Мүшәйра!!! Махаббат маусымы

6
3008

Көрікті көктем келгелі, көгарай сәуір енгелі көктей бүршік жарып, гүлдеген көңілдер де көкке самғап, көркем сезім күн сәулесін төгуде.
«Жас қазақ үні» газетінде көтерілген «Махаббат күні» мәселесіне байланысты «Махаббат маусымы» мүшәйрасы өткізіледі.
«Махаббат жас талғамайды» дегендей, махаббат мүшәйрасы да жас талғамайды…
Өлеңдер  2011 жылдың 15 мамырына дейін қабылданады.  Мүшәйраға тек жаңа өлеңдер ғана қабылданады. Көлеміне шек қойылмайды.
Бас бәйге – жеңімпаздың жеке кітабын – махаббат жырларын  «Тұран» баспасы шығарып береді. Өзге де үздік жырлар «Махаббат маусымы» жинағына кіргізіліп, «Жас қазақ үні» газеті мен «Жұлдыздар құпиясы» журналында жарияланады.
Өлеңдерді «Жас қазақ үні» газеті редакциясына, 050006, Алматы қаласы, Қалқаман-3, К.Сейітов көшесі,11 үйге, [email protected] электронды поштаға және www.qazaquni.kz сайтына жолдауға болады.

Мүшәйраға қатысыңыздар, Махаббат жыршылары!

6 ПІКІРЛЕР

  1. «Махаббат мүшәйрасының» қорытындысы шықты.
    Кешігу себебі – қазылардың бір шешімге келе алмауы…

    Биылғы көктемнің аяғында Махаббат мейрамы қарсаңында «Жас қазақ үні» газетінің бастамасымен «Махаббат мүшәйрасы» басталғаны белгілі. Ол үшін арнайы http://www.mushaira.qazaquni.kz сайты ашылған болатын. Махаббат жырларына ынтықтар аз емес екен. Бір айдың ішінде кейбір ақындарымыздың, мысалы таланты тас жарып тұрған Табиғат Абайлдаевтың өлеңдерін оқушылар бес мыңнан асып кетті… Өлеңдері өрнекті Дәурен Айманбетов пен Гүлмира Сүйекенованың, дарыны дараланып тұрған Данияр Әлімқұлдардың оқырмандары да аз емес.
    Ал ең көп «Жүрекке дөп тиген» жырлардың ондығын екі шайыр, тағы да Табиғат пен Дәурен екеуі бөлісті. Табиғат жүрегін жаулағандардың саны 470-ке жетсе, Дәурен 367 оқырмандардың жүрегіне дөп тиіпті.
    Сонымен қатар қазылар алқасының көңілін аударған өзге де ақындарды атай кетейік. Олардың алдыңғы сапында Динара Мәлікованың топтамасын, Индира Керееваның «Көпшігін», Нұрлан Досмағұловтың «Ұйқыдағы қызын», Ардақ Құлтайдың «Мен күнмін» Айбек Байтөренің «Жапон қызы мен мас ақын» жырларын айтуға болады. Жалпы төрт-бес автор болмаса, көбісінің жырлары жақсы деп айтуға болады. Ал танымал ақын Бақытжан Абызовтың «Автобустағы ару» өлеңі сексенінші жылдары жастар жатқа айтқан жыр болғандықтан, жаңа жырлар талап ететін мүшәйра қатарына қоса алмадық… Негізі мүшәйра мақсаты жаңа есімдерді анықтау болғандықтан, Бақытжанды да конкурстан тыс қатысқан белгілі таланттар Ақберен мен Бақытгүл Бабашеваның қасына қосу керек еді…
    Сонымен, мүшәйраның бас бәйгесі жеңімпаз бір ақынның махаббат жырларын кітап етіп шығару болатын. Қазылар алқасы ұзақ уақыт сол бір ақынды анықтауда бір шешімге келе алмады. Мүшәйра қорытындысының кешігуінің де бір себебі осында жатыр. Ол үшін біз сайт оқырмандары мен авторлардан кешііірім сұраймыз.
    Ақыры, ең көп оқырман жинаған ақын Табиғат Абайлданов пен қазылардың басым даусын иеленген Данияр Әлімқұл екеуі жеңімпаз деп танылып, «Тұран» баспасынан кітаптары шығарылатын болып шешілді. Кітап келесі жылғы Махаббат мейрамына дейін шығуы тиіс.
    Мүшәйра ұйымдастырушыларының ұсынысы бойынша, демеушілер табылып жатса, Дәурен Айманбетов пен Динара Мәлікованың да кітаптары шығарылу мүмкіндігі бар екенін айта кетуіміз керек.
    Сонымен қатар жеңімпаздармен бірге 31 автор іріктеліп алынып, жалпы бір жинақ болып шығады. Бұл ақындар жырлары «Жас қазақ үні» газеті мен «Жұлдыздар құпиясы» журналында жарияланады.

