Баянды бағдар
2017 ж. 09 қыркүйек
1646
0
Халық көші ел бастаған көсемнің сілтеген жолымен, сөз бастаған шешеннің насихат-нұсқауымен ілгері озған Уақыт ізіне ілесіп, замана асулары мен белестерін бағындырады. Алайда, тарих толқынымен, дәуір желімен тайталасқан ұлт сапары тісті мен тырнақтының, арынды мен азулының тегеурінін тойтара алмай, кері кететіні де жасырын емес. Мұндай мүшкіл халге көп жұрт тығырықтан шығар жол таппай, шарасыздықтан түсетіндігінен хабардармыз.
Тәуелсіздікке бет бұрған ұлт көшін небір қиын-қыстау сәттерде қателік-жаңсақтықтарға ұрындырмай, жарға соқтырмай, дамудың даңғыл жолына түсірген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты арқасында Қазақ елі бүгінде әлем таныған зайырлы, өркениетті мемлекетке айналды. Жаңа, жиырма бірінші ғасыр табалдырығын әртарапты экономикасы, жетілген әлеуметтік-саяси құрылысы бар іргелі ел болып аттадық. Дегенмен, әр дәуірдің ұжымды ұлт алдына қоятын өзіндік сын-сынағы, байқауы бар. Міне, сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың көпшілікке жол тартқан Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласы бір күні өткен заманның мың күніне татитын ғасырымызда қазақ жұрты, Қазақстан халқы ұстанар бағытты қапысыз нұсқаған тарихи құжат болып табылады. Өйткені, мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сол себептен заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі түлеу және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.
Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық, біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылу, деп атап өткен Елбасы аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар екендігіне тоқталады. Көздеген жұмыcтардың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асары сөзсіз. Бірақ, ойларымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.
Елбасымыз атап өткендей, күллі жер жүзі көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?
Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында, деп атап көрсетеді Елбасы. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы.
Білімге ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс атқарылды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты, деп атап өткен Елбасы қазіргі қоғамдағы білім рөліне егжей-тежейлі тоқталып өтті. Мемлекет басшысының тұғырлы тұжырымдары еліміздің жоғары оқу орындарында талқыланып, толымды ұсыныстар айтылуда. Осы орайда төл ғылым мен білімінің қара шаңырағы - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің факультеттері мен кафедраларында болған мәжілістерде оқытушы-профессорлар мен магистранттар, докторанттар рухани дамуымызды жетілдіру мәселелерін көтеріп, байыпты пікірлер білдіріп жатқанын атап өткеніміз жөн.
Жетпісбай Бекболатұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің
Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі
qazaquni.kz