Балаларды пышақсыз сүндеттеген Қарамолда әулие туралы білесіз бе?
2017 ж. 04 мамыр
7716
3
Қарақұмда емшілігімен талай жанға шапағаты тиген Қарамолда әулие өмір сүрген. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеден озған абыз ақсақалдың қасиетіне алыстағы болгарлық сәуегей Ванга да бас иген. Бұл жөнінде Baq.kz порталының Қызылорда облысындағы тілшісі зерттеп көрген еді.
Қарамолда атамыздың алдына ұлты да, елі де басқа жандар келіп, ем алатын болған. Қарамолда атаның жасы 76-ға келген ұлы Жақсылықтың айтуынша, әкесіне емделуге жер-жерден – Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан адамдар жиі келетін.
«1959 жылы жаздыгүні 9-сыныпты бітіріп демалыста жүрген кезім. Әкем жылқы бағатын, бірақ сол кезде ол да демалыс алған еді. Қасымызда тағы бір қойшы бар, үшеуіміз құдықтың жанында отырғанда үш адам келді, екеуі орысқа ұқсайды, бірі қазақ. Қазақ тілмаш болса керек. Әкеммен тілдескенде ол айтқан сөздерін аударып беріп отырды. Сөйтсе, олар Украинадан екен. Мұнда болгариялық Ванга деген әйел жөн сілтеген. «Бізге Қарамолда атаның емшілік қасиетін Ванга айтты. «Қазақстанда, құмның арасында бір қария кісі тұрады. Сендердің науқастарыңның емі сол кісіден» деген соң алыс та болса дертімізге дауа іздеп келдік» деді салардың бірі. Қандай аурумен ауырып келгенін білмеймін, ол кезде бала едік қой. Бірақ дертінен айығып, жақсы болып қайтты. Ванга жіберді деп келген сол адамдар екі қап консерві әкелгені есімде. Мұсылмандар үйінен тамақ бермейді деп есітіпті. Әкем мал сойдырып күтіп алды. Кетерінде әкелген консервілерін бізге тастап кетті. Ол кезде консерві дегенді көрмегенбіз, таңсық қой, соны жеп мәз болғанымыз есімде», – деп еске алды Жақсылық.
Қазалы өңіріндегі Қарақұмда Тапа деген елді мекенде тұратын Аманжол Жұмабеков қария да Қарамолда әулиенің қасиетін көзбен көрген.
«Менің әкем Жұмабек Қарамолдамен бірге жылқы бақты. Сол кезде ол кісінің кереметі мен емшілік қасиетін адамдар айтып жүретін. Біздің Қазалы өңірінде ол кісіге емделмеген адам кемде-кем шығар. «Менің қолымнан не келеді? Бәрі Алла Тағаланың қолында, Алладан жәрдем сұраңдар» дейтін емделуге келгендерге. Емдегені үшін ешкімнен ақы сұраған емес. Менің әкем ол кісіден біраз жас кіші болса да, арақ ішпейтін адам болған соң ба біздің үйге жиі келетін. Өзі өте аз сөйлейтін, сабырлы болатын. Абайдың өлеңдерін жатқа білетін, Лев Толстойдың жазғандарын оқитын. Қарамолда балаларды пышақсыз сүндетке отырғызатын. Мені де пышақсыз сүндеттеген сол кісі. Қазір 70-темін. Замандастарымның көбі сол кісінің алдынан өткен», – деді Аманжол аға.
Айта кетейік, Қарамолда әулиенің шын есімі – Әлмұхаммед Қалдыбайұлы. Ол Қазалы уезінде 17-ші ауылда (қазіргі Мұратбаев ауылы) 1892 жылы дүниеге келген. 100 жасаған әулие Қазалы ауданының қазіргі Жанқожа батыр ауылына қарасты Қарақұмның Жетімшағыл деген жерінде (Шәкен) 1992 жылы қайтыс болған. Бұқарадағы атақты «Көкілташ» медресесінде тәжіктің атақты ғұламасы Садриддин Айни, белгілі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен қатар оқиды. Сонда жеті жыл дәріс алып келгесін елге қызмет қылады.