Рухани ұстаз
2017 ж. 02 қыркүйек
3295
1
Түркі ғұламасы, академик Рахманқұл Бердібай жайлы сыр
Сейдулла САДЫҚОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Осыдан он екі жыл бұрын болған бір жай еске түсіп отыр. «Қазақ әдебиеті» газетінің жетпіс жылдығына арналған «Ұлттық рух жаршысы» атты көлемі шағын кітабым Алматыдағы «Алаш» баспасынан шыққан болатын. Ұлт мүддесінен сомдалған «Қазақ әдебиеті» газетінде отты материалдарымен өшпес із қалдырған жалынды публицист-жазушылардың рухына бағышталған еңбегімде басылымда жарияланған ұлттық рухқа қатысты материалдарға талдау жасауға тырысқан едім. Осы ретте Рахманқұл көкеміздің кезінде қазақ қоғамын дүр сілкіндірген «Ең үлкен мәдени байлық» (1956, 22 сәуір) атты мақаласы басты назарға алынған болатын. Кітабымды қойныма қысып, Рахаңның үйіне келдім. Жүрексіне отырып, академик көкемізге ұсындым. Ағамыз бірауық кітапты парақтап отырды. Кей беттеріне көз жүгіртті. Байқаймын, қабағы жадыраңқы, қуанып отыр. – Тақырыбы жақсы екен, – деді ғұлама бетіме барлай қарап. – Оқып шығамын. Аз-кем үнсіз отырдық. – Осы бағытыңнан таймағайсың, Жиделі Байсыным!, – деді жайдары үнмен. Осы сәтте мұны ғұламаның маған берген батасы деп ұқтым. Жүрегім тулап, аузыма тығылғандай болды. Академиктің еңбегімді осыншалықты бағалағанына сенер-сенбесімді білмедім. Неге екенін кім білсін, ғұлама көке мені тұңғыш рет «Жиделі Байсыным» деп атады. Түсінсем, бұйырмасын... Докторлық диссертациямды аяқтап қалған кезім. Қай жерде, қай елде қорғарымды білмей дал болып жүргенмін. Бізде журналистика саласы бойынша докторлық кеңес жоқ. Кандиттық диссертациямды Мәскеу Мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінде қорғағаныммен менің бұл еңбегіме орыс ғалымдарының қырын қарайтынын білетінмін. Себебі, жұмысымда патшалық және кеңестік орыстандыру саясаты, ұлыдержавалық орыс шовинизмі тұрғысында сөз қозғалған. Журналистика саласы бойынша докторлық диссертациялық кеңес ТМД елдері арасында Өзбекстанда ғана ашылған еді. Өзбек ғалымдарының жұмысыма қалай қарайтыны беймәлім. Осындай жағдайдан кейін әрі-сәрі күй кешпегенде қайтемін, қолдан келер қайран бар ма? Несін жасырайын?! Сіздің «Жиделі Байсыным-ай» деген үніңіз құлағымда күмбірлегендей болады. «Қиналып жүрсің-ау!», «Әттең титықтап біттің-ау» дейсіз кейде. Осы сөздерді қолымды ұстап отырып, талай айтып едіңіз ғой. Бәрі де көкірегімде сайрап тұр. Құдды бір кешегідей, ғұлама көке... Телефон безектеді. Тұтқаны көтердім. Бұрын күтуші қыз хабарласып, ғұлама көкені қосатын. Бұл жолы өзі екен. – Жиделі Байсын, үйдемісің. Қолың бос болса, келіп кетші, – деді Рахаң қоңыр үнімен. Үй арасы тиіп тұр. Университет қалашығында кезінде профессорларға арнайы салынған үйлер бар. Екі көше. Ол кісі Н.Назарбаев есімі берілген бірінші көшеде, мен Тұрғыт Озал атындағы екінші көшеде тұрамын. Лезде жетіп бардым. – Диссертацияң ұнады, –деді ғұлама. – Ұлттық идентификация мен ұлттық бірегейлік мәселелерінің баспасөзде жазылуын филологиялық, тарихи-әдістемелік астарда көтерген екенсің. Мұндай еңбек әзірге қазақ ғылымында жоқ. Сенің көтеріп отырған проблемаларың менің де жаныма жақын. Дегенмен қайта қарайтын жерлері бар. Белгілеп қойдым. Бұл жұмысты қорғау саған оңайға соқпас. Қайткенде де журналистика саласынан қорғап шығуың керек! Ретін тауып, өзбек ағайындарға жол тарт. Тағдырлас халықпыз ғой. Олар да ақ патша мен қызыл кеңестің теперішін көрердей-ақ көрді. Кеудеңнен итере қоймас. