САПАРБАЕВ келгелі ШЫҒЫСҚА қан жүгірді...
2011 ж. 25 мамыр
3315
8
Астана қаласындағы Шығыс Қазақстаннан шыққан
зиялы қауым өкілдерінің жастармен кездесуінде
жазушы Қабдеш Жұмаділов осылай деді
Шығыс Қазақстан - қазақ халқы мақтан тұтар ұлы ойшылдар мен ақындарды дүниеге әкелген, еліміздің рухани астанасы саналатын ғажайып мекен. Бүгінгі күні де шұғылалы шығыстан шыққан шайырлар баршылық. Қаламы қарымды жазушы-жорналшылар мен орақ ауыз, от тілді ақындар туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін төл туындыларына қосып, елінің мерейін үстем етіп жүр. Бұл жас буынға терең мағыналы тәрбие береді. Осы тәмсілді темірқазық еткен Алтайдың ақиық ақын-жазушылары 24 мамыр күні Астана жастарымен шығармашылық кездесу өткізді. Жиынды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Кездесуге есімдері елге танымал қаламгерлер қатысты. Олардың арасында Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Айтұлы, Әлібек Асқаров, Ұлықбек Есдәулет, Шәрбану Бейсенова, Тұрсын Жұртбай, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Сәдібек Түгел, Серік Ғабдуллин, Айгүл Кемелбаева, Талғат Ешенұлы, Жанат Әскербекқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Бауыржан Ердембековтер бар. Белгілі қаламгерлер мен жүзден аса жас ақын-жазушылардың сыр-сұхбаты мазмұнды әрі тартымды өтті. Шығыс Қазақстанды еліміздің - інжу-маржаны деп бекер айтпаған. Өлкенің тамылжыған табиғатының көрінісінде жас ақындардың шабытпен жыр оқуы әдеби жүздесуге ерекше рең берді. Белгілі журналист Серік Жанболат жүргізген кеште Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтен бастап жас ақындар Бауыржан мен Әсемге дейін сахнаға шығып, өз ойларын айтып, өлеңдерін оқыды. Жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы істелініп жатқан мәдени-әлеуметтік шараларды айтып, облыстың бүгінгі тынысын баян етті. "Әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің ішіне кіру үшін ең алдымен әдебиет пен мәдениетімізге баса көңіл бөлу керек"-деді Бердібек Мәшбекұлы. Сахнаға алғашқы болып шыққан Қабдеш Жұмаділов Шығыс Қазақстан облысының жетістіктеріне тоқталып, кең толғады:- Шығыс Қазақстан облысын көп жылдар біртүрлі адамдар басқарды. Кейбіреулері қазір шетелдерге кетіп қалған. Олар өндірісті өлкені, қазынасы мол облысты басқарғанда біздің жайымызды, халық қамын ойлап жүр ме десек, өздеріне шетелдерден алтын сарайлар салдырып жүрген екен ғой...
Облысқа Бердібек Сапарбаев келгелі Шығысқа қан жүгіріп, шырайы арта бастады. Алтай аясында баяғыда тұруы тиіс ұлы Абайдың еңселі ескерткішін ешкімнің күңкіл-сүңкіліне қарамай облыс орталығына асқақтатып орнатып берді. Өскеменге Абай келді, одан соң біз келе бастадық. Былтырдан бері бүкіл Алаштың ақындарын жинап, халықаралық мүшәйра, түрлі мәдени шаралар өткізіп келеді..Ол ақындар бәйгесі биыл одан да кең көлемде, ауқымды түрде өткелі жатыр. Бәрі де жеке тұлғаға байланысты. Тарихты жеке тұлғалар жасайды.
Одан соң сөзге шыққан қаламгерлер Әлібек Асқаров, Шәрбану Бейсенова, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Тұрсын Жұртбай, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақберен Елгезек, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин және т.б. облыстың бүгінгі тынысын сөз етіп, өңірдің таланттарын жинап отырған облыс әкіміне алғыс айтты. Тыныштықбек өз сөзінде Бердібек Сапарбаевтың қарымды қайраты мен іскерлігін жоғары бағалап: « мырза, әкім дегеннен гөрі Сапарбаевты сұлтан деген жарасады» деп ақындық көңілмен ақ жарылды. Оны зал толы халық түгел қолдап, қол шапалақтады.
Шығармашылық кездесуде «Шығыс жұлдыздары» кітабының тұсауы кесіліп, кездесудің мерейлі меймандарына сыйға тартылды. Ырыс аунап, нар шөккен Шығыс Қазақстан тума таланттар мен дарындарға да өте бай. Қаншама ғалымдар, қаламгерлер, күміскөмей әншілер мен сахна саңлақтары, өнер және мәдениет қайраткерлері топырағына аунап өскен. Олардың есімдері ел тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналып шыққан жаңа кітапқа еніп отыр. Бұл басылымда Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды даналармен қатар, қазіргі заман жазушылары мен жас ақындар да тізбектелген. Жинақты шығаруды ұсынып, жобаға жетекшілік еткен - ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев. Басып шығарған - «Фолиант» баспасы. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет «Фолиант» баспасынан шыққан (Бас директоры Нұрлан Исабеков) екі томдық «Шығыс жұлдыздары» кітабын таныстырды. Ұлағаңның айтуынша, көркем безендірілген көлемді кітапта Алаштың Ақтамбердісінен Ақберенге дейін бар екен. Қос томдықтың лентасын қос тарлан, жазушы Қабдеш Жұмаділов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қиды. Дәулескер күйші Секен Тұрысбеков бірнеше күй тартып, көрермендер көңіл күйін толқытты. Содан соң еліміздің жас журналистері арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жариялаған «Топжарған» республикалық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарды марапаттады. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің сыйлығына арналған байқау республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жас журналистердің материалдарын іріктеуден тұрды. Мұндай жоба елімізді тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты - көп ішінен топ жарып шыққан жас журналисттерге серпін беріп, ынталандыру. Конкурсқа барлығы 37 үміткер қатысты. Жеңімпаздар 4 номинация бойынша іріктелді: «Үздік мақала», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік бейнематериал», «Ғаламтордағы үздік мақала». Тележруналистердің белсенділігі өте жоғары болғандықтан комиссия мүшелері «Үздік бейнематериал» номинациясына 4 журналистті ұсынды. Сондықтан 7 журналисті облыс әкімдігінің марапат қағазы мен ақшалай сыйлығына ие болды.Жас журналисттердің арасында республикалық сайыс ұйымдастыруды алғаш болып қолға алған Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл бастаманы келешекте де жалғастырмақ
Конкурста белгілі журналист Фазылбек Әбсаттарұлы бауырымыз ең алдымен «Жас қазақ үні» газетінде жарияланған «Ұлттық патриотизм немесе қазақпын деген қандай бақыт!» мақаласымен ғаламтор журналистикасы номинациясы бәйгесін жеңіп алды. Ұлттық мәселелер тақырыбында батыл үн қатып жүрген топшысы мықты топжарған Фазылбекті бәйгесімен құттықтай отырып, жеңісің ұзағынан болсын деп тілейміз.
Алда елордамызда Шығыс қазақстан облысы мәдени күндері өтеді. Астана төрінде Шығыс жұлдыздары жарқырай түсуде.
Қ.ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