Әдебиеттану ғылымы қазақ баласына қажет емес пе? Қажет дейін десек, биылғы жылдан бастап, әдебиеттану мен қазақ әдебиеті пән ретінде ЖОО тізімінен алынып тасталыпты. Неге? - деп жазады "Айқын"газеті.
«Қазақ әдебиетін» оқыту немесе оқу бүгінгі ұрпаққа керек емес» деп ойлайтын секілді. Олар жеке пән ретінде тізімнен сызылып қалса, бұл қазақ руханияты үшін өте қауіпті екендігін айтады зиялы қауым.
Расында да, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру мамандықтарының тізбесінде «Қазақ әдебиеті», «Филология», «Әдебиеттану» мамандықтары жоқ. Бұл мамандықты бітіріп шыққан түлектер енді «Тіл білімі бакалавры» мамандығына ие болады. Әзірге шешім осындай болып тұр. Сонда қазақ қоғамы ұлттың әдебиеті мен мәдениетін қажетсінбей отыр ма? Қазақ әдебиетін мамандық ретінде пәндер тізімінен алып тастасақ, оның соңы не болмақ?
Белгілі ғалым Жаңғара Дәдебаев: «Ұлтжандылықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің қайнар көзі, негізі – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті. Қазақ тілі мен әдебиетін мамандық ретінде, әлеуметтік өміріміздің өмірлік маңызы зор құндылықтарының негізі ретінде оқытпаған жағдайда, оның орнын неше түрлі залалды, зарарлы ақпараттар ағыны баспайтынына еш кепілдік бере алмайды. Мемлекеттің, қоғамның, халықтың өмірлік мәні бар құндылықтарының негізі ретінде көпғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетін, қазақ тілін атына сай нақты мамандық шегінде оқу және оқыту арқылы жоғары білімді, жоғары білікті кадрлар даярлау – қазақ халқының және оның атымен аталатын Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінің бірі. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқу, оқыту және ғылым пәні ретінде сақтау, дамыту – ауық-ауық көтеріліп келе жатқан мәселе. Кейінгі жылдардың жүзінде болған жаңалықтардың бірі – қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерін оқытуға бөлінген сағаттардың жартысын ағылшын тілінде жүргізу болды. Даярланған маман жоқ, дайындалған оқу-әдістемелік құралдар жоқ» дейді.
Қазақ әдебиетін пәндер тізімінен алып тастауда қауіп бар ма? Бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін белгілі ғалым Айгүл Ісмақованың мына пікіріне құлақ асайықшы: «Мемлекеттік қазақ тілі мен оның шежіресі – қазақ әдебиетін білім беру жүйесінен осылай ысырып алып тастау арқылы біз тәуелсіздігімізге өз қолымызбен қауіп төндіріп отырған жоқпыз ба? ХХ ғасыр жазба тарихы бар «Бабалар сөзін» осылай қор ететіндей басымызға не күн туды? «Ұлтты жою үшін оның әдебиетін жою жеткілікті» деген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ғалымдары, «Ұлттың жаны – Әдебиет» деген Жүсіпбек Аймауытұлының сөзін біз қалайша тез ұмыта қойдық екен? Былтыр Қазақстан тарихы жойылған кезде біз сатқындық жасап үндемей қалған едік. Енді өз басымызға күн туғанда ғана ұлт ғылымына төнген қауіпті елге түсіндіруді азаматтық парыз санап отырмыз. Осы күндері маған түрлі оқу орындарының ғалымдары өз наразылығын жазба түрде беріп жатыр. Өздері ресми қызметте болған соң ҚР БҒМ-ға ашық қарсылық білдіре алмай отырулары да түсінікті жағдай» дейді.
Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу мәселесі жиі талқыға түсіп жатады. Ұлттың рухани мұрасы, отансүйгіштікке тәрбиелейтін негізгі құралы – қазақ әдебиеті болса, онда ол мамандық ретінде оқытылмайтын жағдайға жетсе, онда не болғанымыз?
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик:
Әдебиет –халықтың жаны
– Кез келген ұлтты ерекшелейтін дүниелер болады. Қазақ әдебиеті де – сол сияқты ұлтқа қажет ғылымның бірі. Әдебиеті болмаған елдің қандай болатынын көз алдыңызға елестете беріңіздер. Лингвистика дегеніміз – тіл. Тіл мен әдебиетті шатастыруға болмайды. Екеуі де – ұлттың жаны. Екеуін біріктіріп қарауға болмайды. Мәселен, физика мен математиканы бір сала деп қарай алмаймыз. Физика бөлек ғылым болса, математика мүлдем бөлек сала. Демек, әдебиет те сондай бөлек ғылым. Ол – рухани әлеміміздің ең биік шыңы. Тіл де, әдебиет те – ұлтты ерекшелеп көрсететін ғылымдар. Тілі жоқ, әдебиеті жоқ ұлт болмайды. Ондай ұлт халық емес. Әдебиет тудырмаған халық болсақ, онда әңгіме басқа. Әдебиеті жоқ халыққа айналар болсақ, тобырдан айырмамыз не? Жүздеген томнан тұратын «Бабалар сөзін» шығардық. Он том әдебиет тарихын жаздық. Әуезов неге әлемге танылды? Жамбылды неге бүкіл рухани әлем мойындап отыр?