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Университет тарапынан докторлық жұмысымды жазуға берілген аға ғылыми қызметкерліктің де мерзімі бітіп, негізгі доценттік қызметіме қайта оралдым. Дайын жұмысты қорғаудың шешімі табылар емес. «Еңбегіңді саясаттану ғылымы саласынан қорғауға болады. Алматыда диссертациялық кеңес бар ғой» – деді айтулы ағаларымыздың бірі. «Кандидаттық жұмысымды журналистика саласынан қорғағанмын. Менен саясаткер шыға қоймас», – деймін. Ес білгеннен қолыма қалам ұстадым, журналист атандым. Жер ортасынан ауғанда мамандығыма сатқындық жасау қолымнан келмейтінін түсіндім. Оның үстіне рухани ұстазым Рахманқұл ағаның айтқан ақыл-кеңесі көкейімде жатталып қалған. Шешінген судан тайынбас. Астанаға Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетіне жол тарттым. Ретін тауып комитет төрағасы Б.Абдрасиловтың қабылдауында болдым. Өзі ақжарқын, кеңпейіл азамат екен. Мәселенің мән-жайын түсінді. «Өзіңіз Мәскеуде кандидаттық қорғаған екенсіз. Жұмысыңызды қабылдар. Немесе Өзбекстан Ұлттық университетіндегі диссертациялық кеңеске барарсыз. Таңдаңыз», – деді жүзіме барлай қарап. «Өзбекстан», – дедім. Өзім өзбек ағайындармен аралас-құралас жатқан Мырзашөл өңірінде туып-өскенмін, өзбек тілін түсінемін, шама-шарқымша сөйлей де аламын. Сол күні түс ауа қолыма Өзбекстан Республикасы Жоғары Аттестациялық комитетінің төрағасы К.Сұлтановтың атына жазылған жолдама-хат қолыма тиді. Қуанышым қойныма сыймай Түркістанға оралдым. – Сіз туралы Болат Абдрасилов айтқан, – деді Карим Сұлтанұлы құжаттарымды қарап отырып. – Бір проблема бар. Жұмысыңыз қазақ тілінде екен. Бізде өзбек, орыс не ағылшын тілінде ғана қорғай аласыз. Сондықтан диссертацияңызды осы тілдердің біріне аударуыңыз керек. Бұған біраз уақыт кетеді. Қазірге менің қолымнан келетіні, Өзбекстан Ұлттық университетіндегі докторлық диссертациялық кеңеске тіркетіп қою. Ондағы азаматтармен өзіңіз тіл табыса жатарсыз.... Осылайша, сең қозғалды. Таңды-таңға ұрып, тапжылмастан аудармамен айналысамын. Орысша-қазақша сөздік жан серігіме айналды. Жасыратын несі бар, аудармам қарабайыр болғандықтан, орыс тілді стилист ғалымдардың көмегіне жүгінуге тура келді. Түркістан мен Ташкенттің арасын қаншама шиырлағаным есімде жоқ. Таң ата үйден шығып, түс ауа өзбек ағайындардың арасында жүрген ғылым жолындағы күндерді еске түсірудің өзі қиямет-қайым. Сол жылдары «Кісідегінің кілті аспанда» деген сөздің мәнін терең ұғынғандай болдым. Рухани ұстазым – ғұлама көкемнің «әбден қажыдың-ау», «титықтап біттің-ау» дейтіні де осы жылдары. Үйдемін. Діңкелеп жүрмін. Рахманқұл көкенің үйіндегі күтуші қыз келді. – Көке, – деді иіліп тұрып, – сізді атам шақырып жатыр. Ол кісіге төбе көрсетпегелі біраз болған. Алаң көңілмен жетіп бардым. Дастархан басында екен. Жеңгеміз Бибізада шай құйып отыр. Сәлемнен соң жағдай сұрасып отырмыз. Көке сұрақ қояды, тартыншақтай отырып, жауап берген болатынмын. Жұмысымның ұшы-қиыры жоқтай, бітетін түрі көрінбейді. – Шаршаулы сияқтысың. Қажыма, – деді