Асқар Жұмаділдаев - Бастауыш, орта мектептің барлығы Мемлекеттік тілде оқытылуы керек
2017 ж. 05 мамыр
9610
24
Массагет қазақ жастар порталының «АЙНА» атты жобасында ішкі сырымен бөлісуге келген кезекті тұлға белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы (1988), профессор (1990), Қазақстан ҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаев.
Әр адам өзі таңдаған бағыт бойынша жүреді, сол бағыттың төңірегінде ой толғайды, тон пішеді. Ең бірінші кезекте адалдықты жоғары санайтын Асқар Жұмаділдаев жеке туы болса, туға есектің басын бейнелейтінін айтты. Неге десеңіз, адамзатқа ең көп пайда әкелген жануар – есек. Отынды да тасиды, суды да тасиды, тезекті де тасиды, қара жұмыстың бәрін істейді, бірақ жұрттың бәрі есекті сөгеді де жүреді. Ғалымның айтуынша, математика да дәл сондай. Жұртқа ең көп пайда әкелетін салалардың бірі – математика, бірақ жұрттың зәресін алатын да – математика.
«Математиканы мен кей-кезде есекке теңеймін. Есектің еті харам, ісі адал», - дейді Жұмаділдаев.
Ол үшін ең ұлы математик – әл Хорезми. Әл-Хорезми ұстанған принцип – минусты плюске айналдыру. Демек, теріс санды сан деп мойындамаған, теріс болса оңға айналдырыңдар деген.
Асқар Жұмаділдаевтың да ұстанымы осы – минусты плюске айналдыру. «Жеңілісіңді жеңіске, ұтылғаныңды ұтысқа, жамандығыңды жақсылыққа айналдыр» дедйі ұстаз. Сұхбат барысында ең басты тақырып ретінде саналған мәселелердің бірі – үштілділік, яғги ағылшын тілін қалай да үйрену.
Осы мәселе төңірегінде ой қозғаған профессор қазақтарды қытайлықтармен салыстырып сөйледі: «Ағылшын тілін үйреніп отырған үнді, қытай, жапон ақымақ емес, қазақ та ақымақ емес. Ағылшын тілін қазақ та үйрену керек. Бірақ қазақтың ақымақтығы мен қытайдың ақымақтығын байқап көрейік. Қытайда ағылшын тілі қытай тіліне қосымша ретінде оқытады, бірінші сыныптан он екніші сыныпқа дейін барлық сабақ қытайша өтеді. Тіпті, Үрімшіде қазақ мектептері жабылып жатыр. 5-сынпықа дейін Қытайдағы бар қазақ қытайдың тарихын оқиды, сомен қазақ тілі бітеді. Ал ағылшын тілінде қосымша оқытылады.
Ал қазақ ағылшын тілін қазақ тіліне қосымша емес, қазақ тілінің орнына жүргіземіз дейді. Осы жағы маған түсініксіз. Менің ойымша, бастауыш, орта мектептің барлығы да мемлекеттік тілде оқытылуы керек. Ал ағылшын тілі қосымша пән ретінде есептелсін. Осы бағытпен кете берсек, қазақ тілі – отбасы тілі болып қалады. Қазақ тілінде тек әдебиетті, тарихты ғана айтуға болады, басқа ештеңенің қажеті жоқ» -
деп сөзін түйіндеді Асқар Жұмаділдаев қоғамдағы проблемаға көз жүгірте отырып.