ДИМАШТЫҢ ФЕНОМЕНІ: періштенің өзі ән айтқанымен бірдей
2017 ж. 31 наурыз
4452
6
Екі миллиардтан астам көрермені бар атақты азиялық «I am a Singer – 2017» байқаудың талабы – қытайлық және халықаралық атақты ән байқау¬ларының жеңімпаздары ғана бақ сынай алатын жұлдыздар бәсекесі. Осы әйгілі байқауда бүкіл Қытай халқы ең жас қатысушы Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті болып, таңдай қағып жатыр.
Күн сайын емес, сағат сайын атақ-даңқы өскен Димаш дауысының феномендігі неде? «Димаш – Тәңір өзі назарына алған жас әнші» – деп бағалаған қытай мамандарынан басқа, әлемдік сарапшылар да «Құдайдың берген сыйы» ретінде аса жоғары бағалады.
Қытай сияқты алып ел бүгінде бүкіл әлем мәдениетін бағалауға көшті. Өткен жылы 26 мемлекеттің таңдаулы суретшілерін шақырып, конкурс өткізгенін естігенде, «міне, ел» деп таңырқаған едік. Енді, міне, бүкіл «Сингер-17» байқауына көз тігіп, Димашқа назарлары ауып, әсіресе Батыс жұртшылығы пікір беріп жатқанын еске алуымыз керек. Пікірлері жан тебірентерлік. Осының бәрін Хунан телеарнасы құр жібермей жариялауда.
Философ Иммануил Кант өзінің «Сұлулықты талдау» еңбегінде «сұлулықты, әсемдікті түсіндіріп жатпастан-ақ тануға болады» деген еді. Осы тұрғыда Димаш дауысының қасиетін сөзбен айтып жеткізу қиын. Біз дауыс феноменін сипаттауға талпынып, бейнелеу тілінен жалпылама ғылыми сипаттау тіліне аудармақ болған сәтте-ақ, сол сұлулық нейроэстетика ғылымына бірақ тірелетінін байқауға болады. Нақты бір дүниенің неліктен әдемі, ал енді бір дүниенің біз үшін неліктен әдемі еместігін синтетикалық әдіс арқылы ұғынудың өзі күрделі. Орындау шеберлігі бұл жерде екінші пландағы нәрсе ғана.
Cұлулық – бұл ең алдымен сезім, нәзік күйге бөлену, бұл – әдемі әсер, өмірде бізге қажетті өмір заңдылығы. Бізге дәл осындай сұлулық сезімінен өзіндік бір ләззат алып, әсем күйге бөлену сезімінің өзі неге тұрады? Ұлы өнер туындыларының ғасырлар бойы адамзат әлемін шексіз ләззатқа бөлеп келе жатқан тылсым күші – сұлулықтың қандай-да бір әмбебап, жалпыға маңызды шарттарын көрсетеді.
Эстетикалық ләззат – біз түйсінуге талпынып отырған дүниеге сұлулықтың тән екенін жеткізетін жалғыз тіл. 1964 жылы психофизиологиялық тәжірибелердің нәтижелері эмоцияның адамның және саналы жануарлардың, қандай-да бір өзекті сұранысы мен мүмкіншілігінің қанағаттандырылуы деді. Субъектінің табиғи күйде сол сәтте миға жеткен мәліметтермен лезде салыстырып үлгеретін, сол саналы тіршілік иелерінің миында көрініс алатын құбылыс екені анықталды. Сұраныстың төмен деңгейде қанағаттандырылу ықтималдылығы теріс эмоцияны: жабырқау, күйзеліске түсу, қорқу, ызалану, жиіркену әсерін туғызады. Осыған дейін берілген ұйғарымдардан гөрі, мақсатқа жету ықтималдылығының артуы: көңіл-күйді көтеріп, қуанышқа бөлеп, шаттандырады.
Біріншіден және ең бастысы – Димаш дауысының құдіреті көп ойлануды қажет етпейді. Қай тілде айтса да, сөзін ұқпасаң да, терең медитацияға кетіп, арқаң шымырлап, көңілің босап, кейбірінің көзіне жас алдырады.