ғұлама жүзіме тіктей қарап. – Еңбектің зейнеті болады. Алға ұмтыл, жігеріңді жасытпа. Қазағың үшін қызмет етіп жүргеніңді бір минут та есіңнен шығарма! Ғұламаның кабинетінде отырмыз. Төрт қабырға сірескен кітап. Бір шетте Шыңғыс ханның билерінің бірі болған Саңғыл бидің суретші қолынан шыққан үлкен портреті көз тартады. Ғұлама көке сөйлеп отыр. Бұрын дәл осылай ашылып, ағыл-тегіл әңгіме айтқанын естіген емес едім. Жаныма жақын, еліктірер сөз маржандары матап тастағандай. Ғұлама көке айтады: «Біз өз тұсымызда ұлтсыздармен ымырасыз күрестік. Кейде ашық күрессек, кейде жасырын күрестік. Бірақ ымыраға келген жоқпыз... Мен аз жасаған жоқпын, байқағаным, түйгенім, көріп білгенім, өзінің туған ұлтына қарсы шыққандардың көгергенін көрген емеспін. Бәрі де азаппен, ит қорлықта өлді. Өздері ғана емес, ұрпақтары да азып-тозып, иттен қадірсіз боп қаңғып кетті. ...Қазіргі күні қоғамымызды ұлтсыздық жайлап барады. Өз ұлтына, өз ұлтының тіліне, дініне қарсы шығатын көзқамандар, мәңгүрттер көбейіп жатыр. Ұлтсыздармен аянбай, аямай күресу керек! Әділет те, Аруақ та, Құдай да біздің жақта!». Ғұлама «көзқамандар, мәңгүрттер көбейіп жатыр» деп көкірегі қарс айырыла күйінеді. Кезінде қазақ қоғамының мерезіне айналған көзқаман мен мәңгүрт ұғымдарының аражігін ашып, тайға таңба басқандай етіп берген ұлт зиялысы Рахманқұл көке еді ғой (Көзқамандар кімдер? // Қазақ әдебиеті. 1996. 30 сәуір). Ғұлама мәңгүрттік пен көзқамандық құбылыстарын былайша жіктейді: Мәңгүрттер дегеніміз жау қолында тұтқын болып,қорлық-зорлық атаулының бәрін көріп, миына жазылмастай зақым келген, қай елден шыққанын, кімнен туғанын білмейтін, тек кеудесінде жаны бар, ішіп-жеуге, қарадүрсін жұмыстарды атқаруға ғана қабілетті аянышты пенделер екен. Олар – алыс пен жақынды ажырата алмайды, өз анасын дұшпан санап атып та жібере салады. Жадында ешнәрсені сақтай алмайтын мұндайлар миғұла, мәңгүрт деп аталады. «Ал көзқамандар ақыл-есі ауысқандар емес, – деп, нақтылай түседі академик. – Бұлар мектеп, университет бітірген, жоғары лауазымды қызмет атқарғандар болуы да әбден мүмкін. Кейбіреулері талай елдердің тарихы мен философиясын жатқа айтып, жаңғақша шағып беретіндер, әділдік, адам құқы, өркениет, достық, ынтымақ, бейбітшілік секілді сөздерді судай сапыратындар... Бірақ бұлардың жазылмайтын немесе ұзақ емдеуді керек ететін ауруы – туған халқының дәстүрін танып-білуге салғырттығы, сөз жүзінде отаншыл болып көрініп, былай шыға бере елдің хас жауларымен тіл тауып, халықтың түпкілікті мүддесін сатып жіберетіндігі, ең жаманы – жұртының қадір тұтқан қымбаттарын, тәуелсіздігімізді тәрк етуді көздеп отырғандармен ауыз жаласып, соларға арқа тіреп, намысымызды таптап кететіндігі. Мәңгүрттер есінен айырылған міскіндер болса, көзқамандар – елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер...». Қазақ зиялылырының маңызды міндеттерінің бірі өз арамызда жүрген, ұлт мұратын қиып жіберетін, елге опасыздығына ұялмай, қайта өздерін озық өркениет жанашырлары деп қарайтын осындай көзқамандармен аяусыз күрес жүргізу болып табылады. Ұлт алдындағы бұл асқақ парызды кезінде жүрегі қазағым деп соққан Рахманқұл көке мүлтіксіз орындады. Бұл күнге дейін көзқамандар жалпы алғанда орыс