нұртас емес. Алаш арысы Мағжан ақын айтпақшы, «Мен жастарға сенемін!».
Театр ана тілімізді өркендететін қасиетті орда
– Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие берудегі театрдың рөлі қандай?
– Театр тек қана комедия көріп, күліп қайтатын жер емес, өмірдің айнасына үңілдіретін театр – тәрбие мектебі. Солай болып мәңгі қала береді. Жас ұрпақтың жүрегіне тікелей жол табатын театр мен кино. Мысалы, «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Бандыны қуған Хамит», «Менің атым Қожа» фильмдері, көгілдір экрандағы Абай, Абылай хан, Жамбыл бейнелері, Шәкен Айманов жасаған образдар рухани қоржынымызды байытып, бойымызға парасаттылықтың дәнін дарытып, талай ұрпақты тәрбиеледі. Ұлттық киноөнеріміздің бай қазынасына айналған қазақ киносын көріп өскен бірнеше буын кейіпкерлерге қарап бой түзеді. Өкінішке қарай, соңғы жиырма жылда атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы шетелдік фильмдер жас толқынның рухани азығына айналды. Негізінде, әсіресе, жастар жағы кейіпкерлеріне көп еліктейтін бұл шетелдік фильмдердің астарында көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын идеология жатыр.
Театр тағылым ордасы, сондай-ақ, ана сүтімен ділімізге дарыған, ана тіліміздің арқауы болатын алтын ошақ деп білемін. Театр ұлтымыздың жаны, жүрегі мен тірегі болып табылатын ана тілімізді өркендететін, аясын кеңейтетін қасиетті орда. Қазақ тілінің қадірін білетін, өнер ордаларының өмірдегі рухани маңызын түсінетін ұлағатты ұстаздардың шәкірттері де театрға іңкәр болып өсетініне сенемін.
Дала данышпандары болған ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тағылымды тәрбиенің басы, түзу тәлімнің өзегі театрға тіреледі. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали ақын айтпақшы, біз рухани құндылығын жоймайтын қойылымдарға жаңадан жан бітіріп, сахнада қайтадан түрлендіріп, бүгінгі көрермен назарына ұсынамыз. Бұл тәрбиенің бір бөлігі, бір бағыты. Сондықтан өркениетті мемлекет, өркениетті ел боламыз десек, бізге өнер ошақтарының санын көбейту керек. Өйткені, өнерлі ұрпақ қылмысқа бармайды. Рухы биік, санасы сергек ұрпақ заңның ала жібін аттамайды.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек» деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді әлем сахнасына қалай шығаруға болады?
– Ғаламшардағы әрбір мемлекетті дүние жүзіне экономикасы, білім-ғылымы, өнері, мәдениеті мен спорты танытады. Өнер мен мәдениет мемлекеттің мерейін өсіреді. Қазақ өнерін әлемге танытудың бірден-бір жолы – таланттарда. Құдайға шүкір, біздің байлығымыз жетеді. Қазақстанның әрбір адамын байлыққа көметіндей мұнайымыз, алтынымыз, Байқоңырымыз бар, қойнауы қазынаға толы кең-байтақ жеріміз бар. Өнер мен мәдениет саласындағы таланттарымызды еліміздің құнды қазыналарының қатарына қосуға болады. Біздің таланттарымыз – ғұлама ғалымдарымыз, өнер жұлдыздары мен спортшыларымыз. Бұларды ұлттық байлығымыздың бірі деуге болады. Кезінде Жапонияның талантты кинорежиссері Акира Куросаваны ұлттық байлық деп жариялаған еді. Біздің де күллі әлемге мақтан тұтар таудай тұлғаларымыз, ұлттық байлықтарымыз бар. Ұлт үшін, халық үшін қызмет еткен Алаш арыстары Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Күләш Байсейітова, Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Әлібек Дінішев, Нұрмұхан Жантөрин, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан – біздің ұлттық байлығымыз. Бір Мұқағали қазақ халқын 40 жыл бойы рухани сусындатты. Күләш Байсейітова, Роза Бағланова мен Бибігүл Төлегенова үшеуі қазақ халқының жанын әдемі сазға бөледі. Жоғарыда аталған алыптардың барлығы ұлттық геноқорымыздың алтын бағандары деуге болады. Елімізді әлемге танытудың бірден-бір жолы ұлттық таланттарды шет елге шығару. Мысалы, биыл өнерімен өрге жүзген жас әнші Димаш Құдайбергенов Қытайдағы «І’m a sіnger-2017» халықаралық ән байқауына қатысып, күллі әлемді талантымен тамсандырды. 1 млрд. 300 млн. халқы бар Қытай мемлекеті Димаштың өнеріне бас иді. Талантымен өз ортасынан озған өнерпаз екі мемлекеттің ортасында бұрынғы салынған көпірді алтын көпірге айналдырды. Топ жарған Димаш өзінің талантымен Қазақстанды дүние жүзіне таныта түсті, қазақ өнерін әлемдік биіктен көрсетті.