Димаштың ерекше қасиеті – оның дәстүрлі қазақ отбасында туып, қазақ тілін терең меңгеруінде. Қазақтардың физиономиясындағы әріптерді айту артықшылығы эволюция даму жетістігі десек, ешкім ренжімес. Қазақ тілді әнші басқа тілдердің дыбысталуын нақты жеткізсе, басқа тілді әнші қазақ әніне келгенде, жеткізе алмайтыны бек шындық. Ө,Ү,Ұ,Ң, І,Ә,Ғ дыбыстарын меңгерген қазақтар қай тілде айтса да, дыбыстың дыбысталу нақтылығын анық жеткізе біледі. Дауыстың тұнықтылығына үлкен әсер береді. Табиғи дыбыстардың, осы дыбыстың сұлулығы түйсіктен тыс деп тапқан беймәлім психикалық күйдің өзге бір сипаттық сырының мәні осы дыбысталудың анықтығы. Дыбыстың әсер күші адам бойын тітіркендіріп, терең сезімге бөлейді. Бұл ретте сұлу да тұнық дауысқа, әрбір психика белгілі бір нейрондық құрылымдарға сәйкес жүйке жүйесінің механизмдері де тәуелді екендігін байқау қиынға соқпайды.
Жалпы, қазақтың әріптерінде дауысты дыбыстардың молдығы дауысты классикалық үлгідегі ән айтуға өте қолайлы. Қазақ тілін білудің әншілер үшін де маңызы зор болса, қазақ әнінің табиғаты да осыған сай.
Екінші басты мәселе – бір өлеңді айтқан әншілерді кейбіреулер салыстыру дұрыс емес деп жатады. Бұл қате пікір. Әрине, әркім өзінше айтқанмен, орындау шеберліктерін неге салыстырмасқа? Димаштың дауыс диапазоны бес октаваға дейін көтеріле алады. Жоғары тенор ноталарында жеріне жеткізіп айта алады. Мысалы, Витастың даусында мүлде экспрессия жоқ және керек жерінде қоса алмауы үлкен мін. Витастың дауысы жаттықтырылған фальцет (жасанды дауыс), ал Димашта сирек кездесетін контртенор (еркек дауысының феномені) бар. Бұл сирек кездесетін дауыстар. Ең қызығы – осындай дауыс иелерінің өздері де аса танымал әншілер емес.
Ал Грегори Лемаршальдың атақты әнін Димаштың биіктікке көтеріп айтқанын қалай бағаламассың? Әлем жұлдызы Лара Фабианның дауысында мін болмаса да, дем алу мәдениеті қалайда кемшін. Демді ішке тартқан тыныстың естілу кемшілігі көптеген әншілерде бар. Лара Фабиан да, Сара Брайтман да әлемдік сахнада айтқан «Адажио» – терең ойлы философиялық өлең екенін түсінесің. Бірақ әншілердің эмоциясы да, экспрессиясы да аз, бір қалыпты баппен айтады. Өлеңде қалай да эмоция болу керек. Димаштың – эмоциясы шынайы және күшті. Әр өлеңге өзіндік интерпретациямен келеді. Міне – қасиет қайда?
Димаш Лара Фабианмен бірігіп опера айтса, ерекше дауысына арналған партитура берсе, әлемді естен тандыратына сене беріңіз. «Адажио» әнін орындаған Димаштың дауыс диапазоны мен әуелетуі қандай керемет! Эмоция, экспрессияның кереметтігін айтпағанның өзінде үшінші октавадан кейін, беске дейін кеуде түкпірінен төгілетін үнді айтсаңшы! Нағыз лирико-драмалық тенор. Бір дауыстан екінші дауысқа өтудегі пластика, сыйқыр дерсің! «Ешбір байқаудың шеңберіне сыймайтын сирек дарын иесі» деп «Славян базары-2015» байқауының бірінші күнінде-ақ қазылар алқасының ең жоғары бағасына ие болғаны осы.
Бір таланттың бойында сопрано, контр-тенор, контр-альт сияқты үш дауыстың болуының өзі де ерекше қасиет. Осындай ерекшелік перулік атақты әнші Има Сумакта болған. Ол да екі дауыспен ән айтып, диапазонды бес октаваға дейін көтере алған. Има Сумакттың ерекшелігі – өте төмен жіңішке еркектік баритоннан – әйелге тән сопраномен айтуы. Осы екі дауыспен ән айтуымен әлемді таң қалдырған.
