ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КОДЫНЫҢ БІРІ – ҰЛТТЫҚ ӘЛІПБИ
2017 ж. 30 тамыз
3505
2
Еліміз саяси егемендігін алды, экономикалық егемендіктің нәтижесін күнде көріп отырмыз, тарихи егемендікті мекен-жайлар мен көшелердің атаулары айғақтап отыр, мәдени егемендіктің жетістіктері де үйреншікті болып қалды. Ендігі жетпей тұрғаны – жазу (әліпби) егемендігі. Әзірге әліпби егемендігіне қолымыз жете қойған жоқ. Қазақ жазуы (әліпбиі) саяси өктемдіктің салдарын әлі басынан кешіп келеді.
Бұған дейін де латын әліпбиіне көшу жайлы көп жазып, көп әңгімелеген болатынбыз. Алайда, оның бәрі көпшілік оқырман-тыңдармандарға арналғандықтан, емле-ережені аса күрделендірмей, қарапайым үлгіде жеткізуге тырысқан едік. Енді оқытушы-мұғалімдердің назарына арналған арнайы «грамматикалық» әңгімені ұсынғалы отырмыз. Өйткені, әліпби ауыстыру науқаны бәсекеге айналып кетті, сөйтіп екі жар пікір қалыптасты. Бір жағында информатика және техникалық мамандар отыр. Олардың пікірінше, болашақ әліпби компьютер түйметақтасындағы 26 таңбадан шығып кетпеу керек, басқаша айтқанда, әр түрлі амалмен (апостроф/дәйекшіні пайдаланып немесе таңбаларды қосақтап) қазақ тілі дыбыстарын белгілеп шығу керек. Солай жасап та жатыр. Сондағы басты дәйектеме, компьютерді сол тұрған күйінде пайдалана беруге болады, ешқандай шығын шықпайды, бәрі дайын тұр. Бұл ұсыныс жоғарыда билікте отырған орыс тілді және ағылшынша сауаттанған ағайындарымыздан қолдау тауып отырған сықылды. Өйткені, жоба авторлары өздерінің ұсыныстары өтіп кететініне сенімді-ақ.
Қазақ тілін компьютерге икемдеудің, бұрын да айтқан едік, оңай да жалған-жасанды жолы көп. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзе береді. Жоба ұсынғандардың 99 пайызы осы жолмен кеткендігі дәлел.
Пікірдің екінші жағына ұлттық әліпби жасаушыларды топтастыруға болады. Елбасымыз айтқандай, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», ұлттық әліпби сол ұлттық кодтың ең бастысы десе де болады.
Ал ауыр да ақиқат жолы біреу-ақ – ұлттық әліпби құрастыру. Қиын болатын себебі – бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау. Соның нәтижесінде қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптасады. Қазіргі тіліміздегі басы артық ондаған жаңсақ емле-ережелер өзінен-өзі жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.
Жетілген әліпби – қолдағыны жеңіл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан-ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі.
Жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерсек, жазу жүйесін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарау керек. Ол үшін жазу ережелері (әліпби құрамы, таңба үлгісі, емле-ережесін бірге қарау керек) сол тілдің ішкі табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығады.
Бүгінге дейін әліпбишілер әліпбиді дыбыс естіліміне қарай түзіп келеді. Ал дыбыстың естілімін әркім әр түрлі қабылдайды (түйсінеді). Ұсынылып жатқан жобалардан кетіп жатқан жаңсақтықтар осыған байланысты. Жоба ұсынушылардың көп болып жатқаны да сондықтан. Бұл дұрыс жол емес, дыбыстың таңбасы оның жасалымынан (артикуляциясынан) туындау керек. Бұл кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін жоба жасаушы маман фонетист болу керек.
Қазіргі кездегі шешімін табу қиын болып тұрғаны қазақтың төл сөздерінің құрамына еніп кеткен кірме таңба/дыбыстар болып табылады. Тіптен басқаларды былай қойғанда, тіл мамандарының арасынан орыс тілінің и, у тәрізді кірме «жетістіктерінен» айрылғысы келмейтіндер табылып жатыр. Олар оны қазақ тілінің «даму жетістігі», тіптен «жаңа сатыға көтерілген түрі» деп бағалап, қазіргі орыстекті ми, ки, су, ту деген жазуымызды латын негізінде mі, kі, tu, su деп жазуды ұсынып отыр. Егер қазақтың мый, кій, сұу, тұу деген сөздерін қайтадан mі, kі, tu, su деп, қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып жазатын болсақ, онда әліпби ауыстырмай-ақ, орыс жазуында қала бергеннің өзі жөн. Оларға қазақ сөзінің өз айтылым үлгісі бар екенін түсіндірудің өзі қиын. Жазу сол қазақ сөзінің төл айтылым үлгісін сақтаудың амалы болу керектігін түсіндіріп әлек болып келеміз. Сондықтан қазір жан аяп, жан аясып қалатын кез емес. Көресіні орысша тәлім алған орыс тілді және ағылшын тілін меңгерген ағылшын тілді ағайындарымыздан көретін боламыз. Орыс жазуы арқылы тілі шығып, құлағына сіңген дыбыс пен қолы жаттыққан әріптің бәрін қазақ тіліне әкеліп тықпалай беруге болмайды.
