ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ ДОПТЫҢ ШУЫ, ТОПТЫҢ «ШОУЫ» ЕМЕС...

Аллаға тәубе. Егемендік алғалы шеттен 800 мың қазақ өз отанына оралды. Десе де, әлі де болса 5 миллион қазақ жат жұртта көз жасын көлдетіп атамекенге жете алмай отыр. Жеткені былай тұрсын, көптеген отбасы кері көшіп, келемін дегендердің көңіліне су септі. Қазірге дейін қытай тарапынан 200 отбасы, Моңғолия жақтан бұрынды-соңды 300 отбасы, Өзбекстан және өзге елдерден 400 отбасы келген еліне қайтып кетті. «Сайыңнан сайғақ құрлы пана таппай» жылап кетті.

Kazaktar

Ендеше, суынған көңілді қалай жылытамыз, тоқтауға жақын көшті Атажұртқа қарай қалай толқытамыз?

Сауал да көп, зауал да көп. Бірақ жауап алдамшы. Құзырлы органдар өз құмалағын төрттен қоймақ ниетпен «сен жақсы да», «мен жақсы» деп жоғарыда Президентті, төменде халықты алдайды. Тіпті шетке қайтып кеткен қазақтарды «жеп қашты», «ұрлап, тонап кетті» деп байбалам салып, құқық қорғау органдарымен дабылдата қуғандар да аз болған жоқ. Жетімдік көріп қашқандарды жер түбіне жібергісі келді. Оралман аталған аға-бауырының «оңбағандығына» сенген жергілікті тұрғындардың біразы сол туысқандарына күдікпен қарады. Оларды одағай санап, өгей көрді. «Орал» деп емес, «оралмай-ақ қойсын» деп ойлаушылар да табылды. Ел ішіне іріткі түсті. «Ойынды» осылай қыздырып оның қызығын кімдер көрді?

Халықаралық босқындар ұйымы жағынан осы елге бөлініп жататын қомақты көмектердің, «Әблязовтар» мен «Әлиевтердің» қалтасында кеткен есепсіз қаржылардың мыңнан біріне жетпейтін, 800 мың қазақтың оралуына жұмсалған «тиын»-ның соңына түскен сорақы қуғын талайдың сорын қайнатты да. «Айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылды». «5 теңге» үшін бет жыртыстық. Кәнігі қарақшыларға жолы ашық мына қоғам қарашаларын қайдан аясын, қан қақсатты. Шет жұртқа тарыдай шашылған халықты тағдырдың тағы бір сыны күтті. Көш тоқырады. Енді елді осы қиындықтан құтқарар, көшке көлік, көңілге шуақ сыйлайтын кіміміз бар?

Құзырлы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне қарасты Көшi-қон комитетi таратылып, Iшкi iстер министрлiгiне қарасты Көшi-қон полициясы комитетi жүкті өз мойнына алды. Көш жайында халықаралық заңдарды негізге алғанымен қандастарының мә­селесінің мәніне терең үңілуді білмейтін олар не істерін білмей мәңгіріп қалды. Көмекті кімнен сұрайды? Оралмандардан ба, жоқ, оларға сенбейді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы деген қара шаңырақ бар. Бірінші құрылтайда тізгінін Пре­зидентіміз Н.Ә.Назарбаевқа ұ­татқанымызды оң ұпай етіп, жоғары-төменге Нұрекеңді «қалқан» етіп жүрген. Дана саясатын сеніп тапсырған Елбасымыз олардың былық-шылығын қайдан білсін. Сөйтіп, «есі кеткен ешкіні апа дейтін» күймен Ішкі істер осы Қауымдастыққа жүгінді. Олардың «ақ дегенін алғысқа, қара дегенін қарғысқа» балауға мәжбүр болды. Көшi-қон полициясы Қоғамдық кеңес құрып, оның төрағалығына Талғат Мамашевты ұсынып үлгерді. Қауымдастықтың «сценарийі» бойынша жүрген бұл шара «сіз», «біз» дескен жұмсақ сөзділердің бас қосуымен баянсыздыққа мойын бұрды.

Дегенмен де «үмітсіз – шайтан» деген ғой. Көшті қаңтарысқанмен көптің «көңілін қалдырғысы келмейтін» Қауымдастықтың ал­дағы Құрылтайынан да үлкен шешім күттік. Санаулы күндерден кейін – мамырда Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы өтпек. Олар не қарайды екен? «Қан жылаған қазақтың қабыр­ғасын қайыстырған қай тақырыпты қаузар екен?» деп елеңдестік. Бірақ тағы да үмітіміз селге, ұлы істеріміз желге кететін түрі бар.

Бір өзін барлық істі тындырып, апырып-жапырып жатқандай көрсеткісі келетін, бұрынғы мәдениет министрінің жұмсақ креслосында «жаман үйренген» Мамашев мырзаның жақында «Түркістан» газетіндегі сұхбатын көріп түсімізден шошып ояндық. Келелі бас қосуды құрылтайға емес, «құрылтайдың ұясына» айналдыратын түрі бар. Неге дейсіз ғой, «алдағы мамыр айында өткелi отырған құрылтайдың күн тәртiбiнде қандай мәселелер қаралмақ?» деген тілші сауалына Тәкең былай депті:

«Жалпы Құрылтайдың мақ­саты – осы бес жылдағы жасал­ған жұмыстарды қорытындылап, алдағы мiндеттердi айқындау. Сонымен қоса ауқымды мәдени шаралар өткiзбекшiмiз. Дәстүрлi қолөнер шеберлерiнiң көрмесiн ұйымдастырамыз. Ақындар мүшәйрасы өтедi. Қазақстан өнер шеберлерiнiң гала-концертi және шетелден келген өнерпаздарымыздың концертi ұйымдастырылады.

