Еңбегінің еленбегенін елемеген мүсінші
2011 ж. 07 сәуір
4385
0
Сабырлы, кісіні ыждаһатпен тыңдап, сөзге сараң болғанымен өз ойын қабағын керіп отырып, әдемілеп жеткізетін Әбілбек ағамен алғашқы рет құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмырында «Құланның ажалы» атты романымен қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған жазушы Ақан Нұрмановтың 70 жылдығы қарсаңында туған ауылы Байғабылда және Аманкелді ауданы орталығында жазушы мүсіндерінің ашылу салтанатында кездескен едік. - Ақанмен бір мектепте оқыдық. Менен үлкендеу болатын. Алғыр жігіт еді, үнемі ой үстінде жүретін. Ақсақалдар жиналған жерді сағалап, олардың таңды таңға ұластырар ұзақ әңгіме, сөзжарыстарын жалықпай тыңдап, бірдеңелерді неге сұрастырып, зерделейтінін кейін ұқтым ғой. Құламерген Кейкі батыр туралы деректер жинап, зерттеп жүр екен. Суреттері баршылық қой, дегенмен де өз ойымдағы образын бейнелеуге тырыстым, - деген еді сонда белгілі мүсінші Әбілбек Ұзақов. Сарыарқаның солтүстік-батысын алып жатқан қарт Торғайдың тарихындағы батыр да, ғалым да, ақын-жазушы да, қарапайым еңбек адамы да Әбілбек ағаның кейіпкерлері. Жетпістен асса да еңсегей бойын еңкейтпей тіктеп ұстайтын мүсіншінің қолы саз-балшықтан босамайды. Темір біліктерінен тұратын ішкі арқауын бірнеше рет електен өткізіліп иі қанған сазды сулы шүберекпен араластыра отырып қондырады. Әр қырынан суреттелген бейне - болашақ мүсіннің ішкі нобайы келгенше сазды кептірмей ұстап, әлсін-әлсін сулап, қайта құрап, бұзып, қайта жымдастырады. Қиял қиянындағы кескінге жеткенше әлі қайда? Бұл - үлкен жұмыстың оннан бірі ғана. Ен үлкен туындысы – Аманкелді батырдың ескерткішіне 6 айға жуық уақыт кетіпті. ...Асығыс, желбегейінің етегі желмен қайырылған сұсты батырдың бір қолында умаждалған маусым жарлығы... Екінші қолындағы қылышын қынабынан суырып, қазір-ақ ереуілшілерге «Аттың басын Торғайға!» деп бұйрық беретіндей... - Менің кәсіпқой мүсінші болуыма белгілі суреткер Хакімжан аға Наурызбаев себепші болды, - дейді әңгімесін әріден бастаған Әбілбек аға стол үстіндегі әкесінің мүсінін өңдеп, қашай отырып. Алматыда Аманкелді Имановтың 90 жылдығына орай батырдың ескерткішін тұрғызу белгіленіп, батыр бейнесін жасауға тапсырыс алған Хакімжан Наурызбаев 1958 –ші жылы Батпаққара өңіріне келіп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Аманкелді батыр туралы деректерді жинай бастайды. Әрі алыстан арнайы келген мүсіншіге аудан басшылары Мырзағали Алтынбаев, Еркін Шәйкенов, Намазбай Әмзин, Досан, Қошан Есболовтар, Бисапақ Шаяндин, Әбу Сыздықов сияқты ел мақтаныштарын - Социалистік Еңбек Ерлерінің бейнелерін сомдауын өтініш етеді. Сол кезде құрылғандарына отыз жылдай болған, қатар жатқан егіз ел - Аманкелді Иманов, Әліби Жанкелдин аудандарының халқы қазақтың бар даласын ұлы дүрмекке айналдырған азаттық күресіне қатысушылардың да, көтеріліс көсемдерінің де бейнелерін қастерлеп жадында сақтаған, ереуіл куәлері жеткілікті