Қазақ қандай пірлерге сыйынған?
2017 ж. 14 тамыз
9521
8
Қазақ халқының пірлерге сыйынуы мен олардың желеп-жебеп жүруін тілеу баяғыдан келе жатқан үрдіс. Бұған бүгінге жеткен мынадай адам есімдері дәлел: Пірен, Пірзада, Пірзат, Пірқожа, Пірлібек, Пірман, Пірмахамбет, Пірмұхамбет, Пірмұхамет, Пірмық, Пірназар, Пірнияз, Піртаза, Пірім, Пірімбай, Пірімбет, Пірімжар, Пірімқұл, Пірімтай. Бұндай есімдердің тарихқа белгілі иелері мыналар: Пірғали – Кіші жүз ханы Нұралының Пірәлі атанып кеткен ұлы; Пірәлі – ғалым Шоқан Уәлиханның әжесі Айғанымның немере інісі; Пірлібек – Балқы Базар жыраудың ұлы; Піржан – Піржанова Гүлсара – шаңқобызшы, музыкант.
Байырғы түркілер (арийлер, сақ-скифтер, ғұндар, көктүркілер) исламға дейінгі дәуірлерде Көкті, Күнді Тәңірі деп атап және Жер-Суға да сыйынатын болған. Солардың бірі Ұмай ана – отбасын, бала-шағаны жаман рухтардан қорғайтын әйел тәңірісі. Мәселен «Тоныкөк» жырында:
Тәңірі Ұмай, қасиетті Жер-Су
Бізді қорғайды, ойлану керек, – деген сөз бар.
1961 жылы жарық көрген «Батырлар жыры» кітабының І томында «Піруардігер, пәруана – пірлер – діни ұғым бойынша, көзге көрінбейтін қамқоршы болатын күш» деп түсініктеме берілген. Ғалым Рабиға Сыздық: «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты кітабында «пір» сөзі қазақ тіліне Қожа Ахмет Ясауи мен Бақырғанидің хикметтерінің таралуымен енген» – деп жазады. Қазақтар пірлерді кейде «ата», «әмірші», «дос», «жаратушы», «ие», «патша», «сәуегей ата» деп атаған. Бұл сөздердің бәрі пір – желеп-жебеуші тылсым күш иелері дегенді білдірген.
Қазақтар ежелден әр нәрсенің өз пірі болады деп білген. Мысалы: «Айтылмаса сөз атасы өледі» деген сөз осының бір дәлелі. «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» және басқа да жырларда пірлер жиі еске алынады:
Жеті пірге сиынып,
Баратұғын жолында,
...
Бағы тайып басынан,
Пірлері тайып қасынан,
...
Қолында молдалардың дәуіт қалам,
Піруардігер жар болса, алыс жолға барамын.
Жалпы жұртшылық білетін, есімдері кең тараған төрт түлік малдың пірлері: Ойсылқара, Қамбар ата, Шопан ата, Шекшек ата. Сиыр малының пірі Зеңгі баба туралы Әбубәкір Диваев: «Зеңгі атаның шын есімі Әмин баба еді, өте қара кісі (қара нәсілді – Б.О.) болғандықтан, «Зеңгі баба» атанып кеткенін, әкесінің аты Төзқожа, туған, өлген жері Шаш (Ташкент – Б.О.), Зеңгі ата Қожа Ахмет Ясауидің бесінші мұрагері, мүриді болғанын айтады. Зеңгі бабаға Өзбекістанның Янгиюль ауданының жерінде ертеректе ескерткіш орнатылған. Бұл дерек «Жұлдыз» журналының 1986 жылғы бір санында жазылған.
Жазушы Сәбит Мұқанұлы «Халық мұрасы» тарихи-этнографиялық шолуында мынадай мәлімет келтірген: «Үстірт жайлауының солтүстігіндегі терең
сайдың жағасында «Шопан-ата» дейтін мыңдаған адамдардың қабірі бар». Жазушы осы еңбегінде: «Қазақ Атымтайды жомарттықтың атасы көргенімен, Қасымды олай көрмейді. Өйткені қазақ ұғымында Қасым Атымтайдай пейіл жомарты емес, байлықтың жомарты» – деп жазған.
