Қазақтың киносы мен телеарнасы қандай?
2011 ж. 07 маусым
4678
2
Ұлт бейнесін жарқырата көрсете алатын қазақ киносы қашан дүниеге келеді деген арман күнде мені мазалайды. Өткен ғасырдың 60-70-шы жылдарында түсірілген «Қыз Жібек пен Төлеген», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа» фильмдері қазақы қалжыңның, әдемі әзілдің көрінісінің қандай болатындығын кино арқылы қазаққа дәлелдеген еді. Содан бері қаншама жыл өтседе, бұл фильмдер өзінің шыққан биігінен төмендей қойған жоқ. Талғамы өзгерген бүгінгі көрерменнің де сүйікті фильміне айналып үлгерген. Кино арқылы әлемдегі түрлі мемлекеттер, елдер жайында түсінік, пікір қалыптасады. Мәселен, Америка-әлемді құтқарушы, үнді елі-сыршыл, махаббатшыл, ағылшындар-кербез ақылды, орыс-қайсар да әділетті. Ал қазақ ше? Қазақтың –«Келін» атты киносында, әркімнің астында бір ыңырсыған, баламен ойнас қылған, арсыз әйел. Ешкіге жабысқан зоофиль бала. Қазақ қасасын құшақтап Алматыда шапқылаған есалаң «Қайрат девственник чемпион». Басты кейіпкердің есімінің өзі кешегі Кеңес одағының іргесін шайқаған, Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Рысқұлбековтың аты. Бүгінгі қазақ киносына қарасаң, біздің ел лесбиян менен қызтекелер еліне ұқсайды. Биыл тура 16-17 желтоқсан Тәуелсіз күні «Қайрат чемпионның» авторы болған КТК телеарнасы «Келін» төңірегіндегі өршіп тұрған дауға қарамастан, бейне бір ерегіскендей «Келінді» прайм-таймға қойып, қазақы қауымға ашық басынған сыңай танытты. Ол аз болғандай, «Жығылғанға жұдырық» демекші, енді Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы мен Астана көшелерінде аттың артына мінгескен қазақ қызының бөтен ұлттың еркегінің құшағында балқып, отырған суреті «Ирония любви» киносының жарнамасы әр қадам сайын ілініп тұрды. Тәуелсіздік күні мен Наурыз мерекесі тап осындай жарнамаланған жоқ. Мемлекеттің қазынасындағы қаражатына түсірілген әлгі киноны көрсеңіз, жүрегіңіз тағы қан жылайды. Қазақ қызы еуропалық жігіттің көмейін тілімен қоса суыра жаздап жабысады. Иван қашады. Оған парықсыз көрермен күледі. Кино залда отырған намысы бар қаракөздер жыларман болды. Ең біріншіден, Әсел Сағатова қарындасымыздың өзінде қазаққа тән қылаудай да болсын ұғым-түсініктен ада, орыстар үнемі орыс тілді қазақтарды осындайда қолданады,ақшаға қызығып тұрмысқа шығуды көздейді. Ішімдікті суша сіміреді, аузына келгенін оттай салады, ар-ұят деген ойына кіріп те шықпайды. Ол үшін «секс» деген «кекс» деген сөз тәрізді ешқандай сөкеттігі жоқ. «Қызды қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деп өскен ата-баба дәстүрі әдірә қалды? Үнемі омырауы жартылай ашық жүретін дөрекі мінезді «арудың» жартылай жалаңаштанатын кездері де жоқ емес. Кинодағы ең жағымды кейіпкердің іс-әрекеті әлгіндей болса, өзгелерден не үміт, не қайыр? Ең бір сорақы қасиеттерді бойжеткеннің басына жинап-теріп беріп тұрып, соңында оны «сүттен ақ, судан таза» етіп шығара салуы санаға қонбай-ақ қойды. Мысық балалатуды дүниедегі ең маңызды жұмысқа балайтын Иванның шешесі Әселге «менің ұлыммен үйленбей тұрып төсек қатынасына