болатын. - Хакімжан аға бір айға тарта уақыт бойы естеліктерді сұрастырып, жинастырып жүрді. Кім біледі, егер мені жүргізуші етіп сол кісіге көмекке бөлмегенде, мүсінші болар ма едім, болмас па едім, - деді Әбілбек Ұзақұлы қабағын керіп, маңғаздана. Мектепте оқып жүргенде сурет салу қабілеті аңғарылғандықтан, қабырға газетін шығару, түрлі мерекелердің көркемдік безендіру шараларын жақсы атқарып жүрген Әбілбектің мүсін жасау да ойында бар болатын. Қолы қалт еткенде балшықты илеп, адамның, жан-жануарлардың кескінін жасап, кептіріп жүретін. Ауыл-ауылды аралап, материал жинап жүрген шеберге өз жұмысын көрсеткісі келеді, болашақ суреткердің талабын аңғарған Хакімжан аға бірнеше тапсырма беріпті. Қолы қолына жұқпай, салалы саусақтары сазды меңгеріп әкеткен ептілігін байқаған ұстаз өзі дәріс беретін Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түсуге кеңес береді. Әке-шешенің жалғызы, жаңа түскен келіншегі бар, отбасын көндіру оңайға түспейді. Оның үстіне оқу - бақандай 5 жыл. 1965 жылы көркемсурет училищесін жақсы аяқтап елге оралады. Елу жылға тарта шығармашылық еңбегінде Сары Қошқар батыр, Төлек Жәуке батыр, Аманкелді батыр, Құлан Кейкі батыр, Иман батыр (Аманкелдінің атасы) сияқты ел қорғаған батырлар, Қайнекей Жармағамбетов, Ақан Нұрманов, Әнуар Боранбаевтай әдебиет, өнер майталмандарының, ел ағаларының мүсіндерін сомдады. Мүсіндердің ең үлкені – Арқалық қаласы әкімдігі ғимаратының алдындағы Аманкелді Иманов батырдың монументальды ескерткіші. Биіктігі – 6 метр, тұғырының биіктігі де сондай. Қаланың көркіне айналған Аманкелді батыр мен Дала өлкесі тарихы мұражайы алдына жайғасқан Кейкі батыр ескерткіштері қала қонақтарының, жас жұбайлардың арнайы келіп суретке түсетін орындары. - Материал жеткілікті. Отқа төзімді балшық боксит өндірілген карьерлерде жатыр. Былтыр екі машинасын түсіріп алғанмын. Сосын, әрине, гипс, бетон, арматура темірлері сияқты материалдар қажет, - дейді Әбілбек аға. - Қаланың үйіне бармай, осы жердегі үйде отырғанымыз да сондықтан, - деп сөзге араласты Әбілбек ағаның 54 жыл отасқан жұбайы, 10 баланың анасы Бәтима апай. – Сырт-сырт, тырс-тырс еткізіп бірдеңесін қағып жатады, балғалап ұрып жатады, көп қабатты үйде оған кім шыдайды? Әрі, балшығы да тау-тау болып үйіліп жатқаны, әні. Орын жетеді. Ақмола атауына себеп болған Нияз ханның, қазақтың соңғы ханы - Әбдіғапар ханның ұрпағы Бәтима апаның тектілігі бітім-болмысынан, бипаз қозғалысынан, сындарлы сөзінен аңғарылады. Ағаның оқуын тосып, ата-анасын мәпелеп күтіп, балаларын тәрбиелеп, бәріне жоғары білім беріп орналастырған, ағаның өзіне де шығармашылық дем беріп, қолдап отыратын асыл анаға, батыр анаға бір мүсініңізді арнамайсыз ба деген базынамызға, суретші аға ондай ойының бар екенін айтты. Бәтимасының бейнесі арқылы жалпы ана атаулыға ескерткіш соғуды ойластырып жүр екен. - Еңсесі биік, жаулығы тіп-тік, иегі көтеріңкі, міне былай, жанары мейірімді, бірақ алысқа көз тіккен...