Қазақстанда абсолютті доминат тіл – қазақ тілі, басым ұлт – қазақ
2017 ж. 09 маусым
4217
0
Өткенде ғана ресми статистика шықты. Қазақстан халқының саны 18 миллионға жетіпті. Құдай көп көрмесін дедік. Онда да елге келгені бар, кеткені бар, елдің жалпы саны осы болды.
Біз мына дерекке назар аудардық. 18 миллион қазақстандықтың 71 пайызын қазақ ұлтының өкілдері құрайды екен. Иә, 71 пайыз қазақ елде бар. Бұған қоса, 80 пайыздан астам аудитория қазақ тілді екенін есепке алыңыз. 80 пайыз деген қазақ тілін еркін меңгерген, сол тілде сөйлейтін жұрт. Сөйтіп, статистика Қазақстанда абсолютті доминат тіл – қазақ тілі, басым ұлт – қазақ болды дегенді анық айтып тұр.
Рас, шетте жүрген 5 миллионға жуық қазақ елге келгенде санымыз бұдан да едәуір көп болар еді-ау. Президент Назарбаевтың пәрменімен, қайта тіріле бастаған қазақ көші тоқтамайтын болса, тоқтатылмайтын болса, бұл қуаныштың да ауылы алыс емес. Дегенмен, жақында Астанада дүниеге тарыдай шашылған қазақтың басы жиылады. Құрылтай өтеді. Өкінішке орай, біздің билік үшін қазақтар қауымдастығының қадәрі жоқ. Есесіне Ассамблея деген ұйымды ұлықтаймыз келіп. Бұл туралы кейінірек жазамыз, айтамыз, дәлелдейміз.
Дегенмен, бүгінгі билік қазақтың талап-тілегіне құлақ түретін уақыт әбден жетті. Қазақстан енді көпұлтты мемлекет деген сынық сылтауды қойып, қазақ ұлтының мүддесіне жұмыс жасауы тиіс. Себебі, біз енді көп ұлтты мемлекет те, федеративті мемлекет те емеспіз. Біз - унитарлы мемлекетпіз. Демек, доминатты ұлттың қалауы орындалуы тиіс. Анығында демкоратияық принцип те бұған қайшы келе алмайтыны түсінікті.
Десек те, орыс тілді аудитория астаң-кестең болып жатқаны рас. Әсіресе, қазақ ұлтшылдарына қарсы астыртын шабуылдар басталып, тіпті Президенттің латын әліпбиіне көшу туралы бастамасына да бұлқан-талқан болғандар кездесті.
Нұргелді Әбдіғани, abai.kz