Халық кейбірде бір құбылыстың бірнеше пірі бар деп сенген. Мысалы, Шегірбаян – құс атасы болса, Қызылқан – құс әміршісі әрі қаздың жаратушысы деп қабылданған. Поляк азаматы Адольф Янушкевич «Күнделіктер мен хаттар» атты кітабында жыландардың әміршісі болатынын, «Айдағыр немесе падшадай жылан» деп аталатынын, түсінің сүттей аппақ болатынын жазып кеткен. Бала кезімде «аяғы бар ақ жыланды көрген адам бай болады» дегенді жиі естіген едім. Соған қарағанда аяғы бар ақ жылан байлықтың пірі деп қабылданған болуы керек.
Қазақта «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар» деген сөз бар. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр аңыздар» атты еңбегінде мынадай өлең жолдарын келтірген:
Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,
Бата алған тамам бақсы асқан ата.
Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда.
Бұдан Қорқыттың жыраулардың да, бақсылардың да пірі болғанын білуге болады. Бақсылар зікір салғанда қолдайтын пірі Жирентай болса, кейбір бақсылар өздерінің пірін Қараман деп білген. Беделді түрколог ғалым Алтай Сәрсенұлы Аманжол «История и теория древнетюркского письма» атты кітабында қазақ бақсыларының жебеушілерінің бірі Ақмарал болған деген дерек келтіреді. Ал жазушы Сәбит Мұқанұлы «Жарқын жұлдыздар» кітабында ғалым Шоқан Уәлихан туралы: «...Шоқан Ұлытаудағы Бағаналы елінен шыққан Қойлыбай бақсы туралы ертегілерді баяндай кеп, оны «барлық бақсылардың пірі болған» деп дәріптейді» – деп жазады.
Белгілі әдебиетші Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» еңбегінде келтірген Досмырза бақсының сарынында:
Жын атасы Бөрлібай,
Шақырғанда келдің бе-ай –
дегені жындардың да пірі болғанын дәлелдейді.
Егіншілер жер жыртып болған соң, дән егетін кезде «Я, Дихан баба, құрт-құмырсқа, жан-жануарлардан қалғаның менікі, ауадан жаудыр, жерден өндір, бала-шағаның ризығын өэің жеткір» деп Дихан бабаға сиынатынын Серікболды Қондыбай «Казахская мифология» кітабында жазған.
Ғалым Әсілхан Оспанұлы құрастырған «Жыр мұра» жинағында жарияланған Ұлбике Жанкелдіқызы мен батыр әрі ақын Мәделіқожа Жүсіпқожаұлымен айтысында мынадай жыр жолдары бар:
Ішінде әптиектің «пе» болады,
Қос ноқат қойса үстіне «те» болады,
Айта ғой білгіш болса, ей Мәделі,
Сұраймын: құс атасы не болады? – деп сұрақ қояды. Сонда Мәделіқожа іркілмей былай деп жауап берген:
Әуелден жаратқанның жолы аян,
Өлеңге құлағың сал, бері таян.
Кем ақыл сен білмесең мен айтайын,
Болады құс атасы Шегірбаян.
Кең далада ғұмыр кешкендіктен, тұрмысында жолаушылап жүру де кеңінен орын алғандықтан қазақтар жолаушының да желеп-жебеушісі бар деп сенген. Шоқан Уәлиханов жазып алған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы:
Құлдан өлген болар ма мұндай ғайып,
Үндемеді ол бастан бабам Қайып, –
деген өлең жолдарына «Баба Қайып, Қайып-ерен – халық жырында қамыққан жолаушыға көмек беретін досы» деп түсініктеме берілген. Бұдан пірлердің кейде дос деп аталғаны рас екенін білуге болады.