Құрылтай 3 күнге жоспар­ланған. Алыс шетелдерден 350-ге жуық қазақ, Қазақстанның өз аумағынан 300-дей делегат келедi деп болжануда.

Бұл Құрылтайдың негiзгi қонақтарының 60 пайыздан астамы жастар болады. Бiздiң болжамымызша, 32-34 елден қазақтар келедi. Бiр күндi спортқа арнауды жөн көрiп отырмыз. Ондағы мақсатымыз – 10-12 футбол командасын жасақтап, халықаралық футбол турнирiн ұйымдастыру. Еуропадан 2 команда келедi. Сонымен қоса, ұлттық спорт түрлерiн насихаттау мақсатында көкпар, қыз қуу, аударыспақ, тоғызқұмалақ секiлдi ұлттық спорт түрлерiнен де жарыстар өткiзбекпiз. Еуропадағы қазақтар жыл сайын өздерiнiң Кiшi құрылтайын өткiзедi. Осы Құрылтай аясында футбол турнирiн өткiзедi. Еуропаның он елiнен команда келедi. Тiптi кей мемлекеттен екi-үштен команда жасақталады екен. Ылғи қазақ жiгiттерi. Солардың iшiнде Швеция мен Голландияның жасөспiрiмдер командасында ойнап жүрген қазақ жiгiттерi бар. Еуропаның аты азулы командаларында ойнап, кәсiби деңгейге жетiп қалғандары да жеткiлiктi. Түркияның футбол командасы да өте мықты екенiнен хабардармыз. Солардың арасында да қазақтар көп. Әрине, олар 16-17 жастағы жасөспiрiм балалар. Егер оларға спорт мамандарының көздерi түсiп, келiссөз жүргiзiп жатса құба-құп».

Сөзінің арасына «көші-қон­дағы қиын түйіндерді ше­шеміз» деген тұздық кірістіріп отырады. Ол қандай қиын түйін, кім шешеді, қалай шешіледі? Ол жағын айтпақ түгілі өзі де білмейді.

Осылайша «ит қуды, қоян қашты» балалардың теке-тіресі мен құлағымыз жауыр болып жүрген «Шоу» мен шу. Тіпті жоғарыдағы жұмыстарды «Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы» дегенннен гөрі Мәдениет минитрлігі мен Туризм және спорт министрлігінің бірлескен іс-шарасы деп атау жөн сияқты. Енді қайттік, шетте жатқан 5 милион қазақ өз балаларының «әләуләйға» басып, доп қуғанына зәру ме еді? «Қазақбайлар» мен «мазақбайларға» қор болған қайран бауырларым-ай. Көз жасың құрғамай шет жұртта шер көкірек болып тағы да жылап жүре бересің бе?! Немесе өзге ұлттың телегейіне шөгіп телім-телім боласың ба?

Сұхбаттың тақырыбында көрсетілгендей, шынында да «бұл құрылтай бұрынғыдан өзгерек» екен. Бұрынғылары, әсіресе Қалдарбек Найманбаев заманында құрылтайлар ел мен жер тағдырына қатысты біраз мәселелерді шешіп еді. Енді міне жылағымыз келсе де күлген секілді көріну үшін зорлықпен ыржиысып концерт-шоу тамашалауға, спорттық ойындар көруге тура келетін түрі бар. Шеттен келетін 300-400 кісіге шашылатын басы артық шығынды тағы ойлаңыз.

Сұхбатта Мамашевтың негізгі мақсаты «ұмытылып» қалыпты. Ол осы ретте шеттегі қазақтардың өзі үшін еңбек сіңіргендеріне арзан марапаттар алып беріп, солардың қолдауымен құзыреттілігін 5 жылға қайта ұзартып алу. Ал өзін қаламайтын ашық ауыздардың бірде-бірін құрылтайға қатыстырмау деген сөз. Міне, бүкіл құрылтайдың және сценарийдың негізі түйіні – Осы! Ал баяғы «жартас бір жартас» – шешілмеген түйіндер мен даулы мәселелер жылы бүркелген күйі қала берсе, тағы да қазақтың қасіреті қалыңдағаннан басқа түк емес қой!

Ішкі істер сеніп отырған аты Алатаудай ұжымның иесі Т.Мамашевтың түрі мынау. Енді кімге сенеміз? Десе де үмітімізді үзгіміз келмейді. Шеттегі қазақты Отанына оралуға оятқан Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл жөнсіздікті ретке келтірер деп ойлаймыз. Әсіресе жастарды қолдауға ерекше көңіл бөліп келе жатқан Президентіміз бұл орынтақтың тізгінін ақылды, білімді, қандасына қабырғасы қайысатын зерделі жастың біріне берсе, бәлкім өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілер ме еді. Мүмкін сонда ғана көші-қонның аяқ алысы президентіміздің өзі ойлағандай оң бағытқа қадам басар ма еді, қайтер еді?!

Қазақ көшінің қанаты мен санаты елім деген ерлердің ар-намысына сын!

Әлем қазақтары әреңге бір бас қосқанда доптың соңынан кетіп, сордың сорпасына шыланбайық. Шетте 5 миллион қазақ бізге қарап жәудіреп отыр. Қазақ құрылтайынан қазақтардың күтері көп.

Жәди Шәкенұлы