Еңбекті бағалау –елдікке сын
2009 ж. 19 тамыз
5832
1
Ақындары әкімдерін іздесе, Ондай елдің маңдай соры бес елі. Әкімдері ақындарын іздесе, Бақыт нұрын кешеді. Биліктің биік шыңына шыққан князь Сайондзи әдебиетші қауымды өзінің сарайына кездесуге шақырғанда Нацумэ Сосэкий: «Сөз өнері жайлы сұхбаттасу үшін мен билеушіге бармаймын, билеушінің өзі маған келуі керек» депті. Джон Кеннеди АҚШ Президенті болып сайланғаннан кейін ол Уильям Фолкнерді шайға шақырып, жазушының ақыл-кеңесін тыңдағысы келіпті. Фолкнер Президентке бара алмайтынын айтқанда Кеннеди онда сізге мен келейін десе керек. Оған жазушы: «Менің уақытым жоқ. Әркім өз шаруасымен айналыссын» депті. Үш дәуірден, үш халықтың өмірінен келтірілген осы үш мысалдан Сөздің киесі мен иесінің қадір- қасиеті анық танылып, абыройы асқақтап тұрған жоқ па?! Бұл бұрын ғой, ал, қазір ше? Оралып өтуге болмайтын осы сауал қасқайып қарсы алдыңнан шыға келгенде «әттең!» деп тіліңді тістемеске амал жоқ. Неге? Бүгінде әкімдер ақындарын іздемейді. Сосын даланың дана қарттары айтқан әкімдерін іздемейтін Ақындар, Нацуме Сосэкий, Уильям Фолкнер сынды өз бағасын білетін, тіршілік қамымен билікке басын имейтін тәкаппар, ірі таланттар аз, тым аз, оның есесіне құдайдай құдіретті сөздің қадір-қасиетін білмейтін, таланттың киесінен қорықпайтын таскерең әкім-қаралар мен бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін байшыкештер көп, өте көп. Дей тұрсақ та, ақынын іздейтін әкім мен биліктің биік баспалдағында жүрген ақиық азаматтар саусақпен санарлық болса да бар екен. Соның бір дәлелі ана жылы Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтың Алматыда тұратын ақындардың бірін арнайы іздеп келіп, сәлем бергенін мерзімді баспасөзден оқып едік. Еңбек жолын қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастаған, өмірдің өзімен бірге өсіп, халықпен біте қайнасқан Серік ініміздің халықтың рухын көтеретін рухани қазынаға деген елгезектігі мен сергектігіне ертеден тәнті едік. Бұл қазынаның бас қамқоршысы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі екенін ел жақсы біледі. Елбасының сенімді серігі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің жөні бөлек, жолы басқа. Асыл сөз - әдебиетті қадірлейтін осындай тұғыры биік тұлғалардың қатарында Өмірбек Байгелди тұр. Еңбекпен есейген Өмірбек ағамыздың колхоз, аудан, облыс басқарғанын, сосын Парламент Сенатының спикері болғанын да ел біледі. Өмекең биліктің биігінде жүргенде де халық қазынасына қамқор болудан танған жоқ. Және оған тарихымызды түгендей жүріп аса бағалы, аса мол олжа салды. Ол ашқан жаңалықтың, ол салған олжаның аты – Елібай, Қытайдың сан ғасырлық тарихындағы ұлы ақын, қандасымыз Елібай - Ли Бай, Ли Бо. Біз кезінде «Егемен Қазақстан» газетінен тарих ғылымының докторы Мұхтархан Оразбайдың «Қытайды қайран қалдырған қандасымыз Елібай ақын туралы не білеміз?» деген мақаласы мен оған жедел үн қосқан Шерағаң - Шерхан Мұртаза лебізін оқып, елегізіп қалып едік. Арада біраз уақыт өткесін Өмірбек Байгелдидің Қытайға барып, зерттеу жумыстарын ұйымдастырып, өте құнды мәліметтер жинағанын, Елібайдың өлең кітаптарын алып келіп, қандас ақынымыздың жырларын қытайшадан қазақшаға жолма-жол аудартып, сосын бір топ талантты қазақ шайырларына тәржіме жасатқанын естіп, қуанып қалған едік. Қытай елінде айға жуық уақыт болған Өмірбек ағамыздың сол сапарының тағы бір жемісі - 10 сағаттық кино түсірілгенінен де хабардар болатынбыз. Ұлтымыз үшін аса қажетті осындай ұлы іс тындырған Өмірбек Байгелди жақында Алматыға арнайы келіп, зиялы қауыммен кездесіп, келелі кеңес құрды. Өмекең өзімен кездесуге Елібай ақынның өлеңдерін тәржімалаған шайырлар мен оның жыр жинағын жарыққа шығарған баспагерлерді шақырған екен. Кездесу Өмекеңнің қысқа да нұсқа кіріспе сөзімен, сценарийін Өмекеңнің өзі жазған «Табылмай келген қазына» атты ғылыми-деректі фильмді көрумен басталды. -Мен өнер адамы емеспін, халықтың рухани қазынасын іздеуші, зерттеушімін, –деді Өмірбек Байгелди. – Кино түсірем, сценарий жазамын деп ойлағаным жоқ. Алайда, Қытай елінде Елібайға байланысты біз түсіріп келген лента он сағат болғандықтан, оның аса қажетті тұстарын ғана көрерменді жалықтырмай көрсету керек деген оймен бұл міндетті өз мойныма алуға тура келді. Сөйтіп он сағаттық лентаның қимас тұстарын да қинала отырып қиып, мына өздерің көрген 45 минуттық кино жасап шықтым. Түсіру тобының басы-қасында өзім жүргендіктен, барлық көрініс көз алдымда тұрғандықтан сценарийін де өзім жазуға тура келді. Сөйтіп қысылғаннан қыз болған жайымыз бар. Кездесуде Елібай ақын өлеңдерін қазақша сөйлеткен Аян Нысаналин, Жаркен Бөдешұлы, Ибрагим Исаев, Әділғазы Қайырбеков, Асқанбай Ерғожа және Елібайдың жауһар, жырларын жарқыратып жарыққа шығарған «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының басшысы Қоныспай Ботпай, «Жас қазақ үні» газетінің директоры, белгілі ақын Қазыбек Иса сөз сөйлеп, өздерінің басын қосып, еңбектерін бағалаған Өмірбек Байгелдиге алғыс сезімдерін білдірді. Осы кездесуден кейін біз Өмірбек Байгелдидің беташар сөзімен және филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың «Жыр жұлдызы» атты көлемді де көркем зерттеу еңбегімен жарық көрген Елібай ақынның көлемі 46 баспа табақ өлеңдерін зерделей зерттеп, оқып шықтық. Алтынмен апталып, күміспен күптелген дегенге келетін, сапалы, қымбат қағазға басылған кітаптың безендірілуі көркемдеуші редактор Дәулет Тыныбайдың талғамы мен тындырымды еңбегі алғыс айтуға лайық. Сырты нұрлы, іші сырлы кітапты оқу барысында Елібай өлеңдерін Қытай иероглифтерімен компьютерде терген Мұратжан Сәрсен, ақынның жақұт жырларын қытайшадан қазақшаға жолма-жол аударушылар: Мұхтархан Оразбай, Мұрат Сұлтанбек, Мұратжан Сәрсен, кітаптың жауапты хатшысы Кеңесхан Ақаев, кітап редакторлары Сәуле Бекзалбекқызы, Асқанбай Ахметұлы, т.