Ел билеуші тұлғалардың да пірлері болғаны, мысалы Тәуке ханның пірі – Мүсірәлі екені «Таң-шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналында жазылды. Абылай ханның пірі – Жалаңаяқ Әздер екені тарихтан белгілі. Абылай ханның пірі туралы аңыз-жырлардан білуге болады. Хан пірінің шын есімі – Қалмұһаммед Бақмұхаммедұлы, ел арасында Әз Жалаңаяқ – Жалаңаяқ Әздер – Жалаңаш баба есімімен белгілі болған әулие. Жалаңаяқ Әздер туралы Шәді төре Жәңгірұлының «Тарихат» дастанында:
Қолдаушың Жалаңаяқ пірім болсын,
Бар! – деді Абылай сонда бетін басып, –
деген өлең сөздері бар. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» кітабындағы мәліметі бойынша, Жалаңаяқ Әздердің жатқан жері Созақ қорғанының күнбатысы, әулие Бабай түкті Шашты Әзіздің қасы.
Абылай ханның пірі жайында басқа да әдебиеттерде: Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жазып алған «Абылай ханның түсі» аңыз-әңгімесінде, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Құрбан қажы деген кісінің аузынан жазып алып, 1916 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған «Жалаңаш баба» деген аңыз-әңгімесінде, есімі белгісіз автордың «Сабалақ» атты қиссасында, Ералы Оспанұлының «Жалаңаяқ Әздер – шынайы Қалмұһамметқожа бейнесі» мақаласында жазылған. Бүгінде қожалардың арасында Жалаңаяқ қожа аталатын бір тармағы – осы Жалаңаяқ Әздердің ұрпақтары. Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеген, Қаратау атырабының ақындары Майлықожа, Мәделі, Құлыншақ, Ергөбек, Молда Мұса, Нұралы т.б ақындардың қалдырған мұрасын жинап, шығармашылығын зерттеуге бүкіл өмірін арнаған ғалым Әсілхан Оспанұлы – Абылай ханның пірі Жалаңаяқ Әздер әулиенің ұрпағы.
«Айтыс» кітабының ІІ томында жарияланған Сүйімбай ақынның Тезек төреге айтқан бір сөзінде:
Хан Тезек, төремін деп дүрілдейсің,
Қожаны ақ сәлделі пірім дейсің, – дегені төрелердің қожаларды пір тұтынғанын білдіреді.
Адамдар өнердің де пірі бар деп сенген. Ілияс Жансүгіровтің 1934 жылы жазылған «Күйші» поэмасында күйшілердің пірі Күйатаның есімі келтірілген. Поэманың бесінші бөлімінде:
Бұл сорлы күйді неге үйренді екен?
Күйата бұған дарып жүрген бе екен? – деген жолдар бар.
Қазақ ақындары да пірлерге арқа сүйеген. Құлыншақ Кемелұлы бір өлеңін:
Бісміллә деп бастайын
Медет тілеп пірлерден, – деп бастайды.
Бұл өлең жолдары жоғарыда аты аталған ғалым Әсілхан Оспанұлы жинап құрастырған «Жыр мұра» кітабында келтірілген.
Кейбірде өнер иелері өздерінің ұстаздарын пір санаған. О.Ысмайыловтың «Әлем тарихындағы жалайырлар» атты кітабында ақын Бақтыбай Жолбарысұлы өзінің түсіне кіріп, бойына ақындық шарапат дарытқан, ел арасында Қабан аталып кеткен Қабылиса Асанұлын аузынан тастамағанын төмендегі екі өлең жолы дәлелдейді:
Қабан атам дейтұғын,
Менің пірім болады.
Жамбыл ақын жиырма жасында бата алған ұстазы туралы:
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай, –
деп жырлағаны 1946 жылы жарық көрген толық шығармалар жинағынан белгілі.
Ақын Досмағамбетпен айтысқанда да:
Пірім бар жыр өнерін аспанға атқан,
Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай, –
дейді.
Жамбылдың 1874 жылы Талдықорған жағындағы атақты ақын Бақтыбаймен айтысқанында:
Майлықожа, Құлыншақ
Пірім еді бас ұрған, –
деп айтқаны өнер адамының бірнеше тұлғаны пір санайтынына дәлел.
Ғалым Әсілхан Оспанұлының жинап, зерттеп 2005 шығарған «Майлықожа» жинағында Майлықожа Сұлтанқожаұлының өзіне нағашы болып келетін ақын әрі батыр Мәделі Жүсіпқожаұлымен бір айтысында:
Ұрының – Жалтақ ата – дейді пірі, – деп айтқан сөзі бар.
