Киелі күй елі
2011 ж. 06 мамыр
19782
36
Сахаралы сырлы Созақ даласы қазақ деген ұлттың түп-тұқиянынан бірге келе жатқан бауырлас егіз ұғымы іспетті. Қазақ-Созақ ұғымының егізділігі, туыстастығы туралы тарихшы Қойшығара Салғараұлы да «Қазақтың қилы тарихы» атты еңбегінде жазған. Ал ендігі бір шежіре аңызда Созақ пен қазақтың арғы тегін саралай отырып Алаштан Сейілхан, Жайылхан, деген екі ұл туады. Сейілханнан сегіз арыс Түрікпен тарайды. Көршілес қазақ рулары түрікпендерді кей сәтте «Сейілхандар» дейтіні содан болса керек. Ал Жайылханнан түгел сөздің түбі атанған Майқы би туылған деседі. Майқыдан Сабиан, Сабианнан Айырқалпақ, одан Қазақ, Созақ, Ұзақ туған. Қазақтан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс тараса,Созақтан қарақалпақ ағайындар бөлінеді,- дейді тарихи шежіре. Мәшһүр Жүсіп-Көпеев те «Едіге сонау Қарақалпақ елінде туған» деп, батырдың қай тектен шыққанын әйгілейді. Сонда оның қарақалпақ дегені Созақ екені белгілі болып шығады. Өйткені, аңызда Едіге батырдың арғы атасы Созақ жеріндегі Құмкент шаһарында жатқан шашты Әзіз әулие.
Созақ атауының тарихы туралы тарихшылардың қолдарында көптеген мәнді материалдар баршылық. Ол жағын сол азаматтардың еншісіне қалдырайық. «Жалпы Созақ деген сөздің ең көне түрі апасиак, немесе «апа сақа» түрінде көне грек авторы Страбоннда кездеседі және бұл «Су сақтары» дегенді білдіріп, осыдан Сусақ-Созақ болып шыққан.
«Қазақтың жер су аттары» атты қазақ топонимиясы жайлы арнаулы ғылыми еңбек жазған А.Абдрахманов атақты ғалым А.Н.Берштамның «Проблемы древней истории и этногенеза Южного Казахстана» деген еңбегіне сүйене отырып, Ұлық иер, сусақ деген сақтар жері, нулы жер деген мағына береді»-дейді белгілі тарихшы Дулат Тұрантегі.
Созақ елінің тарихы жерінің астындағы байлығы сияқты шежіреге орасан бай өлке. Мүмкін сан жылдардан соң байлығы таусылса таусылар, бірақ тарихы мен шежіресі таусыла қоймас.
Желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың еншісінде әлі көптеген жұмбақ тарихты ашудың үлесі тұр. Олар сол іске дайын болып өсіп, тәрбиеленуі керек.
Созақ өлкесінің тылсым құпиялары мол. Ол әрбір пенденің пейіліне қарай кейде дархандық, кейде қаталдық көрсетіп жатады. Теріскей елінің аяулы перзенті жазушы Асқар Сүлейменовтің «созақ-мінез» дегені осыдан шықса керек.Бірде көпшілік отырған жерде бір бейауыз біреу қасында отырған өзі сияқты қонақтан қайдан келдің деп сұрапты. Сонда әлгі кісі «Созақтан келдім» десе, «Е, Созақтан дегенше тозақтан келдім» десейші деп қарқылдап күліпті. Кейін әлгі бейауыз діттеген жеріне жете алмай Созақтың боранды, қарлы асуында қалып кетіп, аяқ қолы үсіп мүгедек болып қалыпты. Қасындағылар дін аман қалса керек. Тағы бірде осы тақылеттес сөз айтқан бір бейбақ, Созаққа жетпей көлік апатына ұшыраған екен.
2.
Сол себепті ертедегі бабаларымыз «Әзіреті Қаратау әулиенің кені» деп бекер айтпаса керек.
