ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫ
2017 ж. 13 сәуір
5866
1
Осыдан төрт-бес жыл бұрын қоғамда латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқыға түсіп, зиялы қауым өкілдерінің пікірі екіге жарылған-ды. Түрлі ойлар айтылып, қаншама ұсыныстар ортаға салынды.
Осы тұста «Қазақ үні» газеті мен порталында аталмыш басылымдардың басшысы, ақын Қазыбек Исаның «Латын әліпбиіне көшуге қарсылық – ұлт мүддесіне қарсылық!» (http://www.qazaquni.kz/2013/02/19/15223.html) атты мақаласы жарық көрген-ді. Онда латын әліпбиіне көшудің тиімді тұстары атап көрсетілді. Мәселен онда: «Орыстың рухани отаршылдығынан құтылудың, рухани тәуелсіздіктің басты жолдарының бірі – әліппе ауыстыру. Латынға өту – Тәуелсіздікті ойлайтындар үшін баламасыз байлам болуы керек!» деп нақты айтылды.
Сондай-ақ, Президент Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап көрсетті.
Анығында, латын әліпбиіне көшкенде ұтпасақ, ұтылмайтынымыз белгілі. Ұзақ талқылаудан кейін мұны көпшілігіміз түсінгендей болдық. Сондықтан болса керек, қазіргі таңда латын әліпбиіне көшуге қарсы пікір білдіру қоғамда біршама саябырсығандай...
Ендігі толғандыратын дүние –латын әліпбиіне көшкен жағдайда біздің төл әліпбиіміз қандай болмақ? Ұлттық кітапхананың Кіші залында Мемлекеттік тілді дамыту институтының ұйымдастыруымен «Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі: қиындықтары мен шешу жолдары» атты дөңгелек үстел қатысушылары осы мәселенің түйінін тарқатуға талпынып көрді. Жиынды Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбеков жүргізіп отырды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. профессор Әлімхан Жүнісбек, ф.ғ.д, профессор Уәли Нұргелді, ф.ғ.к., доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ» қызметкері Баянды Оспанова, ф.ғ.к., доцент Исхан Бейбіт, ф.ғ.д., профессор Байынқол Қалиұлы, PhD-доктор Ержан Қуанышбаев, жазушы Эрнест Төреханов, ф.ғ.к. Аманқос Мектеп-тегі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, ф.ғ.к. Анар Фазылжанова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Назира Әміржанова т.б. көптеген филолог ғалымдар, әдіскерлер және IT мамандар қатысқан осынау басқосуда латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жай-күйі егжей-тегжейлі талқыланды.
Жаңа әліпби, жаңа жазу, жаңа ереже арқылы ғана кирилл әліпбиінен, сол арқылы күштеп ендірілген өзгетілдік дыбыс-әріптерден, сол дыбыс әріптер қолданылатын өзгетілдік сөздер орысша қалай жазылса, қазақ тілінде сол қалпында жазуға мәжбүрлейтін емле ережелерінен, айналып келгенде, орыс тілінен тәуелділіктен құтылуға болады. Латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілінің табиғатына тән емес дыбыстарды әліпбиге кіргізбеу арқылы қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін, табиғи бітім-болмысын сақтап қала аламыз. Тіліміздің дыбыстық жүйесіне негізделген әліпбиін құрастырып, төл дыбыстарымыздың тіркесім заңдылығын сақтай алсақ, емле ережемізді дұрыс түзуге де, жалпы халықтың сауатты жазуына да зор мүмкіндік туады.
Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің мәселесі қазіргі таңда Мемлекеттік тілді дамыту институтында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым комитетінің мемлекеттік тапсырысымен ғылымды 2015-2017 жылдары гранттық негізде қаржыландыру аясында зерттеліп жатыр. Атап айтқанда, ф.ғ.к., доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Әдебиеттану және тіл білімі ғылыми зерттеу институтының қызметкері Баянды Оспанова «Латын қарпіне көшудегі қазақ тілі дыбыстық жүйесін жаңғыртудың негізгі қағидалары: ұлттық ұстаным және түркілік елдер тәжірибесі» атты тақырыпты тереңірек зерттеуге ден қойған-ды. Алдағы уақытта көпшіліктің талқысына латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобасын ұсынбақ.
Жиын барысында да аталмыш жоба талқыға түсті. Тіл саласының білікті мамандары өз ойларымен бөлісті. Солардың бірі – ф.ғ.д. профессор Әлімхан Жүнісбек: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткен. Емле ережесі де қойыртпақ. Сол бойынша тәрбиеленген қазіргі адамдар екеуінің ара жігін ажырата алмайды. Бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайды. Бұл бір.Екіншіден, әліпби ауыстыру дегенді біздің халық бір таңбадан екінші таңбаға ауыстыра салу деп ұғынып отыр. Сондықтан да 42 таңбаны қайтсек 26-түймешеге енгіземіз деп әлекке түсіп жатыр. Бұл тұрғыда түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануда. Екі таңбаны қосақтайды, асты-үстінен жанынан нүктелер қояды. Сондықтан әліпбиді жасау күрделеніп жатыр. Мұндай пікірдің сан алуандығы да істі одан әрі қиындатып тұр. Бір бөлігі жоғарыда атап өткендей кірме таңбалармен бірге көшуді ұсынса, екінші бөлігі төл дыбыстарымыздың негізінде көшкенді құптап отыр.
