Біз Жұмабекпен оқығанымызды мақтан етіп, одан көп үйрендік...
2017 ж. 24 шілде
2345
2
Қабырғамызды қайыстырып кеткен хабарды есту біз үшін оңай болған жоқ. Әлі де сенгің келмейді. Өзегімізді өкініш билегенімен жалғыз Тәңірдің жазғанына көнуден басқа қайран жоқ. Қазақ айтады: «Әр нәрсенің жолымен болғаны дұрыс». Енді ғана бейнетінің зейнетін көреді деп отырған досымыздың қазасы жанымызға қатты батып тұр. Дегенмен, “Тозбасты ұста соқпайды, өлместі құдай жаратпайды”, табиғаттың бұлжымайтын қатал заңына еш пенде қарсы тұра алмасы анық. Атадан туған жанға өлім рас. Тағдырға не шара?! “Құдайға кім қылыш алып жүгірген?!” деген қазақтың аталы сөзі бар. Алланың жазуы солай болса, амал бар ма?!
Жұмабекпен бес жыл бірге оқыдық. Сабақтан шыққан соң қалтамызда қалған қарабақырымызды жинастырып, кешкілік тоқашпен жүрек жалғап алып, түн ортасына дейін кітапханада отыратын күндерімізді кездескен сайын еске алушы едік. Аракідік алыста қалған студенттік жылдар туралы сөз қозғала қалса, баяғы жалғыз “журфакты” әр жылдары бітірген жігіттер бір-бірінен “Осы сен кімдермен бірге оқып едің?” деген “кезекші” сұрақты алмакезек қойып жататыны бар. Өте адами сұрақ. Көбісі жаны жайсаң жақсы жігіттермен бірге тәлім-тәрбие алғандарын мақтан етіп, бір марқайып қалады. Сонысымен адами сұрақ. Курстастары бір-бір тұтқа ұстап, бастық болғандары осы сұраққа жардай жауап беріп, ұпай жинап жататын тұстары да кездеспей қалмайды. Мен де бар болғыр осы сұрақ алдымнан көлбеңдеп шыққан сайын ең алдымен Жұмабек Кенжалинмен бірге оқығанымды алға тартатынмын. Мақтанышпен! Ол шын мәнінде біздің курсымыздың нағыз лидері болды.
Жүкең – студент кезінен бастап көзін жұмғанша үнемі тұтқа ұстап кеткен адам. ҚазМУ-дің кәсіподақ комитетінің төрағалығынан бастап қазіргі «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры–редакторлар кеңесінің төрағасы аралығында ол білдей бес республикалық басылымның бас редакторы болғанын ел жақсы біледі. «Адамды орта қалыптастырады» деген қағида бар. Бұл да бір дұрыс қағида. Біз бір бірімізге қарап өстік. Сол жолда Жұмабектен көп нәрсені үйрендік. Ал енді осыны алабөтен айту парыз.
Жылына отыз жеті бала ғана қабылдайтын Қазақстандағы жалғыз факультетке отыз төртінші болып оқуға түсіп, «тәубәмді» аузымнан сағат сайын тастамай жүрген мен сияқтылар ғана емес, сол кезде Жүкеңе елдің бәрі қызығып қарайтын. Бір-екі айдан кейін Жүкең екеуміз сырлас болып кеттік. Жүкеңді тәкаппар жігіт шығар деп ойлайтынмын. Сырт көзге солай көрініп тұратын. Сөйтсем, бәрі бекер болып шықты. Адаммен емін-жарқын араласпасаң, ол адамды толыққанды білу тіпті де мүмкін емес екенін енді білгендеймін. Алғашқы күннен Жүкең мені туған інісіндей бауырына басты. Аузын ашса, жүрегі көрініп тұрды. Сонысымен сатып алды.
Студент кезінде ол сырт қарағанда басқалардан бөлек көрінетін. Өзі жіптіктей жас жігіт болғанымен салмақты екені салған жерден сезілетін. Киім киісі де келісті-ақ. Бойындағы жіп атаулының бәрі аса бір қымбат болмаса да тал бойына мін жолатпай тұратын. Оқуға да мәттақан болды, лениндік стипендиат атанып жүрді. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын. Қысқасы, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы данышпан декан Темірбек Қожакеевтің қатаң қалыбына қапысыз құйыла кеткен санаулы ғана студенттің бірі Жұмабек Кенжалин еді.
Тіс қаққан тарлан қаламгер деген ағаларымыздың өзі рабайда пендешілікпен бір армандап қоятыны болмаса, көп журналистің пешенесіне жазыла бермейтін “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясына төртінші курстан бесінші курсқа енді өткен Жүкең қызметкер болып қабылданып, журфактың жүгірмектерін тағы да бір таң қалдырғаны бар. Сол кездегі Жүкең менің ойымда осылай қалыпты. Жүкеңнің бойындағы тағы бір тамаша қасиет оның тұрақтылығы еді. Мен оны қырық жылдан астам уақыт білемін. Алғашқы танысқан жылы Жүкең қалай еді, сол қалпында дүниеден озды.
Әрине, Жұмабек досымыздың көз алдымызда қарайып жүргені қашан да көңілге медеу еді. Оның өмірге құштарлығы ерекше білініп тұратын. Өмірдің мәнін де, әнін де енді түпкілікті түсінген шағында оны өлімге қимайтының рас. Жұмабек досымыздың жатқан жері жайлы болсын! Иманы жолдасы болсын! Алды – шырақ болсын, мінгені – пырақ болсын!