Бүкіл түркі әлеміне танымал қазақ жеріне ислам дінін уағыздаушы, ендіруші Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің мекені. Шашты Әзіз «Алпамыс батыр» жырындағы ірі тұлға болса, дала түріктеріне Ислам дінін ең алғаш таратушылардың бірі, Қожа Ахмет Яассауиге арғы ата болып келетін ірі тұлға-Ысқақ бабтың кесенелері осы Созақ жерінде.
«Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларының шығу тарихы осы Созақпен тікелей байланысты екенін біреу білсе біреу білмес.
Арысы Ақсақ Темірдің, Кенесары ханның ізі қалған, берісі Мұхтар мен Сәбиттің шығармаларына арқау болған, Сәкеннің «Тау ішіндегісіне», кеше ғана дүниеден өткен Қадырдың:
Дастарханды созамыз,
Төрге қарай озамыз.
Әңгімені созамыз,
Сөз бәйгеден озамыз!
Өлең айтсақ-қозамыз,
Дауысымызды созамыз.
Жоқ бұл жақта бозаңыз,
Қымызға қол созамыз.
Күнге де қол созамыз,
Гүлге де қол созамыз.
Құрметтен де озамыз,
Үлкенге қол созамыз.
Жылуға қол созамыз,
Сұлуға қол созамыз.
Созудан біз озатпыз,
Сондықтан біз Созақпыз! –деп жырлағандарына қарт Қаратау куә!
Түркі тектес халықтардың көрнекті тұлғасы, мемлекет қайраткері Орта Азияда ислам дінінің орнығуына елеулі ықпал еткен сахарадағы әскери ақсүйектер абызы Қарабура әулиенің сүйегі осы Созаққорғанда.
Шыңғысты таққа отырғызып, хан көтерген тарихи қайраткерлердің бірі қоңырат Саңғыл бидің соңғы пәнилік мекені осы Созақ ауданындағы Қозмолдақ ауылы.
3.
Халқымыздың ауыз әдебиетінде шешендігімен есімі қалған Шойынбет би туралы да көптеген әңгімелер өрістетуге болады.
Бибі Мариям ана, Бөкенбай әулие, Шалданбай әулие, Әжі ата сияқты тұлғалар жатқан қасиетті мекеннің өз құдіреті бар.
Олай дейтінім ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі кеңестің қанды қылыш кезеңінде, жазатын кітабына дерек жинауды себеп тұтып Созаққа келіп Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге зиярат етіп кетеді. Ол кісінің «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген ұлағатты нақыл сөзі тегін айтылмаған. Бұл өлке шежірелі шертпе күйдің мекені. Сайын даласында сексеуілі сықырлайды, қамысы билейді, желі күй тартады, оны таулары қалғи тыңдайды. Былай қараған адамға ешнәрсе жоқ, құлазыған құлан иек кең дала сияқты. Ал адами жүректі пендеге ол шулы теңіз, думанды базар, көшпелі консерватория.
Осы өлкеде дүние есігін ашқан қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов, шертпе күйдің шеберлері Тоқа, Әлшекер, Бапыш, Сүгір Әліұлы, қобызшы Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Файзулла Үрмізов, Генерал Асқаров, ақындар Құлыншақ Кемелұлы, Шәді Жәңгірұлы, Құлжабай Төлеуов, ақын-жазушылар Сәуірбек Бақбергенов, Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Бәтима Батырбекова, Якуда Амандықов, Жарылқасын Боранбаев, Өтеш Қырғызбаев, Жеңіс Қарғабаев, Ескермес Жақсымбетов, Мыңжасар Асқаров, Сағынтай Байділдаев, Мергенбай Салықбаев, Ләззат Омарова Байділда Айдарбеков, Нұрболат Адырбеков, елдің атын шығарып жүрген қайраткер азаматтар Бердібек Мейірбеков, елші Бағдат Әміреев, дарынды сәулетші Аманжол Найманбаев, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, ғалымдарымыз Ісмет Кеңесбаев, Әбдімәлік Нысанбаев, Людмилли Исаева, Жомарт Жеңіс, әнші-сазгерлер Пернебай Иманқұлов, Жанғали Меймандосов, Әділбек Нысанбаев, Марат Омаров, Кенжебай Шал, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов, Ахат Кенжебаев, Жұбаныш Жексенұлы, Мамырғали Байс сияқты дарынды азаматтар шықты.