    «Махаббат мүшәйрасы» қараша айынан бастап, екінші кезеңін бастайды. Ол келесі жылғы Махаббат мейрамына дейін жалғасады.
    Мүшәйраға қатысыңыздар!
    Махаббат жыры мезгіл мен жас талғамайды…
    Ұйымдастыру алқасы.
    http://www.mushaira.qazaquni.kz

  2. «Махаббат маусымы» мүшәйрасына

    АҚ ТҰМАН

    Күн бұлыңғыр,хош көрмейтін сейілді,
    Жабырқаулық тарылтқандай пейілді.
    Көк теңіздің жамылғысы – ақ тұман –
    Қалыңдықтай беташарға дейінгі.

    Аппақ тұман күн сәулесін сораптай,
    Жолатпай тұр, адамдарға жолатпай.
    Жетім тамшы жерге тырс-тырс тамады,
    Тойға келген тәкәппарлау қонақтай.

    Бірімізді бірімізге тұтқын қып,
    Қолшатырдың аясында көп тұрдық.
    Махаббат пен ақ шәлідей ақ тұман,
    Бір-біріне неткен ұқсас тұтқырлық?!

    Ғашықтардан қалсын десек баянды із,
    Ғарыш жаққа бірге қанат жаярмыз…
    Табиғаттың өз шатыры ашылса,
    Қол шатырды біз де жинап қоярмыз.

    БІЛІП ТҰРЫП ІСТЕДІК-АУ…

    Ынтық көңіл тұрып алды өзеуреп,
    Махаббаттың талқысына төзем деп.
    Сен ертерек тумағанда, мен кештеу,
    Тәтті мұңның ащы дәмін сезер ме ек.

    Ғашық-жүрек жер ортада алданбас,
    Десем-дағы алтын басың қорланбас.
    Мен пақырды алаңдатпай қоймайды,
    Көздеріңнен мөлт-мөлт етіп тамған жас.

    Дауысымыздан табылып бір үндестік,
    Жүретіндей қос аққудай күнде өстіп,
    Махаббаттың жас талғамас заңымен,
    Біліп тұрып, істедік-ау білместік.

    Ерте келген көктеміндей Күнгейдің,
    Сезім отын сенімсіздеу үрлеймін…
    Әнсіз өмір –мәнсіз өмір екенін,
    Соған қарап енді түсінгендеймін.

    Шырқа көңіл, самға көкке, атойла,
    Бірде еріп, бірде тас боп қатай да,
    Бір Алладан медет бер деп сұрайық,
    Өткен іске өкінгенмен не пайда?!

    Әбдіғаппар АЙДАРОВ,
    Шардара қаласы

  3. Мүшәйраға қатысу үшін қанша өлең болу керек? Түгел жаңа өлең болу керек пе, әлде бұрын жарияланған жырлар бола ма?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз