БОЛАШАҚҚА – ТАҒЫЛЫМ
2017 ж. 04 маусым
2054
0
Алматыда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары ескерткішінің ресми ашылу салтанатына репрессия мен ашаршылық нәубетіне ұшыраған адамдардың ұрпақтары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қала белсенділері мен жастар қатысты.
Жиында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, тарих ғылымының докторы Хангелді Әбжанов, Саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, жазушы Валерий Михайлов сөз сөйледі.
Қала басшысы монументтің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ашылып отырғанын жеткізді.
– Бүгін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті ашқалы отырмыз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, өткен жылы біз осы ескерткішті жасауға байқау жариялаған едік. Оған жиырма бір жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Ана – барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлттың ұйтқысы, келешектің кепілі. Ана қасіреті – ел қасіреті. Аштықтан бұратылған болашағын – өз сәбиін құшақтаған Ананың қайғылы халі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Ашылғалы отырған ескерткіш өскелең ұрпақтың жазықсыз шейіт болған ата-бабалар мен аналардың рухына бас иіп, Тәуелсіздіктің тәттілігін, азаттық пен бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін ұғына білетін киелі орын болсын деп тілейміз! Бұл ескерткіш – өткендер рухына тағзым, ал, болашақ үшін – тағылым, – деді Бауыржан Байбек.
qazaquni.kz