барма» деп ескертуін есіңізге алыңызшы. Әсел «Сіз не деп тұрсыз» деп шошып кетпейді, керісінше еш шімірікпестен «Жарайды» деп келісе салады. Құдды көрінгеннің қойнына кіргенді абырой санайтындай, жезөкшелігін ешкім айтпастан-ақ өзі мойындап тұрғандай әсер қалдырады. Иван мен Әселдің тойы өтіп жатыр. Үйленіп жатқандар тіпті қазақ емес секілді. Бәрі еуропалық үлгіде. Қалыңдықтың омырауы ашық-шашық. Ең соңында Иван қалыңдықты той үстінен алып кетеді. Тойға жиналған жұрт ат үстінде кетіп бара жатқан Иван мен Әселге қол шапалақтап қала береді. Еш санаға сыймайтын сайқымазақ. Күлдірудің де жөні бар шығар. Джим Керридің «Маска» фильміне көп ұқсайды, түк мән мағына жоқ. Күлдіремін деп бүлдіре берсек, күніміздің шын қараң болғаны. Кино–белгілі бір дәрежеде идеология «Жылтырағанның бәрі алтын емес» «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Біз әуелден өз ішіміздегі киноларды елу де елу деген ұстаныммен орысша-қазақша шүлдірлетіп қоюға құмарттық. Енді Ресеймен бірлесіп түсірген кинода бір ауыз қазақша сөз жоқ. Қысқасы, бұл кино қазақтікі емес. Одан бір түйір қазақтың иісі шықпайды. Өзбектер көріп «бір жерін ашып» күліпті, «сорлы қазақ енді қалғаны сол еді, орысқа өз қызын жығып салып берені несі» депті. Біз тек Ресейге қызымыз бен қаражатымызды берген екенбіз. Кинотеатрға барған жұрт сөзсіз осындай әсермен қайтады. Қайтсе де, көрермен қазы, көңіл таразы. Рухани сұранысқа қызмет етпеген туынды халық жүрегіне жол таппасы хақ. Рухани аздырып-тоздыратын арзанқол кинолармен ғана емес, шынайы өнер туындысымен де ақшаның астында қалуға болары қазір айдай әлемге аян. Төрт дүниені дүрліктірген фестивальдерге салмақты да салиқалы туындылар апарып, жұмсаған қаржыларын еселеп қайтарып алғандар да аз емес баршылық. 2000 жылы халықаралық Венеция кинофестивальнің «Алтын жолбарыс» жүлдесін ұтып алған Ирандық Жафар Панахидің «Шеңбер» атты картинасы 10 000 АҚШ долларына түсіріліп, 673 780 АҚШ доллар қайтарым берген. 2006 жылы Голливудта Мел Гибсон ерлік жасады «Апокалипсис» атты жауһар туындысы жеті түрінен «Оскар» алды, небәрі 400 000 АҚШ долларға әзірленіп, есесіне 18 980 005 доллар табыс тауыпты. Бұл аз десеңіз, 2002 жылы халықаралық Канн кинофестивальнің «Алтын жапырақты пальма бұтағын» иеленген Роман Поланскидің «Пианисті» 35 000 000 АҚШ долларға түсіріліп, 120 472 577 доллар қаржы жинаған. Қазақы дүниетаныммен ұштастырылған кәсіби шеберлік шыңдала түссе, ұлттық режиссерлердің фильмдері межелі белестің көкжиегінен көрінер деп кәміл сенемін. Өзгелердің сайқымазағын, қаңсығын таңсық көріп, айнытпай көшіріп шығара бергенше, қазақтың төл тақырыбы түгесіліп қалған жоқ. Халқымыздың бай тарихы, заңғар болмысты тау тұлғалары, этнографиялық артықшылықтары толайым байлық, олимпияда чемпиондары қаншама, соңында қазақтың мұң-мұқтажы да кино өндірісі үшін жуық арада біте қоймас азық. Біле білген адамға ұлттық жазушылардың көркем шығармаларының өзі неге тұрады? Уақыт өткен сайын қоғам азғындап барады. Сонғы жылдары батыстан жасалған ақпараттық экспанция өз жемісін бере