ЖЕР ЖӘННАТЫ ЖЕТІСУДАҒЫ Наурыз тойы
2011 ж. 05 сәуір
3141
0
Наурыз – Шығыс елі үшін ежелден-ақ ынтымақ пен ырыс мейрамы. Бұл күні араздасу, харамдыққа жол беру – ауыр күнә. Жетісу жұрты бұл мерекені жыл сайын жоғары деңгейде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биылда мерекесі мен берекесі жарасқан ұлы күн облыс орталығында думанды түрде тойланды. Қала тұрғындары мен қонақтары таң азаннан орталық алаңға бет алды. Ақшаңқан үйлер тігіліп, наурызкөже жасалып, қоңақжайлық танытқан көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі. Тұрғындарды осындай мерекелі шаттығымен облыс әкімі Серік ҮМБЕТОВ құттықтады:
– Қадірменді қауым! Баршаңызды елдік пен бірліктің, еңбек пен ырыстың белгісі болған Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлыстың ұлы күні отбасыларыңызға бақ-береке, шадыман шаттық әкелсін. Әркімнің тілеген тілектері қабыл болсын. Бағзы заманнан бері ата-бабамыз бұл күнді Жаңа жылдың басы деп есептеген. Өйткені, осы күні күн мен түн теңеледі. Қараңғылықты жарық жеңеді. Айнала нұрға малынады. Наурыз әр шаңыраққа еніп келе жатқан жақсылық пен молшылықтың, жаңару мен тазарудың айқын нышаны. Шынында да ізгі ниет қана бізді алға жетелейді. Бүгін бәріміз «Тәуелсіздіктің 20 жылында жеткен жетістігіміз биік болсын» деп тілейміз. Наурыздан Наурызға дейін жер жаннаты Жетісу жерінің жұртшылығы жоспарланған жылдық міндетін абыроймен атқарып шықты. Елбасының биылғы халыққа Жолдауына сәйкес алдымызда мұнан да ауқымды істер күтіп тұр. «Ырыс алды – ынтымақ», – дейді халқымыз. Наурыздың негізгі мәні де осында. Ендеше, ел ішіндегі жарастығымыздың, татулығымыздың арқасында межелеген биігімізден көріне аламыз.Наурыз мейрамының тағылымдық, тәрбиелік мәні, берер шапағаты мол. Сондықтан да халықаралық мерекеге айналды. Бұл – барша қауымды мейірімділікке, ұйымшылдыққа, адамгершілікке, татулыққа шақырды. Араздасқан татуласады, өкпелеген кешіреді, ой тазарады, өмірге деген ынта-ықылас артады. Сондықтан да әз Наурыз елімізге тыныштық, отбасыларға құт-береке әкелсін. Баршамыз жылдан жылға аман-есен жете берейік, – деді ол. Ұлыстың ұлы күні қашанда қасиетті. Осы қағидаға сай облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған арысы Астана, Алматы, көрші облыстардан келген елге танымал зиялы қауым өкілдері орталық көшеге тігілген ақшаңқан киіз үйлерді аралап, дастарқаннан дәм татты. Жаңа жылды қарсы алу дәстүріне сай дайындалған мерекелік шашуларды тамашалады. Жылдағы үрдіс биыл да жарасымды жалғасын тауып, «Бұлақ көрсең көзін аш, бір тал кессең он тал ек» деген қағиданы ұмытпаған көпшілік орталық саябаққа жас көшеттер отырғызды. Мерекелік шара ауқымдылығы, тартымдылығымен қала тұрғындарын тәнті етті. Орталық саябақ пен алаң маңында ине шаншар жер жоқ. Өнерпаздар концерттік бағдарламалар қойып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, тәрбиелік, тағылымдық көріністер көрсетті. Тәуелсіздік көшесін бойлап тігілген киіз үйлерде қазақы дәстүрмен дастарқан жайылып, наурызкөже жасалды. Тұрғындар көже ішіп, қасиетті жеті наннан ауыз тиді. Кариялар жағы бата беріп, елдің береке-бірлігін тілесті. Мерекелік шараға қатысқан қаламыздағы арнайы білім берумен айналысатын оқу орындары салт-дәстүрге сай бірі құда түсіп, сырға салу рәсімін жасаса, енді