ҚАЙДА ҰШТЫҢ, ҚАСҚАЛДАҚ ? Сазгер Лесбек Амановтың қазасына
2017 ж. 07 наурыз
4523
2
КӨКИІРІМНЕН КӨКТЕП ҰШҚАН
Лесбек пейілі таза, пенделіктен ада жан. Пейілі таза болмаса, ала көңіл пендеден исі қазақ баласының сүйіктісіне айналатын әндер туылар ма? Бала мінезді Лесбектің көңіл дүниесіне Алла ерекше қасиет берген.
Кіндік қаны әжі Сеңгірбай құт мекенінің кемеріндегі, бүгінде көк теңіздің астында қалған «Көкиірімде» тамса, жалаң аяқ жар кешкен, қызыл аяқ қыр кешкен балғын шағы Көксудың жидесі мен тораңғылы, жыңғылы мен шеңгелі бытысып өскен Сырдария жағындағы ну орманында өтті.
Мектеп табалдырығын 1962 жылы Шардара совхозындағы (қазіргі Қ.Тұрысбеков ауыл округі) шопан балаларына арналған мектеп-интернатта аттаған Лекең бірінші сыныптан кейін, «Көксу» совхозындағы С.Ерубаев мектебінде оқушылық өмірін жалғастырады.
Ол кезде С.Ерубаев атындағы мектеп сегіз жылдық қана еді. Сегізші сыныпты тәмамдаған оқушылар ары қарай қай ауылда он жылдық білім ошағы болса сонда барып оқитын. Бірақ сол жылғы түлектердің несібесіне Көксуға көршілес жаңадан «Октябрьдің 50-жылдығы» атындағы күріш совхозы құрылып, сол жерде он жылдық орта мектеп те ашылып қалды.
Лекең – сол білім ұясының 1972 жылғы алғашқы түлегі. Лекеңнің мектептегі жолдастары да оқу-білімге, өнер мен спортқа құштар ерекше буын еді.
Ислам Әбішев, Серікбай Қайназаров, Қалтөре Қуанышбеков, Керімбай Сұлтанов, Сәрсенкүл Айдарова, Гүлайым Асылбекова, Уәли Исақов, Дауылбай Сүлеев, Бақтыгүл Қаржауова, Меруерт Бейсенова сынды аға-әпкелеріміздің қай-қайсысы да үлгі тұтатындай жандар-тұғын.
Бұралаң соқпағы шым-шытырық ғұмырдарияның бел-белестерінде қолмен нұсқап, көзбен көрсетпесе де осы жандардың біздің өмір жолдарымызға қандай да бір оң септігін тигізгені анық-ау.
Ал Лекеңнің қазақ өнерінің қазынасына қосқан үлесінен, қосар үлесі әлі де болса мол еді, баршылық еді.
Ұлтымыздың ән әлемінде егіз тағдыр екі тұлға болды. Бірі қазақ әнінің падишасына айналған Шәуілдірден қанат қаққан Шәмші де, екіншісі Шардараның Лесбегі... «Қара бауыр қасқалдағы...» Біздер де ғашық болған «Ақторғыны...»
Екеуі де артында өшпес, өлмес қазына қалдырды.
Жасандылықпен жауырды жаба тоқу қанымда жоқ қасиет. Сондықтан Лесбекті ішпеді деп, ол жағынан періште еді деп айта алмаймын. Мүмкін алдамшы өмірде жазылмас күйігінің өшін отты сумен қайтарып өкінішін басып жүрді ме? Кім білсін..? Ол жағы бір Аллаға аян, өзіне аян...
Жүрек қалағанын сұрайды, Алла қайырлысын береді. Бізге салса Лесбектің арамызда қалқиып жүре бергенін қалар едік... Амал қанша? Тағдыры солай екен де...
Лесбек өмірде әке тұтқан, өнерде ұстаз тұтқан, қарт-жырау Тәшман ақсақал оқтын-оқтын күрсініңкіреп «Бозым еді ғой», – деп қояды.
Жоқтауға ұшыраған дүниеде береке болар ма, десек те, Лекең өмірден өтсе де тіршілікте өнер өлкесінде шығармашылық қарым-қатынаста болған бірқатар азаматтар «Әлі жарыққа шығарып үлгермеген әндері менде бар еді, менде де бар еді», – деп хабарласып жатыр. Бұған да шүкірлік.
Алланың бітуаналы ісі осы болар да...
Әбдіғаппар АЙДАРОВ
ҚАЙДА ҰШТЫҢ, ҚАСҚАЛДАҚ
Сазгер Лесбек Амановтың қазасына
Хабары қуаныштың кештеткенде,
Ескегін бұл тағдырдың еспек пенде.
Саз болып, әуен болып жаралған ең
Айдыннан ұшып кеттің Лесбек сен де.
Әніңді тыңдайды аға, тыңдайды іні,
Фәнидің келер аян мұндай күні.
Достарым шетінен ғайып болып
Қосады бір қайғыға бір қайғыны.
Тірліктің көп болса да баспалтағы,
Жоқ еді сұлу саздан басқа арманы.
Оранып «Ақторғынға» қай жаққа ұштың
Қазақтың қара бауыр қасқалдағы.
Өнерің кішкенеңнен елге ұнады,
Көкейде Сыр толқыны, желдің әні.
Досым-ай, сен ойнаған сырнайыңның
Дыбысын естімейміз ендігәрі.
Қызығын мына өмірдің тауыса алмай,
Саздарың келер күнге ауысардай.
Бір тойың болады деп күткен кезде
Еліңмен кеттің, досым, қауыша алмай.
Құлақта айтылатын сырың қалды,
Гүлдерің туған жерде бүрін жарды.
Сыр толқын, Қызылқұмның қойнауында
Қалады Лесбек бауыр, үнің мәңгі!
Бауыржан Қарабеков
15-ақпан 2017 жыл.
Сіздерді 2017 жылғы наурыз айының 10-жұлдызында ОҚО Шардара қаласы, «Мәлика» тойханасында сағат 12.00-де өтетін Шардара ауданының Құрметті азаматы, сазгер Лесбек Анасұлының 40 күндік асына шақырамыз. Құран ішінде болыңыздар.
Ас берушілер: Шардара ауданының азаматтары.