Сонымен жоғарыда ескерткеніміздей, оқытушы-мұғалім қауымның назарына төмендегі жайды ұсынамыз.
Морфем талданым:
-оқы етістігінің көсемше түрі оқи болса, сонда көсемшенің көрсеткіші дауысты и дыбысы болғаны ма? Онда көсемшенің бір «көрсеткіші дауыссыз й [y]» деген ереже қайда қалады?
-оқы етістігінің тұйық рай түрі оқу болса, сонда тұйық райдың көрсеткіші дауысты у дыбысы болғаны ма? Онда тұйық райдың «көрсеткіші дауыссыз у [w]» деген ереже қайда қалады?
Ең сорақысы, осы жердегі «дауысты ы дауысты у-мен алмасады» деп түсіндіретін ереженің барын қайтерсің! Ал оқы етістігі дауысты ұ-ға (жарайды, тіптен, көз елес ы дауыстысы бола қойсын) аяқталып тұрғаны, оған келіп дауыссыз у[w] тіркесіп, тұйық рай оқұу [oquw] жасалатыны қаперімізге кірмей-ақ қойды.
Қазақтың ұу дыбыс тіркесінің естілімі орыстың у дауыстысының, қазақтың ый (-ій) дыбыс тіркесінің естілімі орыстың ы (-и) дауыстысының естілімімен жалған ұқсас екеніне сеніп қалғанбыз (жоқ, сеніп қалғансыз!).
Буын талданым:
-миы сөзінің буын құрамы ми-ы болып, алғашқы буын дауысты и дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Онда қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды»(А.Байтұрсынұлы) деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне сөз соңында «дауысты буын тұрған деген не?» деп аң-таң боламыз.
-суы сөзінің буын құрамы су-ы болып, алғашқы буын дауысты у дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Ендеше, қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені тағы еске сала кетеміз. Оның үстіне, «сөз соңында дауысты буын неге тұр?» деп тағы аң-таң боламыз.
Тасымал талданым:
-жиын сөзі жи-ын болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Онда «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне, «сөз соңында тұйық буын тұрған деген не?» деп әрі-сәрі боламыз.
-суық сөзі су-ық болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Ендеше, «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені тағы қайталаймыз. Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын неге тұр?» деп, әрі-сәрінің үстіне дел-сал боламыз.
Көріп отырғанымыздай, аттаған сайын сұрақ белгісі алдымыздан шығып отыр. Бұл – бүгінгі қазақ жазуының, жұмсартып айтқанда, күмәнді тұстары көп деген сөз. Сондықтан да бүгінгі әліпби ауыстыру науқанын жазу реформасына айналдару керек деп отырмыз.
Бұл кірме таңбалардың бір тобы ғана, соның өзі тіліміздің ұзын тұрқын түгел бұзып болған екен.
Қорыта келе, латын әліпбиінің ҰЛТТЫҚ жобасын ұсынып, мәтінмен көрнекілеп өтейік, оқырман қауым өз қорытындысын өзі жасай жатар.
Жоба түркі мемлекеттері ұсынған ортақ әліпбиге негізделген. Ондағы басты мақсат – түркі халықтары бірінің жазуын екіншісі оқи беретін болсын деген ұстаным. Әрине, сөздің айтылымында өзгешелік болады, бірақ, жазудың жалпы тұрпаты (орфографиялық бейнесі) жаппай таныс болады.
«Жоба» қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал жігін, сөйлеу ырғағын бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. «Жоба» мазмұнынан ешқандай тіл бұзар (бүлдіргі) жаңсақ айтылым емле-ереже туындамайды.
Ендеше, «мәңгілік ел болу үшін,
оның мәңгілік тілі болу керек,
мәңгілік тілі болу үшін,
оның мәңгілік жазуы болу керек,
мәңгілік жазуы болу үшін,
оның мәңгілік әліпбиі
болу керек,
мәңгілік әліпбиі болу үшін,
ол ҰЛТТЫҚ болу керек.
ҰЛТТЫҚ жобаның басты мақсаты да осы болып табылады.
Ә.ЖҮНІСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Дереккөз: Астана ақшамы