ТҰРМАҒАМБЕТ
2009 ж. 06 қыркүйек
2560
0
(Жалғасы. Басы өткен санда)
М.Байділдаев 1960 жылы 14-қыркүйекте Әбдірауыққа жолдаған бір хатында: «Тұрекеңнің ақталғандығы жайында күмән болмауға тиіс. Тек личный делосы архивтен табылмай отырғаны болмаса. Өзі өлгеннен кейін личный делоны жойып жіберуі де мүмкін ғой. Оған ұрпақтары айыпты емес. «Шаһнаманы» осы жолы баспаға басуға МВД-ның цензурасы тексеріп көрді, өздері рұқсат етіп қол қойды. Ауылға барып, сұрап жүрген жергілікті органның әрекеті де осы жақтағы үлкен орынның тапсырмасы болуға тиіс. Сол үшін оған тіпті де қуыстанудың қажеті жоқ», – деп, ақын мұрагерінің мұңды жүрегі мен үрейлі көңілін жұбата сөйлейді.
Әбдірауық отбасымен оңаша қалғанда өз балаларына: «Қашан ақталғанша ол кісіні мен әкем деп айтып көрген жоқпын!» – дейді екен, әкесінің: «Әке балаға қырық жыл азық дейтін еді. Мен сенің артыңа қырық жыл қазық болармын!» деген сөзін есіне алып. Ақынның туған топырағында құмға шашылған тарыдай әр жерден, әркімнің аузынан үзік-үзік шертілетін шемен сырлар мен көнерген кептер ғана сақталған. «Деген екен!» деп басталатын шежіре-сөз тінін тарқататын Айтжан, Запа, Бұйратбек, Мінуар, Жаппар сияқты санаулы көнекөздерден басқа құймақұлақтар жоқтың қасы.
«Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» сериясының ХХ ғасыр басындағы ақындар шығармаларына арналған 5-томда Т.Ізтілеуұлының «Шаһнама» жырына берілген көрсеткіште: «1957 жылы М.Байділдаев Қармақшы ауданы, Ленин атындағы совхозға Алматыдан арнайы келіп, Тұрмағамбет Ізтілеуовтың аударған «Шаһнамасын» ақынның баласы Әбдірауықтан алды. Араб әрпімен жазылған 815 беттік қолжазба, 35 дәптерден тұрады» деген дерек бар. 1957 жылы ақын бәйбішесі Биғаның қолынан «Шаһнама» жырының қолжазбасын алғаннан кейін М.Байділдаев Әбдірауыққа хат жазып, ақынның әулетінде қалған қолжазбаларын сұрата бастайды. 1958 жылы 9-тамызда жолдаған сондай бір хатында ол: «Тұрекеңнің өз шығармаларын машинкаға шетінен бастырып алып жатырмын. Оларды да бітірген бойынша баспаға өткіземін. Бірақ сіздің қолыңыздағы материалдар көп кешікпей көшіріліп, маған жетсе жақсы болар еді» дейді. Бұл жерде әңгіме ауаны баяғы «бес дәптер» хақында болып отырғаны түсінікті. Ал, машинкаға басылып жатқан Тұрмағамбеттің көзі тірісінде баспаға дайындалған, негізгі бөлегі кеңестік кезеңде туған өлеңдерден түзілген ОҒК қорындағы №714-бума болса керек. Шамасы, Әбдірауық М.Байділдаевқа қолжазбаның түпнұсқасын бермейтінін, тек әке мұрасы араб графикасынан қазіргі кириллицаға көшірілген жағдайда ғана бір данасын алу мүмкіндігі бар екенін ескерткен секілді. Жинаушыға «Шаһнама» жырының 35 дәптерден тұратын қолжазбасын бергеннен кейін де Әбдірауық әкесінің көзіндей болған, өзге «бес дәптерді» қарашаңырақта жиырма жеті жыл сақтайды.