зиялыларының, орыс шовинистерінің артына жасырынып әрекет етіп келгені қазір айқын байқалып отыр. Сонымен қатар мұндайлар өзгені былай қойып өздерінің туған әкелері мен аталарының арман-мүддесін мансұқ етуден тайынбайтындығын да айтпасқа болмайды. Кезінде Қазақ ғұламасы Рахманқұл Бердібайдың азаматтық тұрғыда пайымдауынша, егер қазір Конституция мен Тіл туралы заң талабына сәйкес мемлекеттік қызмет орындарында, жергілікті орындарда, кеңселерде істі міндетті түрде екі тілде жүргізу талабы қойылса, басшылар міндетті түрде қазақ тілін білуге тиіс болса, мұнан орыс тілді жұртшылық ешқандай зиян көре қоймайды. Өйткені, қазақ тілін білу талабы барлық азаматтарға бірдей қойылмайды. Мемлекеттік құрылымдардан тыс жерлерде – бизнесте, кәсіпкерлікте, өзге де меншік салаларында қай тілде жұмыс істеп, қай тілде өмір сүруі Конституцияда толық қамтамасыз етілген. Ал мұнан нақ осы көзқаман болып жүрген, қазақтың ат төбеліндей ана тілінен мансұқ өскен «білімпаздары» ғана зардап шегетіні өзінен-өзі түсінікті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көзқамандар әрекеті, тіпті, Ресейдің империялық пиғылдағы саясаткерлерімен, шовинистерімен тізе қоса жымысқылық жасауға ұласып отырғанына дәлелдер жеткілікті болды. Дәл осы көзқамандар дегенің Қазақстан Республикасы мемлекетінің тәуелсіздігін тәрк етіп, қазақ жерін Ресейдің бір бөлшегіне айналдыру мақсатын көздейтіні құпия болудан қалды. Кезінде ғұлама көкеміз қазақ көзқамандарының шын бет-бейнесін осылайша әшкерелей білді. Сол күні ғұлама көкемен түн ауғанша отырдық. Ұлт мүддесі тұрғысында академиктің делебесі қозып, әй бір ағыл-тегіл ақтарылды дейсіз. Кеш бата дастархан жайылып, Бибізада жеңгеміздің палауына да бас қойғанымыз бар. – Түркістанда сұхбаттасып отыратын адамым да жоқ, – деді ғұлам қамығыңқырап. – Жиі келіп тұрсайшы. Сәл үнсіз отырдық. – Зада, Зада, – деді көкеміз дауыстап, – менің әмиянымды әкелші. Кербез жеңгеміз күлімсірей келіп, көкеге қара әмиян ұстатты. – Өзіңді шақыртқан себебім де осы еді. Ұмытып барады екенмін ғой, – деді жымиып. – Кәрілік қой. Қолыма бір уыс теңге ұстатты. Санаған да жоқ. – Оу, көке, мұныңыз не? – деп азар да безер болдым. – Енді сен мені тыңда, Жиделі Байсын! – деген ғұлама қатулана бастады. – Қаржыдан қаншалықты қиналып жүргеніңді білмейді ғой деймісің. Бір аяғың Түркістанда, бір аяғың Ташкентте. Докторлық қорғау жолында азып-тозып жүрсің. Сүйенерің де жоқ. Жалғызілікті азаматсың. Кезінде әділет жолында басшылықпен бітіспес майдан ашып, басыңды құрбандыққа да тіктің. Жаныңдағылар басшылықтың қысымынан қорқып, сатып кетсе де қайыспадың, сынбадың, әділ сотта жеңіп шықтың. ... Алланың мейірімі түскен болар, бес-алты ай қуғын көріп, әйтеуір аман қалдың. Аққа құдай да жақ қой. ...Мынаны алмасаң, мен ренжимін! Айтарға уәж қалмады. Пендешілік қой, бір жағынан шүкіршілік те еттім. Сыртқа шыққан соң қарасам, елу мың теңге! Бұл дегеніңіз тарығып жүрген мен үшін үлкен дүние болатын. ... Сонымен, араға алты жыл салып, он екінші жылдың жиырма тоғызыншы наурызында Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің филология факультеті жанындағы докторлық диссертациялық кеңесінде 10.01.10 – журналистика саласы бойынша жұмысымды сәтті қорғадым. Еңбегімді өзбек ғалымдары жоғары бағалады. Негізгі оппонент, академик Бактияр ака Назаров диссертацияны көпшілікке көрсетіп тұрып, «Бұл жұмысты Америкада, Европада қорғауға болады. Мұнда патшалық, кеңестік озбырлықты қазақпен бірдей көрген өзбектің де, тәжіктің де, қырғыздың да мұң-зары жатыр» – деп сөзін бастаған еді. Диссертацияның қалай қорғалғанын маған тілеуші болып келген дос-бауырларым, ғалымдар Ш.