Бурабайда жас кітапханашылар форумы өтеді
2017 ж. 19 қыркүйек
3162
0
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ағымдағы жылдың 21-22 қыркүйегі аралығында Ақмола облысы Әкімшілігімен бірлесе отырып, Бурабай мекенінде «Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жастарға бағыт» тақырыбындағы республикалық Жас кітапханашылар форумын өткізеді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісіне кітапхананың баспасөз қызметінен хабарлады.Форум кәсіби дағдылармен алмасу, біліктілікті арттыру, жас кітапханалық кәсіби қауымдастықты, сонымен қатар кітапхана ісінің жас мамандары арасында корпоративтік кітапханалық дәстүрді дамыту, жариялық кітапханалар қызметінің жаңа технологиялары, формалары мен әдістерін меңгеру мақсатында өткізіледі.
Мақсаты – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік кітапханалар жүйесіндегі жас мамандардың кәсіби және әлеуметтік қолдау жүйесін құру арқылы Қазақстан кітапхана саласының кадрлық әлеуетін қалыптастыру және сақтау.
Форум аясында сондай-ақ, «Qazaq kitaptarъ. 1929-1940 zhyl» тақырыбында көрме өтеді.
Көрмеде 1929-1940 ж.ж аралығында жарияланған латын тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдарды ұсынатын болады. Қазақстанда латын әліпбиі ресми түрде 1929-1940 жылдары пайдаланылып, кейіннен кириллица алфавитіне көшірілді.
Латын қарпіне көшу қазақ тілі үшін – жаңа жаһандық бағыттағы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар мен қоғамдық сананы өзгертетін қажетті құралдарының бірі болып табылады. Жыл сайынғы Қазақстан халқына кезектезект бір Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшуді 2025 жылдан бастау керек екенін айтқан болатын:«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» екенін атап өтті.
Кітапхана болашағы – жастардың қолында. Кітапхана саласында жас кітапханашылардың өздерінің мүмкіндіктерін дамыту және жетілдіру мәселесі басшылық тарапын ғана алаңдатпайды, сонымен қатар жас кітапханашыларды да алаңдатады. Съезд жұмысына Қазақстанның барлық аймағынан жиналған жас кітапханашылар, белгілі қоғам қайраткерлері, ғылым, мәдениет, білім беру саласының өкілдері, жастар қозғалысының көшбасшылары қатысады. Барлық қатысушылар саны – 170.
Іс-шараға «Ақмола облысы Мәдениет басқармасы» ММ басшысы Бөрібаева Сәуле Бөкейханқызы, Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин, Қазақстан Республикасындағы Грузия Елшілігінің аға кеңесшісі Реваз Сакварелидзе,ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының көрме және жаппай жұмыс секторының меңгерушісі Лебедов Олег Владимирович және т.б.
Форум бағдарламасы аясында 10-нан аса түрлі іс-шаралар: атап айтқанда, шеберлік-сыныптары, «дөңгелек үстелдер», акциялар, шығармашылық шеберліктері, тұсаукесерлер, көрмелер, соның ішінде экскурсия, шығармашылық және патриоттық кездесу кештерін қамтитын мәдени бағдарлама өткізу көзделген.
Форум аясында шығармашылық интеллигенциямен кездесу, кiтап бұрышының ашылуы, «Құнды тарту» акциясын өткізу, ағаш отырғызу Кiтапханлық аллеясы мен аудиокітаптардың таныстырылымы және резолюция қабылдау ұйымдастырылып отыр.
Аталған Форумға 35 жасқа дейінгі, кітапханада кемінде 3 жыл жүмыс өтілі бар, өз кітапханасының инновациялық жобаларын жүзеге асыруда белсене ат салысып жүрген кітапханашылар шақырылады.
Ұйымдастырушылар:
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы
Ақмола облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы
Серіктестер:
«Нұр Отан» партиясы
Қазақстан Жазушылар Одағы
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі