Кітап және қазақ елі
2017 ж. 29 мамыр
5197
0
Тәуелсіздікке дейінгі Орта Азиядағы мемлекеттердің кітап басу және тарату жүйесі негізінен бірдей болатын. Мәдениет министрлігі жанынан құрылған әдебиетті насихаттау бюросы жұмыс істеп тұрды. Ол кітап басу, оның республикаға таралуын, кітапханаларға жетуін, дүкендерде сатылуын бақылады, үздіксіз қамтамасыз етіп отырды. Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау арнайы қоры жұмыс істейтін. Осылайша, орталықтан тартып елдің барлық аудан, ауылдық орындарына (колхоз, совхоз) дейін қарапайым халықтың қолына кітап тиетіндей жүйе қалыптасқан болатын. Көпшілікке мәлім, орталық дүкендердің бір шетінде, ең кемі, кітап сататын бұрышы болушы еді. Мұндай жүйенің пайдасы: елдегі болып жатқан мәдени, әдеби өмірдің барлығы жұртшылыққа жететін. Халық кітап сатып алатын, кітап оқитын. Сол тұстағы статистикалық мәлімет бойынша Кеңестер одағында әр мың адамға шаққандағы кітап оқудың көрсеткіші Қазақстанда ең жоғары орынды иеленген. Елдің саяси басылымдарын есепке алмағанның өзінде ең беделді «Қазақ әдебиеті» газеті жүз мың тиражбен, «Жұлдыз» журналы үш жүз мың тиражбен таралыпты. Министрдің отбасынан қойшының киіз үйіне дейін газет-журнал табылатын-ды. Ал, бұгінгі жағдай қалай болып отыр? Ендеше, осы мәселеге жауап беріп көрейік.
1991 жылы Кеңестер одағынан бөлініп тәуелсіздігін алған елдердің саяси, экономикалық, рухани өмірінде түбірінен өзгеріс орнап, мүлде жаңа қоғам шымылдығын ашты. Тәуелсіздіктің ең кереметі сол, ұлт болып аңсаған ұлы армандар жүзеге асып, бодандықтан құтылып, еркіндікке қол жетті. Жүздеген жылдарға жалғасқан темірдей диктатуралық отарлаушылардың құрсауынан құтылып азаттығын алды. Дәл сол тұста қалыптасқан жүйелердің біразы күйреді. Пайдалы, керекті қоғамдық тіршіліктің көбі қараусыз қалды. Бірімен бірі байланысты болған республикалардың қан тамырлары қиылғандай қарым-қатынас үзілді. Ақша құнсызданып, дүкендердің тауарлары таусылып, халық қатты тарықты. Сөрелер босап, тұтынатын зат сарқылды. Зауыттар мен өндіріс ошақтары жабылып, жұмыссыздық жайлады. Ендігі жерде «Байтал түгіл бас қайғы» болып адамдар кітап емес, нан іздеп сапырылыса бастады. Ала дағар арқалаған жұрт базар жағалап басы қатты. Қытай асып, сауданың соңында кетті. Қарын қамы басты орынға шығып, рухани әлемге жанға «азық» болатын газет-журналға зауқы соқпай қалды. Мінеки, 25 жыл өтсе де сол кітап саудасының күйреген жүйесі қалпына келген жоқ. Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалалардан өзге жерлерде кітап дүкендері атымен жоқ. Мемлекет тарапынан шығатын саяси басылымдарды жаздырғаннан басқа еркін айналым жұмыс істемейді. Олай болса, «Елдегі кітап саудасының бүгінгі қал-жағдайы қалай?» деген сұрақ туады. Жауап беріп көрелік.