Қазақ театры өнегелі өнер ордасына айналады
– Жеке шығармашылығыңыздағы жаңалықтармен бөліссеңіз. – Биыл Астанада 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Біздің қаланың ханзадасы» атты көркем фильмімнің тұсауы кесілді. Отбасылық құндылықтардың адамзат үшін маңыздылығын көрсететін картина балалар үйінде тұратын алты жастағы Бибол мен зейнет жасқа келіп, туған қызынан қайыр көрмеген Қасымхан есімді қарияның жалғыздығы мен достығы жайлы хикаялайды. Жастарды жақсылыққа, адамгершілікке, бауырмашылыққа тәрбиелеу мақсатын көздейтін бұл фильм көрерменнің жүрегіне жол табады деген үміттемін. Бұл фильм биыл Ялтадағы, Шанхайдағы және Қазандағы халықаралық кинофестивальдерге қатысуға шақырту алды. «Үш күнін ойламаған әйелден без, үш жылын ойламаған еркектен без» деген қазақта сөз бар. Жоспарсыз адам болмайды. Болашақта да фильмдер түсіруді жоспарлап қойдым. Өнер адамдары, режиссерлар үш жыл емес, 5—10 жылымызды бұрын жоспарлап отырамыз. Қазір қолымда түсіруді жоспарлап қойған фильмдердің сценарийлері бар. Дүниедегі ең қиын нәрсе адам сұрыптау. Режиссер бүкіл халықтың ойынан шығатын кейіпкерді таба білу керек. Мысалы, ұзақ уақыт жүргізілген кастингте Биболдың рөліне екі мың бала бақ сынады. Солардың ішінен Әнуар Төлеуғажыны таңдадым. Талантты таба білу математикаға көнбейтін, компьютерге бағынбайтын нәрсе. Режиссер бойында Алла Тағала берген кісі танушылық қасиет болуы тиіс. Сондықтан менің кейіпкерлерімнің барлығы бүгінгі халыққа танымал. Мен таныған, мен ашқан жұлдыздардың саны бүгінде ұшан-теңіз. Бойымда Алла Тағаланың берген таланты, дарыны болса, соны қолымнан келгенше халықтың игілігіне жұмсағым келеді. Театр және кино өнеріндегі туындыларым халықтың жүрегіне жол тапса, бұл мен үшін өмірдегі және өнердегі ең үлкен бақыт. Талғампаз көрермендердің көңілінен шықсам, мен үшін ең үлкен қуаныш. Биыл мен еліміздегі 5-6 халықаралық театр фестивалінде қазылар алқасының төрағасы ретінде тағайындалдым. Сондай-ақ, Бішкектегі, Ялтадағы халықаралық театрлар сайысында да қазылар алқасының құрамында болдым. Шет елдердегі фестивальдерге мені шақыруы маған деген құрмет емес, қазақ халқына деген құрмет деп түсінемін. Мен басқа біреулер секілді түшкіріп қалса, әлемге жар салып, Іnstagram мен Facebook парақшасына өзімнің суретімді қоятын адам емеспін. Әлі күнге дейін мен осы екі әлеуметтік желіде тіркелген жоқпын. Біріншіден, менің оған уақытым жоқ. Екіншіден, мен инстаграм мен фейсбукта отырсам, пьесаны кім жазады? Сценарийді кім жазады? Пьеса демекші, мен жақында Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние», «Қар қызы», «Қасқыр ұлыған түнде» атты үш әңгімесінен пьеса жаздым. Қазіргі күннің өзінде бұл пьесаны Қазақстанның бірнеше театры сахналауға ұсыныс жасады. Бұл өте қуанышты жағдай. Өйткені, бүгінгі күнде жақсы драматургтер азайып кетті. Қазіргі кезде сахнаның, драматургияның заңын білетін кісі көп