Әдебиетті классифактордан алып тастау – ойланбай жасалынған шешім деп ойлаймын. Бұлай асығыс шешім қабылдауға болмайды. Қазақтың тарихы, әдебиеті, тілі халықпен бірге жасай береді. Әр халықтың өз тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі болмаса, ол халық емес. Онда мәңгүрттен айырмамыз не? Тәуелсіздік алудағы басты мақсатымыз не? Ұлтты сақтау, ұлтты жетілдіру. Мәңгілік елдің негізгі идеясы да – осы. Мәңгілік ел болу үшін ұлттық сипаттар, ұлттық құндылықтар сақталуы керек. Елбасымыз «ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек» деген қағиданы жиі айтып отырады. Онда терең мән-мағына жатыр. Білім және ғылым министрлігінде отырғандар осыны ескерсе деп ойлаймын.
Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет зерттеушісі, профессор:
Қазақ әдебиетін өткізбеу – ұлтты әлсірету
– Ғылыми классификатордан біресе азаматтық тарихымызды алып тастау, біресе әдебиет ғылымын алып тастау – біздің мемлекеттік стратегиямызға нұқсан келетін мәселе. Өйткені тарих, тіл, әдебиет – әрбір ұлттың жаны, руханиятының діңгегі. Оларды елемеу, ескермеу – ұлттың өзегіне балта шабумен бірдей. Оның себебі, кез келген мемлекеттің негізін құрайтын ұлт болады. Ұлт мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмаса, онда ол мемлекетте береке болмайды. Жапонияда жапон тарихы мен әдебиетін оқымаған адамды мемлекеттік қызметке қоймайды. Бізде керісінше, біресе тарихты алып тастағысы келіп тұрады. Сосын ЖОО-да оқытпайды. Енді әдебиетті классификатордан алып тастап отыр. Бұл дегеніңіз – ұлтты әлсірету. Ұлттың руханиятын күйрету. Бұл айналып келгенде, ұлтты мәңгүрттендіреді. Ұлт әдебиетін, ұлт тарихын, тілін, ділін классификациядан алып тастау, не болмаса, жоғары оқу орындарында, мектептерде әдебиет сағаттарын азайту, пән ретінде өткізбеу деген сөз – ол тұтас ұлтты күйрету деген сөз.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Сөз өнеріне тоқтау салуға болмайды
– Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды. Біз әлем және қазақ әдебиетінің том-том кітаптарын дайындап, оларды үлкен айналымға шығардық. Екіншіден, ешбір елде болмаған «Бабалар сөзі» деп аталатын 100 томдықты дүниеге әкелдік. Үшіншіден, тәуелсіздіктің жаңа кезеңінде бұрын тыйым салынған тақырыптардағы шығармалар, әсіресе, тарихи шығармалар молынан жазылып жатыр. Әлем әдебиетінің жауһарлары қазақ тіліне аударылды. Мұның бәрі әдебиеттану дейтін ғылымның арқасында жүзеге асырылса, ал қазақ әдебиеті пәні арқылы әдеби мұраларымыз өз оқырмандарына жетіп жатыр. Осыншама мол мұраны игеріп отырған саланы классификатордан алып тастау – сөз өнеріне, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырған құнды дүниеге тоқтау салу деген сөз. Бұл қазақ әдебиетіне жасалған үлкен соққы болады. Білім және ғылым министрлігіндегі әдебиеттен хабары жоқ адамдардың жасап отырған шешімі болар деп ойлаймын. Бұл салаға осылай тосқауыл қою – әдебиеттану ғылымында, сөз өнерінде жүрген азаматтарға ауыр тиеді. Әрі бұл – ұрпаққа жасалған қиянат. Керісінше, бұл мамандықтар кеңейе түсу керек. Қазақ әдебиеті ғылымы дамыса, Мәңгілік елдің мұраты биік болады.
Cерікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН,доцент:
Өте қауіпті құбылыс
– 2017 жылы 1 ақпанда қолданысқа енді делінген Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторы» деген құжатта «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ әдебиеттануы», «Қазақ тіл білімі» деген мамандықтар жоқ болып шықты. Орнына «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау» (Подготовка учителей по языкам и литературе 6В011500), «Тілдерді оқу», («Изучение языков-родного, иностранного» 6В244 6В 023100) «Әдебиет және лингвистика» («Литература и лингвистика 6В023200) деген сияқты келешегі күмәнділеу мамандық еніпті. Сонымен қатар «Қазақстан тарихы», «Шығыстану» сияқты бұрыннан қалыптасқан мамандықтар да алынып тасталған. Сонда бұл не? Біздің мемлекет «қазақ» деген сөзден қашып отыр ма? Бұл мамандықтардың тарихы сонау ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялыларынан бастау алған еді. Жаңадан енген мамандықтар қай елдің әдебиеті мен тілін оқытады. Ұлттың негізі тілі мен әдебиетінде, тарихында тұрғанын білмейтіндер министрлікте отырғаны өкінішті. Бұл өте қауіпті құбылыс деп санаймын.
Біздің байлам:
«Әдебиетті жою – ұлтты жоюмен бірдей». Бұл – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлттық ұраны, рухани тіреуі. Өткен ғасыр басында әдебиетті жоғары мақсатқа қоя білсек, ХХІ ғасыр басында оны шектегіміз келіп отыр. Рас, тіл білімі – үлкен сала. Бірақ ол – әдебиет емес. Жеті ғасырдан бері жинақталған ұлттың әдебиетін жоя аламыз ба? Әдебиетті тіл біліміне біріктіріп, пәндер тізімінен алып тастау – ұлт әдебиетіне жасалған қиянат екенін әдебиетші мамандар шырылдап-ақ айтып жатыр. Әдебиет – тіл ғылымының аясына енбейді. Әдебиет – сөз өнері. Әдебиетке қиянат жасағанымыз – қазақ сөзіне қиянат жасағанымыз.
Гүлзина БЕКТАС
"Айқын" газеті