- деп келтіреді мүсінші болашақ бейнені. Балаларының бәрі ою ою, тоқыма, сурет салу сияқты өнерден құр алақан емес, ал өзінің жолын қуар –ау деп үміттенетіні, кескіндеме, бейнелеу өнеріне үйір кіші ұлы – Сапарбек. Сапарбек Арқалық педагогика институтының көркем графика факультетін бітірген, қазір сол оқу орнында қызмет етеді. Ара-тұра көңілі ауғанда, шабыты келгенде саз илеуге кірісіп, мүсін жасайды, шамалы тапсырыстарды орындап жүргені болмаса, мүсіншілікпен тиянақты айналыса қойған жоқ әзірге. Әрине, жалпы шығармашыл жанға тән ізденімпаздық, ұдайы шеберлікті шыңдау сияқты қасиеттерге сыпайылық пен ізеттілік, еңбегін сатпас адалдықты қосса Әбілбек ағаның адамгершілік кейпі шығар еді. Қазақстанның Халық суретшісі, ұлттық монументальды өнердің негізін қалаушылардың бірі Хакімжан Наурызбаевтың шәкірті, бүгінде 80-ге таяу ірілі-ұсақты ескерткіш, мүсіндердің авторы, Торғай өңірінен шыққан тұңғыш кәсіпқой мүсінші Әбілбек Ұзақовтың жасы 75-ке келсе де әлі күнге не республикалық, не облыстық, не ауыз толтырып айтар қалалық марапат, атағы жоқ екен. Тіпті, Қостанай облыстық меценаттар клубының облыстың шығармашыл адамдары мен өнерпаздарының бірнеше рет алып жататын жыл сайынғы сыйлығына да (3-5 мың доллар көлемінде) ұсынылмапты. Тумысынан қарапайым жан, еңбегінің еленбеуін елемей-ақ осынша жасқа келіп, әлі де алдына шығармашылық жоспарлар белгілеп отыр. Ертеңгі күн түгілі, алдағы бір сағаттың өзі – болашақ дейді ғой. «Мен үлкейдім, ыңқыл-сыңқыл көбейді, енді бала-шағаның рахатын көріп, қолымды жылы суға малып отырамын» демейді Әбекең. Ел тарихының дамуына сүбелі үлес қосып, адал еңбегін сіңіріп, халық сүйер қалаулыларға айналған замандастарының мүсінінен тұратын галерея жасамақ. Сондай-ақ, қазақтың көрнекті журналист қызы, ұстаз, алғашқы абайтанушының бірі жерлесіміз Нәзипа Құлжанованың да мүсінін шығару ойында бар. Барлық дерек, құжаттарды, суреттерді жинастырып қойыпты. - Аға, жамандар «жақсымын» деп айғайлайды, жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды. Ештеңеге мұқтаж емессіз. Алла берген ұрпағыңыз бар. Қаншама еңбектеріңіз аудан мен қаланың көркіне, мәдени объектіге айналған. Соңғы ескерткішті (Кейкі батырдың мүсіні) облыс әкімінің өзі келіп ашты. Қаланың әкімшілігі, ақсақалдар кеңесі бар дегендей, сондағы жауапты кісілер ұсынбай ма атақ, марапатқа? - Ол не дегеніңіз? Ыңғайсыз емес пе? Мен атақ-абырой үшін еңбектенбеймін ғой... Ана жылдары бір кісілер Алматыдан тапсырыс берді аталарының мүсінін жасауға. Ол кісілерді (ол кезде әлі тірі еді) Хакімжан аға жіберіпті: менің сол төңіректегі бірден-бір шәкіртім, соның қолынан келеді, барыңдар, деп. Ұлы суретшінің сол мойындағанынан артық маған қандай марапат керек? Дархан даласындай далақтаған қайран аңқылдақ ағаларым-ай! Әрқайсысың кісінің ала жібін аттамайтын, адам баласына зәредей қиянат жасамайтын. адал еңбегіне ақы сұрамайтын ұрпақтың қадау-қадау қалған соңғы тұяғындайсың... Рәзия Бикенова, Арқалық қаласы