Рухани кемелденудің жаңа бастауы
2017 ж. 11 шілде
4328
1
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Тәуелсіз Қазақстанның әрбір саналы азаматын терең ойдың теңізіне батырып, ұлттық санасын оятып, жан дүниесін дүр сілкіндіретін рухани қозғаушы күш деп бағамдауымыз қажет. Ұлт көшбасшысы: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», – деп түпкі ойынан түсінік береді. Әрі қарай Елбасының ХХІ ғасырдағы ұлттық сана турасындағы парасатты пайымдары көпшіліктің қолдауын туғызды: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».
Президент мақаласы Қазақстан халқының өткеніне сараптама жасап, болашағына нақты байламдар айтуымен әрі сындарлы ұлттық басымдықтарды қамтып, ұлттың мәдени кодын көрсетуімен құнды. Еліміздің әр азаматы үшін бірігудің және жалпы ұлттық ұқсастықты нығайтудың жаңа концепциясы ұсынылған. Н.Назарбаев бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынын басты назарға қойып, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын баяндайды. «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында». Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған Елбасы бағдарламасы – жаһандану кезеңіндегі рухани түлеуіміздің тың көрсеткіші мен биік белесі іспеттес. «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімнің «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты алты тармақ және «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімдегі ойлар мен идеялар «Мәңгілік ел» идеясын іске асырып, мемлекетімізді нығайту мен дамытудың, қазақ руханиятын көркейтудің үздік үлгісі деп түсінуіміз маңызды.
Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған барша тиімді тұстар мен мүмкіншіліктерді пайдаланып, ұлттық кодын сақтай отырып, рухани жаңғыруға бел буды. Оның басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру болып табылады. Соның бір жарқын көрінісі ретінде мемлекет басшысының Үндеуіндегі «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде осыны меңзеп, халықты жаппай білім алуға шақыруын айтуға болады. «Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші бөлімінде алдағы уақытта жүзеге асырылатын нақты жобалар айқындалған. Латын қарпіне көшу туралы Елбасы өзінің мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсетті. Сонымен қатар таяу жылдардағы міндеттердің ішінде латын әліпбиіне көшуіміз де жан-жақты зерделенген. «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер... Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз». Бұл – ғаламдық кең өрістегі ақыл-ойға, ғылым мен инновацияға жақын, бәсекеге қабілетті болуға бастайтын үлкен қадамдардың бірі.
Ұлт көшбасшысы «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты тармағында: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту», – деп көрсеткен. Жалпы, ұлт көсемінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан тұғырнамасын алапат жаһандану дәуіріндегі рухани қайнарымыздың жаңа бастауы деп бағалауымыз қажет. Себебі, тәуелсіздік дәуірінде біздің халқымыз сан түрлі тар жол, тайғақ кешуден өтіп, өмірдің мұзы мен қарын басып, сан қилы тағдырдың сынына сыналды. Егемендік атты жеке тіккен отауының шаңырағын шайқалтпай, босағасын жатқа бастырмай, ұлттық рухын асқақтатып, намысын найза, жігерін жасындай жарқыратып, бірлігін алдаспан етіп ғұмыр кешіп келеді. Бабадан қалған аманат, асыл мұра-жер мәселесі де қазақстандықтар үшін өмір сүрудің алғышарты, азаттықтың алтын арқауы, қазақылығы мен елдігінің баға жетпес лағылы. Тәуелсіздіктің осы ширек ғасырында күрмеуі қиын әлеуметтік және ұлттық мәселелермен бетпе-бет келдік, әйтсе де, жатқа өз мәртебемізді мойындатып, өміршең талаптарымызды қоя отырып, мызғымас мемлекет, алынбас қамал екендігімізді айшықтадық. Сол бір қысталаң кезеңдерде ұлттық көшімізді алға сүйреп, желкенімізді желбіретіп, туымызды төрімізге қадап, осы кезге дейін жеткізген ел Президентінің алыстан ойлайтын қырағы, сарабдал саясаты екенін баршамыз бүгінде түсініп те, сезініп те келеміз. Сондықтан аталмыш «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымын толыққанды рухани жаңғыруға бастайтын соны серпін, тың түлеу деп бірауыздан бағамдайтынымыз анық.
