ТАҢҒЫ ШЫҚТАЙ ТҰМСА ӘУЕН
2017 ж. 24 маусым
4436
2
немесе композитор Бекжігіт Сердәлі туралы сыр
Қатты ренжiп, не болмаса қиналғанда жұқарған жүйкенiң не тыныштықты, не әдемi әуендi қалайтыны бар. Бұл – адамның табиғатына тән нәрсе. Кей-кейде жүдеген жүз бен жабырқаған жаныңа жылылық құйып, жаныңның пернесiн басып, бақыт құшағына орайтын әуен iздеп сарсылып кететiн сәттер болады. Қазір жасы егде тартқан адамдар «Бұл күнi тыңдайтын ән жоқ», – дейдi. Рас-ау, қарткөңiл әлдебiр келмеске кеткен күндерiн аңсайтын шығар… Кей-кейде қазақтың пейiлiндей кең даласын, тұлпары шапқан жотасын, қыз-қырқыны қылмыңдаған қырқасын, ақ шашты ақсақалдай малдас құрған тауларын, ақ жаулықты әжелердiң мейiрiмiндей сипап өтер самалын, бойжеткендей сыңғыр қаққан, сыбдырына құс тоқтап, құлақ тосқан бұлағын көз алдыңа әкелетiн қазақы әуендi аңсайды екенсiң. Таңғы шықтай тазалыққа тұнған, тұп-тұнық мөлдiрлiкке, сары алтындай сафтыққа ұмтылған әндердi сағынады екенсiң… Негiзi, қара өлеңге жан беретiн – әсем әуен. Әуенi келiссе, кез келген қара өлең жанданып шыға келедi емес пе? Соңғы кезде, батысқа елiктеген эстрадалық әндер көбейiп кеттi. Көбiнiң сөзiне әуенi, әуенiне сөзi жараспай, жақ талдырғаннан басқа берерi жоқ екендiгiн талғамы биiк өнерсүйер қауым байқап та жүрген болар. «Ақ көңiлдiм, ақ арманым, Не болып жүр саған, жаным? Қаншама рет ойлансам да, Құпияңды таба алмадым…» Осы бiр жанға жайлы, көңiлге ептеп мұң ұялататын, жүрегiңдi тербеп, сан қиялға жетелейтiн әсем әндi естiген сайын, «осындай ән туғызып, әуен шығартқан жанда арман бар ма екен» деп ойланатынмын. Бұл әннiң әуенiн жазған сонау Түркістанда жатқан Бекжiгiт Сердәлі аға екенiн естiгенiмде таң қалмадым. «Иә, мұндай керемет ән керемет адамнан туса керек-тi» деген ой тұрды көкейiмде. Кейiннен «Түркістаным – Тұраным», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Жас жұбайлар», «Текемет», «Бесік», «Айналайын, жеңеше» деген әндердiң авторы осы аға екенiн естiгенде, шынын айтайын, қайран қалдым. «Апыр-ау, тiршiлiгiнде қарапайым, көбiне өзiмен-өзi жүретiн ағаның мұндай қазына қай жерiне сыйып тұр» деп таңданғанымды жасырмаймын. «Шын талант иелерi қарапайым келедi» деген рас екен. Бала Бекжiгiт мектепте оқып жүргенде саусақтары майысып, суреттi тамаша салатын. Негiзiнен, ол мектепте суретшiлiк өнерiмен кең танылды. Сонысына қарап, жұрт оны суретшi болатын шығар деп ойлайтын. Iс жүзiнде олай болмады. Суретшiмiз – сазгерге айналды. Iс-қимылы ширақ, осы бiр қара бала өзiмен-өзi жалғыз қалғанда әдемi бiр әуеннiң ырғағымен ыңылдайтын да жүретiн. Бастапқыда оған соншалықты мән берiп жатқан да ешкiм болмайтын. Ойынның қызығына тоя қоймаған балдырғанның балғын шақтағы мұндай «лирикалық» сәттерi аз кездеспейдi ғой. Мына баланың бойындағы әлгiндей ерекшелiкке де әке-шешесi әншейiнгi үйреншiктi нәрсе ретiнде қараған да қойған. Өйтпегенде қайтедi, тұла-бойын сазды әуен барлап алған қарадомалақтың, яғни, Бекжiгiттiң әкесi Кенжебек қара жұмыстың қайсысына салсаң да мойымай атқара беретiн, ауырсынып бiр қыңқ етпейтiн кәдiмгi шаруа адамы. Анасы Оңласын да үй шаруасының күнделiктi күйбеңiмен қолы босамайтын, барлық мейiрiмiн отбасына төккен қарапайым ғана ауыл әйелi. Яғни, қазақтың көп сөзге жоқ, бiрақ шат-шадыманы бiр өзiне жететiн шаңырағы. Ал, бала Бекжiгiттiң жүрiс-тұрысы жаңағыдай. Құлаққа жағымды, жан дүниеңдi шымырлатар ән-әуен оның қыр-соңынан қалмай, ередi де жүредi. Сол әуеннiң әлдиiмен мектепке барды, үздiк оқыды. Кенжекеңнiң үйiмен Тәуiрбек Дүйсенбиев деген ағайынның үйi көршi тұратын. Бұл – бүкiл ауылға белгiлi өнерпаз едi. Бiр күнi сол көпшiлiкке танымал Тәуiрбегiмiз сынып қалған ескi домбырасын күлге апарып тастай салғаны ғой. Мұны байқап қалған Бекжiгiт дереу оны жинап әкелiп, әкесiне құрастыртып, жөндетiп алды. Оңаша қалған сәттерiнде домбырасын дыңғырлатып, үйрене бастады. Көп ұзамай жап-жақсы домбырашы болып алды. Күндердiң күнiнде Бекжiгiт шаршы топтың алдында әуелетiп ән салып тұрғанында баяғы Тәуiрбек өзiнiң «сынық» домбырасын танып қалып, таң-тамаша қалғаны бар едi. Бiлетiндердiң айтуынша, Бекеңнiң атасы Сердәлi – сөзге шешен, елге сыйлы, беделдi адам болған екен. Оның үстiне ата-бабалары мекен еткен, Бекжiгiттiң кие тұтар атақонысы – Ақсары даласы да өзiне өзгеше бiр қуат берiп тұрар едi. Осынау дархан көңiлдi, жотасы мен әр қамыс, жыңғылына дейiн ән салатын атамекенi қойсын ба, төл перзенттерiне былайғы елдiң бәрiнде бiрдей кездесе бермейтiн дарын дарытқан солар ғой. Несiн жасырамыз, сексен алтының Желтоқсаны ән тербеген көңiлдерге ауыр-ауыр сызат түсiрiп кеттi. «Алаңға неге барасыңдар? Араларыңда Оңтүстiктiң балалары неге көп? Партия жиналысында ұлтшыл декандарың Темiрбек Қожакеевтi қолдап сөйлеп жүрген қайсың?». Қойшы, әйтеуiр, қарша бораған осы сияқты зiлдi сауалдардың саны бiтiрушi курстың старостасы, студент-сазгер Бекжiгiт Сердәлiден бастап, бәрiне арналған «Бiрде-бiреуiң Алматыда қызметке қаламыз деп дәмеленушi болмаңдар. Сендердей ұлтшылдықтың уымен уланғандарды астанада қалдыру – қауiптi. Алыстағы аудандық газеттердiң сапасын көтересiңдер!» – деген суық нұсқауға ұласты. «Қазақ» радиосына орналасып қойған жерiнен қайта босап, шалғайдағы кеншiлер қаласы Кентаудан бiр-ақ шықты. Осындағы жергiлiктi газетке арнайы жолдамамен келiп, жұмысқа кiрiсiп кеттi. Шағын ұжыммен бiрден тiл табысып, қатардағы тiлшiден бастап, редактордың орынбасарлығына дейiнгi қызмет баспалдақтарының бәрiнен өттi. Журналистiк жүйрiк қаламы өткiр мәселелердi көтерiп, кемшiлiктердi ойып тұрып көрсеттi. Қалалық «Кентау шұғыласы» газетiнiң беделi артты. Газет редакторының орынбасары Бекжiгiт Сердәлiнiң бастамасымен Кентауда алғаш рет тiл жанашырларының басы қосылып, «Ана тiлi» қоғамы құрылды. Қазақ тiлiн қорғау жолындағы қозғалыс әлi кең өрiс ала қоймаған кез болатын. Студенттiк шақтағы, сексен алтының желтоқсанындағы «негелерге» ендi қысқарған атауы үш әрiптен тұратын құпиялы мекеменiң сұсты қызметкерлерiнiң «Неге тiлдi насихаттайсың?» – деген қатқыл сұрақтары мен қудалаулары қосылды. Бекжiгiттiң қоғамдық жұмыстардағы мұндай ел тағдырына жанашырлықтан туған белсендiлiгi лайықты бағасын алды. Сан мәрте Кентау қаласы әкiмi мен қалалық мәслихаттың сый-сияпатын алды. Сайлаушылардың ұсынысымен Кентау қалалық мәслихатына депутаттыққа сайланар тұста белдi-белдi мекемелердiң белдi-белдi шенеунiктерiмен «қарсылас» болып, талай-талай қиямет-қайымды да көрдi. Бекжiгiттiң жүрек түкпiрiнен сонда да ән кетпедi. 1992 жылы Темiрланда өткiзiлген жас сазгерлер байқауында «Жас жұбайлар» (сөзi Ө.Оралбаевтiкi) және «Сүндет той» (сөзi Б.Оспановтiкi) әндерi үшiн дипломант атанса, 1997 жылы Шымкентте ұйымдастырылған «Үкілім-ай» деп аталатын ән фестивалiнде «Бұл қазақ», «Айналайын жеңеше» деген әндерi сазгерге лауреат атағын әпердi. Бұдан басқа «Текемет» (сөзiн жазған Т.Қалмырзаев), «Ризамын» (Б.Оспанов), «Неге, Неге» (Р.Балабиев), «Аман жүршi, ауылдың адамдары», «Ахоу, арман» және басқа әндерi бүгiнде ән сүйер қауымның жүрегiне жол тапқан танымал туындыларға айналды. Жастарға Бекжiгiт Сердәлiнiң әндерi несiмен ұнайды? Оның басқа сазгерледен ерекшелiгi қандай? Ең алдымен Бекжiгiттiң әндерi ұлттық нақышқа өте бай, халқымыздың классик дарындарының мол мұраларын бойына сiңiрiп, игерiп алған. Жастардың үйренуiне жеңiл, орындаушыға оңтайлы болып келедi… Бекжiгiттiң Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк унивеситетiнiң аға оқытушысы қызметiне ауысқанына бiр жылдай уақыт өткен. Студенттер арасында «сазгер ағай» болып танылып қалған кезi. Жазғы сессия басталып, аудиториялар абыр-сабыр болып жатқан. Бекжiгiт сабаққа қолына домбыра ұстай келдi. Әлденеге абыржулы көрiндi. Өзiмен бiрге оқытушылық қызмет iстейтiн курстас досы мұның себебiн бiлгiсi келiп, қадала сұрап қоймады. Бекжiгiт сонда Шымкентте өткiзiлетiн сазгерлердiң аймақтық байқауына бара жатқанын, өзiне-өзi сенiмдi болғанымен, дүниенi қаражат билеген мынадай уақытта демеушiлiк көмек көрсететiн ұлтжанды азаматтар табылмай, қинап тұрғанын айтқан. Дарынды жанға жанашырлық танытуға ылғи да осылай енжар қарайтынымызға күйiнгенiмiзбен амалымыз таусылып, қолымыздан бар келгенi – сәт-сапар тiлеу ғана болды. Сол тiлегiмiз қабыл болды ма, екi күннен кейiн Бекжiгiттiң әндерi аймақтық байқауда бас жүлденi иеленiп қайтты. Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Түркiстанға келген бір сапарында университеттiң студент-жастарымен кездескен болатын. Сол кездесуде Бекжiгiттiң әндерi де орындалды. Нұрағаң жүрекке жылы әндердiң кiмнiң әндерi екенiн сұрап, ән жөнiнде ыстық ықыласын бiлдiрдi. Бұл да болса жақсы әнге деген Елбасы тарапынан берiлген әдiл баға ғой деп ойлаймыз. Түрлi адамдар болады. Бiреулер аз ғана табысына масайрап, дандайсып, кеуде қаға бастайды. Кейбiреулер елеусiз жүрiп, тынымсыз еңбек еткендi тәуiр көредi. Бекжiгiт, мiне, сондай жан. Оны былайша ешкiм байқай бермейдi. Көптiң бiрi ғана секiлдi. Ал, әндерiн бүкiл ел айтады. Мұндай жандар тасада қалып, еңбегiн әлдебiр пысықайлар пайдаланып та кететiн кездер аз кездеспейдi. Сондықтан да, ел iшiнде еленбей жүрген осындай дарынды жандарды дәл уақытында танып, бағалай бiлгенге не жетсiн?! «Ел iшi – өнер кенiшi» дейдi халық. Сол кенiштен қайнап шығып, өзiне ғана тән әуендерi қалықтап, өз тыңдармандарының жүрегiне жол тапқан сегiз қырлы, бiр сырлы ағамен сырласуға да асықтық. *** – Бекжiгiт аға, ең алғашқы әуендерiңiздiң дүниеге келу тарихын айтып беріңізші. – Бiр қызығы, алғашқы әндер есте қалмапты. Бiрақ, ҚазМУ-дың дайындық бөлiмiндегi курстастарым отырыста қолқалап айтқызатынына қарағанда, тәуiр әндер болған сияқты. Нотаға жазып қоймағандықтан, қазiр қанша ыңылдап есiме түсiрейiн десем де, еш келтiре алмаймын. Менде жалпы, дер кезiнде нотаға түсiрмегендiктен ұмыт қалып жататын әндер көп болады. – Алғашқы әніңіз есте ме? – Тұңғыш әнімді Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазып едім. «Кешір мені» деп аталады. Өзімнен басқа ешкім айтқан емес. Ондағы «Кештер қайда қымбат ондай, келді-ау жетіп жетім күн. Жылатып ап, жұбата алмай, кеткеніме өкіндім» деген сөздер қатты әсер еткен болуы керек... Студенттік ортада бұл әнімді жақсы айтты. Бір қасиетім, жаңа әнімді алдымен дастархан басында «біреуден есіткен ән еді, тыңдап көріңдерші» деп естіртіп алатынмын, ел қалай қабылдар екен деген ой ғой. Салған жерден «менің әнім еді» деп айтуға қымсынушы ем. Кейін ондай әндерімді иеленіп кеткендер де болды. – Әуен шығару үшiн алдын-ала жоспарлайсыз ба? – Жоқ, әлдебiреулер сияқты алдын-ала жоспарлап, тапсырмамен ән жазған емеспiн. «Сүйіктіме», «Ғашығыма» деп ән жаза беретiндер бар ғой. Ән жоспарсыз, жүрек әмiрiмен тууы тиiс. Ал жүректiң ән туғызуы өте сирек. Содан да болар, менде ән аз. Осы «менiң пәлен жүз әнiм бар» дейтiндерге таң қаламын. Ел айтпаған ән – ән емес. Кейде менен «қанша әнiңiз бар?» деп сұрайды. Мен ел