бірі келін түсіріп, беташар жасады. Өткен жылы наурызда туған сәбилердің тұсауы кесіліп, қазақы ырыммен азан шақырып, ат қойылды. Қалалық әкімдіктің қарсы алдында спорттық ойындар өтіп жатты. Зілтемір көтеріп қарымын, шахмат ойнап зейінділігін танытқан жастар жаңа бір болашақтың өсіп келе жатқанын паш етті. Ал қаладағы көркемсурет мектебінің оқушылары сурет көрмесін ұсынды. Көз сүріндіретін суреттер салып, жұртқа қылқалам шеберлігін көрсетті. Мереке қазіргідей тек қана демалыстың ретінде ғана тойланбай, ұлттық құндылықтар насихатталса, әдебиет, өнер саласындағы қайраткерлер мен батыр аналар марапатталса, Қыдыр атаның насихатталуы Аяз атадан артса деген тілектер айтты. Бұл күнге де жетерміз. Төрт құбыламыз тең тұрып, ата-баба дәстүрін шынайы қалпында жаңғыртар шақ та алыс емес. Мұны орталық алаңдағы Б. Римова атындағы облыстық драма театры, Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мектеп оқушылары және өнер ұжымдарының қатысуымен дайындалған мерекелік шара дәлелдей түсті. Кешегі Түрік хандығы дәуірінен бастау алған сахналық көрініс табиғат пен қоғамның, ел мен елдің, қоғамдағы әлеуметтік топтардың тепе-теңдігін сақтауды талап ететін Наурыз тойының қасиетін паш етті. Қаламыздағы этномәдени орталықтар да бары мен базарын ортаға салды. Осы күні қаламыздағы жетім, қамқоршысынан айырылған балалар мен мүгедек жандарға арнап дастарқан жайылып, қайырымдылық шаралары өтті. Халқымыздың бір аңызында Наурыз айында Қыдыр ата даланы кезіп жүреді екен. Егер назары далаға түссе, оның тоңын жібітеді. Тасқа түссе, тасты да ерітіп жібереді екен. Бұл күні Қыдыр атаның назары жетісулықтарға түскені анық. Лайым өңір тұрғындары осы бір жылды қуаныш пен мол табыспен қорытындылайтынына сенімдіміз.
Қызылағаштағы Наурыз Азанда аяз қысып тұрған Қызылағаш аспаны түске таяу жылы шуағымен жадыратып тастады. Ағыны қатты Қызылағаш өзені де мұз ағызып, тас аунатып жатқан тосын мінезін көрсетпей, жуаси қалған. «Бұл да Алланың көзінің түзулігі шығар» деп жатты табиғаттың тосын мінезіне кәнігі қарттар. Ауылдағы І.Жансүгіров атындағы орта мектепке жиналған жұрттың да көңілі көтеріңкі. Олар апаттың жылға толған уақытында қайтыс болғандарға ас берілгенде: «Наурыз мерекесінде сіздермен бірге боламын» деген уәдесін ұмытпай, ауылға бет алған облыс әкімін асыға күтуде. Мектеп алаңына жиналғандар қазан асып, наурыз көже пісіріп, ауылдастарына қонақжайлық танытып жатты. Тіпті түрлі ұлттық ойын ойнап, мереке шаттығын қыздыра түсті. Айтқан уақытынан кешікпей құтты қонақтар да жетті. Облыс басшысы өзімен бірге елімізге танымал мемлекет, қоғам және әдебиет қайраткерлерін де ерте келіпті. Теледидардан жүзін көріп, көсем ойларына қанық азаматтармен бетпе-бет кездескен ауыл тұрғындары жапатармағай амандасып, ақ жаулықты әжелер жырдан шашу шашып қарсы алды. Осыдан кейін алқалы топ мектептің спорт залында жайылған мерекелік дастарқан басына жиналды. Мерекеге қызылағаштықтар да жақсы дайындалыпты. Бірден көңілді концерттік бағдарламаны бастап кетті. Ауылдың алтыауызы аудандық халық театрының әртісі Болатбек Ешмұқамбетовтың арнау өлеңімен ашылды. Осыдан кейін ақсақалды карияның ақ батасымен ұласып, этно-мәдени бірлестіктердің тартымды нөмірлерімен жалғасты. От жағып, дастарқанды аластады. Күй