Ләйлә Сұлтанқызы: Мақсатымыз - жас ұрпақтың санасына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіру
2017 ж. 16 наурыз
5890
6
Бүгінгі таңда бала тәрбиесінде телеарналардың рөлі ерекше. Осы орайда "Балапан" телеарнасы Қазақстанның кішкентай тұрғындары үшін өте қажет десек артық емес. Алайда, аталмыш телеарна балаларға қандай ертегілер көрсетіп, қандай бағдарламалар ұсынуда? Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісіне "Балапан" телеарнасының директоры Ләйла Сұлтанқызы тарқатып айтып берді.
- Телеарнаның ашылғанына бірнеше жыл болды. Қандай өзгерістер бар?
- Өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру – перзент алдындағы парыз, өте маңызды құндылық. «Баланың бас ұстазы – ата-ана» десек те, жас буынның көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастыруда қоршаған орта, отбасынан тыс әлемінің ықпалы зор екені ақиқат. Қазіргі алмағайып заманда бала психологиясына кері әсерін тигізетін дүние көп. Ақпараттың ашық кеңістігіне балаларымыз еркін еніп барады. Теледидарды былай қойғанда, ғаламторға тәуелділік артып келеді. Ең қауіптісі – баланы тұлға ретінде тәрбилеуде отбасының да, мектептің де рөлінің төмендеуі. Бұл мәселемен ел болып күресу керек.
Балалар әдебиеті мен баспасөзі тәрбие құралы ретінде ежелден-ақ мойындалған. Жаңа технологиялар санамызды қаншалықты жауалап алса да, сауаттылықтың басында бәрібір кітап тұрады. Оған ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймын. Елімізде сапалы, мазмұны бағалы балалар басылымдары баршылық, бірақ насихатталуы көңіл көншітпейді. Осы орайда баланы оқырман ретінде қалыптасыруға әрбір ата-ана қызығушылық танытса игі еді.
Жас ұрпақтың санасына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіре отырып, білім мен тәрбие көзі болу және адамгершілікке, еңбекке баулу, дүниетанымын қалыптастыру мақсатында жасалған маңызды қадамдарымыздың бірі – «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамындағы «Балапан» арнасының ашылуы. «Балапан» – еліміздегі балаларға арналған тұңғыш және бірегей арна. Бүгінде барша қазақ баласының рухани жетекшісі болып отыр.
Телеарна алты жыл ішінде біршама белестерді бағындырып, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда. Оқу-танымдық, спорттық, ойын-сауықтық, анимациялық және көрерменмен интерактивті байланысты арттыруға негізделген интеллектуалдық телебағдарламалары көпшілікке ұнайды. Алты жылдың ішінде 300-ге жуық отандық жоба кішкентай көрермендерге жол тартты.
- Соңғы кездері телеарналарды шетелдік мультфильмдер басып кетті. Осы орайда "Балапан" арнасы, отандық арна ретінде, ұлттық нақышта қандай ертегілер ұсынып жүр кішкентай көрермендеріне?
«Балапан» арнасы ашылғалы отандық анимация саны, сапасы жағынан болсын өсіп келеді. Біздің арнамыздың тапсырысы бойныша жыл сайын ең кемі 5-6 жаңа анимациялық туынды жарық көреді. Олардың көп сериалы мультхикаялар екенін де айта кетейін. «Балапан» арнасының әрбір тележобаны жасауда ескеретін ең үлкен талабы – тәрбиелік мәнінің болу. Кез келген анимация мен бағдарламаның ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған арнайы тақырыптары болады. Мейлі, ол спорт туралы анимация болса да, міндетті түрде ұлттық ойындар, ұлттық спорт түрлері қамтылады. Мысалы, бір ғана «Әли мен Айя» мультхикаясын алып қарасаңыз мазмұны жағынан да, картинасы жағынан да біздің ұлттық нақышымызға сай келеді: жайлаудағы киіз үй, атасы мен әжесінің тәрбиесіндегі немерелер. Әли мен Айя атты балақайлар бір сериясында алтыбақан тепсе, екінші бөлімінде әжелері оларға ұмытылып бара жатқан бес тас ойынын ойнауды үйретеді. Одан бөлек аталары оларға ұлттық аспапта ойнап, тарихтан сыр шертіп, салт-дәстүр туралы мол мағлұмат айтса, әжелері ірімшік, құрт, бауырсақ сияқты қазақ тағамдарын әзірлеп береді. Яғни, бұл мультхикая арқылы балалар ұлттық құндылықтарымызды танып, айналасын барлап, түрлі құпияның сырын ашады.
