Достық дәнекері

Қырғызстан Президенті жанындағы «Иман» қоры мен Қырғызстан Жазушылар одағының ұйымдастырумен көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» Халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың Бішкектегі Ишенали Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің Шыңғыс Айтматов атындағы үлкен залында өткен шығармашылық кешін бауырлас елдің зиялы қауымы әдеби, мәдени өмірдегі елеулі оқиға деп бағалады. Айтса айтқандай, өзге кештерге ұқсамаған өзіндік өрнегі бар, тәрбиелік тағылымы мол тамаша кешті «Иман» қорының төрағасы Нұржігіт Қадырбеков кіріспе сөзбен ашты. Қырғыздың шоң шайыры Мархабай Ааматов, халық ақыны Гүлсайра Момунова, талантты жас ақындар Жылдыз Ақаева, Қиял Тәжиева және қазақтың көрнекті ақыны Қасымхан Бегмановтың қырғызша, қазақша оқыған достық жайлы жырлары зал толы халықты дүр сілкінтті. Қырғызстанның көрнекті актерлері Сәбит Досановтың «Жанұран» спектаклінен үзінді көрсетті. Қырғызстан Жазушылар одағы басқарма­сының төрағасы, Ел ақыны, Төтенше және Өкілетті елші Ақбар Рысқұлов, Арабаев университетінің ректоры Толобек Абдырахманов, Қырғызстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссияның Төрағасы – министр Ақылбек Абдыхалықов, Қырғызстанның халық суретшісі Марат Шарафутдинов, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Орозбек Айдаров, Қырғыз Мәдениеті мен әдебиетінің тағы басқа да көрнекті тұлғалары бауырлас екі халықтың достығы жайлы тебіріне сөйлеп, толымды ойлар толғады. Халық әртісі Дарика Жалгасынова бастаған Қырғызстан бұлбұлдары салған әсем әндер кеш көркін көркейте түсті. Сәбит Досанов екі елдің – Қырғызстан мен Қазақстанның достық қатынастарын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы «Иман» қорының төс белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Бішкектегі әдеби кеш екі елдің достығын бекіте түсуге қызмет еткен елеулі оқиға болды. Айгерім АЙТМҰХАМБЕТ qazaquni.kz