Елбасы бағдары – Білге қаған рухының жаңғырығы
2017 ж. 19 сәуір
1992
0
Феноменология деген категория бар. Ол барлық ғылым атаулының зерттеу аспектісінің формасы мен көрінісін, орны мен уақытын, себебі мен салдарына қатысты сипатталады. «Феномен» дегенміміз – реалды құбылыс. Одан қашып кете алмайсың, себебі, адам мен әлем арасындағы қатынастың танымдық өлшемі осы категория арқылы ғана анықталады.
Кезінде неміс ойшылы Гегель де рухтың феноменологиясына назар аударды. Себебі, рухсыз, мәнсіз, санасыз мына әлемдегі ақиқатты танып түстеу мүмкін емес. Бірақ позитивизм керісінше танып түстеді. Феномендер әлемі ғана ақиқат. Қалғаны иллюзия, сандырақ, ғылыми өлшемдерге келмейді. Сондықтан, Алла, рух, киелілік, қасиетті, сакрализация деген категорияларды феномен әлеміне жатқызуға болмайды. Ол бар жоғы белгісіз «но-мен» болғандықтан, адамды ішкі құлдыққа, сана мешеулігіне, еркіндігінен жаттандырып, оны әлемге, табиғатқа тәуелді етеді. Адам мәңгі цикльдік ойлаудың детерминизмінен құтыла алмайды деп дәлелдеді. Бұл тарих адамзаттың өткен ғасырдағы басынан өткен ізденістері ретінде жазылып, сызылып жатыр. Тарихты да жоққа шығара алмаймыз. Себебі, онда да кие бар.
Бірақ жаратылысқа қатысты онтология деген ғылым бар. Оны мойындау адамның мәні мен құқын, болмысы мен еркін, қызметі мен статусына деген моральдық, демократиялық құрмет болып саналады. Осы үдеріс кешегі қос құтыпты «НАТО мен Варшава келісімі» деген жахандық жіктелу сияқты мәнсіз қыңыр текетірес тоқтады. Бірақ инерциясы әлі күнге жалғасып келе жатыр. Осы бір ағын судай үдеріске өзіндік ашытқысын қоса алмай келе жатқан ел болса, ол біз едік.
Бұл сөзімді философиялық категориялардан бастауыма себеп болған, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы болды.
Шындығында, кез-келген құбылыс мәнсіз, рухсыз көрініс таппайды. Қазақ деген болмыс бар екен, мемлекеттілігін де құрды. Егемендігін жариялады. Мемлекет ол сол болмыстың саяси еркіндігінің кепілі. Болмысымыз бар екен, еркіндігімізді алдық. Бірақ бұл саяси еркіндік, сол мемлекет құрушы ұлттың, мәдениеттің ішкі еркіндігіне тікелей қатысты болатын. Бұл жерде де сана мен болмыс қатынасы маңызды. Бірақ грек философиясындағыдай «болмыс бірінші яки сана бірінші» деп таласу пайда бермейді. Бұл диалектикалық ойлау жүйесі қазаққа келмейді, себебі қазақ болмысының өзіндік өркениеттік табиғаты ерекшелігі бар: ол универсалды тұтастық. Жан мен тән біртұтас. Міне осы феноменологиялық ақиқатты Елбасымыз: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп ашып көрсетіпті. Яғни сана мен іс бірге, бірақ, сана озып жүруі шарт. Демек бұрынғы кеңестік маркстік диалектикалық философиядағы «сананы тұрмыс билейді» емес, тұрмыстан сана озып жүруі тиіс.
Әрине, ауызды құр шөппен сүртуге болмас. Қазақ бүгінге дейін руханиятсыз, санасыз еді деуден аулақпыз. Санасыз, рухсыз болсақ, онда болмысымыз да болмас еді. Біз бармыз. Сондықтан да, Қазақ елі, ұлты, мәдениеті, тарихы, діні, мемлекеттілігі, тілі мен ділі де бар, тірі. Ол егемендікпен бірге қайта жаңғырды. Бірақ тым әлсіз, әрі жүйесіз, әрі жасқаншақ, әрі принципсіз үдерістік сабақтастығы жоқ тіршілік болды. Себебі кешегі кеңестік инерциядан арылу үшін де уақыт шарт болатын. Міне, осы шартты уақыттың біткендігі туралы Елбасы бүгін ашық жариялады деуге болады. Бұл маған осыдан ширек ғасыр бұрынғы еліміздің «Егемендігін жариялаудан» кем әсер етпеді десем артық айтқандық емес.