емес. Сондықтан біздің үміт артатынымыз – қазақ прозасы. Бүгінгі компьютер мен интернет заманында, жұрт кітап оқымайтын кезеңде шығармасы тұрмақ, аты-жөні белгісіз болып қалған жазушыларымызды жаңаша жаңғыртып, көрерменге қайта таныстыратын, қайтадан жолықтыратын театр мен кино өнері. Менің көздеген мақсатым – қазақ жазушыларының сахнаға да, экранға да сұранып тұрған шығармаларын қолымнан келгенше әлемдік театр сахнасына, көгілдір экранға жетелеу. Біле білсек, қазақтың қуатты қаламгерлерінің әрбір туындысы экранға сұранып тұрған дайын дүниелер. Талай ұрпақты тәрбиелеген кешегі Әуезовтен Оралханға дейінгі, Ғабеңнен Қалиханға дейінгі, Тахауидан Марат Қабанбаевқа дейінгі жазушыларымыздың 99 пайызының экран мен сахнада бағы жанбады. Ол дәуір прозаның заманы еді. Ол кездер бүгінгідей интернет пен телевидение дамымаған, елдің бәрі кітап оқитын алтын уақыттар болатын. Алтын кезеңдерде жазылған жақұт шығармаларды бүгінгі заман талабына сай сахналап, жаңаша жаңғыртып, көрерменге қайтадан табыстыру – бұл өнердің миссиясы. Әдебиеттің миссиясы көп жағдайда орындалды. Біз әдебиетке қарыздармыз. Енді сол әдебиетті өнерге айналдыру керек. Әдебиетті мәдениет арқылы қайтадан суару керек. Бүгін көзі тірі жазушылардың көбісі өздерінің жазған шығармаларын театрға әкеліп тыққыштап жатады. Өмірден өтіп кеткен қаншама жазушыларымыз бар. Ал олардың шығармаларын кім жоқтайды? Кітап оқымайтын бүгінгі заманда біздер, режиссерлер осы маңызды мәселеге басқаша көзбен қарауымыз керек. Біздің ұлттық прозамыз ұшан-теңіз. Біз бүгін сол ұшан-теңіз мұхитқа бет алуымыз керек және соған шомылуымыз керек.
Өнерді жасайтын тұлғалар. Театрдағы қойылым да, көгілдір экрандағы кино да ұжымдық жұмыс болып саналғанмен, негізі оны дүниеге әкелетін –режиссер. Бүгінде бір кітап оқымайтын әртістер көп. Театрда бір роман оқып шықпаған басшылар бар. Олар театрды дамытып, жұмысын алға бастыра алмайды. Театр тұғырын биіктету үшін тұлға болу керек. Сенің аты-жөніңді Қазақстан емес, басқа ел-жұрт білуі керек. Сондықтан театрға бүгін қойылатын талап та өзгеше. Қ.Қуанышбаев театрында қызмет еткен Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, Ә.Мәмбетов тәрізді талай талантты тұлғалардың арманы Астанада жаңадан салынған қазақ театрында еңбек ету еді. Алайда, олардың арманы орындалған жоқ. Қуанышымызға орай, қазір осы мәселені шешкен тәріздіміз. Елордамызда «Астана Опера», «Астана Балет» тәрізді руханияттың, өркениеттің көзайымы болатын зәулім ғимарат бой көтереді деген үміттемін. «Астана Опера» мен «Астана Балет» театрларының салынуы тек Қазақстанның мақтанышы ғана емес, бұл әлемдік өркениеттің жақұттары деп айтуға болады. Қазақ театрының салынатынына, әрі оның осы театрлардан кем болмайтынына сенемін. Болашақта жаңадан салынатын қазақ театры да әлемге нұрын шашатын өнегелі өнер ордасына айналады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Балнұр АХМЕТ.