Тағы бір қызық – әлемдік Гиннесс рекордына кірген Джорджии Браунның дауысы 8 октаваға дейін көтерілген. Бірақ дауысының жоғары регистрі адам мүмкіндігінен тыс кейбір хайуандарда болатын дыбыстарға сәйкес келген. Осы жағымсыз дауыс табиғи аномалия мен әншінің ән айта алмауының көрінісі ретінде бағаланған. Бұл жерде дауыстың кеңдігі емес, әншінің таланты бағаланатыны көрініп тұр. Яғни, адамның дауыс мүмкіншіліктері көп болуы мүмкін, бірақ оның бәріне саздылық жетіспейді.
Ал Димашта сопрано, контр-тенор, контр-альт сияқты үш дауыстың болуы басты қасиеті. Яғни, әйел мен еркекке тән дауыстардың барлық гаммасы бар. Димаштың дауысында фортепианоның барлық клавиштері бар деген сөз.
Үшінші мәселе – әншінің түр сымбатының келісуі көрерменге де ерекше сипат әсер береді. Негізі түрін көрмесең де, әнді тыңдап, бағалай беруге де болады. Көрер көзге әншінің түр сипаты да ерекше әсер беретіні тағы бар. Өмірден 23 жасында кеткен Грегори Лемаршальдың балаң жүзін ешкім ұмыта алмақ емес, сол сияқты әйелге тән әдемілігі бар Сара Брайтман да ерекше сезіммен тыңдалатынын айтпасақ та болады.
Одан басқа – әншіге сахнада ерекше киіну де үлкен сын. Ал Димаштың үлкен көзді, пәктіктің белгісіндей әдемі сұлу жүзін көргенде, періштенің өзі келіп, ән айтқандай әсерге бөлейді. Тамылжыған дауысына – тұлғасы, тартымдылығы сай келді.
Ал ғажайып дауысымен поп-вокалды да, опералық әнді де еркін алмастыра алатынын, әртүрлі аспапта ойнай білетінін және музыка жазатын композиторлығын қоссаңыз! Бүгінде Димаштың жанкүйерлері екіге бөлініп алғаны соны айғақтайды. Біреулері оның сирек кездесетін вокалдық талантына таңдай қақса, енді бір тобы Димаштың түр-әлпетіне өлердей ғашық. Оның портреті анимациядан бастап, түрлі жарнамаларға да қаптап кетті.
Қытай медиасы Димаш жайында жарыса жазуда. Бұл жерде базар да бар, экономикаға айналған ән сахнасы да бар. Сонымен қатар мұнда Дима¬штың бет-әлпеті Қытай аудиториясы эстетикасына сай келетінін және осы байқаудан соң, жанкүйер¬лері өзі ойлағаннан да көбейгенін айтады. Біз өзіміздің әсерлі сезім, күйіміздің арқасында жаңаша әлемді сомдаймыз. Өнерде шекара жоқ. Бүкіл әлем бойынша «Димашты қолдаушылар қоғамы» құрылуы – соның жарқын дәлелі.
Біздің мақаламыздың негізгі айтар ойы да дарабоз дарын Димаш феномендігінің сырына үңілу ғана. Конкурстың бәсін, бағасын арттырып жатқан Димаштың дауысы «қазақ халқы дауысының ұлт¬тық қазынасы» ғана емес, әлемдік брендке айналған дауыс. Оның талантын мойындағандар – Лара Фабиан, Джеки Чан сияқты әлемдік брендке айналған жұлдыздар. Қазақ музыкасында Жәнібек Кәрменов, Роза Рымбаевалар жасаған серпілісті, әлемдік музыкада поп-король Майкл Джексон сияқты жаңа серпіліс жасайтын Димаш Құдайберген десек, ешқандай асылыққа жатпайды.
Табиғатынан, құдайдың берген дарыны, кемеліне келген керемет ерекше дауыс иесін зерттеу бүгінгі нейробиология мен нейроэстетиканың мүмкіндігіне жол ашатыны сөзсіз. Көркемдікті қабылдауда психикалық қызметтің табиғатын жете түсіну үшін біз нейрон үрдістерін толығырақ зерттеуге міндеттіміз. Біз сұлулық тілі – көңіліміздің кілті екенімен келісе отырып, Димаш дауысының жағымды сезімге бөленгендегі, әсердің ақпараттық сипаты, күйі не екенін сараладық. Осылайша, нейроэстетика әрбір дара тұлғаның өз мәдениетінің аясында көрінетін тектілігін білдіретін коммуникативтік үрдіс ретінде таниды.
Жанарбек БЕРСТЕН,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры
«DAT», 30-наурыз 2017ж.