Шардарадан шыққан шарболат
2017 ж. 17 мамыр
4355
8
немесе есімі елге белгілі Зәуірбек Салықбаев жайлы бір үзік сыр
Осынау жер бетінде адам баласы жаратылғалы бері уақыт – тынысын, өмір өзен – ағысын, ұлы көш – керуенін тоқтатқан емес. Күндер – айға, айлар – жылдарға, жылдар – ғасырларға жалғасуда. Сол күндерден – белгі, жылдардан – жазу, ғасырлардан – таңба қалуда. Біз бүгін осынау өмірде өзіндік қолтаңбасы бар, өмір-керуен жолындағы жүріп өткен ізі өзгелерге үлгі-өнеге боларлықтай, 1990-1993 жылдары Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, бірнеше кеңшардың директоры, бірнеше ауданның әкімі қызметтерін абыроймен атқарған қоғам қайраткері, атпал азамат Салықбаев Зәуірбек Салықбайұлының өмір жолдары жайлы аз-кем мағлұмат бере кетуді жөн санап отырмыз. Зәуірбек Салықбайұлы 1957 жылы 12-мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Киров ауданы, «Победа» кеңшарына қарасты «Арбақалды» елді мекенінде дүниеге келген. Өкінішке орай, Шардара су қоймасы құрылысының жүргізілуіне байланысты ол елді мекен бүгіндері теңіз астында қалып қойған. – Туған жерім әліге дейін көз алдымда. Сағынышқа берілген шағымда Әжемсеңгірдің төбесіне шығып, өткен кезеңге ойша шолу жасап қайтам. «Арбақалды» – туған жерім болса, Шардара – екінші үйім. Есею жылдарым осы шежірелі өлкеде өтті, – дейді кешегі күндерге бүгінгі кезеңнен көз салған кейіпкеріміз. Балаң жігіт Зәуірбек 1972 жылы Шардара қаласындағы Қасым Аманжолов атындағы 8-жылдық мектепті ойдағыдай аяқтап шығады. Айтқандай, осы кезеңдерде сыныптасы Мейізгүл атты бойжеткенді іштей ұнатып, бала қиялымен аспан көкті шарлайтын. Сегіз жылдықты аяқтаған соң Арнасай ауылындағы он жылдық мектепке ауысқанымен талдырмаш қана қызға деген ыстық сезімі бір сәтке де толастамады. Асқаралы 60-қа толып отырған ағамыз бен жеңгеміз таяуда бір кездері өздері білім алған, бір-біріне деген ынтық сезімдері бастау алған аталмыш мектепке келіп, өздері оқыған сыныпқа бас сұғып, бір сәт балалық шақтарын еске алысты. Арқалы ақын атындағы мектеп ұжымына ақынның үлкен портреті мен бір топ жыр кітаптарын сыйға тартты. Осы мектепте білім алып жүрген оқу озаттары мен аз қамтылған отбасы балаларына жанұялары атынан тарту жасады. Білімге құштар, спортты жаны сүйетін Зәуірбек Салықбайұлы онжылдықты тәмамдаған соң еңбек жолын 1975 жылы «Арнасай» кеңшарында сушы болып бастады. Еңбекте ысылған жас жігіт арада көп уақыт өтпей Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына түсіп, аталған оқу ордасын 1982 жылы агроном мамандығы бойынша аяқтап шығады. Оқуын аяқтауға бір жыл қалғанда өзінің бала күнгі қол жетпес арманындай болған ғашығы Жамбылдағы технологиялық институтта оқып жүрген Мейізгүл Белтайқызымен шаңырақ көтеріп, отау тігеді. Жоғары білімді жас маман оқуын бітірісімен Қазақ ССР Мемлекеттік сақтандыру басқармасында инспектор болып бір жылдай жұмыс істейді де 1983 жылы Шардара ауданының «Қызылқұм» кеңшарында аға агроном, кейіндері бригадир болып қызмет атқарады. Осылайша кеңшардағы еңбек өнімділігін еселеп арттыруға зор үлес қосқан жас маман, жалынды комсомол 1990 жылы небәрі отыз үш жасында Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланады. Жоғары Кеңес таратылған 1993 жылға дейін осындағы аграрлық комитеттің тұрақты мүшесі болады. Бұла күші бойына сыймай, жігері тасып тұрған жігіт «депутат болдым, толдым» демеді. Осынау үлкен мүмкіншілікті пайдаланып, елдің дамуы үшін қайткенде де пайдамды тигізуім керек деп шешті. Жоғары Кеңестің депутаты болып жүргенде 1991 жылы «Арал экологиялық аймағы» туралы заң жобасы қаралатын болады. Туған өлке табиғатын тамаша білетін жас депутат осы жолы аталған заң жобасының тізіміне Шардара ауданын да кіргізеді. Қазір бұл мәселені айтуға оңай болғанымен сол кезде ол үшін көп тер төгу керек еді. Зәуірбек тер де төкті. Төгілген тер үмітті ақтады. Содан бері Шардара ауданы халқының еңбекақысына 20 пайыз қосымша қосылып келеді. Бұл аймақтың адамдары еңбек демалысына шыққанда өзге аудандардағы әріптестерінен бір апта көп демалатын болды. Жоғарғы Кеңестегі жас депутаттың жігерлі іс-әрекетінің арқасында