ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАҒАН КӨШБАСШЫ - түркиялық мәдениеттанушы
2017 ж. 05 тамыз
2774
0
ХХІ-ші ғасырдың күрделі кезеңінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күн сайын дамып отырған және ілгері қадам басқан әлемдік сахнада Қазақ елінің ылайықты орнын алу үшін бар күш-жігерін салып, әлем жұртшылығына үлгі боларлық күрес жүргізіп келеді.
Осынау ширек ғасыр бұрын тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанға 1992 жылы жолым түсті. Атажұрттың киелі жеріне бару бақытына кенелдім. Бұдан асқан бақыт жоқ. Ештеңемен салыстыруға келмейді. Ұшы қиырсыз кең далада еркін еркелей шауып жүрген жылқыларды көріп, Алатаудың айбарына таңғалып, «қазақ» дейтін елдің ең бір күрделі кезеңдегі қонақжайлығы, кеңдігі және өмір салты өзіне қарай баурап алды. Алайда ол кездегі ел экономикасы күрделі жағдайды бастан кешті. Түркиядан төрт есе үлкен аймақтың қауіпсіздігі мен бәрінен бұрын елдің демографиясы бәрімізді алаңдатты.
Сонымен, ширек ғасырды араға салдық... Осы аралықта бірнеше мәрте Қазақстанға іс-сапармен барып-келіп жүрдім. Әр барғанымда тоқтаусыз дамып отырған, өсіп өркендеп, қанатын кеңге жайған елді көрдім. Алғашқыда алаңдатқан түйткілді мәселелердің біртен-біртен шешім тауып жатқандығына көз жеткіздім. Шын мәнісінде, Қазақстанның дамуы түгел түркі жұртының, тіпті әлемдік бейбітшіліктің дамуына орасан зор үлес қосты.
Ядролық сынақтарға сан-алуан мәрте дұшар болған Қазақ елі ядролық қарудан бас тартып, әлем бойынша алғашқы рет үлгі көрсетті. Мұрнын шүйіріп қарайтын тәкаппар әлем көшбасшыларына сақтар, ғұндар, көк түріктер, қазақ хандығы сынды тарихта ұлы мәдениет пен өркениетті қалыптастырған бағлан бабаларды үлгі етіп көрсетті. Тәуелсіздіктің таңы атқан күннен бастап, болашақ ұрпақтың әлемнің дамыған жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беріп, өз болашағына ең үлкен және ең ықпалды инвестиция салды. Осылайша ел ішіндегі халықтар арасындағы бірлікті сақтап, әлем жұртшылығымен тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Әрине, бұл жетістіктер және жоспарлы түрде жасалған жұмыстар өзінен-өзі бола салған жоқ. Оған ұйытқы болып отырған көшбасшы бар. Тегіне сінген күш-қуатымен, өмірлік тәжірибесімен, басқару және дипломатиялық қарым-қабілетімен көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін жарқын болашаққа бастап келе жатыр.
Енді кезекте қазақтың көшбасшысының басты мақсаты – Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына жеткізу. Ол үшін Қорқыт Ата мен Жүсіп Баласағұнның даналық жолын көрсетуде. Келесі жылдан бастап, латын әліппесіне ауысуы үшін жұмыс процессін бастауға шешім қабылдады. Ежелде әлемге бағыт сілтеген қасиетті бабалар жерінің, ұлы түркі мәдениетінің мұрагері – Қазақ түркілерінің аса қадірлі Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен болашаққа алаңсыз қадам басып отырғанына куә болып, шын көңілден қуаныштымыз. Талай қиындыққа дұшар болып, талай зұлматтың куәсі болған тәуелсіз Қазақстан мемлекеті демократия жолында тұғырын бекітіп, түгел түркі әлемінің Темірқазығына айналды. Сондықтан қазіргі таңда Түркияның азаматы ретінде қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртшылығының көшбасшысы болып саналатын Нұрсұлтан Назарбаевтан үйренетініміз көп екенін айтқым келеді. Өйткені түркі әлемінің болашағы Қазақстанның өсіп өркендеуіне, дамыған елдердің қатарында көрінуіне байланысты. Сөздің соңында Ұлы Тәңірдің аса қадірлі Нұрсұлтан Назарбаевтың басына қондырған бақ-берекесі әлемдік бейбітшілікке және түркітілдес елдердің ынтымағына себепші болсын деп тілеймін.
Санжар МҮЛӘЗІМОҒЛЫ, мәдениеттанушы (Түркия)