Димаш «Жылдың ең үздік шетелдік өнер адамы» марапатына ие болды

Димаш Қытайда «Жылдың ең үздік шетелдік өнер адамы» марапатына ие болды

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытай астанасы Бейжіңде өткен Азияның жаңа әндері фестивалінде («2017 Fresh Asia music Festival») шарасында «Жылдың ең үздік шетелдік өнер адамы» номинациясы бойынша марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ассалаумағалейкум, құрметті өнер сүйер қауым! Баршаңызға шын жүректен алғыс білдіргім келеді. Осы фестивальде жеңімпаз атану мен үшін арманыма үлкен қадам басқан болып саналады. Музыкада шекара жоқ, соны сіздер дәлелдедіңіздер. Алдағы уақытта Қытай елінде алғашқы концертім өтеді, сіздерді күтемін» - деді Димаш сахнада сөйлеген сөзінде.

Айта кетейік, Димаштың «Singer» байқауының (Қытай) түрлі кезеңдерінде орындаған «Қоңыр күз», «Uptown Funk», «Adagio» мен «SOS d'unterrien en détresse», «Ұмытылмас күн», «All By Myself» және «Дайдидау» әндері «Азияның жаңа әндері» (Freshasia music) рейтингіне енген болатын. Азияның жаңа әндері фестивалі аталмыш рейтингтің жылдық марапаттау шарасы.

Димаш бұған дейін Қытайда «Азияның ең танымал әншісі», «Халықаралық дәрежедегі танымал әнші», «Жылдың ең танымал әншісі», «Жылдың үздік ер әншісі», «Азияның ең танымал шетелдік әншісі» және «Шетелдің ең танымал әншісі» жүлделерін жеңіп алған болатын.