Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
2011 ж. 31 мамыр
13026
5
Ана тілінен қол үзіп қалған кейбір бауырларымыз өздерінің осындай мүшкіл күйлерін, қырық сылтау айтып ақтауда. Олар өз ұрпақтары шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, өзінің ана тілінен алшақ болып өссе, яғни ана тіліміз ана сүтімен дарымаса қандай күйде боларын бір сәт ойланып көрді ме екен? Өз уызына жарымай өскен сәбидің тағдыры не болмақ? «Тілі өлген ел – тірі өлген ел» деген ұғым осыдан пайда болмай ма..? Бірақ өзге ұлт өкілдерінің оқшау жерде жүрсе де, өз тілін ұмытпай жадында сақтауы біз үшін үлкен үлгі. Олар өз тілдері қанатын кең жайып өсе алмаса да, отбасында табан тіресіп, өз ұрпақтарына ана тілін ұмыттырмауға ат салысуда. Қай халықта алсаңыз да өзінен кейінгі ұрпақтың заманына лайық азамат болуына, жан-жақты тәрбие алуына қамқорлық жасауда. Өмір заңы және оның қызығы кейінгі болашақ ұрпағымыздың алаңсыз ана сүтімен тараған, ана тілінен сусындап, өсіп-өнуінде, биікке өрбуінде. Ана тіліміз дүниедегі бар байлықтың ең құндысы, ұлттық болмысымыздың құдіреті, кейінгі ұрпағымыздың басын біріктіріп, бір шаңырақ астына шоғырландыратын, ұрпақтан-ұрпаққа тарайтын асыл мұраларымыздың бірі. Әлі есімде институтты аяқтап қалған шағымызда топ жетекшіміз Светлана Сарқытқызы бір топ студенттерді, сол кездегі жалғыз №12 қазақ мектебіне алып барды. Тұңғыш рет, қазақ мектебіне ұлттық тәрбиенің рухын сепкен, қазіргі заманда ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған, ұлы ұстаз, халық арасында аты аңызға айналып жүрген ғажап жандардың бірі, Социолистік Еңбек Ері, педагогика ғылымдарының кандидаты, А.Пушкин атындағы және Тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері - Рафиқа Нұртазақызымен бетпе-бет кездестім. Ол кісі еш асықпастан, өзінің ұстаздық жолға оңай келмегенін, өмірден түйгені көп үлгілі ұстаз екенін, басынан кешкен оқиғалары арқылы жеткізе білді. Рафиқа Нұртазақызы «алғаш рет, орыс халқының ұлы ақыны Пушкиннің өлең шығармаларын мәнерлеп оқи бастағанымда, сол жердегі барлық оқушылар менің өзге тілде дұрыс оқи алмай тұрғанымды көріп, күлкіге айналдырды. Сол сәтті өзім қатты намыстанып, қайтсем де осы тілді үйреніп шығам деп, өз-өзіме серт бердім», - дейді. Әрбір ұл өкілі осы ақ шашты анамыз Рафиқа апайдай болса ғой. Қазақстанның әрбір азаматы көкірегінде осындай намыс оты оянып, тілімізге деген көзқарасын өзгертсе, «қайтсемде осы тілді үйреніп шығамын» деп намысқа тырысса, тіліміз осыншама кедергіге ұшырамас еді. Арамызда «тілім», «елім», «жұртым» деп жүрген, өз ойын іркілмей жеткізер, өз бойын кернеген ойын дұрыстап ашық айтып жүрген, есімдерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырар ағаларымыз қаншама. Әлі есімде, осыдан біраз жыл бұрын жұмыстан шаршап шығып келе жатқанымда алдымнан қазақтың қара домалақ екі баласы менің алдыма түсіп, өз ана тілдерінде сөйлесіп бара жатты. Олардың өз ана тілінде еркін сөйлесуі мені қатты таңқалдырды. Ол кезде өз тілімізге өзіміз зар едік. Қазір құдайға шүкір өз тілімізде еркін сөйлейтін бүлдіршіндеріміз аз емес. Қаншама қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларында қазақтың қара домалақ балаларына өзінің ана тілінде тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздарымыз да аз емес. Өз басымда отыз жылдан астам уақытымды балалар тәрбиесіне жұмсадым. Зымырап өтіп жатқан уақыт. Алдымыздан қаншама қазақтың қара көз балалары мен өзге ұлт өкілдерінің бүлдіршіндері өтті. Өз шәкірттерімді биік шыңдардан көрген кездерімде қуанышымда шек болмайды. Соңғы жылдары өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінде сабақ беріп келемін. Ата-аналарымның «қазақ тілі біздің балаларымыз үшін өте қиын тіл» дегендерін де күнделікті өмірде жиі естимін. Елдің ертеңгі тізгінін ұстар заман талабына сай, жан-жақты дамыған, өмірге жетік көзбен қарайтын, жан дүниесі сұлу, рухани бай, сезімтал, терең біліммен қаруланған жеке тұлға қалыптастыру әрбір ұстаздың міндеті. «Ана тіліміз –асыл мұрамыз». Тіл халықтың жаны, ділі, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы. Сол асыл мұраны аялап, керек езінде қорғай білу, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу біздің тікелей борышымыз. Шындық су бетіне қалқып шығады деген ой мені әрі қарай қажымай-талмай еңбек етуіме күш қуат бергендей болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Табиғаттың көркіне сай шырай беретін, көктем айындай келесі ұрпағымыздың сусындап өсуіне тікелей үлес қосуға өзім және өз замандастарымды шақырамын.
Алтын Есенбаева, ұстаз