Зерттеуші Тұрсын Жұртбаевтың «Бесігіңді түзе» атты кітабында Мұхтар Әуезұлының «Еңлік-Кебек» пьесасының 1922 жылғы нұсқасында:
«Абыз: Ал піріңмін, піріңмін, – піріңнен туған еріңмін.
Аз ұл олжай ішінде – таңдап бір туған еріңмін», –
деп жазылғаны келтірілген.
Мұхтар Әуезұлының жиырма томдық шығармалар жинағының алтыншы томындағы «Сыршылдық салт өлеңдері» мақаласында Наурыз мейрамы жөнінде мынадай өлең жолдары келтірілген:
Ұлыс күні кәрі, жас
Құшақтасып көріскен;
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Шалдар бата беріскен:
«Сақтай гөр» деп терістен.
«Кел, таза бақ, кел!» десіп,
«Ием, тілек бер!» десіп...
«Көш, қайрақан, көш!» десіп!
«Көз көрместей өш!» десіп...
Осы өлеңдегі «қайрақан» сөзіне – ескі діндерде әр істің бір құдайы бар деген наным бар: жамандықтың иесі –«қайрақан» болса керек деп түсінік берілген.
Жазушы Әзілхан Нұршайықұлына есім берілуінің себебін пір Бибатиманың аян беруіне байланысты болғаны туралы қаламгердің өзі «Әділет» газеті бетінде былай деп әңгімелейді: «Шешем Мұхтар деген кісі тұңғыш баласына екіқабат болған екен. Желтоқсанның аязды күндерінде айы-күні жетіп отырған кезде әкем Нұршайықтың ауылы Келінсүйегі деген ауылға 40 шақырым жердегі Желдіқара тауын мекендейтін шешемнің шешесі Алтын деген кісі борандатып келіп аттан түсіпті. Қызы мен күйеуі, құда-құдағиларымен көрісіп болғаннан кейін қызына қарап: «Мұхтар, сен қорықпа, аман-есен босанасың. Ұл табасың. Атын Әзілхан қоясың. Түсімде Бибатима пірім осылай деп аян берді» – дейді. Содан кейін ол кісі бір шай ішеді де, соғып тұрған боранға қарамастан, аттанып, ауылына жүріп кетіпті.
5-6 күннен кейін нағашы әжемнің айтқаны келіп, желтоқсанның 15-і күні сақылдаған сары аязда мен дүниеге келіппін. Әке-шешем молда шақыртып, маған Әзілхан деген ат қойғызыпты. Қазақта Әзілхан деген ат аз, өте сирек, тіпті жоқтың қасы. Міне, осы сирек аттың маған неге қойылғанын білмеймін».
Дарынды биші Шұғыла Сапарғалиқызы бірде «Нұр» газеті бетінде жарияланған сұхбатында журналистің: «Әлемдегі ұлы бишілерден кімді пір тұтасыз?» деген сұрағына: – Дүние жүзінің би әлемінде көрнекті тұлға аз емес. Бірақ мен үшін ес білгеннен қазақ бишісі Шара Жиенқұлқызынан асқан шебер жоқ, – деп жауап берген.
Қазақтың ұлы биші қызы Шара Жиенқұлқызы «Өмірім менің өнерім» естелік кітабында киімнің пірі болатынын өзінің Египет елінде өткізілген шығыс билерінің дәстүрлі сайысына қатысқанын еске ала отырып былайша баяндайды: «Бір кезде қазақ күйінің күмбірлеген үні құлағыма келді. Қалайша ортаға жұлқынып шыққанымды білмедім! Басымдағы үкілі кәмшат бөркім, желбіршегі мол төгілген көйлегім – менің қанатым секілді көтеріп кетті. Қос бұрымдағы шолпы сыңғыры саз беріп, би екпінін ширата түскендей. Жылдар бойына байқағаным: қазақтың ұлт киімінің өзіндік «пірі» бар, билегенде қолтығыңнан демеп шалқытып жіберетін тәрізді». Қазақ халқы киім пірі деп кимешекті атағаны Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабынан белгілі.
