Мұхтар Шаханов өз атынан жалған парақша ашқандарды сотқа бермек
2017 ж. 20 маусым
3964
3
Қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шаханов әлеуметтік желілерде бірде-бір ресми парақшасы жоқ екенін мәлімдеді. Ақынның айтуынша, оның атын жамылып жалған парақшалардың саны бүгінде 56-ға жетіпті. Бұл туралы халық жазушысы "Қазақ үні" ұлттық порталына жіберген ресми хатында жазды.
- Кейінгі кездері ғаламтордағы әлеуметтік желілерде менің атымнан парақша ашып алушылар тым көбейіп кетіпті. Маған тілектес, ниеттес адамдар санаған екен, олардың жалпы саны 56-ға жетіпті. Тіпті билік басында жүрген кейбіреулердің шетелдерде қанша үйі бар екенін де менің атымнан жіберіпті. Сөздің ашығына келсек, менің бір де бір парақшам жоқ. Ғаламтор арқылы біреуге бір ауыз сөз жазып көрген адам емеспін. Ғаламторды меңгеруге енді ғана кіріскелі отырмын.
Ескертерім мынау: Есімімді, беделімді пайдаланып, менің атымнан парақша ашып алғандар мұндай алаяқтық сипаттағы жөнсіз әрекеттерін тоқтатпайтын болса сотқа шағымданатынымды мәлімдеймін, - деп жазылған аталмыш хатта.