Елбасы өзі айтқандай: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». Ақиқатында, әрбір адам әлемді немесе қоршаған қоғамды өзгертпес бұрын, әуелі, өзін-өзі ретке келтіріп, бойын ізгілікке, парасаттылық пен рухани кемелдікке тәрбиелеп, жақсылық пен жаңашылдыққа бейімделсе, өзгертсе, айналасы да, аумағы да, тіпті бүкіл әлем өзгеретіні ақиқат.
Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі бір ерекше ескертетін дүниесі, ол – біздің ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екендігі әрбір отансүйгіш жүректерді тебірентіп, бойындағы жігерін жани түседі.«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана».Сондай-ақ «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, қазақстандықтардың жершілдікке бөлінбеуі қажеттілігін алға тартады. «Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды». Сайын дала төсіндегі тұлпарлар дүбірі күллі дархан даланы дүр сілкіндірген қазақтай қайсар, бірлігі берік, рухы биік елдің, біртұтас ұлттың перзенті «Атаның емес, адамның баласы» болуы керектігі ескерілетіні көңілге қонымды. Елдік мүддеге қатысты байсалды ой, зерделі пікірлерін оқи отырып, жүрегің тебіренеді.Ұлттық мәселе мен елдік мүддеге бағдарланған асыл мұраттар біртұтас ұлттың пайымы терең, парасатты перзенттері болуға үндейді.Көшбасшымыз: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», – деп, қазақ елінің екі ережені түсініп, тереңнен таразылағанымызды қалайды.
«Білімнің салтанат құруы» атты тармағында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп қазақ жұртының әлемдік кеңістікте кеңінен құлаш сермеп, төрткүл дүниені мойындату үшін бәсекеге қабілетті, білімді болуының маңыздылығын зерделейді.
Елбасымыздың рухани жаңғыруының әрбір тармақтарының өзектілігіне мән бере отырсақ, халықтың ел болып замана ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірге қадам басуына және өскелең ұрпақтың болашақта дамуына зор мүмкіндік берілгендігіне куә боламыз.Бұл рухани жаңғырудың маңыздылығы мемлекет пен ұлттың ұлттық кодын сақтай отырып, жаһандық үдерістерге бейімделуіне септігін тигізетіндігіне сенім білдіріп, қолдау танытамыз.Мақалада елді рухани жаңғыртудың жолы екі түрде келтірілгені баршаны қуантады. Біріншіден, ұзақ мерзімдік стратегия және оны орындау үшін қысқа мерзімдік жоспар жасақталып, көрсетілген.Осыны жүзеге асыру үшін қандай іске көңіл бөлу қажеттілігі және қандай қадамдардан өтетініміз нақтылы баяндалған.Ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, сананы жаңаша қалыптастыру, ұлттық кодын сақтай отырып, рухани жаңғыруға бел буу, басқа елдердің озық тәжірибесін, жетістіктерін бойға сіңіріп, пайдамызға асыру және заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру туралы айтқанын зиялы қауым тегіс қуана құптап, қуаттап отыр.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының қорытынды бөлімі: «Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», деп тұжырымдайды. Ендеше, біз де жаңартылған жаңа әлемге, алып кеңістікке ізгі ниетімізбен, сергек санамызбен, ұлттық құндылықтарымызбен әрі биік рухымызбен қадам басуымыз ауадай қажет. Президент барша қазақстандықтарға, әсіресе, жас ұрпаққа рухани жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінетіндігіне кәміл сенім білдіреді. Сол үшін Елбасы сенімін ақтап, болашағымызға темірқазық болар бағдарды өмірлік ұстанымыздың бір бөлшегі етудің қажеттілігі туындайды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек», – деген жаңа рух, жаңа серпін берген түйінді сөзі әрбір қазақ перзентінің, «Мәңгілік ел» азаматтарының күнделікті көкейінде жүретін қанатты сөзіне айналуы тиіс деп санаймыз.
«Мәңгілік елдің» мәңгілік мұраттарын жүзеге асыру жолында тәуелсіз Қазақстан әлемдік өркениеттің алып төрінен ойып орын алып, елдігіміз бен бірлігімізді бекемдеп, діңгегі мықты мызғымас мемлекет, өзгелер үлгі алатын табысты ел болуымыз – баршамыздың мәңгілік асыл мұратымыз бен алдымызда тұрған басты міндеттердің бірегейі деп түйіндейміз.
Асқар Мұстабеков,
полковник, Радиоэлектроника және байланыс
әскери-инженерлік институтының бастығы
qazaquni.kz