"Аспаннан жыр жауған күн"
2017 ж. 24 наурыз
2653
1
Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне орай ұлттық өнерімізді ұлықтап, дәстүрлі жыр, терме, толғауларымызды дәріптеу мақсатында "Алатау" дәстүрлі өнер театрында "Мәңгілік ел" жыр-терме кеші өтті.
Алтай-Атырау, Арқа-Алатау бауырынан келіп, Алматы баурайында бас қосқан дәстүрлі өнердің кіл мықтылары 21-22 наурыз күндері алып шаһар Алматының тұрғындары мен қонақтарына арнап өнер көрсетті.
21 наурыз "Тұлпар мініп, ту алған" атты ұлт-азаттық жыр-толғаулар кешін белгілі жыршы, өнертанушы ғалым, фольклоршы, Мемлекеттік "Дарын" сыйлығының иегері Берік Жүсіп жүргізсе, 22 наурыз "Атымды адам қойған соң..." атты адамгершілік пен ізгілікті жырлайтын кештің тізгінін Ерболат Шалдыбек ұстады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жыр тұлпарларының орындауындағы ХV ғасырдан бастау алған Хандық дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдері Ақтамберді, Бұқар жырау, Әбубәкір Кердерінің толғаулары мен Махамбет Өтемісұлы, Жамбыл Жабаевтың жырлары көрермендер көңілінен шықты. Сонымен қатар кешке қатысушы жыр-термешілер өз орындауларындағы туындыларды ұсынды.
Өнермен ауызданып, жырмен жұбанған, аталы сөзге тоқталып, баталы сөзге бас иген xалқымыз ұлттық өнерді жоғары бағалайды. Бүгінде көрерменнің эстетикалық талғам, таразысы биік, талабы зор. Соған қарай орындаушылар да шеберлігін шыңдап, сынға дес бермейді. Оны «Мәңгілік ел» жыр-терме кешіне қатысушылардың өнерлерінен байқауға болады.Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей қайталанбай дарын иелері. Өз кезегінде көзқарақты көрермен де жыр-терме орындаушыларының аңысын аңдап, қабілеттерін бағамдап отырғандай болды.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен кеш ұлттық өнеріміздің өсіп-өркендеуіне қосар үлесі зор деп есептейміз.
qazaquni.kz