Нұрғожина, Х.Тұрсын, Қ.Алдабергенов, М.Тоқтағазин, А.Есдәулетов, тағы басқалар өз көздерімен көріп, естіді. Мен жатқан пәтерде дуылдатып, тойладық. Ниеттес достар ертеңіне елге қайтты. Жанымда жарым Жанна мен ұлым Ысқақ қалды. Бір күннен кейін олар да жолғайындалды. Ал менің құжаттарымды реттеп, кеңеске тапсырғанымша оншақты күндей уақыт өтетін түрі бар. – Түркістанға жетісімен авторефератты Рахманқұл көкенің қолына тигіз, – деп жұбайыма табыстадым. Түнімен дөңбекшіп жаттым. Көзім ілініп кеткенде түсіме ғұлама көке кірді. Қабағы салыңқы, әлденеге жабырқаулы. Арбасы өз-өзінен қозғалып, алыстап бара жатқандай. ...Шошып ояндым. Қараңғы бөлмеде ұзақ жаттым. Көктемнің таңы да ағарып атты. Екінші сәуір болатын. Ертелетіп Жаннаға телефон соқтым. – Авторефератты көкеге бүгін апарып беремін, – деді. – Кешеден бері не бітіріп жүрсің, – деп тас-талқан болып, айғайға бастым. – Дәл қазір апарып бер! Мұндай қызбалыққа салына бермейтінімді білемін. Өзіме өзім ие бола алмай қалдым. Бойымды дегбірсіздік билеп алған. Түске таман Жанна хабарласты. – Көкеміздің қуанышында шек болмады, – деді ол. – Академик те балаша қуанады екен ғой. «Құдайдың көзі оң болды» деп әлденеше рет қайталады. ... ...Тілеуімді тілеп жүргенін, балаша қуанатынын білген едім. Ғұламаның амандығына, мейірімге толы жүрегінің соғып тұрғанына мен де шексіз қуанып, рухани ұстазымның тілеуін тіледім... Ертеңіне, үшінші сәуірде түс ауа қалта телефоным безектей жөнелді. Елден. Жанна. Үнсіз. –Не болды, айтсаңшы, –дедім. Әлдеқандай жаманат хабарды жүрегім сезгендей. – Рахманқұл көкемізден айырылып қалдық, – деген жұбайым сөзін үзіп жіберді. Онсыз да жүрегі нәзік жарым егіліп тұрса керек. ... Диссертациялық құжаттарды дайындау оңай шаруа емес екен. Оншақты күнде ретке келтіріп, елге жеттім. Рухани ұстазым, ғұлама көкенің шаңырағына қадам бастым. – Көкеңнен айырылып қалдық қой, сақтай алмадым ғой, – деген Бибізада жеңгеміз мені құшақтап, ұзақ егілді. Не дейін. Егіліп отырмыз. – Бір күн бұрын сенің авторефератың қолынан түскен жоқ, – деді Зада ана сырын ақтарып. – Соңғы кезде дәл соншалықты қуанғанын көрген емеспін. Сені аузынан тастамай қайта-қайта айтумен болды. Соңғы демін алғанда сенің авторефератың жанында жатты... Ғұлама көкем-ай! Қуанышпен көз жұмған екенсің-ау! Өзіңді ақырет сапары алдында осыншалықты шаттыққа бөлеген мен сірә да бақытты шығармын!... Кей-кейде қарт Қаратаудың ұшар басы көк тіреген биік шыңы көз алдыма келеді. «Рахманқұл шыңы» деп аталатын ондай шың бар. Ол Созақ өңіріндегі Сызған ауылы маңайында. Осыдан оншақты жыл бұрын бұл мекенде Рахманқұл көкенің ағайын-туыстары үлкен жиын өткізген. Осы басқосуға көкеміз бізді де ертіп барған болатын. Той дастарханында асаба «Жиделі Байсын бауырымызға сөз береміз» деп алғашқылардың бірі етіп, бізді де ортаға шығарған. Көкеміздің айтуымен болса керек. Сонда Жиделі Байсын болып, ағыл-тегіл сөйлегеніміз бар. Осы той-жиында сызғандықтардың Қаратаудың бір биік шыңын «Рахманқұл шыңы» деп атауға бірауыздан пәтуаласқанына өзіміз куә болған едік. ... Ғұлама көке, сезіп жатқан боларсыз, қабіріңіздің басында тұрмын. Өзіңізге құран бағыштадым.