iшiнде айтылып жүрген әндерiмдi ғана есепке алып, сонша әнiм бар деп жауап беремiн. – Әуен шығару үшiн жер талғайсыз ба? – Оңашалықты қалайтыным рас. Бірақ, көп әндерім жол үстінде туған. Не пойызда, не автобуста... Ваннада отырып ән жазған кездерiм бар. «Жазды» деген аты ғой, ыңылдап домбыраға не магнитофонға түсiргенiмдi айтамын. Жалпы, әндi домбыра арқылы, не саусағымды шертіп отырып шығарамын. Бiрнеше рет қайталап, еске сақтауға тырысамын. Есте сақталмағаны ұмыт болады. «Ұмытылғаны – нашар ән болғаны» деп өзiмдi жұбатамын. – Қандай бала болдыңыз? – Шығармашылық адамдарының басым бөлігі, өзін биік етіп көрсеткісі келе ме, сұхбаттарын «бала кезімде бұзықтау болдым», «пәленшекең ауызымы түкіріп кетіп еді» деп бастайды. Мен олай болған жоқпын. Ешкімге зәбірім тиген емес. Еңбекқорлығым болды. Ата-анама шаруа жайымен көп жәрдем беретінмін. – «Жұлдыз» ауруына шалдыққан жоқсыз ба? – Осы «жұлдыз» деген атауды, мадақ па, мақтан ба, әйтеуір, әншілердің иеленіп алғанына қайранмын. Шетелде әнімен әлемге танылған, дүйім ел ауызынан суы құри тыңдайтын Уитни Хьюстон, Патрисия Каас, Кэти Перри, Таркан, Мұстафа Сандал, Энрике, Ализе сияқты небір айтулы әншілер бар. Өзіміздің Бибігүлді, Ескендірді, Нұрғалиды алыңыз. Бірақ олар, неге екенін білмеймін, өздерін жұлдыз санамайды. «Жұлдыз аспанда болмай ма?» деп күледі. Ал, біздегі әншілер сахнаға «жұлдыз» деп шақырмасаң, біртүрлі өкпелеп қалатын болып жүр. Кейде телевизиялық шоу бағдарламаларында жүргізушінің есінен шыға бастаса, «мәселен, біз сияқты жұлдыздар» деп есіне салып отыратын әншілер де бар. Сонда бұл не? Қолдан танымалдылық жасау ма? Оның ар жағында той-бизнесіне деген бәсекелестіктің құлағы қылтиып тұрған жоқ па екен? Өйткені, тойдың әншілер үшін баюдың негізгі көзі болғаны қашан. Бұрын ата-әжелеріміз «әртіс деген не, тәйірі... қаңғып көшеде қаласың ғой» деп ұрсушы еді, енді әншіден бай адам жоқ. – Түркістан қаласында тұрасыз. Яғни, өнері мен мәдениеттің ордасы Алматыдан, облыстың орталығы Шымкенттен алшақтасыз. Шалғайда жүріп, шығармашылықпен айналысу қиындық тудырмай ма? – «Өнер – өріс таңдамайды» деген тәмсіл бар. Жұрт сияқты «Алматы, Астана» деп арман қумай, ауылда – туған жерімізде қарапайым тірлік кешіп жатырмыз. Дегенмен, үлкен қалалардағыдай емес, мұнда сені ешкім елемейді. Тіпті, тәп-тәуір ән шығара қойсаң, оныңды ел айта бастаса, қасыңда жүрген шығармашыл достарыңның өзі қызғаныштан өзегі өртеніп, күндеп, өсектеп, сені сыртқа итере бастайды. Сосын ешкімге «зияным тимесін» деп, біраз болды, Түркістанға, сосын ғылымға көшіп кеттім. Оларға (қолында билігі барларға) «Мен пәленге толдым», «Түлен сыйлық алдым» деп өзің айтуың керек. Ал менде ондай қасиет жоқ. Біреудің