Шардара халқы осындай жеңілдіктерге ие болды. Зәукең сол тұста Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік декларациясының қабылдануын қуана құптап, дауыс берген болатын. Осынау тарихи құжат қабылданысымен артынша Ата Заңымыз, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, Әнұраны, Туы туралы Заңдар қабылданды. Еліміз енді ғана тәуелсіздік алған тұста ел экономикасының қалай тұралағаны тарихтан белгілі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы әне-міне құрдымға кетердей көрінген. Сол кездері Үкімет тарапынан еліміздегі барша өндірісті жекешелендіру саясаты қолға алынды. Белгілі бір механизмі бекітіліп, жоспар құрылды. Осындай жоспарларды жүзеге асыру мақсатында Зәуірбек Салықбаев 1992 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты бола жүріп, Шардара ауданына қарасты сол кездегі «Октябрьдің 50 жылдығы» кеңшарына директорлыққа бекітілді. Мұндағы мақсат – жоғарыдағы тәжірибені пайдалана отырып, осы аймақтардағы кеңшарларды жоспар бойынша таратып, қарапайым халыққа тиесілі пай үлестерін дұрыс бөліп беру еді. Зәуірбек Салықбайұлының аталған кеңшарды басқарған 1992-1997 жылдар аралығында бұл міндетті үлкен абыроймен атқарып шыққандығын сол уақыттары қызметтес болған әріптестері мен ауыл тұрғындары әліге дейін масаттана әңгіме етеді. Әу баста білімге құштар біздің кейіпкеріміз жоғарыда аталған кеңшарды басқара жүріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық Университетінде заңгер мамандығы бойынша білімін жетілдірді. Аталған кеңшардың бар мүлкін шаруаларға тиімді етіп таратқан Зәуірбек Салықбаевтың іскерлігін танып-білген облыс басшылары оны 1997 жылы осы Шардара ауданының әкімі етіп тағайындады. Осынау жылдар еліміздегі ең бір қиын-қыстау кезең болғандығына қарамастан Зәкең ауданның экономикасын көтеруге күш салды. Шардарадағы шаруаны қалыпқа түсіргенін көрген облыс басшылары көп ұзамай Зәкеңді облыстағы артта қалған аудандардың бірі – Отырардың экономикасын көтереді деген сеніммен сол ауданға әкім етіп жібереді. Жұмыстың көзін таба білетін, еңбектің қара қазанында қайнаған іскер жігіт мұнда келісімен де аудан экономикасын көтерудің тетіктерін жан-жақты қарастырды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін арттыруға ден қойды. Бюджеттік саясат пен экономикалық ахуалды көтерумен бірге ауданның мәдени-әлеуметтік жағдайын түзеу жолында аянбай еңбектенді. Зәкең осында келген соң ел ішінен қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың «Келешекте ел Арыстан баб арқылы көтеріледі» деген сөзін естиді. Бұл әңгіменің шығу тарихы былайша баяндалады. «Шаруа адамдары үшін аса қолайсыз болған 1968-1969 жылдардың қысында қалың қар жауып, ақ түтек боран айлап соғып, шаруашылықтың мыңдаған қойы қырылып, шопандар құр таяғын ұстап қалады. Осынау қыруар шығын жайлы әңгіме сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың да құлағына тиеді. Сонда Димекең: «Ел аман ба? Арыстан баб аман ба? Келешекте ел Арыстан баб арқылы көтеріледі» деген екен. Үлкен кісінің осынау сөзін жадына тоқып алған Зәкең осындағы үлкен тарихи орын, исі мұсылман қауымы үшін қасиетті мекен болып табылатын – Арыстан баб кесенесінің абаттандырылуына үлкен мән береді. Кеңестік идеологияның кесірінен қараусыз қалған кесене басын бастан-аяқ жөндеуден өткізіп, мәдени мұрамыздың мұрты бұзылмай сақталуына үлкен ықпал жасады. Кесене ретке келген соң оның айналасына түрлі мәдени орындар – мешіттер, кітапхана, музейлер бой көтеріп, халықтың рухани мәдениетін көтеруге септігін тигізді. Отырар ауданының тұрғындары Зәкеңнің осы секілді игілікті істерін күні бүгінге дейін құрметпен еске алып, ризашылықпен әңгіме етіп отырады. Зәуірбек ағамыз 2000-2001 жылдары Шардара ауданындағы бұрынғы «Комсомол» кеңшарында директор қызметін атқарды. Мұнан кейін 2001-2003 жылдары «Оңтүстік су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Шардара ауданындағы филиалының бастығы, 2003-2009 жылдары аралығында «Оңтүстік су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты «Табиғат қорғау» қазыналық кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. Осы қызметті атқара жүріп ауыл шаруашылығы экономикасын зерттеу институтында «Шардара, Отырар аудандарының ауыл шаруашылық өндірісін қайта құрылымдау» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты атанды. 