Қолымнан келері осы. Ел-жұртыңыз дін аман. Қаймана қазағыңыз сол баяғыдай, күйкі тіршілігін күйттеп жүр. Бәрі де бұрынғысынша, өзгере қойған ештеңе жоқ. Пайғамбар жасынан асқанда өзіңіз секілді киелі Түркістанда мәңгілік тұрақтап қалуға бекем бел буған жайым бар, рухани ұстазым, ғұлама көкем!... «Өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліме ұлтан болайын» дегенім ғой... Басқа жерді айтпай-ақ қояйын, қасиетті Түркістанда аруағыңа сыйынып жүрген ізбасарларың, біздер, мен, Жанымгүл, тағы басқалар бармыз. Аруағыңмен желеп, жебеп жүргейсің, ғұлама көке! Дидарың пейіштің төрінде бал-бұл жанып жүрген болар! Аруағыңның алдында басымды иіп тұрмын... Серік Қирабаев, академик: Көке, Сізді сағынып жүрмін. Кейде түсіме кіресіз. Үндемейсіз. Әлденеге қапалы секілдісіз. Жалған дүниеде қазағыңыздың қиюы қашқан алуан түрлі мәселелері жүрегіңізді сыздатып, жаныңызға тыншу бермейтінін білетін едік. Бұл мәңгілік сапарыңызда да жаныңызды жегідей жеп жүр-ау. Кім білсін?! Үндемейсіз... – Елдік, ұлттық мәселелер менің де жаныма жақын тақырыптар. «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүрген кезімнен бастап, ұлттық мәселелерді көтеріп келемін. Сондықтан сұрағыңыздың елдік, ұлттық мәселелерге қарай ауысқанына қуанбасам, ренжімеймін. Осыдан жиырма жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіндегі ұлттың ұлы мұраты тұрғысындағы ашық әңгімеңізде газет тілшісі Думан Рамазанға ешбір бүкпесіз ағыңыздан жарылып едіңіз. Қайтсек ел боламыз? Ұлттық рухты қалай көтеруге болады? Қазақ елінің түтіні түзу ұшу үшін не істесек керек? Осы тақілеттес сан алуан сауалдарға жауап іздедіңіз. Артыңызда қалған сөз-мұра: 50 кітапта, 1500-ден астам мақалада ұлттық сананы жаңғыртар ұлы мұрат бар екені енді мойындалды. Тыңдап көрелік: «Тағдыр оған өзгеше ұлтшылдық мінез, қажымас қайрат, өжеттік, кең дарын дарытқан. Ол сыншылдық, ғалымдық, ұстаздық, публицистік еңбектерінің бәрінде де ұлтына, қазағына қызмет етті. Өткен ғасырдың 50-жылдары «жылымық» саясатын пайдаланып, «Қазақ әдебиетінің» бетінде ойын кернеп жүрген ұлт дәстүрі мен оны жаңғырту жөніндегі идеяларын ашық айтқан сол еді. Ол біздің дәуіріміздің бірінші ұлтшылы атанды. Біреулер оны «Ахмет идеяларын жаңғыртушы» деп жазды. Сол үшін таяқ та жеді. Бірақ, ол бұл ойларынан ешқашан бас тартқан емес». Тұрсынбек Кәкішев, профессор: «Сен жайлы бұлай сөйлеудің өзі ауыр, Раман! Ұлтымызға өлшеусіз үлес қосқан үркердей топтың серкесі едің, жан досым едің. 85 жылдығыңды тойламай Сен де аттандың-ау, «Декабрьские мальчишки» Зейнолла, Нығметтер дем алып жатқан мәңгілік баққа. Бұл дүниеге, ел-жұртқа қарыздар болған жоқсың. 