Адамның да ұлттың да, мәдениеттің де, мемлекеттің де, өркениеттің де ішкі қуаты, санасы бар. Сол мән, сана, жан, рух, номен...әр уақыт белесінде тазаруға яки арылуға мұқтаж. Мұндай мұқтаждықты, қажеттілікті сезінудің өзі сакральды. Бұл бір құдайлық сый деуге болады. Бірақ қазақ өз болмысы феноменологиялық тұрғыдан өзгеріске ұшыраған. Ұлтсыздану, біртекті мәдениет алаңын жоғалтқан, демек ұлтты ұлт қылып ұстап тұрған қабаттарынан да жаттанып үлгерген. Елбасы осы қабаттың маңыздылығына назар аудартып отыр: «... жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады... Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай». Осы жерде «екі қадам алға, бір қадам артқа» деген Батыстың ұстанымы ойға оралады. Себебі дәл бүгінгі таңда тұрақты констант рухани тұғыр бізден алыстап кеткен. Себебі, ұлттық код яғни ұлттық сана біртекті әрі тұрақты емес. Бұл туралы зерттеулер, ғылыми тұжырымдар да бүгінге дейін не билік не үкімет тарапынан қоғамдық негізде болса да сұраныс тудырған емес.
Бүгінгі сұрқымызда «қазақтану» мәселесі әбден ушығып тұр. Жершілдік, рушылдық, жемқорлық, парақорлық, құқықтың және ұстанымның заңмен қорғалмайтындығы мен жауапсыздығы, тұлғалық пен жамағатшылдық арасында ұлттық сана тапталып отыр. Осындай ахуал ұлттық сана, ұлттық таным, ұлттық тәжірибе мен сенімді тұтастандыра алмауда. Болмыс бар бірақ оның динамикалық орталығы яғни санасы әбден қасаңданған. Билік пен қоғам арасындағы қолдан жасалған диалектика, кешегі кеңестік саясат тәжірибесі әлі күнге қарыштап қадам басып келеді. Қазақтың ділі, тілі, діні, мәдениеті, құндылықтық әлемі, тарихи тәжірибесі мен жері әлі күнге киелілік сипатқа ие бола алмай келеді. Кейбір қазақ азаматтары да биліктегілер де қазақ болмысына сенімсіздікпен қарайды. Сенім жоқ жерде азаматтық жауапкершілік қайдан болсын. Тапқан дүниеңді шет елдік қорларда сақтасаң, өз тіліңе емес, өзгенің тілінде тыныстасаң, өзге мәдениет құндылықтарымен күнелтсең, басқалардың бағдарымен басқарылсаң, өзіңе өзің құрметің болмаса, әрине болмысына жаттанған құлдан айырмаң қала ма? Міне осы құбылыс нақты феномен. Оны Елбасымыз да «...Жаңғыру атаулы бұрынғыдай «тарихи тәжірибе» мен «ұлттық дәстүрлерге» шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп тұжырымдапты. Бұл әбден ғылыми танымға да болмысқа да сай анықтама.
Рухани жаңару да жаңғыру да ұлттық сананың тазаруына барып тіреледі. Ұлттық сана бар. Бірақ қасаңданған, шаршаған. Бұған мемлекет те қоғам да жауапты. Енді осы билік пен қоғам, мемлекет пен мәдениет, өзінің құрушы тұғырын айқындауда тарихи таным, тарихи тәжірибе, тарихи сенім мен санасымен тұтастануы тиіс. Себебі әрбір жаңа нәрсе, ұлт үшін ол тарихи жадынан мұра болып қалған құндылықтарын сараптау арқылы қайта жаңғырып танылады. Міне, осы бағдарда Елбасы өзінің бірнеше рухани стратегиялық жоспарын ұсынып отыр...
1. Бәсекелік қабілет; 2. Прагматизм; 3. Ұлттық бірегейлікті сақтау; 4. Білімнің салтанат құруы; 5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; 6. Сананың ашықтығы. Осы жоспарды жүзеге асырудың міндеттері мен жобаларын да нақты ұсынып отыр. Міне, осы мәтіннің өзі Абайша «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп тұрғандай әсер береді екен.
Досай КЕНЖЕТАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры,
философия және теология ғылымдарының докторы
qazaquni.kz