алдына барып, бұйымтай айту – қаныма жат. Алматы мен Астанада – басқаша. Мәдениеттің тұтқасын ұстап отырғандардың өздері айтулы даталарды жоспарға енгізіп, сенімен байланысып, әйтеуір атаусыз қалдырмауға тырысады. Содан ба, ондағы өнер адамдарының шабыты ерек. Көңіл бөлініп жатқан соң, тіршілік жасауға асығады. Кейде таныстарым менен сұрайды: «Ән жазбай кеттіңіз-ау осы» деп. Неге жазбайын, жазып жатырмын. Бірақ оным кімге керек? Әншілер иық жұлған той әндерін сұрайды. Сахна мамандары болса қолда барға ғана ие, оларға жаңа ән іздегеннен гөрі маңайындағы «кезекші» өнерпаздарды шығара салған тиімді. Репертуарға қарап жатқан көркемдік кеңес тағы жоқ. Осыдан келіп «пұшық болса да байдың баласы айтсынның» кебін киіп отырмыз. Кейде «ауыл елемеді ғой, үлкен ауыл қалай екен?» деп Алматы жаққа көз тіксең, онда да ат төбеліндей белгілі бір топтың өнер тізгінін мықтап ұстап отырғанын байқайсың. Сахна да, телеарна да солардың шылбырында. Барғаныңмен бос әурешілік, олардың «худсоветі» тек таныстарына ғана жұмыс істейді. – Аймағыңызда әдеби орта бар ма? – Ресми ортадан бөлек, өзара дастархан басында, бір-бірінің қуаныш-қайғысында шүйіркелесе кететін сауық-думан ортасын аңсайтынымыз рас. Ілгеріде өнер азаматтары бас қосып, «Бастаңғы» клубын құрған едік. Онда апта сайын әлдекімнің үйінде думандатып, шығармашылық жетістіктерімізбен бөлісіп жатушы едік. Жаңа әндердің де, тырнақалды туындылардың да тұсауы сол ортада кесілетін. Қазір өзің жазған шығармаң өзіңнен басқа ешкімге керек емес. Тек әкімшілік жағалап, орден-медаль сұрап жүрген шалдарды, өнерпазсымақтарды ғана көресің. Ал жастар жағы шығармашылықты табыс көзіне айналдырып алған. Батыстан алған арзан қуыршақтарымен (Сезам), КВН-дарымен елді алдауқартып, нағыз өнер сол екен деп жүр. – Есiңiзден кетпейтiн сәттерiңiз жайлы сыр шертсеңiз... – Есiмнен кетпейтiн сәт – 86-ның ызғарлы Желтоқсаны. Таңертең сабақтан қашып кетудiң мұң болғаны, алаңдағы ұлтым деп оянған рух – бәрi есте… Екiншi естен кетпейтiнi – Жастар сыйлығын алуым. Конкурстық комиссияға пошта арқылы құжаттарымды жiбергем. Комиссия шешiмiн газеттен оқығанда, таң қалдым. Менiң емес, өнердiң бағаланғанына риза болдым. – Бақыт дегендi қалай түсiнесiз? – Адамға лайық өмiр сүрсең, бақыт деген сол. – Жылдың қай мезгiлi жаныңызға жақын. – Көктем. Жалпы, менiң әндерiмнiң денi осы көктемде туады. – Өмiрде ненi армандайсыз? – Армандайтыным – Алматы, Астана сияқты үлкен қалада тұрып, өнер ортасында жүру. Қытайда, Моңғолияда, Чувашияда, Алманияда, Мажарстанда бірқатар әндерім орындалып жүр. Сондағы шығармашылық қауым жыл сайын қонаққа шақырып жатады. Қол қысқа, бара алмай жүрмін. Арманым сол – қолды бір сілтеп, достарымды