1956 жылы қазақ тілі мен қазақ мектептерінің тағдыры туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде мәселе көтергеніңде Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының сегіз ғылыми қызметкерін ұйымдастырып, сені қостап, 1956 жылы 10- желтоқсанда партия қаулысына ілігіп едік қой. Соны желеу еткен сол кездегі партиялық газеттер өздерінің редакциялық мақалаларымен дуылдатқаны біздің достық ниетімізді бұрынғыдан да нығайта түскен еді. Дәрігерлердің «қамқорлығына» көшкеннен бері жүріп-тұру арманға айналды. Енді, міне, қабіріңе бір уыс топырақ салуға жолға шықтым, ...». Өмірзақ Айтбаев, академик: «Рахманқұл Бердібаев. ... Бұл есім берісі қазаққа, арысы Алаш пен Түркі әлеміне кеңінен мәлім. Ол, шынында бір дәуірдің ұмытылмас тұлғаларының біріне айналған ерекше жан еді. Оның әдебиетшілдігін былай қойғанда, ұлт мәдениетінің күмбезін көтеріскен ерен еңбегі өз алдына бір дастан. Халқының қамын жеген, жоғын іздескен заңғарлардың үйірінен болатын. Рахманқұл Бердібаев ізденген сайын туған халқының тарихына тереңдеп, түп тамырына ойлап, ой әлемін шарлайтын. Қазақ халқының көне дәуірден келе жатқан мәдениеті, жазу-сызуы болған ел екенін өмір бойы дәлелдеумен өтті. Рахаңның жасы ұлғайған шағында Алматыдағы жайлы қонысын тастап, бүкіл түркі әлемінің мәдени, рухани астанасы іспетті киелі Түркістанға қоныс аударуының өзінде осындай текті сезім мен ұлы тарихқа деген сенім қуаты жатқандай еді». Дулат Исабеков, Қазақстанның Халық жазушысы: Өзіңізбен бір сәт дидарласып отырудың өзі қандай ғанибет еді! Дастархан басында өзімізді аузы дуалы, батагөй әулиенің жанында отырғандай сезінетінбіз. Ашаң жүзіңізден мейірім төгіліп, жаймашуақ жаныңыз нұр шашып тұрар еді. Кей-кейде әлдекімнің шалағайлығына жаныңызды қоярға жер таппай, шарт кетер сәттеріңіз де болатын. Шамалы жетістігіміздің өзіне шын қуана білетінсіз. Балаша қуанатынсыз. Мұны өз басымыздан өткізіп, өз көзімізбен көрдік те... «Рахманқұл Бердібаев тек қазақ халқына ғана емес, жалпы түркі әлеміне ортақ ғұлама ғалымдардың бірі еді. ... Қазақ ауыз әдебиетін жалпы түркілік негізде зерттей отырып, түркі әлеміне ортақ қазына саналатын ұшан-теңіз мол мұраның түпқазығы қазақ елі екенін бар әлемге танытып кетті. Өзінің мінез-құлқы қандай сырбаз болса, зерттеу еңбектері де табиғатына сай жоғары мәдениеттілікті баршамызға мәлімдете білді. Ұлылардың соңғы бәйтерегі құлады». Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы: «Өткен ғасырдың рухани өрісін кеңейткен санаулы тұлғаларымыздың тағы бір саңлақ өкілі өмірден озды. Жаратылысынан жақсылық пен жаңалыққа жаны құмар ағаның әр сөзі, әр қимылы, ұлт, ұрпақ, ұлт рухы хақындағы толғанысқа толы пайым-тұжырымдары жадымызда қайыра жаңғырып, оның ұлт әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін іштей ой елегінен өткіздік. Рахаң шынында да табиғаты өзгеше кісі еді. Аузына қазақ ілікпей қолына қалам алмайтын, ұлт туралы тебіренбей, мінбеге көтерілмейтін. Жазса – жаңылмайтын, айтса – қайтпайтын. Кесек тұлғаларға тән осы бір сирек қасиетінің арқасында, қызыл империяның қаһарынан жұмырбас пендені қойып, жарты әлем ағып тұрған өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында өз ұлтын сүйген санаулы топтың алды болып, қудалауға қалай түскені жадымызда. Рахаң сол тұста басынан уақыттың қою бұлты арылмай келе жатқан қазақ тілінің қамын ойлап, қабырғасы қайысқаны үшін «ұлтшыл» атанып еді ғой. ... Бұл сол кезде ердің ерінің ғана қолынан келер іс еді!». qazaquni.kz