Абай мұражайы ЭКСПОға тарту жасады
2017 ж. 24 маусым
2834
8
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған «АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП» атты көрмесінің салтанатты ашылуы болып өтті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ең басты мақсат – Абай әлемінің бар құдіретін, болмыс-құпиясын төрткүл дүниеге барынша мол таныту. Абайды жете таныту арқылы туған халқымыздың мәдени келбетін, қадір-қасиетін, шыққан биігін, рухани жетістіктерін әлемге әйгілеу» деген еді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында біздің музей қызметінің негізгі мақсаты – ұлы ақынның мәдениетіміз бен әдебиетімізге қосқан үлесін шетелдік қонақтарға кеңінен насихаттау және таныту.
Көрме «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Білімдіден шыққан сөз», «Өлең сөздің патшасы - сөз сарасы», «Абай – терең теңіз, алып мұхит», «Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған», «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар», «Замандардан асқан заңғар» тақырыптары арқылы Абайдың қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруы жолындағы шығармашылығы мен қоғамдық қызметін жан-жақты аша түседі.
Көрмеге Абайдың өз қолымен 1885 жылы Семей қаласындағы Өлкетану музейіне тапсырған заттары, әлем тілдеріндегі ұлы ақын шығармаларының бірегей басылымдары, Абай музейінің баспа өнімдері қойылды.
Астана қаласының тұрғындары және «ЭКСПО-2017» қонақтарына арнайы дайындалған ұлы ақын шығармаларының қазақ, орыс, ағылшын және қытай тіліндегі басылымдары ұсынылады.