2012-2013 жылдары «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры қызметтерін абыроймен атқара білді. 2014 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитеті мен Бүкіләлемдік банктің техникалық консультанты қызметін атқарып келеді. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Бүкіләлемдік банктің бірлескен Республика аумағындағы суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарының Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы үйлестірушісі. Сонымен бірге диссертациялық жұмысының тақырыбы аясында Қызылқұм өңіріндегі суармалы жерлерді қалпына келтіру мәселелерімен шұғылдануда. Осы мәселе бойынша дәл қазір Қызылқұм, Сүткент, Ақшеңгелді ауылдарында зерттеу жұмыстары қолға алынып отыр. Шардара мен Мақтаарал аудандарының тұрғындары екі аудан аралығына Арнасай бағыты арқылы қатынас жасайтын жолдың жабылып қалғанына қатты қынжылыс білдіріп жүрген. Зәуірбек Салықбайұлы елдің осынау мұқтаждығын ескеріп, екі аудан тұрғындары үшін өте пайдалы болып табылатын аталған бағыттағы жолды жөндеу жұмыстарына бастама көтерді. Бұл жұмыстарды Бүкіләлемдік банк қаржыландырып отыр. Халық даналығында: «Мешіт салу, көпір тұрғызу, жол салу үлкен сауапты іс» деген ұғым бар. Осы тұрғыдан алып қарағанда біздің кейіпкеріміздің қандай сауапты іске бел буғанын көруге болады. Зәуірбек Салықбайұлының қолы қалт еткенде кітап оқып, ат баптағанды жаны сүйетінін де атап кеткеніміз жөн шығар. Бала күнінде аттың құлағында ойнаған ағамыздың қолынан шыққан тұлпарлар талай көкпарда елдің ыстық ықыласына бөленген. Бәзбіреулердей «ананы өйттім, мынаны бүйттім» деп көкірек ұрмайтын, жасаған тірлігі үшін біреуден бірдеңе дәметпейтін ағамыздың жоғарыда атап кеткендей ерен еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, Астана медалімен, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығы және 25 жылдығы мерекелік медальдарын кеудеге тақты. Ағамыздың 1981 жылы Мейізгүл жеңгемізбен отау көтеріп, шаңырақ құрғанын жоғарыда атап өттік. Жамбылдағы технологиялық институтта жоғары білім алған жеңгеміз де шаруашылықта бірнеше жыл еңбек етті. Кейіндері ұл-қыздары бірінен соң бірі дүние есігін ашқан тұста азаматының жағдайын жасауға бел буды. Отбасылық өмір – жаңадан тұрғызылып жатқан ғимарат секілді. Ал күнделікті болып жатқан оқиғалар – оның кірпіші іспеттес. Қандай үйде тұратындықтары қос ғашықтың еншісінде. Ақылды әйел отбасының әр күнін бақыт пен шаттыққа толтыруға тырысады. Қазақ халқының «Әйел – отбасының тірегі, ұйытқысы. Береке мен бірліктің бастауы» деген қанатты сөзін айнымас қағида етіп ұстанған Мейізгүл жеңгеміз отбасының берекесін кіргізіп, ұл-қыз өсіріп, татулығын тұрақтандырғаннан асқан бақыт жоқ деп білген жан. Ағамыз бен жеңгеміз осы күндері өз кіндіктерінен бес перзент сүйіп отырған бақытты жандар. Үлкені Жазира заңгер мамандығын алған. Жолдасы Ақан да осы саланың маманы. Екінші қыздары Ұлман науқастарды емдеуді қалап, дәрігер мамандығын таңдаған. Ұлманның ері Тимур да ақ халатты абзал жандар қатарында. Кіші қыздары Жанар қаржы саласын меңгерген. Жолдасы Данияр кәсіпкерлікпен шұғылданады. Ағамыздың тізгін ұстары Ербол ініміз бүгінгі таңда Республикалық «ҚазСушар» мекемесінде жауапты қызмет атқаруда. Ақмарал келін қаржы саласының маманы. Ерболдың ұлының есімін Мырзақадыр деп қойған. Сүт кенжелері Серікболсын заң саласында. Қазіргі таңда Шардара аудандық прокуратурасының прокуроры қызметінде. «Әке – асқар тау, Ана – етегіндегі бұлақ, бала-жағасындағы құрақ» – дегендей, Салықбаевтар әулетінде осылайша заңғар да биік таудың басынан сарқырай аққан бұлақтың жағасында жас құрақтар жайқала өсіп келеді. Өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, қиындығы мен қызығын қатар көріп келе жатқан өнегелі өмір иелеріне біз де алдағы уақыттары зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілегіміз келеді. Сәбит Лаханов qazaquni.kz