Әруақты бабалардың киелі рухы осылай өз перзенттерінің жүректеріне өнердің, туған жерге деген перзенттік, дарындылық қасиеттің нұрын құйып мемлекетіміздің дамуы жолында өз үлестерін қосуына себепші етті.
Бүгінгі таңда ауданымызды басқарып отырған азамат Мейірбеков Берік Қуанұлы осы тұғырлы Теріскей өңірінің азаматы. 2010 жылдың қараша айында аудан әкімдігі қызметіне кіріскен ол бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалының ілгері дамуына тынбай еңбек ете отырып. Елдің рухани- мәдени өрлеуіне көп қолдау танытуда.
Биылғы жылы ауданнан шыққан, бірақ Қазақстанның қайсы бір жерінде жүрген іскер азаматтардың басын қосар «Ауылдың гүлденуі- Қазақстанның гүлденуі» атты кең көлемдегі акция өткізгелі отыр. Осы акциядан түскен демеушілік қаржы ауданның сәулетін көріктендіріп, зәулім ғимараттар мен ескерткіштер, халыққа қажетті жайлар салып ауылдың ажарын ашуға жұмсамақ ниетте.
4.
Өткен мерекелік күндерде аудандағы 1531 Алтын алқалы аналарға өзінің зор құрметін білдіріп, азаматтық танытты. «Жастар- елдің ертеңі» деген ұстанымды қуаттай отырып биыл ауданда «Жастар орталығын» ашуға үлкен жұмыстар жасалынып жатыр. Мүгедек жандар да қоғамымыздың мүшесі екенін ескерген аудан басшысы мүгедек жандар үшін тұрғын үй мәселесін шешуді бірінші кезекке қойып, сол азаматтардың алғашқы легін үй-жаймен қамтамасыз етті. Аудандағы жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналастыру мәселесінде аудан басшысы күн тәртібінде ұстап отыр.
Биылғы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында ауданда көкпар ұлттық ойынын жаңғырту, ақындар айтысын өткізу сияқты ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау жолға қойылуда.
Міне «Біздер де мынадай бар, мынадай бар» демекші кешегі тарих зобалаңын, жаугершілік замандарды, «Өзің қазақ, жерің Созақ саған да он жыл»-деп итжеккеншілеген солақай саясаттың ащы дәмін татқан, Созақ көтерілісінде «АллаҺу-лаған» созақтықтар бүгін мақтанарлықтай күнге жетті. Өлкеме нұр, кеудеме жыр құйылды:
Қасиетті Қаратау
Әулиенің кені еді,
Қасиетті Созағым,
Ұлы өнердің кемері.
Мұзарт өркеш Мыңжылқы,
Биіктіктің ерені.
Ұл мен қызы жайқалған,
Болашақтың желегі.
Ынтымағы, бірлігі,
Тең келмейтін теңеуі
Телегей күй Теріскей,
Ұлы өнердің кемесі.
Сан ғасырлық Созағым,
Терең тарих белесі-
Ырыс алды ынтымақты қалаған дархан даланың өркендей өсіп, өркениет тұғырына қонар кезеңі әлі де алда. Ол уақыт еншісінің үлесі.
Сырлы Созақ туралы айтуға жағың талады, сия жетпейді........
Мақсат ҚАРҒАБАЙ
Қазақстан журналистер Одағының мүшесі
Созақ өлкесі