б. ұлы ақын мұрасына асқан жауапкершілікпен қарағанын байқап, дән риза болдық. Ұлы істің басы-қасында жүрген, ауқымды жұмыстың бар ауыртпалығын көтерген Өмірбек Байгелдиге айтар алғысымыз шексіз. Қытай еліне бір топ азаматтарды бастап алып барған да, айға жуық уақыт бойы зерттеу жұмыстарын тоқтаусыз жүргізген де, аса құнды мәліметтер жинап, оларды аудартып, бастыртып шығарған да өзге емес, Өмекеңнің өзі! «Біреудің жақсы ісін көрсең, оны ардақтай біл, күнәліні кешіруге тырыс. Өзіңе де, өзгеге де жақсылық тіле» депті Ахмед Үйгенеки. Атам қазақтың: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген аталы сөзі тағы бар. Осының бәрін ескерсек, Өмірбек Байгелди еңбегі қай құрмет, қай марапатқа да әбден лайық. Еңбекті бағалай білу де елдіктің бір белгісі! «Ұлы мәдениет өзінің кішкентай өкілін де жоғалтпайды, ол сонысымен ұлы; ал кішкентай мәдениет өзінің ұлы өкілдерін де оп-оңай жоғалтып алып жатады, ол сонысымен де кіші» депті Олжас Сүлейменов. Тәуелсіздік алғанға дейін біз тарихымызды түгендей алғанымыз жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында арғы-бергі тарихымызды түгендеп, ақтаңдақ беттерімізді айтулы істермен толтырып келеміз. Бұған да шүкір. Осы тұста ойға оралып тұр, ана бір жылдары «Қазақ мемлекетінің тарихына 650 жыл, соны атап өту керек» деген әңгіме айтылғанда, «Тарихтың тынысын тарылтпаңдар, жігіттер! Біздің мемлекеттің тарихы одан әлде қайда әріде» деп аталы сөз айтқан осы Өмірбек Байгелди болатын. Виктор Гюгоның сөзімен айтсақ: «Адамның ұлылығы оның бойымен өлшенбейтіні сияқты ұлттың ұлылығы санымен өлшенбейді». Ұлттың ұлылығы адамзат ақыл-ойына, мәдениетіне, өркениетіне қандай үлес қосқанымен, өз ұлтынан шыққан ұлылармен өлшенеді. Осы өлшеммен келгенде де қазақ - ұлы халық. Әттең, өкінішке қарай тарихымыз әлі түгенделіп болған жоқ. Тарихын түгендеу де ұлттың ұлылыққа ұмтылуының бір белгісі. Ұлылыққа ұмтылған ұлт өзінің ұлыларын іздемей, түгендемей тұра алмайды. Сондай ізденіс ұлтымызға тағы бір ұлы тұлға сыйлады. Ол Қытайдың ұлы ақыны, біздің қандасымыз Елібай. «Осындай бір ұл өте ілгері заманда, бұдан 1300 жылдай бұрын, 701 жылы қасиетті қазақ жерінде дүниеге келіпті. Бұл оқиға Шу өзенінің бойында Алқа Би деген батыр қолбасшының үйінде болған екен. Бірақ, есейіп буыны қатпай 10 жасында жас бала бүкіл әулетімен түрлі себептермен қазіргі Қытай жеріне көшіп кетіпті. Сол жерде өсе келе аса дарындылығының арқасында Қытайдың атақты азаматы атанып, Ұлы періште ақын деген лауазымға ие болыпты... Бір айта кететін жай, Елібай ақынды еш жерде де, еш уақытта да Қытайдың өз халқының ұрпағы деп айтпаған екен және айтпайды екен. Керісінше, Орта Азиядан, ғұндардан шыққан, Шу өзенінің бойында, Шу қаласында туған деген түсінік кеңінен орын алыпты. Мао-Цзе-Дунның замандасы, Қытай елінің ең атақты ғалымы, Қытай ғылым академиясының президенті Го Можо: «Басқа жерде емес, қазіргі Қазақстан Республикасына жататын Шу өзенінің бойында, Шу қаласында туған деп анық айта аламын» деп бір емес, бірнеше рет жазған екен» дейді Өмірбек Байгелди кітапқа жазған «Беташарында». Елібайдың қазақ екендігі оның өлеңдерінен айқын аңғарылып тұр. Ақынның: «Бес жаста жатқа айттым дастандарды» деген жыр жолдары соның бір дәлелі. Енді мына бір жыр жолдарына назар аударайық: Дәм айдап алыс кеттім ұзақ жылдар, Мен қашан өз еліме қайта аламын. Желігіп, желді қуып өтемін бе? Жат жерде жат қабаққа қарағаным? – деп қамыққан ақын тағы бірде: Мен өлсем ұрпақ іздейді, Көз жасын төгіп сел етіп,– деп жырлайды. Мұнда өз елін сағынумен бірге ақындық көріпкелдік те бар. Сондай-ақ: Мына тұрған биік таулар Тянь-Шань тауына ұқсайды,– деген жолдар да көмескі көп сырдың пердесін ашып тұрған жоқ па? «Туған жерім елестеп, көкірегім сөгілді» деген жолдарда туған жерге деген сағыныш самалы соғып тұр. Шыққан күн де қас-қағым, Туған ай да қас-қағым. Түнгі арай да қас-қағым Ғасырлар да сол шама, Шексіздік жұтып қояды, Таудай алып болса да,– деп жырлайды Елібай «Уақыт пен өмір туралы» атты өлеңінде. Еш нәрсенің де мәңгілік еместігін жыр жолдарына орап жеткізген ақын: «Тұрамыз қалай табиғаттан ірі біз» деп оқушыға ой салады. Толқысып туған алқа-Айды, Көргенде көңілім марқайды. Бірте-бірте ол солғындап, Көз алдымда қартайды. Күміс табақ секілді, Тұманға сіңіп кетілді... Әжім басты ақ жолақ, Менің де аппақ бетімді. Қураған күзгі гүл сынды, Мұңайып тұрмын бір түрлі. Қырау шалып самайды, Жаралы жүрек бұлқынды. Бұл үзінді емес, тұтас өлең. Бар болғаны үш шумақ өлеңнен ақын шеберлігі анық танылып тұрған жоқ па? Адам мен табиғат тығыз бірлікте жырланған жырдағы философия да көкейге қона кетеді. Ай нұры түскен төсегім, Боз қырау болып көрінді. Басымды бұрып, ай көрдім, Еңкейдім ойлап елімді... Ағарды шашым сан құлаш, Орауға жетер ме қайғымды, –деп жырлайды Қытайдың ұлы ақыны Ли Бо, қаны қазақ, жаны қазақ Елібай. Осы бір әрі қысқа, әрі нұсқа жолдардағы образ қандай, ой қандай! Осы тұста жоғарыда біз келтірген жыр жолдарының түпнұсқа емес, Қытай тілінен орыс тіліне, орысшадан қазақшаға аударылғанын ескерте кетелік. Бейнелеп айтсақ түпнұсқа тал бойында тарыдай мін жоқ сымбаты бөлек сұлу да, аударма қанша сәтті болса да сол арудың фото-суреті ғой. Соның өзінде негізгі жақұт жыр түнде де жарқырайтын жұпардай көзді арбап, көңілді жаулап тұрған жоқ па?! Елібайдың көлемді жыр жинағы үлкен төрт бөлімнен тұрады. «Қашықта жүріп қамықтым» атты бірінші бөлімге қытай және қазақ тілдерінде қатар өрілген ақын жырлары топтасса, «Мөлдір өзен» атты екінші бөлім орыс және қазақ тілдеріндегі балама аудармалардан тұрады, үшінші бөлім «Желсіз кештегі сағыныш» деп аталып, оған қазақ ақындарының аудармалары, ал, «Думы в тихую ночь» есімді төртінші бөлімде ақын өлеңдері орыс тілінде беріліпті. Осының өзінен-ақ ұлы ақынның кітабын шығарушылардың бұл іске қаншалықты ізденімпаздықпен, жауапкершілікпен қарағанын көруге болады. Елібай жырларын оқып отырғанда ежелгі грек данышпаны Демокриттің (шамамен б.д.д. 470-380 ж.ж.): «Мен үшін бір адам - тұтас халық, ал халық – бір адам сияқты» деген сөзі еске түседі. Жат елде жүріп те бір өзі бір халыққа айналған Әл-Фараби, Бейбарыс сынды арыстарымыз ұлтымыздың ұлылығын танытпай ма?! Ұлтымыздың ұлылары тағы сондай бір ұлы тұлғамен - жаһан жырының жарық жұлдызы Елібаймен толыққаны аузымызды толтырып тұрып айтар мақтаныш емес пе?! «Әдебиет - мемлекет басқарудағы ұлы іс» депті Цао Пи. Мемлекет басқарудағы ғана емес, ұрпақ тәрбиесінде, оны айтасыз адамзат тарихындағы ұлы іс әдебиеттің әлемдік биігіне көтерілген Елібай ақын жырларын ана тілімізге шебер аударып, шешен сөйлеткен Кәкімбек Салықов, Жаркен Бөдеш, Ғалым Жайлыбай, Несіпбек Айтов, Аян Нысаналин, Бауыржан Жақып, Баян Бекетова, Жүрсін Ерман, Светқали Нұржан, Оразақын