Түрлі маман иелерінің де пірлері болады. Қазалы мен Торғай аймағында дихандар мен көшпенді малшылардың құралы шығырдың және оны жасаушылардың пірі туралы мынадай өлең сақталғанын С.Қондыбай мынадай өлең жолдары арқылы танытқан:
Шығырдың шын атасы Әлі-Шынар,
Шынарға сиғызбаса шығыр сынар.
Әліге шынар менен хуп сыйынан,
Қашан да тәңір оңғарып ісің тынар.
«Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабының І томында орақ пен орушының қасиетті жарылқаушысы, пірі әзірет Жалман болса, кейбір деректерде пайғамбар Салық делінеді. Бастырылған бидайды ұшыруға дауыстап желдің иесін: «Мірхайдар, кел, Мірхайдар», – деп шақыратын болған. Төменгі Сырдария қазақтары желдің пірін Жалаңаш ата деп білген.
Бұдан басқа жетімдердің, елді мекендердің өз пірлері бар.
Төменде түрлі әдебиеттен жиналған пірлер тізімі:
Ақ – сауын пірі.
Айдағыр – жыландардың әміршісі.
Ақмарал – бақсылардың пірі.
Алаша – тоқу пірі.
Ас – тағам пірі.
Аттан – қолбасылық пірі.
Атымтай – жомарттықтың пірі.
Ашамай – ер-тұрман пірі.
Әлі-Шынар – шығырдың пірі.
Әтеш – үй құстарының пірі.
Әшекей – әйбәттау пірі.
Баба Қайып, Қайып-ерен – қамыққан жолаушыға көмек беретін досы.
Балпаң – байлардың пірі.
Балта – жару пірі.
Бап – жүйрік пірі.
Без – шипагерлік пірі.
Бибібәтима – әйелдердің пірі.
Бөрлібай – жындардың пірі.
Буындырғы – дар пірі.
Бүзірік – үйе малының пірі.
Ғабділбашар – ақындарды шабытқа келтіретін сәуегей ата.
Далда – қалқан пірі.
Дәруіш ата – Шымкент шаһарының пірі.
Дәулет – босаға пірі.
Дәуіт ата – қару-жарақ, темір-терсек пірі.
Дәуіт пайғамбар – ұсталықтың пірі.
Дихан баба – егіншілердің пірі.
Дудар – қасқырлардың пірі.
Еңбек – егіншілік пірі.
Етік – аяқ киім пірі.
Жаға – саралау пірі.
Жайғы – тілкім пірі.
Жалаңаш ата – желдің пірі.
Жалаңаяқ Әздер – Қалмұһамед Бақмұхаммедұлы – Абылай ханның пірі.
Жалман – орақ пен орушының пірі.
Жалт – ашу пірі.
Жалтақ – ұрылардың пірі.
Жирентай – жындардың пірі.
Жондауыл – жону, сүргі пірі.
Жылт – от пірі.
Зейнуддин Әбубәкір – атақты қолбасшы Ақсақ Темір Тарағайұлының пірі.
Зеңгі баба – Әмен баба Төзқожаұлы – сиыр малының пірі.
Зымыра – жебе пірі.
Кежігірт – қозғау пірі.
Кекшіл ата – кәрілердің пірі.
Кесек – кірпіш пірі.
Кимешек – киім пірі.
Киіз – қаптау пірі.
Көз ата – көздің, көрудің пірі.
Көкше – теңіз патшасы.
Күй ата – күйшілердің пірі.
Күркет – қазу пірі.
Кіндік – аналық пірі.
Кіріш – қылыш пірі.
Қадал – найза пірі.
Қазғы – аза пірі.
Қазыбек би – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің пірі.
Қайнағыс – қазан пірі.
Қайрақан – жамандықтың иесі.
Қақ – алау пірі.
Қала – қала пірі.
Қалақ ата – ешкі малының пірі.
Қалам – уық пірі.
Қалау – там пірі.
Қалтаң ата – жарлылардың пірі.