Ең кішкентай көрермендерімізге арналған «Балапан және оның достары» анимациялық топтамасы 4 жыл қатарынан балалардың ана тілімізді терең меңгеріп, айналасына сергек көңілмен қарауына ықпал етіп келеді. «Данышпан қарға», «Сәлем, Астана!» анимациялық туындылары «жасыл экономика», «ЭКСПО-17», «баламалы қуат көздері», «қоршаған ортаның экологиясын сақтау», «ғылымның жаңа салалары» сияқты тақырыптарды түсіндіріп, табиғатты аялауға шақырады.
Ал «Көжектер» мультхикаясының мақсаты – кішкентай көжектердің бастан кешкен оқиғаларын негізге ала отырып, балаға өмір құбылыстарын түсіндіру, әдептілікке, әдемілікке баулу. Сондай-ақ, қазақ хандығының құрылуы, оның алғашқы хандары мен жалпы тарихы туралы, Алаш қайраткерлерімен таныстырып, олардың еңбектерін балаларға түсінікті тілде жеткізетін «Ерден атаның ертегілері» мен «Сен білесің бе» атты жобалар бар.
Біз әр бағдарламаға көрерменнің жас ерекшелігіне қарай елбасының әр жолдауында көрініс табатын идеологияны қосамыз. Жас ұрпақты шығармашылыққа икемдеуде, талантын ашуда, шеберлігін дамытуда «Айгөлек», «Әдемі-ай», «Он саусақ», «Аспаз мектебі» және ұлттық аспаптарда орындаушылыққа ерекше мән беретін «Балапан жұлдыз» сияқты жобалардың маңызы зор.
Арна тамыры тереңнен басталатын жыршылық өнерді де назардан тыс қалдырған емес. Моңғолия, Өзбекстан, Қытай сияқты көршілес жатқан мемлекеттегі қандастарымыз келіп қатысқан «Алтын құлын» жас жыршылар телевизиялық бәйгесі ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ әдебиетіндегі «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Едіге», «Ер Тоңға», «Исатай-Махамбет» сынды жырларды нақышына келтіріп, жатқа орындады.
Одан бөлек, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында «Менің мақтанышым» атты бағдарлама жарыққа шықты. Мұнда балалар өз өлкесі, ауылы, ауданы туралы деректер айтып,көрікті және тарихи жерлерімен таныстырды. Сонымен қатар, дүйсенбі мен жұма аралығында тікелей эфирде өтетін «Ойлан,тап!» бағдарламасында «Аталар сөзі», «Салт-дәстүрді білесің бе?!», «Тұлғамен танысу» сияқты құндылықтарымызды дәріптейтін айдарлар бар.
Салауатты ұрпақ тәрбиелеу мақсатында спортты насихаттайтын бағдарламалардың саны артуда. Солардың қатарында «Шынықсаң – шымыр баласың», «Шытырман», «Алақай, балақай!» атты спорттық – интеллектуалдық телебағдарламалар балаларды спорттың түрімен таныстырып қана қоймай, бірге жаттығуға шақырады. Жоғарыда аты аталған бағдарламаларда ұлттық спорт түрлері де қамтылады. Мысалы, балалар теңге ілу, көкпар, арқан тарту, ханталапай, қазақша күрес сияқты ойындар ойнау арқылы кішкентай көрерменге олардың мәні мен мағынасын көрсетеді.
Сондай-ақ, ұйымшылдыққа, ғылымға, тапсырмаларды жылдам шешуге, топтық бірлік, өзіндік пікір қалыптастыруға жетелейтін «Зерде», «Алғыр алтау», «Квест» жобалары бар. Ал тікелей эфирде интерактивті, танымдық ойындар ойнататын «Ойлан, тап!», «Аялдама», балаларға үй тапсырмасын орындауға көмектесетін «1000 түрлі сұрақ», сергітуге бағытталған «Бірге-бір» бағдарламалары арқылы көрерменмен тығыз және кері байланыс орнатылады.
Балабақшаларда үйрететін әндердің караокесі анимациялық формада бүлдіршіндердің назарына ұсынылды.
Жоғарыда көрсетілген барлық жобалардың әндерін, «Балапан» арнасының әнұранын балалар жатқа айтып жүр. Ата-аналар мен кішкентай көрермендердің сұранысы бойынша ән жинақтар шығарылып, балабақшаларға таратылды. Сондай-ақ, телеарнаның 5 жылдығына орай, «Менің ғажайып ертегім» кітабы жарық көрді. Оның екінші бөлімі осы жылы да жас оқырмандарымызға ұсынылады. Бұл – бірнеше мысал ғана.
Бүгінгі таңда ата-аналар балаларын «Балапанға» сеніп тапсыра алады. Жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейту, талғамын қалыптастыру, жақсы мен жаманды ажырата білуді үйрету, білім көкжиегін кеңейту жолында «Балапан» арнасының аянып қалмасы анық.