Егер де біз латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында ғана көшсек ешкімнің де басы қатпайды деген ойдамын.Мәселен, орыстың у дауысты таңбасы бәрімізді естен тандырып, дауыссызымызды дауысты етіп елестетіп тұр ғой. Біз бастан кешіп отырған орыстақы орфографияның «көз елес» азабы бір бұл емес. Кірме таңбаны (әріпті) қазақтың дыбысы деп өзеурегендерді, олардың ішінде фонетист-мамандар да бар, әлі көп кездестіретін боламыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді де әлі көп еститін боламыз. Құлаққа сіңген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды. Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деп жүргенім сондықтан. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені –дыбыс, әліпби және еміле-ережені бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже - дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен еміле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады» деп қазақ жазуына реформа жасау керектігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, дөңгелек үстелде сөз алған ф.ғ.к., доцент Исхан Бейбіт: «Біз алдағы уақытта рухани тәуелсіздікке жетеміз десек, орыс тілінің ықпалынан шығуымыз қажет-ақ. Ол үшін қазіргі жазуымызға реформа жасау керек екенін көпшілік мойындай бастады. Бірақ соның басқаша жолмен де жүзеге асуы мүмкін екенін көпшілік ескермей жүргендей. Мәселен, орыс жазуының өзі латын-грек әліпбиінен өрбігені баршаға мәлім. Осыны ескере отырып, қазіргі әліпбиіміздегі орыс тіліне тән, біздің тілге мүлдем жат дыбыс-әріптерді (в, ф, ц, ч, э, ё (ио), и (дауысты), у (дауысты), я, ю, ь, ъ, х,), сондай-ақ, араб-парсы тілінен келген, бірақ қазақ тілі сөздерінің мағынасын өзгертуге еш қатысы жоқ, «арбаның бесінші дөңгелегі» сияқты болып, қазақ тілінің «қ» дыбысымен қосамжарласып жүрген «һ» дыбыс-әрпін алып тастасақ, латынша болып шыға келер еді. Тіпті, кирилден толықтай құтылғымыз келсе, қазіргі кирилше әліпбиіміздегі «б», «г», «ж», «з», «л», «м», «н», «ш» әріптерімізді латындық «в», «g», «j», «z»» «l», «m», «n», «c» әріптерімен алмастырсақ, ал қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін танытатын ә, ө, ұ, ү, і, ғ, қ, ң дыбыстарына кейбір латынша әріптерді өзгертіп (өзгерсе болды – ол латынша емес) таңба береміз деп аса қиналмай-ақ, қазіргі кирилшедегі, бірақ өзінше өзгеше болып таңбаланған қалпында қалдыра салсақ, орынды болатын сияқты» деп өз тұжырымын жеткізді.
Латын әліпбиіне көшу-көшпеу турасында күні бүгінге дейін де пікірталастың аз болмағанын айттық. Дегенмен, бұл дөңгелек үстел латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасалу жолдарына қатысты ғана өрбуі тиіс еді. Жиынға қатысушылардың арасында «руна жазуына көшуіміз қажет» дегендер де табылды. Осындай алқалы жиынды ұйымдастырушылар алдағы уақытта латын әліпбиіне қатысы бар кәсіби білікті мамандардың ғана пікірін тыңдап, терең талдауға мүмкіндік туғызса жарар еді.
Сондай-ақ, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасап шығу ғалымдар тарапынан күрделі зерттеуді талап ететіні сөзсіз. Бірақ бұл тұрғыда мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы да дәл қазіргі таңда теңізге тамған тамшыдай ғана. Осы тұста, мемлекет қазынасын қажетсіз қосымша шараларға шашқанша осындай ұлт үшін маңызды мәселелердің оңды шешімін табуына жұмсаса құба-құп болар еді.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz
- А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары
- ф.ғ.к. Анар Фазылжанова
- ф.ғ.к. Назира Әміржанова
- ЛАТЫН ӘЛІПБИІ
- Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры
- доцент
- "Қазақстан - 2050" стратегиясы
- филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбеков
- А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері
- Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ» қызметкері Баянды Оспанова
- доцент Исхан Бейбіт
- ф.ғ.д. профессор Әлімхан Жүнісбек
- профессор Байынқол Қалиұлы
- ф.ғ.д
- PhD-доктор Ержан Қуанышбаев
- профессор Уәли Нұргелді
- жазушы Эрнест Төреханов
- ф.ғ.к.
- ф.ғ.к. Аманқос Мектеп-тегі