1980 жылы жаз айында Сыр бойына белгілі фольклортанушы-ғалым Оразгүл Нұрмағамбетова келеді. Жыр көгінде жарқ етіп көрініп, ерте сөнген жыршы Көшеней Рүстембековтың мезгілсіз қазасынан кейін Сырға алғаш рет табан тіреген ғалым Қармақшы ауданы, Ақжар ауылындағы Көшенейдің анасына барып көңіл айтады. Содан соң Тұрмағамбет шаңырағына барып бата оқып, әңгіме арасында қалған қолжазбалардың аужайын сұрастырады. Әбдірауықтың әйелі Рабиға қолжазбаның ешкімге берілмейтіндігін кесіп айтса, жұбайы сыпайы ғана: «Сіздер оны алғанмен бәрібір түсінбейсіздер ғой» – депті. Оразгүл ақын қолжазбаларынан бірнеше өлеңді оқып бергенде ғана: «Бұл мүліктің өз адамы келген екен ғой», – деп, әкесінен қалған жазбаларды іргеде тұрған сандықтың ішінен алып беріп, міндетті түрде мұрағат қорына түсіруін аманаттайды. Бұл жылдары ақын қолжазбаларының үй ішіндегі сандықта сақталғанын Әбдірауық балалары да растайды.
Кейін, 1961 жылы жарық көрген «Рүстем-Дастан» мен 1972 жылғы «Назым» жинағындағы ақын өлеңдерінің орынды-орынсыз қысқартуға ұшырауына байланысты ақын әулеті өздерінің өкпесін білдірген. Бір назар аударатын жайт – О.Нұрмағамбетова деректерінде ақын қолжазбаларының «жерге» көмілгендігі туралы ештеңе айтылмаған.
Әлбетте, аталған материалдар институт қорына өткеннен кейін де ақын ағайындарының көңілі көнши қоймаған. 1980 жылдың күзінде Ә.Тұрмағамбетұлы мен К.Абылов есімді жамағайыны ақын мұрасының Қолжазба орталығына анық өткендігіне көз жеткізіп, көңіл бірлеу үшін алты күндік сапармен Алматыға арнайы келеді. Мұнда олар институт директоры З.Ахметовпен, бөлім меңгерушілері М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, М.Дүйсенов, Р.Бердібаев, Ә.Дербісәлиндермен кездеседі. Сөйтіп, Т.Ізтілеуұлының 1982 жылы тойлануға тиіс мерейтойы қарсаңында толық шығармалар жинағын шығару және қандай мекемелерге, кімдерге ұсыныс жасау керектігі жөніндегі сауалдарына жауап алып, ғалымдардың пікірін түйіп қайтады. Осы жылдың 16-желтоқсанында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері О.Нұрмағамбетова, М.Шафиғи, Ж.Әбішевтерге ауылға келісімен жолдаған мына бір хатында ол былай дейді: «Оразгүл, Мақсұт және Жарылғас іні-қарындастарым, амансыңдар ма? Салған ақшаларыңызды алдым (784 сом, 30 тиын). Ендігі айтатын сөз: Марданның қолында «Шаһнаманың» түбірі тұр (қолжазбасы). Соны Марданнан алып, Тұрекеңнің архивіне қосыңыздар... Істеген қызметтеріңе көп-көп рақмет».
«Шаһнама» қолжазбасының 35 дәптеріне, 1961 жылы жарық көрген «Рүстем-Дастан» кітабының қаламақысына және де басқа жарияланымдарға байланысты ол тиісті мекемелерден ақын мұрасына берілетін төлемақымен толық есептесіп қайтады. Әйтсе де, Тұрмағамбет мұрасының жиналуы мен қазіргі қаріпке түсірілуі барысындағы мәселелер тұсында көп жыл араласып, хат алысып тұрған Әбдірауықтың М.Байділдаев қолындағы «Шаһнама» жырының қолжазбасына бұлайша сенімсіздік танытуының сыры беймәлім. Мұраның сақталу тәртібі мен ережелерін көзімен көрген оған әке қолының табы тиген киелі мүліктің жеке адамның қолында ұзақ сақталуы (1957-1980) көңіліне қаяу түсірсе керек. Қалай болғанда да, өз еңбектері мен адал кәсіптеріне сенген ғалымдарға хат арқылы жағдайын айтып, «Шаһнама» қолжазбасының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына қайтарылуы жөнінде алаң көңілін білдіруі де жайдан-жай емес шығар?!
