Аризона штатындағы Седона қаласының тұрғыны Алиса Келлогг 27 маусым күні «Астана Аренада» өтетін Димаш Құдайбергеновтың жеке концертін тамашалау үшін Астанаға келді, деп хабарлайды Baq.kz.
Димаштың 58 жастағы АҚШ-тық тыңдарманы әншімен кездесу үшін Астанаға келді
2017 ж. 26 маусым
1511
1
58 жастағы америкалықтың өзі Димаштың АҚШ-тағы фанклубын басқарады. Бұл шетелге алғашқы сапары екен. Оны елордада «ДимашДостар» жанкүйерлер тобының мүшелері күтіп алды.
«Ол келерден бұрын бізге хабарласып, Димаштың Астанадағы концертін тамашалағысы келетінін айтты , – деді «ДимашДостар» ресми тобының директоры Мәдина Құрманғалиева informburo.kz агенттігіне берген сұхбатында. – Шамамен екі апта бұрын сәтін салып, концертке билет сатып алғанын, міндетті түрде ұшып келетінін жеткізді. Алиса жұмадан бері Астанада, оны әуежайдан күтіп алдық».
Димаш Құдайбергеновтың Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Украина және Беларусь еліндегі жанкүйерлерінің басын қосатын топ мүшелері Алиса Келлогг пен Димаш жеке кездесу өткізетінін айтады.
Әншінің Bastau live show концерті 27 маусым күні «Астана Арена» стадионында өтеді. Оған Димашқа I am Singer жобасында қарсылас болған қытайлық Терри Лин, швед әншісі Лорин, ағылшын әншісі әрі композиторы Софи Элис-Бекстор, ресейлік Кристина Орбакайте қатысады.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов осы концерттің қарсаңында, ертең ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі алаңында Ақтөбе облысы күндері аясында өнер көрсетеді.