«Ол суицид жасаған жоқ». Мұрат Насыровтың жақындары сенсациялық мәлімдеме жасады
2017 ж. 07 сәуір
4519
5
Әуезовтен бастап Шүкеновпен аяқтасақ, Мәскеуден қайтпаған дарабоздар қаншама. Неге? Неге солай? Мұның не сыры бар? Дәл қазір бұл басқа тақырыптың арқауы, бірақ.
Осыдан 10 жыл бұрын талантты әнші Мұрат Насыров дүниеден озды.
«Ол өзінің Мәскеудегі пәтерінің терезесінен құлап кеткен», дейді ресми мәлімет.
Он жылдың ішінде Насыровтың қазасы туралы түрлі болжам айтылды. Біреулер ол өз-өзіне қол салды десе, енді біреулер кісі қолынан өлді дейді.
Қалай болғанда да, 10 жыл өнерде өз қолтаңбасын қалдырған адамды еске алуға лайықты уақыт. Айтылмаса, аты өшеді, өйткені. Осыны ескерген болу керке, «Комсомольская правда» басылымы Насыровтың ет-жақындарымен тілдесіп қайтыпты.
Мұраттың анасы
Әншінің анасы Қатира Ниязқызы Алматыда тұрады қазір. Мұрат анасының 70-ке толар шағында өмірден өткен.
«70 жас — той ғой. Бала-шағам дайындалып жатқан. Мұрат менің мерейтойыма орай, Алматыдан үй сыйлаған. 70 жасым бар, қоныс той бар, қатар өткізейік дегенбіз. Бұдан бұрын ұлым «мама, той өтсін, сені Қызыл теңізге апарып емдетемін», деген. Тағдыр жазбады. Аяқастынан айырылып қалдық», – дейді Қатира әжей.
Мектеп бітіргесін ұлы бірден әскерге кеткен. Өзі өтініш білдіріпті. Әскерде жүргенде Мұрат осындағы ансамбльде ән салыпты.
«Әскерден кейін бірден Мәскеуге жол тартатынын айтты. Жібергім келмеді. Оның үстіне, екі жыл көргем жоқ. Алматыға қайтардым. Мәскеуге бәрібір де барды. Қас қылғанда, құжат тапсыруға кешігіп қалған екен. Бір жыл бойы қара жұмыс істепті, пәтер жалдап тұрыпты. Онысын кейін айтты. Біз де қарайласып тұрдық. Кейін музыкалық училищеге оқуға түсті»,– деп еске алады Қатира Ниязқызы.
Осы жерде жүріп, болашақ жары Натальямен танысқан. Екеуі де өнердің адамы. Натальяны ата-анасынан жасырып келген. Тек әке атанған сәтте хабардар етіпті.
– Мәскеуден хат келді бір күні.
Хаттың ішіне Наталья мен немеремнің суретін салып жіберіпті. Ашуландым. Тойсыз, ата-анасының батасын алмай мұнысы несі? Әйелінің түсі суық көрінді. Іштей тартынып қалдым. Кейін жақын танысқасын барып, жұмсардым,
– дейді Қатира әжей.
Бүгінде Мәскеуде тұратын немерелері Қатира апайға хабарласып тұрады.
«Мұратымның артында қалған қос құлыншағы Лия мен Әкімді соңғы рет үш жыл бұрын көрдім. Мәскеу мен Алматының арасы алыс, түсінемін. Ұлы әкесінен аумайды. Наташамен қарым-қатынасымыз жақсы. Арамыз алыстаған жоқ. «Қарғам әлі жассың, тұрмыс құрамын десең ренжімеймін», – деп айтып отырамын – дейді марқұмның анасы.
Мұраттың қазасы
«Білесіз бе, бұл туралы әлі күнге дейін ойланамын. Он жыл өтті. Он жыл бойы маза бермей жүр. Бірақ, бір нәрсені анық білемін:
Ол өз-өзіне қол жұмсаған жоқ.
Аналық түйсігім солай дейді. Жүрегіммен сеземін мұны. Одан бұрын, ұлымның мақсаты көп еді. Наташаға үйленуді жоспарлап жүрді. Тойға дайындалды. Алда алыс сапар күтіп тұрды. Америкаға баруы тиіс-тұғын.
Анасы ретінде айтайын, ұлыма күйе жақпаңыздар!
Есірткі туралы жазылған нәрселердің бәрі жалған.
Ол, тіпті, темекі шекпейтін! Салынып ішкенін де көргем жоқ. Наташаның айтуынша, тек мерекелер кезінде ғана татып алатын. Әкесі де, өзім де намаздамыз. Әуел бастан. Ол осының бәрін көріп өсті. «А-студио» тобында өнер көрсеткен досы, марқұм Бағлан Сәдуақасов өмірден өткенде, менен аят үйретуімді сұрады.
Ұлымның өліміне кім кінәлі, білмеймін. Өнер адамы ғой, досымен қатар, дұшпандары да болған шығар. Алыстағы бізге мұны айтсын ба? Бірақ оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес!», – дейді көз жасын көл қылған Қатира әжей.
Мұраттың жары
Насыровтың жесірі екі баласымен Мәскеуде тұрады.
«Жолдасым өмірден өткесін, оның жолын жалғасын деп, балаларымды музыкалық мектепке бердім. Қызым дәл қазір басқа саланың маманы. Бірақ, бәрібір де әкесі сияқты өнер-білімге құштар. Ал ұлым саксофонды таңдады.
Мұрат өмірден өткеннен кейін марқұм Батырхан Шүкенов үйімізге келіп, Әкімге бар білгенін үйретті.
Батырханға алғыстан басқа айтарым жоқ. Бізге қарайласқан бірден-бір адам Батырхан болды», — дейді Наталья.
Оның өліміне не себеп болуы мүмкін?
Натальяның айтуынша, Мұрат барлығын жүрегіне жақын қабылдайтын, содан шығар жиі уайымдайтын. Өмірінің соңғы жылдары ұйқысыздыққа шалдыққан.
«Кей кездері түнімен көз ілмей шығатын еді. Ауыр болса да айтайын, ақырында
оның психикалық ахуалында ауытқу пайда болды.
Ауыр кезең еді. Өтерімізге сенімді болдым. Мұрат емдеу курсынан өтті. Өмірден өтерінің алдында екеуміз түні бойы сөйлестік. Телефон арқылы. Мен басқа қалада болатынмын…
Мұрат «Ромео мен Джульетта» деген ән жазғанын, оны «Евровидение» байқауында орындағысы келетінін айтты. Көңілі ерекше көтеріңкі болды. Даусынан байқадым. Қауіптендім.
Себебі,
дәрігерлер Мұрат тым шабыттанып кетсе, оқыс әрекетке баратынын айтқан.
Мен үшін әлі күнге дейін ең қорқынышты түн осы…» – дейді ағынан жарылған Наталья.
Дереккөз: 365info.kz