Үкімет кітап өнімдерін біржолата тоқтатпады. Алайда, өте дәрменсіз әлсіз жағдаймен жүріп келеді. Мемлекеттік баспа деген жойылды. Кітап шығаруды кәсіп еткен баспалар тәуелсіздікке дейінгі оншақтыдан көбейіп бүгінгі таңда әлденеше жүзге жетті. Барлығы жеке меншікте. Мемлекет әр жылы көктемде тендер өткізеді, сол тендерге күллі баспалар құжаттарын жолдап бәсекеге түседі, бағасын ұсынады. Яғни, мемлекет баспалармен шартқа отырып тапсырыс береді. Тендерді жеңіп алған баспа ұсынылған кітапты шығара бастайды. Автормен хабарласып келіседі. Кітап шыққан соң, әр баспа табағына он мың теңге (шамасы 30 доллар) қаламақы береді. Ал, кітап қайда барады? Қалай таралады? Кім оқиды?.. деген сұрақтарға былай жауап берер едік: Мемлекет бойынша он мыңнан аса Кітапхана (кітап оқитын мекемелер) болса, соның екі мыңының (осы кезде ең көп тираж 2000 дана) тізімін министрлік баспаға қоса береді. Баспа сол тізім бойынша өздері өндірген кітапты почта арқылы төмендегі облыстарға жіберіп отырады. Олар «қабылдап алдық» деген қағаздарын баспаға жіберген соң баспа барлық құжаттарды жиыстырып министрлікке жолдап «тапсырысты орындадық» деп, алған ақшаларының есебін өткізеді. Сонымен шаруа бітеді. Баспалар шығарған екі мың дана кітап 14 облыс, ірі қалаларға тізім бойынша таралады. Оны кітапханаға баратын оқырман ғана оқиды. Кітап сататын дүкендерге түспейді, оларға жеткізілмейді. Былайғы жұртқа, қараша халыққа кітаптың еркін саудамен баратын каналдары жабық. «Кітап өндіру бар ма?» десеңіз – «Бар!». «Мемлекет рухани өмірге қызмет етіп жатыр ма?» десеңіз, «иә!» деуге толық негіз бар. Барлығы «формально» – қағаз жүзінде дүние «түгел», «сақадай сай». Алдағы кезге арналған жаңа заң Парламентте қаралуда, алда тиражды 5000 данаға, қаламақыны баспа табағына 150 мың теңге (500 доллар) көлеміне өсіруге уәде беріп отыр. Бұл да болса, қаламгерлерге, кітап саудасына мемлекеттің көңіл бөлгенін білдіреді. Осылай болса да, кітаптың ашық саудаға шығатыны көрінбейді. Кітап саудасын тек қана жеке меншік баспалар өз мойнына алып жұмыс істеуде. Қаржылы, ірі компаниялар облыс орталықтарымен үлкен қалалардан дүкендер ашып сауданы жолға қоюда. Менің байқауымша, бірінші, оқулықтардың саудасы жақсы. Екінші, балаларға арналған әр алуан әдебиеттердің сатылымы біршама жоғары. Өзге жалпылық әдебиет тым-тырыс. Өте баяу, нашар жүруде.
Қоғамға назар аударсақ, оқу құралдары, тест сұрақ-жауаптары, қолданбалы техникалық кітаптардың қозғалысы бар. Керісінше, көркем әдебиеттің таралымы, сатылымы өте нашар. Міне, бұл 25 жылдан бергі ойсырап қалған кемшілік болып тұр. Адамдар енді-енді қарнын тойдырып, рухани өмірге араласатын кезге келе жатқан секілді... десе де, тым баяу. Бұған қарап Қазақстанда жазушы жоқ екен деуге бола ма? – Қабырғалы жазушыларымыз көп, көркем әдебиетте бар. Бірақ, халықтың қажеттілігі төмен, көркем әдебиетке сұраныс аз. Ендеше қайтпек керек? Осылайынша қала бере ме?.. деген сұрақтарға ой жүгіртіп көрелік.