ертіп, сал-серілікпен сол елдерді аралап қайтсам деймін. – Өмiрлiк қағидаңыз, ұраныңыз? – «Ең бастысы, өзіңе сен, маңындағы адамдардың көзқарасы күнде өзгереді». – Кiмдердiң әнiн сүйiп тыңдайсыз? – Халық әндерін, Ескендір Хасанғалиевтiң, Әсет Бейсеуовтiң шығармаларын... – Аға, адамдар санасында «ақшаң болса, бәрi де болады» деген ұғым бар. Сiздiңше… – Басқа жақтарды қайдам, дәл бiздiң өңiрде солай. – Өркениеттiлiкке барар жолда бiздiң қоғамға жетiспейтiн нәрселер. – Тiл еркiндiгi және әдiлдiкке қол жеткiзе алмайтынымыз… – Адам бойында жақтырмайтын қасиетiңiз? – Уәде берiп тұрып, орындамау. – Адам бойындағы ненi бағалайсыз? – Турашылдық. Өтiрiк айтпау, өсек айтпау. – Ренжiген сәтiңiзде жаныңызға саяны қайдан iздеп, қайдан табасыз? – Менiң бiр ерекшелiгiм, не өзiмнен тым үлкен, не өзiмнен көп жас кiшi адамдармен дос, сырлас болатыным. Ренiшiмдi көбiне сол адамдарға айтып босаймын. Әйтеуiр, бiр қонаққа барып, көңiл көтергендi тәуiр көремiн. – Жалпы әншілерге әніңізді тегін ұсынасыз ба, әлде сатасыз ба? Егер әндеріңізді сататын болсаңыз, бір әніңізді қаншаға бағалайсыз? – Ән сату – өнерді сатумен бірдей деп ойлаймын. Байқайсыз ба, ән бизнеске айналғалы жөні түзу ән туудан қалды. Өйткені әнге тапсырыс берген әнші оның ұлттық болмысынан гөрі ырғақтылығына, биге ыңғайлылығына, шығыстық иіріміне ғана көңіл бөледі. Ал мен әннің ұлттық нақышын бірінші кезекке қоятын адаммын. «Бесік», «Текемет», «Аман жүрші, ауылдың адамдары», «Шашбаулым», «Әке-Ана», «Қазақ жауынгері» сияқты әндер сол мүддеден туған. Қазір шоу-бизнесті (дұрысы, той-бизнесті) желеу етіп байып жатқан әншісымақтар көп. Ал оларға ақша жылдам келу үшін «Чип-чип», «Кис-кис» сияқты мағынасыз әндер тиімді. Осы кезге дейін ән сатқан да, әншілерді қуалап ән берген де адам емеспін. Өздері қалап алып жатса тегін бере салғанды жөн көремін. Хадиша Шалабаева, Есет Сәдуақасов, «Нұр-Мұқасан» дуэті, Асқар Жайлаубаев, Азамат Есқұлов сияқты әншілермен осылай шығармашылық байланыс орнады. – Қазір ұстазсыз. Жастарды журналистикаға бейімдеп, бағыт бағдар беріп жатырсыз. Бүгінгі шәкірт, ертеңгі журналистердің қарым қабілеті қалай? – Жалпы, Түркістанда бітіріп жатқан журналист-шәкірттер жаман емес. Алғашқы түлектеріміз 98-ші жылы түлеп ұшса, бүгінде бітірген барлық түлектердің 80 пайызы өз мамандықтары бойынша түрлі салаларда еңбек етіп жатыр: жергілікті-облыстық БАҚ құралдарын айтпағанның өзінде, «Қазақстанның Бірінші арнасында» – 2, «Егемен Қазақстанда» – 2, «Хабар» агенттігінде – 5, «Қазақстан» ұлттық арнасында – 6, «Қазақ» радиосында – 4, «Айқында» – 2, «Қазақ үнінде» – 1, «Астана хабарында» – 7, «Оңтүстік Қазақстанда» – 7 шәкірт қызмет етуде. 2 шәкіртіміз – кандидаттық, 6 шәкіртіміз – магистрлік қорғаған. – Сіз ұстазсыз әрі кәсіби журналистсіз. Сазгерсіз. Осы салалардағы жауапкершіліктің барлығын бірдей алып жүру қиындық туғызбай ма? – Адам, ең алдымен, материалдық тіршілікке тәуелді. Ал ол күнделікті наныңды тауып отырған жұмысың. Ал қалғаны – әуесқойлық. Адам жұмыстан – рахат, ал әуесқойлықтан – ләззәт алуы тиіс. – Қазіргі қазақ әндеріне көпшіліктің көңілі толмайды. Сіз қандай пікірдесіз? – Мен әншінің репертуарындағы емес, халықтың ауызында жүрген әндерге ғана көңілім толады. Әннің төресі – ел жадындағы әндер. Ал өз әндерін телеарнаға тықпыштап, мың жерден, өздері айтқандай, күндіз-түні «крутит» етіп, жұлдыз болғысы келіп жүргендер бәрібір Шәмшінің әндеріндей ел ауызында қалатын әндер туғыза алмайды. Бизнесті қуған бір сәттік әндердің ғұмыры қысқа. – Шығармашылығыңызда не жаңалық? – Кейінгі жылдары біраз ән жаздым. Көпшілігі лирикалық және патриоттық әндер. Той әні болмаған соң әншілерге ұсына алмадым. Есеп беру керек сияқты дейді жұрт... Бірақ, кімге? Залды толтыру үшін мектептен қуып әкеліп жинайтын, арт жақта отырып алып, «сотка» ойнап, бір-бірін «селфилететін» балаң жастарға ма? Әлде, рухани байлықтан гөрі сериалды қымбат санайтын орта буын аға-әпкелерімізге ме? Мен үшін есеп беретін орта – дастархан басы, ел іші... – Мұхтар Шаханов айтпақшы, «жоғалтудан, iздеуден және табудан тұратын» мына өмiрде не жоғалттыңыз, не таптыңыз, не iздеп жүрсiз? – Жоғалтқаным – қайта оралмас жастығым, тапқаным – тәуелсіздігім, еркіндігім, iздейтiнiм – әдемi бiр ән… – Рахмет, аға! Алла жаныңызды жақсылықтан, әсем әуеннен айырмағай! – Әйелім үшінші сәбиімізге толғақ қысып, перзентханаға түсті. Алдыңғы екеуі қыз болатын. Үшіншісі ұл болса деген пенделік арман ғой сол баяғы... Үйге Темірғали деген досым келген. Екеуміз жақсылап шай қайнатып, сүт қатып, термосқа құйып, оны жылы орап, перзентханаға шықтық. Жақындай бере досыма «сен баршы, ұл болса сүйіншіңе бір тай берермін» деп өзім жүрексініп сыртта қалып қойдым. Бірақ көңіл құрғыр тыным табар емес, бір құлағым есік жақта. Темірғали қоңырау басып, кезекші мейірбикені шақырып, жағдай сұрай бастады. Әлгі мейірбике «құтты болсын, қыз болды, қыз болды!» деп тақылдап қоймайды. Досымды жібергенімді қайтейін, барлығын естіп тұрмын. Ұнжырғасы түсіп досым келді, бір-бірімізді құттықтағандай болдық. «Ештеңе етпес, атын Айбала қояйық, сонда ендігісі дәл бала болады, – деді мені жұбатып. – Тайдан айрылғаным жаман болды да», – дегенді тағы қосты... Екеуміз үйге келдік. Қарасақ, термостағы шайымызды да беруді ұмытып кетіппіз... Айтқандай-ақ, төртіншіміз ұл болды ғой! Енді Темірғали досыма бәрібір бір тай қарызбын. Гүлдана ҚАРАБЕКОВА, Түркістан қаласы qazaquni.kz