МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ
2017 ж. 28 ақпан
3371
0
Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың «Сырласу» клубында талантты актриса, белгілі режиссер Алма Кәкішева, актерлер Ажарлым Бақытжанова және Мерей Мұхтарұлымен кездесу өтті. Шараға театрдың тұрақты көрермендері, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің шәкірттері қатысты.
Кездесуде Д.Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» спектаклінде басты рөлдерді ойнаған актерлар лицей шәкірттерінің көкейінде жүрген сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Мұхтар Әуезов театрының белді актрисасы Ажарлым Бақытжанова қойылымда Мағжанның жары Зылиханың бейнесін сомдайды. Ал, Мерей болса қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың рөлін ойнайды.
– Біз Мағжан Жұмабаевтың өмірінен сыр шертетін спектаклді қоюымыз тектен тек емес. Өйткені қазақтың маңдайына біткен Абайдан кейінгі әулие атанған Мағжан Жұмабаев болатын. Сол себепті МағжанЖұмабаевқа деген құрметіміз осы спектакльден басталады дегім келеді. Дулат Исабековтың спектаклі Мағжанның жары Зылихаға арналған.Шығармада ақын Мағжанның мен сүйген жары Зылиха арасындағы махаббатты көрсетуге тырыстық – деді Алма Кәкішева.
– Актер мен режиссер арасындағы байланыс қандай болуы керек?
Алма Кәкішева:
– Спектакілді қою барысы ең қызықты дүние болып саналады. Ал, актер мен режиссер арасындағы қатынасқа келер болсақ бұл процесс ерекше өтеді. Мысалға бұл спектакілді дайындар сәтте мен жас қыздар мен жігіттердің арасынан лайықты актерді таңдап алуым қажет болды. Ол 27 жастағы Мағжан Жұмабаевты өз деңгейінде, тұлға ретінде бейнелей білуі керек.Біртуар ақын образын сомдау жолында біздің арамызда қызықты пікірталастар болып жатады. Басында өте көп түсінбеушіліктер болды. Мағжан Жұмабаев символист ақын болғандықтан, көп жерлерін мен актерлерге символика арқылы жеткізуге тырыстым. Тағы айта кетерлігі, осы спектакльді дайындау кезінде автордың да кейбір тұстарымен келіспеушілік орын алады.
– Ойнаған рөлдердің ішінде өзіңізге қайсысы жақын болды және неліктен?
Алма Кәкішева:
– Соңғы кезде ойнаған ең жақын рөлім сөзі жоқ, дыбыссыз – «Ат жылаған түн» атты өзбек режиссері қойған спектакль. Сөзі жоқ рөл болғандықтан, оған актерлік шеберлік көп қажет болды. Үндемей жүріп ойнайтын рөл мен үшін бір ерекше болғанын жасырмаймын.
– Мерей, Мағжан Жұмабаевтың рөлін ойнаған сәтте қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз? Осы рөлден өзіңіздің өміріңізге үлгі етіп аларлықтай әсер алдыңыз ба?
Мерей Мұхтарұлы:
– Мағжан Жұмабаевтай лирик ақынды ойнау қиынға соқты әрине. Ол кісіні осы отырғандарымыздың ешқайсымыз түсінбейміз. Өйткені Мағжан мен біздің арамыз жер мен көктей екені рас. Қылышынан қан тамып тұрған кезде өкіметке қарсы шығып, репрессияға ұшырайтынын білсе де қолынан қаламын тастамай отты өлеңдерін жасқанбай жазды. Ал, сондай адамды сомдау мен үшін қиынға соққанын айтпай кету мүмкін емес. Мүмкін өмірлік тәжірибемнің аздығынан болар, бұл рөлді қайталап сомдағанымен де Мағжан ағамыздай болу қиын екенін ұғындым.
– Актерлік жолда шешімді өзгертетін сәттер болды ма? Бұл сұраққа Алма Кәкішева былай деп жауап қайтарған болатын.
– Бұл кәсіптің иелері күнделікті қатып қалған қағидамен жұмыс істемейді. Алдымен үлкен шығармашылық талпыныс, ізденіс қажет, сонысымен ерекше. Актерлықтан шаршап, сахнаны тастап кеткің келетін кездер де болады. Сондықтан әртіс атанғысы келген адам бұл мамандықтың ыстығы мен суығына төзе білуі керек.
Ысқақ САДЫҚ
qazaquni.kz