Тұрмағамбет жырлаған «Шаһнама»
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр-Қуаңнан шыққан шынжыр балақ шұбар төс тұқым Темірбек Қараұлы Жүргеновке Жалағаш-Аламесектегі мешіт-мектепте арабша хат танытқан алғашқы ұстазы Тұрмағамбет еді. Ұлық ұстаздың қабілет-қарымын бір адамдай білетін Темірбек ақын ағасын Алматыға – әдебиет пен өнердің хан базарына бекер алдырмаған болатын. Ұстаз бен шәкірт алдында алынбаған асу, игерілмеген асқар, әдебиет майданында тындырылуға тиіс қыруар шаруа күтуде еді. Әйтсе де, Сыр саңлағы өзін шығармашылық серпіліске бастаған ұлы жолға қоса тағдыр трагедиясы да тосып тұрғанын білген жоқ.
«1934 жылы июнь айында Алматы қаласында өткен Қазақстан жазушыларының бірінші съезі мен халық ақындарының республикалық слетіне Оңтүстік Қазақстан облысы атынан делегат болып қатысқан Тұрмағамбет ақынды келесі, 1935 жылы Қазақстан Өлкелік партия Комитеті Алматыға шақыртып алды» деген деректі алға тартушы М.Байділдаев болатын.
Бұған дейін де бірнеше рет: 1928 жылы жаппай тәркілеу кезінде «бай-құлақ» ретінде сотталған, 1932-1933 жылдары Кеңес үкіметіне «қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін» деген жаламен екі-үш мәрте тұтқындалған, басым жұрт Бұхарада оқыған «молда» деп танып, атына үрке қарайтын Т.Ізтілеуұлының беделі сол тұста тым төмен болмағанымен, асқақтап тұрмағаны да ақиқат еді. Сондықтан 1932 жылы алғаш құрылған Қазақ Пролетар жазушылары ұйымы өзі әлтек-тәлтек басып, шаңырағын қайта тіктей бастаған шақта Совет платформасындағы Қазақстан жазушыларының бірінші съезіне «молда» адамның делегат ретінде қатыстырылуы күмәнді. Оған қоса Тұрмағамбет қолына домбыра ұстап жыр айтқан орындаушы да емес еді. Ал, осы жылдың шілде айында өткізілген халық өнерпаздарының алғашқы слетіне Д.Нұрпейісова, Ә.Құрманов, Ж.Жабаев сияқты әнші, күйші, жыршы халық өнерпаздары шақырылғаны мәлім. Ендеше, қисынсыз қайшылықтарды айналып өтіп, Тұрмағамбет ақынның Алматыға келу сапарының жайын басқа себептермен байланыстырып көрелік.
1932 жылы 23-сәуірде шыққан ВК(б)П-ның «Әдеби, көркем өнер ұйымдарын қайта қарау туралы» деген белгілі қаулысынан кейін төңкеріс алдында қаламдары шыңдалып, еркін ойдың ығында болған қазақ жазушыларын Кеңес тұғырнамасына тартып, бірыңғай сол бағыттағы саясат ырқына қызмет еткізу науқаны басталды. Осы жылдары қазақтың көптеген қайраткер ұлдары әуелде ұстанған бағыттарынан қайтып, өздерін жаңа заманға сай қайта қалыптай бастаған. Жалғыз қазақ топырағында ғана емес, Кеңес Одағының құрамында болған барша бауырлас халықтардың өнері мен әдебиетінде бір мезгілде жүргізілген саяси науқанның бел ортасында кешегі молда, сол кездегі ағартушы-демократ Тұрмағамбет Ізтілеуұлының да жүргенін көреміз.
Шығармашылық өмірінде терең ізін қалдырған бұл науқандық сәт, ақын шығармашылығында «Кеңестік кезең» деген атпен белгілі. Ақын бұл науқанды бір адамдай меңгеріп, оның сан түрлі тақырыбының қыры мен сырына өндіре жазып, үкімет пен көсемдердің көсегесін көгерткен мадақ, астарлы мысқыл, одаларына кезек берген. «Жасасын, Кеңес табы гүлдей жайнап!» деген өлеңінде азабы мен азарын қатар тартқызған күндерінің бетіне тіке қараған Тұрмағамбет:
Қуылып бай-құлақтар құрып кетті,
Қан сорғыш секілденген қара бүйі.
Берілді батырақтың пайдасына,
Олардың ұстаған мүлкі, тіккен үйі.