Жоспарлы шаруашылық, әміршіл, әкімшіл жүйенің өзіндік зиянды тұстарымен пайдалы жақтары қатар тұрды. Социализм баспаны, газет-журналды, кітапты мемлекеттің идеологиясы ретінде қарап мықты жүйе жасап бақылап отырды. Соның арқасында тұтас қоғам да кітап оқитын жағдай белең алған болатын. Қазір болса, оның орнын әлеуметтік желі мен интернет иеленді. Қоғам (әсіресе, жастар жағы) көркем әдебиеттен гөрі информациялық жүгіртпе жолдарға, сенсациялық жаңалықтарға еліге бастады. Бұл да кітап оқуға кедергі келтіріп, оқу деңгейін құлдыратты. Өзге шетелде, айталық, Еуропада жаңа менеджерлер іске кірісіп, үздік кітаптарды өндіру, тарату, сату мәселесін сауда-сатыққа айналдырып кітапты тауар ретінде қабылдады. Сондықтан да, жаңалық бар. Бізде автормен байланыс, өтімді дүниелерді іздеп жүріп басу, сату мәселесі әзірге қалыптасқан жоқ. Бірді-екілі баспаларда көктемгі жаңа шыққан көк секілді тіршілік бар. Көпшілік баспалар мемлекеттік тендерге ауыз ашып, алақан жайып отыр. Басы ауырмайтын оңай шаруа... тендерді жеңіп алады, тапсырысты орындайды, авторға аздаған қалам ақысын береді де, кітаптарды поштадан «қоймаға» (кітапханаға) жібереді. Оны оқи ма, оқымай ма – ешкімнің түк шаруасы жоқ. «Мемлекеттің арнайы баспасы жоқ, бізде демократия, қоғамдық жүйе қозғалыста». Мемлекеттің ақшасына кітап шығып, халыққа жұмыс, руханиятқа қызмет көрсетілуде деген көрсеткіш орындалуда. Қазақстанға да Американың, Еуропаның кітап саласындағы реформасы қажет-ақ. Белсенді қоғам мүшелері (менеджерлер) шығып тоқырап-тоқтап тұрған кітап бизнесін қолға алуға тиіс. Әдебиеттің барлық жанрлары проза, поэзия, драматургиялық еңбектер ауадай қажет. Ішкі қажеттілікті оятатын үгіт-насихаттың дәуірі басталмай тұр. Жоғарыда айтқанымдай, шығармашылық, жазушылық тауарға айналмағандықтан даму, өсу нашар жүруде.
Қазақстан Жазушылар одағында 800 шамасында, Қазақстан Журналистер одағында 3000 шамасында мүше бар. Олар әр жылы жүздеген кітаптар жазады. Барлығы жарыса баспаларға ұсынады. Баспалар министрліктің тендерлік комиссиясына жолдайды. Жоспарға алған 30-40 кітаптан 3-4 ғана қабылданып қалғаны артқа сырылады. Өйткені баяғы оншақты баспа бұл күнде әлде неше жүз... барлығының көңілін қалдырмауға тырысқан «жоғарғы жақ» азғана кітаппен алдаусыратады. Бұның зардабы сапасыздық, немкеттілікке соқтырып оқырманның көңілін суытуда. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегеннің өзі.
Келесі бір айтатын нәрсе, қазақ жазушыларының еңбектері шығумен бірге шетел әдебиетінен де аздап аудармалар бар. Әлемдік озық туындыларды қазақ тіліне аударудың (жүз кітап аударылды) үлгілері көңіл қуантады. Өкініштісі, қазақ әдебиетін, өзімізді шетел тіліне, өзге халықтың ортасына жеткізу мүлде нашар жағдайда. Осыдан келіп біздің әдебиетімізді әлем оқырмандары білмейді. Бізге қарағанда көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде аударма ісі жақсы дамыған деп естиміз. Бұл біз үйренуге, жолға қоюға тиісті жақсы үрдіс.
Біздің әдеби өміріміз қазір осындай қиын жағдайда. Тендердің бір жаманы, жең ішінен сауда жасалып алдын ала «сыйлық» ұсынған баспаның бағы жанады да, үйлесімді жобасын ғана жолдағанның аты жолда қалады. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, бізде мықты рухани база бар. Енді ғана 25 жыл болған жас мемлекет үшін көп шаруалар ақырындап іске асып жатыр. Жуырда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мәселесін шындап қолға алды. Сананы өзгерту, ұлттық КОД-ты мықты меңгеру жөнінде жан-жақты жобалар жасалып жатыр. Тіл, дін, идеология – сапалы, көркем кітапсыз мүлде іске аспайды. Өмір кітаптан айналып өте алмайтынымызды көрсетіп отыр. Ақордадан басталған бұл жаңалық кітап әлеміне де жаңалық әкеледі деп сеніп отырмыз.
Дәулетбек Байтұрсынұлы,
ақын, Қазақстан
Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі
Алматы
qazaquni.kz