БҮЛДІРШІНДЕРДІ ҚУАНТТЫ

Бүгінгі таңда қуыршақ театрлары бүкіл дүние жүзінде бар. Тіпті, сан ғасырдан бері адам баласымен бірге жасасып та келе жатыр. Қай ұлтта болсын, қуыршақ элементтері бағзы заманнан орын алған. Тек тілі, жанры, формасы жағынан ғана мазмұны ұштас, әрекеті бөлек. Елордамыз Астана қаласында өтіп жатқан «EXPO – 2017» халықаралық көрмесін ілгерілету мақсатында Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасының қолдауымен Алматы мемлекеттік қуыршақ театры маусым айында Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ сазды драма театрының сахнасында астаналық кішкентай көрермендерге өз репертуарындағы үздік екі қойылымды тарту етті. Қойылым қазақ және орыс тілінде жүрді. Бес күн бойы драма театрының көрермендері бірден «кішкентай балдырғандарға» айналып шыға келді. Күн өткен сайын қойылымның көрермендері де көбейіп, залға сыймай жатты. Қуыршақ десе, санамызды ойын ұғымы бірден жаулап алатыны хақ. Бірақ сол ойынды сан құбылыспен балалар санасына сіңіру, әрине, автор мен актердің шеберлігінде. Театр аудиториясынан сіз халық ертегілерімен қоса, батырлар жырын, аңыз-әфсаналарды, танымал әншілердің, драмалық шығармалардың өзін қуыршақ сахнасында балалармен қауышып жатқанын көресіз. Рухани мейірімге, ынтымақтастыққа, достыққа, баланың рухани өсуіне, қиялының еркін жетілуіне бірден-бір себепші театр бұл жолы Марина Поливанованың «Көңілді қонжықтар» ертегісін және режиссер Рүстем Жаныаманов сахналаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» қиял-ғажайып ертегісін көрсетті. Режиссер Павел Поторока сахналаған «Көңілді қонжықтар» ертегісі ағайынды екі қонжықтың туралы. Топ және Топочка ауылдағы атасы мен әжесінің үйіне жазғы демалысқа барады. Атасы мен әжесі жұмыстарымен кеткен соң қонжықтар алғашқы рет қараусыз қалып өздеріне таңсық табиғат тылсымында еркелейді. Олар уақыттарын қалай өткізді? Қандай қым-қиғаш уақиғаға тап болды? Ата-әжесі тентектік жасағаны үшін оларды жазалай ма? Осындай сұрақтар көрермендерді де бей-жәй қалдырмады. Ал, «Құлыншақ пен бөлтірік» қуыршақ театрының сахнасында, қуыршақ жанрында бірінші рет сахналанды. Сондай-ақ режиссер Р.Жаныамановтың да қуыршақ театрындағы тырнақалды туындысы. Қойылымның сахнадағы барлық әрекеті тек қана қуыршақтармен ғана емес, сахна суретшісі С.Карпельдің шеберлігінен туындаған медиядекорациялар кішкентай көрермендерді қатты қуантты. Сахналық жүйесін жасаған Т.Атымтаева дүниеге жаңа келген құлыншақ пен бөлтіріктің достығы арқылы балаларды жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратуға, достықта шекара болмайтынын дәріптеді. Философиялық тұрғыдан шешілген туған дала құшағының кеңдігіне, мейірімге толы ыстық ықыласына көрермендер де иланғаны даусыз. Екі топтың арасындағы ежелден келе жатқан тартысқа қарамастан, екі кейіпкер достығы үзілмеді. Қуыршақ-құлыншақ – А.Сақтағанова, қуыршақ-бөлтірік – Т.Тілеулиева өз образдарын керемет кестелеп шықты. Қасқырлардың қатыгездігі мен жылқының тектілігі бүгінгі адамдар арасындағы жағдайларды да меңзегендей. Қойылым қиял-ғажайып болғанымен де, музыкамен әрлеген А.Жолдасхан қасқырлар тобының бақталастық, тақталастық сахналарын ғажайып әуендермен әсірелеп, оқиғаға өзгеше сарын беріп отырды. Театр хореографы Г.Дәулетқұлованың да еңбегі ерекше екенін атап айту ләзім. Екі топтың табиғи мінезіне ұласатын билер сахнаны біртұтастыққа жетеледі. Көкжал – Б.Момынжанов қойылым бойы бөрілікке тән тектілікті жоғалтпай көпшілік сахнадағы Арлан – Ш.Құлназаров, Ақазу – Ұ.Момынжанова, Қаражал – А.Тәуекелов, Көкбөрі – Г.Бейсембаева, тағы басқа бөрілер тобын иіріп отырды. Қай топты алсаңыз да, аты аңызға айналған кейіпкерлер осы қойылымда толығымен кездеседі. Бозайғыр – Б.Каюов та жылқыға тән қасиетті өз үйіріндегі Қарақасқа құлыншақтан бас­тап Маңмаңгер – Қ.Өтебай, Құлагер – А.Жақыпбаев, Ақбақай – Ә.Балбаев, Ана бие – М.Тәуекелова, Бозбие – С.Жапишевалардың ойнауында Ана-даланың (А.Байырбекова) ыстық құшағында, табиғат төсінде емін-еркін көсілулерін қадағалайды. Қойылымнан алған әсерлерін жасыра алмаған бүлдіршіндер құлыншақ пен бөлтірікке жанашырлық танытып, солармен бірге күй кешкендей. Сондай-ақ, театр фойесінде, театр ардагерлері Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі С.Әбуева, Мәдениет қайраткері К.Ілиясова, Е.Жүнісовалар қуыршақ кейіпкерлермен кішкентай бүлдіршіндерге ертегі қуыршақ кейіпкерлерімен кездесулеріне мүмкіндік жасап, олармен бірге ертегі әлемін сая­хаттады, театр қуыршағының барлық қимыл-қозғалыстарымен таныстыру арқылы бес күн бойы шеберлік сабақтарын өткізіп отырды. Мәдениет қайраткері К.Ілиясова мен музыкамен көркемдеуші А.Жолдасхан республикалық «Шалқар» радиосында қонақта болып, тыңдармандарменен ой бөлісті. Қуыршақ театрының қойылымдарына тек балалар ғана емес, Қазақ КСР-ның Халық артисі Қ.Ихсанқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Т.Атымтаева, Қазақстанның Халық артисі Г.Әспетова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбаев, режиссер Ә.Оразбеков, Қ.Қасымовтар да өздерінің ыстық ықыластарын аяп қалған жоқ. Режиссер Ж.Омаровтың рухына бағыштап жары Т.Атымтаева қойылым соңында ас берді. Қуыршақ театры ұжымын құшақ жая қарсы алған Астана театрының басшысы А.Сексенбаевқа және театр ұжымына қуыршақ театрының алғысы шексіз. Өнердегі өміршең азғантай кездесулер мәдениет қайраткері Т.Есеналиев басқарған театр ұжымына жаңа серпіліс беріп, жаңа шығармашылық биіктерге жол ашқандай. Сондай-ақ, дәл осы күндері Астана қаласында Халық қаһарманы, режиссер Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған V Халықаралық «Сахнадан сәлем» театр-фестивалі өтті. Театр ұжымы әріптестеріне қолдау көрсетіп қойылымдарды тамашалады. Іс-шара барысында қуыршақ театрының ұжымы астаналықтармен бірге «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалап, шығармашылық қуаттың ешқашан сарқылмайтынын тағы бір дәлелдеп өтті. Жазира Ахметова, өнертанушы. qazaquni.kz