Хәл-жайын аш-арықтың аңғарып тұр,
Ауданнан азаматтар келіп жиі... –
деп, бір заманда сойылын соғып, арын арлаған, бүгінде тоналып, тозығы жеткен қазақ ұлтының бай-манаптары мінген тақтың астын қазбалай сөйлеген. Қазақстан үкіметінің саяси тыныс-тіршілігі, ауыл шаруашылығы мен экономикасындағы жаңа бағдарламалар, өндіріс басындағы қызғынды көңіл, қызулы қызмет, өз табиғатына етене Халық ағарту саласында болып жатқан тың серпін, күрделі бетбұрыстар да ақынның қырағы назарынан тыс қалмады. Ол – «Горький жолдас, көркі едің», «Большевиктік партия», «Жасасын, Кеңес келісті!», «Күнің туды, кедейлер», «Енді жоқ кедей тапқа көру кемдік», «Сталин – бау-бақшалы қайнар бұлақ», «Сталин туды ырысына кедей таптың», «Сталин – аузымда атың, ойымда өзің», «Көп сәлем, көсеміміз Сталинге» сияқты одалар жазды. Сөйтіп, ақынның аузындағы қасиетті Алла атын күн көсем – Сталин есімі алмастырды. Тұрмағамбет те өзінің «ескі» көзқарасын қайта қарап, жан дүниесін жаңа құрылысқа бейімдеп, «қайта тәрбиеленген» Кеңес платформасының қатарындағы ақындар арасына келіп сіңуге тырысты. Бірақ бұл көңіл бақшасының төрінде иман гүлін мәпелеп өсіріп, бағып-қаққан құдайшыл ақынның нәпсі бәдтің айтқанын қылып, күнкөрісі мен жұрт қатарлы тіршілік етуі үшін сыртқы сынын өзгертуге мәжбүр болған бетперде әдісі еді.
«Құтты болсын, ағартудың мектебі, // Мектеп ашып, миуа, жеміс сепкені!» – деп, жарияға жар сала жырлаған ақынның осы бір өлеңінің мазмұнына өрілген: «Міне, октябрь он төрт жасқа жеткені» деген дерекке назар аударсақ, жыр жазылған мерзім 1931 жылдарға шамалас келеді. Күні түскендіктен барын салып, сарқыла жырласа да «молда» деген аты оны қайда барса да етектен тартып, бұдан кейін де бірнеше рет қамауға алынуына себеп болған. Т.Жүргенов Алматыға алдыратын 1934 жылдың алдында ғана ақын Ақмешіт пен Қазалы түрмелерінің бірінде тұтқында отырғаны мәлім.
1934 жылы парсы әдебиетінің классигі Ә.Фирдоусидің мың жылдық мерейтойын дүниежүзі тойлап, «Шаһнама» әлем халықтарының тілдеріне аударыла бастайды. Сол кезде «Шаһнаманы» қазақ тілінде сөйлету мәселесі көтеріліп, Шығыс тілдеріне жетік маман іздейді. 1933 жылы Қазақ ССР Халық Ағарту Комиссариатының басшысы қызметіне тағайындалысымен, 1936 жылы Мәскеуде халық өнерпаздарының онкүндігін өткізу жөнінде тапсырма алған Т.Жүргенов, осындай абыржы кезеңнің ұтымды сәтін пайдаланып Сырдағы Т.Ізтілеуұлын Алматыға алдыру мәселесін жеделдеткен. Сөйтіп, 1935 жылы Казкрайкомның секретары Л.И.Мирзоянның келісімін алған соң, астанаға келген Тұрмағамбет ақынның әуелі күнкөрісі мен тұрмыстық мәселесін шешіп алу үшін Т.Жүргенов «ғылыми қызметкер-аудармашы» деген штат белгілеп, ұстазын өз қарамағына – ағарту саласына қызметке орналастырды. Бір жағы, аударма ісін қадағалап, басшылық жасап отыру үшін де бұл екі жақты ойластырылған ұтымды шешім болатын. Сонымен, Тұрмағамбет ақынның «Көкелташ» медресесінің қабырғасында жүргенде-ақ қиялын тербеген ізгі ойы арада біраз жылдар өткенде, саяси науқандар шалымына орай іске асқан. Ә.Фирдоуси «Шаһнамасын» қазақшалау ақынға осылай жүктелді.
(Жалғасы бар)
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы-ғалым