бастады. Оған дәлел ретінде айтар болсам, әскерге шақырылған жігіттердің 80 пайызы жарамсыз, көбісі жарымжан, салмағы бір тоқтының салмағына жетпейді, бойы аласа ергежейлі ұрпақ өсіп келе жатыр. Осындай еліміздің келешегі сынға түскен заманда мемлекеттен қаржы алып отырған «Қазақфильм» неліктен ұлт мүддесіне тас-түйін болып жұмыс істемейді? Қайта жас ұрпақтың одан сайын рухани азғындауына айқара жол ашуымызға жол болсын! Отаншылдық рухы мұқалған, рухани азғындаған жастар ел тірегі болудан қалады. Осыған орай 2сәуір 2010 жылы Парламент қабырғасында депутат Бекболат Тілеухан ағамыз Мәдениет министрі Мұхтар Құл Мұхаммедке депутаттық сауалнама жасады. Бірақ, қалған депутаттар қолдап қолпаштамады. Өкінішті-ақ. Қазақ аруын бөгде жігіттің қойнына салып берген ерсі жарнамалар да қаптап барады. Бұл елдің негізгі ұйытқысы саналатын қазақ халқының үлкен наразылығын тудырып отыр. Қазақ өзінің жеті атадан аспай қыз алыспайтын дәстүрінің арқасында ген тазалығына қол жеткізген жалғыз ел. Жеті атасына дейін үйленген жандарды өлім жазасына дейін кескен. Мұның айқын айғағы Еңлік-Кебек пен Қалқаман-Мамыр. Олардың аралары төрт-бес ата ғана. «Үйленем деген» ниеттері үшін ғана өте ауыр жазаға кесілген. Ал неге бұлай қатал болды? Мұндай байтақ далада аңдай өрген, тіршілік үшін көшпелі өмір салтын ғұмырына негіз еткен халықты тұтастандырудың жалғыз тетігі осы екен. Осының арқасында біз бір шетімен бір шеті 4-5мың шақырым байтақ алқапты алып жатқан шашыранды ру-тайпалы ел-жұртың не диалектісі жоқ, не тілінде, не дінінде айырмашылығы жоқ біртұтас этножаралым, біртұтас этноорганизм болып шықтық. Мына Кавказда Дағыстанда ресми 20 тіл бар. Анау төбедегі көрініп тұрған ауылдың тілін етектегі ел түсінбейді. Қазақ дейтін халықтың біртұтас этножаралым болуы біздің ақылман даналарымыздың жасап кеткен ұлы үлгісінің нәтижесі. Өзге ұлт өкілдерімен қанымыз араласқан сайын қан тазалығынан айырылып, тексіздене түсеріміз айдай әлемге аян. БТА банк пен Центр кредит банктің жарнамасына көз салсаңыз, қандай әдемі қазақ қыздары еуропалық еркектің құшағында балқып тұрғанын көресіз. Бұл заңға қайшы деген сөз емес. Ұлт танымына томпақ, санасына ауыр көрініс. Бүгінгі жаңа фильмдер де осы жарнамалардың жалғасы секілді. Кезінде жеңіліс тапқан елдің қызын қатындыққа алып, солай ұлтын қорлайтын болған. Оған тарих куә. Өзгелерге қыз беру ол да бір жеңілудің белгісі. 1710 жылы Ақтамберді «Арман» атты жырында «Атасы басқа қалмақты, Жұртынан шауып бостырып, Түйедегі наршасын, Әлпештеген ханшасын Аялаған аруын, Ат көтіне міндіріп тегінен тегін олжа қылар ма екенбіз» деп ашына жырлаған, кеудеге рух ұялатар бүгінгі тәуелсіз елдің жастары сусап-ақ тұр. Яғни, қазақ танымында, көшпелілер ұғымында қорлаудың шыңы кек алудың масқаралаудың ең сорақысы – қызын қорлау болатын. Қазақ қызы бүгінде қорлаудың объектісіне айналғандай. Жырау жырлағандай жарнамадағы қазақ аруының бөтеннің құшағында ат артына мінгесуі кездейсоқ құбылыс емес секілді. Неге кездейсоқ болады, неге басқа бір ұлттың қызы қазақ жігіттіне жабыса салмайды. Үнемі