Мырзатай Жолдасбеков: Телеарналар жыларман, қайғылы түрік фильмдерімен жалықтырды
2017 ж. 28 наурыз
2959
13
Астанада "Хабар" агенттігінің құрамындағы жаңа "Ел Арна" телеарнасының тұсауы кесілді. Оның эфирінен тек отандық деректі фильмдер, шығармашылық ленталар мен сериалдар көрсетілетін болады.
Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.
Тұсаукесерге қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жаңа арнаға үлкен үміт артылып отырғанын айтты.
"Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде Қазақстанның телеарналарында ылғи бір баянсыз махаббат, тұрлаусыз өмір кешкен, жыларман, қайғылы түріктің фильмдерін көрсетумен жалықтырды. Бітпейтін бір сондай фильмдерге тап болдық. Халқымыз, әсіресе, ауылдағы халық сусап отыр. Қалада әйтеуір кинотеатрлар бар, ал ауылда олар жоқ. Енді асылдарымыз жайлы фильмдерді көретін боламыз. Халықтың көкейіндегісін таба білсеңдер, жаман болмайды. Несін жасырамыз, қазаққа қызмет ететін уақыт болды ғой. Өзгенің маңдайынан сипап, өзгені жетектеп, өзін жарқылқамай қалған халықпыз. Қазақты қазақтан басқа ешкім жарылқамайды. Сондықтан қазақтың маңдайынан сипап, арқасынан қағатын уақыт келді", — деді қоғам қайраткері.
Мырзатай Жолдасбеков тұтас фильмге арқау болатын қазақта біртуар тұлғалар көп екенін атап өтті.
"Біздің тарихымызда небір тұлғалар бар. Даналарымыз туралы фильмдер түсірілсе деймін. Күлтегін батыр, бер жағында Бұқар жырау, кешегі халықты отырғызып, тұрғызған үш би туралы түсіруге болады. Бүгін Шәмші туралы фильмді көреді екенбіз. Мұқағали туралы да фильм түсірілсе жақсы болады", — деді ол.
Жаңа телеарна әр түрлі жылдардың кинотаспаларын ұсынатын болады: "Қазақфильм" классикасынан бастап заманауи кинотуындыларға дейін, сонымен бірге мұрағаттық және көпшілікке аса мәлім бола қоймаған фильмдер. Бұдан бөлек, арнаның эфирін отандық режиссерлердің телехикаялары да толықтырады.