Асқар, Рафаэл Ниязбеков, Асқанбай Ерғожа, Әзімхан Тышанұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Ибрагим Исаев, Әділғазы Қайырбеков, Нұрлан Қалқа, Әбділда Аймақ сынды талантты ақындарымызға оқырман қауым атынан Алла разы болсын айтамыз. Ұлы философ Пифагор айтқан: «Шын талантты хан сарайынан іздеме, ел алдында суырыла сөйлеп тұрған шешендер арасынан да іздеме, ол үйінде елеусіз ғана жалғыз өзі ой үстінде отыр» дейтін таланттар, міне, осылар! Соларды іздеп тапқан, таныған, бағалаған Өмірбек Байгелди сынды қайраткерлер қатары қашан көбейер екен?! «Патшаның жақсысы болғанша, жазушының жаманы болуым керек еді» дейтін Рим императоры Карл Бесіншінің арманын асқақтататын биік билік иесі мен Людовик, Третьяков, Морозов сынды өнерді өгейсітпейтін олигархтар қашан пайда болар екен Қазақстанда?! Алтын денем шаршаса, шаршасын- Абзал елім даңқы артсын Бүтін денем қиналса қиналсын- Бүкіл елім топтансын,- дейтін Шыңғысханның немересі Құбылайдың елдің гүлдену жайлы жазбаларындағы: «Старайтесь завоевать души люди, а не их телесную оболочку» деген өсиеті әлі ескірген жоқ. Елібайды елімен қауыштыруға арналған сапар Бейжін қаласынан басталып ақынның 10 мен 25 жас аралығындағы өмірі өткен Сычуан провинциясында, сосын Қытайдың өзге де аймақтарында жалғасқан екен. Сол бір ұзақ сапар, ұзын жолда Өмірбек Байгелди бастаған зерттеушілер тобы мыңдаған адамдармен кездесіп, жүздеген кісілермен әңгімелесіпті, ондаған жиналыс, конференциалар өткізіпті. Елібайтанушы ондаған ғалымдармен пікірлесіпті. Елібайдың төрт кесене, төрт мұражайында болған топтың олжасы да олқы емес: ақынға қатысты 29 том кітап, 10 сағаттық фильм. Осы тұста қалам ұшына Әлішер Навоидың: Не могут люди вечно быть живыми, Но счастлив тот, чье будут помнит имя, – деген сөзі оралып тұр. Қытайда Елібай ақынға сонау арғы заманда-ақ көптеген ескерткіштер қойылған екен. Бүгінде ақын атымен аталатын мекен-жайлар, ғылыми, мәдени орталықтар өте көп. Елібай атына байланысты кесене мұражайлар мен сарайлар он бестен жүз гектарға дейінгі жерлерді алып жатыр дейді Өмірбек аға. Қытай қалаларының көшелерінде ақын портреттері ілінген, мәрмәр тастарға оңын өлендері қашалып жазылған. Ақын жырлар күн сайын ән болып шырқалып, даналық болып төгіледі. Төрт бірдей үлкен ғылыми орталықта жүздеген ғалымдар Елібай шығармаларын зерттейді екен. Қытай ғалымдарына жапон ғалымдары да қосылыпты. Ал, біз болсақ Елібайды жаңа ғана танып, біліп жатырмыз. Бізде ақын мұрасын толық жариялап, зерттеуді бастауымыз керек. Қытай Елібай жайлы 38 сериялы фильм түсіргелі жатса керек. Сол фильмді түсіруге атсалысу қажет-ақ. Оның алғашқы сериясы ақынның кіндік қаны тамған өлкеден бастау алса нұр үстіне нұр. Қазақстанда Қытайды зерттейтін үлкен орталық ашатын уақыт жетті. Сол орталықта Елібай мұрасын зерттейтін институт болмаса да бір бөлім болуы тиіс. Сонда ақын айтқан: Қансырады неге Елібай жүрегі? Жұлдыз самсап жәудіреп тұр реңі, – деген сынды сан сұраққа да салауатты жауап табылып қалар. Ұлыларымызды түгендеу ұлтты ұлылыққа бастайтын алтын баспалдақ болғай. Ізгі ниет, ұлы іске Алла өзі жар болсын!
Сәбит Досанов