мен ес білгелі, бәрі керісінше қазақ жеңіліс таба береді. Ұлттымызды масқаралаған «Борат» киносынан кейін «Келін» «Қайрат чемпион» енді, міне «Ирония любви» бұның бәрі бірінен бірі өткен сорақы. Ұлт намысын таптаған осындай сорақы туындылар легіне кім жауапты? Билік басындағылардың мемлекеттің ақшасы қайда кетіп жатқаны бәрібір болса, онда басқаларына не дерсіз? Ешкім ештеңеге жауапты емес, әйтеуір әркім өз бетінше пайда тапқысы келеді, ойларына келген фильмді түсіріп жүр. Халыққа не қажет, не қажет емес екенін байқауды да көздемейді, бар білгені пайда табумен құмар қандыру. Ең алдымен, жастарға қазақтың қазақ екенін танытатын фильмдер ауадай қажет, себебі қазір сын көтермейтін дүниелер өте көп. Мемлекет қандай болса, кино да сондай. Мемлекеттік бағдарламалар тек қағаз жүзінде декларативті түрде қабылданып, шынында да тоқмейілситін нәтиже бермегенінің белгісі. Бүгінгі ісімізге қарап, ұлттың өзіндік бет-бейнесі шайылып кету қаупі жоқ дей алмайтын сияқтымыз. Адамдық өлшемдер тұрғысынан қарағанда кісілік келбетіміздің күнгейі мен көлеңкесінің ара-қатынасы алаңдатарлықтай болып тұр. Сөзімізден дауа, тірлігімізден бәтуа кетіп бара жатқанда, кім екенімізді айыру өте қиын. Мәселенің мәніне жетіп, түбіне үңілмей, даңғаза даңғыртпен кемшілік атаулының бәрін басқа біреуге аударып, соларды жазғырып, өзіміз бұғып, сырт қалып, жақсы атты көрінуді мұратты ісімізге айналдырып алғандаймыз. Батырлықтың бәсін бағалау, найза төніп тұрса да, намысын жатқа бермеу, тірі жанға тышқақ лағын босқа жегізбеу–бабаларымыздың мәрттік мінезі, берік ұстанған жолы. Сұлулары сұлулығынан, батырлары күшінен ұялған халық тектіліктің парқын тереңнен өлшеген. Қазақ тарихының музыкалық мәдениетіне келетін болсақ, тарих сахнасына қазақ халқының шықпай тұрған кезеңнен бастау алады. Қорқыт атадан бастап Кетбұға, Асан-Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Байжігіт, Бұқар мен Базар жырау, Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина, Шәмші Нұрғиса болып жалғаса береді. Одан да кереметі 1303 жылы шыққан «Кодекс куманикс» кітабында қазақ халқы күйінің нотасы жазылғаны табылды, таңданбасқа шараң жоқ. Ол кезде Бетховин, Бах пен Моцарттың атасы туылмаған. Алып күш иелері өзінен әлсізге, төменге жарлы-жақыбайға тізе батырмаған, алысса да, атысса да өзімен теңдеспен табан тірескен. Бүгінгідей батыр бір оқтық, қулық сауған, айламен бәйге алған заманда қайран бабаларымыздың қадір тұтқан мәрттік, серілік, өрлік, ірілік қасиеттерін ұстанбақ тұрмақ, ұлықтаудың өзінен қалып бара жатқандаймыз. Ақша, байлық, қымбат баспана, көлік, шет елде дем алу деген сияқты барлығын материалдық тұрғыда айқындайтын болдық. Бейне бір жан дүниемізді Батыстың ашқарақ капиталға ашкөздігі баурап бара жатқандай. Мені өкіндіретіндігі мемлекет идеологиясының тізгінін ұстап отырған шырақтардың қарапайым этнологиялық зердесінің жоқтығы. Сондай кісілерге тізгінді қалайша қорықпай ұстата салатынына түсінбеймін. Бұл сәбидің қолына жалаң, өткір пышақты ұстатқанмен бірдей. Жұмамұрат Шәмші Тарих ғылымдарының кандидаты