Қамбар – қарақұрт, жылан, шаян, бүйінің уын қайтаратын арбаушылардың арғы атасы, пірі.
Қамбар ата – жылқы малының пірі.
Қан – татулық пірі.
Қап – ору пірі.
Қараман – жындардың пірі.
Қарға – табыну пірі.
Қасиет – құрмет пірі.
Қатыгез – жаза пірі.
Қаһарман – батырлық пірі.
Қашауыл – қашау пірі.
Қиғы – ара пірі.
Қорабай – балықтың пірі.
Қорқыт – жыраулар мен бақсылардың пірі.
Қуат – сабау пірі.
Қуыс – қынап пірі.
Құлыншақ Кемелұлы – ақын Жамбыл Жабайұлының пірі.
Қызылқан – құс әміршісі, қаз жаратушысы.
Қыран – ұшу пірі.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы – ақын Жамбыл Жабайұлының пірі.
Мар ата – жылан пірі.
Мұхаммадқожа – Үш жүздің пірі.
Мүсірәлі – Тәуке ханның пірі.
Мір – садақ пірі.
Мірхайдар – бастырылған бидайды ұшыратын желдің иесі.
Нағуат – мосы пірі.
Нишиду – жел мен жаңбыр патшасы.
Ойсыл қара – түйе малының пірі.
Оқшы ата – қару-жарақ жасаушылардың пірі.
Орман – ағаш пірі.
Ошақ – ошақ пірі.
Өсиет – төраға пірі.
Пірәлі Сарғалдақұлы – ғалым Шоқан Уәлиханның әкесі Шыңғыстың пірі.
Піспек – құрт-май пірі.
Сағанақ – кереге пірі.
Сайла – сақтық пірі.
Салтанат – ою-өрнек пірі.
Салық – орақ пен орушының пірі.
Сауыт – сауыт пірі.
Сәбира Майқанова – артист және режисеер Асанәлі Әшімұлының пірі.
Сәулет – кесте пірі.
Сойыл – жасқау пірі.
Су Сүлеймен – су патшасы.
Сүйінбай Аронұлы – ақын Жамбыл Жабайұлының пірі.
Сыбыс – хабар пірі.
Сызық – жазу пірі.
Сырмақ – сыру пірі.
Таспа – қайыс пірі.
Таяныш – үй пірі.
Тез – ағаш ұсталарының пірі.
Текемет – түрлеу пірі.
Тепшем ата – шеберлердің пірі.
Тоғай – шөп пірі.
Тоқмақ баба – балықшылардың пірі.
Тон – сырт киім пірі.
Торқа – той пірі.
Тулақ – тері пірі.
Тұз – дәм пірі.
Түйткіл – ырым пірі.
Түлік – мал пірі.
Тікей – жинау пірі.
Тіреу – ынтымақ пірі.
Уәйіс – түйе атасы.
Ұстара – қыру пірі.
Шайқы-Бұрқы – дуаналардың пірі.
Шаңырақ – түтін пірі.
Шара Жиенқұлқызы – биші Шұғыла Сапарғалиқызының пірі.
Шахмардан – ер жүрек батырлардың пірі.
Шашу – қуаныш пірі.
Шегірбаян – құс атасы.
Шек – ешкі пірі.
Шекшек ата – ешкі малының пірі.
Шопан ата – қой малының пірі.
Шыбынтай – жетімдердің пірі.
Ырым – түйткіл пірі.
Ырыс – тоқшылық пірі.
Із – тігіншілік пірі.
Пірлерге сыйыну әлі күнге дейін жалғасуда. Қазақтың бүгінгі атақты тұлғаларының пірлері бар. Асанәлі Әшімұлы өзінің «Жан бөлек» кітабының бір тарауында: «Өлшеусіз өнері, тегеурін таланты өз алдына, менің адам ретіндегі пірім Сәбира апай Майқанова еді» деп жазды. Қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров бір сұхбатында өзінің пірі Қазыбек би екенін айтқан. Күні бүгінге дейін Шымкент қаласының пірі Дәруіш атаның және басқа пірлердің басына зиярат етушілер баршылық.
Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы
Қазақ үні