тартылып, би биленді. Ән айтылып, арнау өлеңдер де оқылды. Осындай бір салтанатты сәтте сөз кезегі облыс басшысына берілді. Жұрттың шырайлы жүз, көтеріңкі көңіл-күйін көріп, сахнаға жадырап көтерілген Серік ҮМБЕТОВ: –Қымбатты көпшілік! Бүгін, міне, халқымыздың жыл қайыру дәстүрі бойынша Жаңа жылды қарсы алып отырмыз. Осы қасиетті күнде сіздердің қуаныштарыңызды бөлісейік деген ниетпен қазақтың қоғам қайраткерлері келіп отыр. Наурыздың ерекшелігі көп. Бұл күні барлық қиындық ұмытылып, бір-біріне болған реніш, қалған көңіл кешіріледі. Әрине, адам баласының бәрінің басында да қиындық болады. Сол ауыртпалықтың жеңілденетін күні. Біз ата-бабаларымыз аманаттаған ғұрып-әдет, дәстүр-салтқа мән беретін, оны қадірлейтін халықпыз. «Алла тағала да адамның пейіліне қарап береді» дейді. Кеше күні қайғырып кездессек, бүгін, міне, қуанышпен қауыштық. Мұның өзі жақсылықтың нышаны. Осында отырған бәріміздің тілегіміз – өткен жылы болған апат енді басымызға түспесін деп тілейміз. Былтыр Елбасының өзі осында келіп, тұрғындармен кездесіп, жағдайды көріп кеткенін білесіздер. Өткенде қайтыс болған бауырларымызға арнап, ас бердік. Сонда мен Наурызды осы жерде бірлікте өткіземіз деп уәде беріп едім. Сол айтқанымды орындап келіп отырмын. Ұлыстың ұлы күні жарқын ниеттің, жақсы тілектің күні. Осыған орай, сіздерге өзара кешірімді, сыйласымды болыңыздар демекпін. Үлкен үлкендей, кіші кішідей болғаны жөн. Бабаларымызда: «Үлкен тұрып кіші, әке тұрып ұл, шеше тұрып қыз сөйлегеннен безін» деген нақыл қалған. Ондай жерде береке-ынтымақ болмайды. Қазақ қашанда сөзге тоқтаған халық. Ендеше, мұны естеріңізден шығармаңыздар. Ашуын ақылға жеңдірген ел де, ер де озатынын біліңіздер. Барлап қарасаңыздар, айналамыздағы мемлекеттерде адам жанын ашынтатын жағдайлар болып жатыр. Мұндай жағдай енді еліміздің басына түспесін. Елбасы әрдайым маған: «Қызылағаш елді мекенін әр уақыт көңіліңнен шығарма, көзіңнен таса етпе», – деп ескертіп отырады. «Аман елдің аты шағады» дегендей, осы Жаңа жыл енді дәстүр болсын, әр жыл сайын Қызылағаш ауылында мұндай думан үзілмесін, – деді ол. Қонақжай ауылдастар алыстан келген ел ағаларының да елдіктің сөзін, ертеңнің қамын толғаған лебізін ыждағатпен тыңдады. Сөз кезегінде қоғам қайраткері, жазушы Дулат ИСАБЕКОВ: – Қызылағаш ауылында орын алған жайсыз хабарды естігелі қабырғамыз қайысып жүрген еді. Бүгін, міне, шат күлкі мен көтеріңкі көңіл-күйді көріп жадырап тұрмын. Халықтың еңсесі көтеріліп, қайғы ұмытылыпты. Әрине, бәрімізді алаңдатқан апатты сұрап алғанымыз жоқ. Мүмкін, бұл қазақ халқының төзімділігін, ел билеген азаматтардың халқына жақындығын бағамдайын деген Алла тағаланың сынағы болар. Бұл сыннан да сүрінбей өттік. Ерен еңбектің, татулық пен берекенің, ауызбіршіліктің құдіретіне бүкіл отандастарымыз тәнті болып, қуанып жатыр. Наурыз мерекесіндегі көңіл-күй барлық қызылағаштық ағайындарға жұғысты болсын. Әр шаңырақтан береке мен құт үзілмесін, – деді. Ал, жазушы, этнограф ғалым Мұрат ӘУЕЗОВ: –Менің ойымша, Қызылағаш үлкен сыннан өтіп жатқандай сезіледі. Апатта қайтыс болған бауырларымыздың жандары жаннатта. Оған мен кәміл сенемін. Ал қалғандары өте ынтымақты болуы керек. Мен Қытайда елшілікте жұмыс істегенде сондағы көптеген қандастарымыздан хат алған едім. Сонда олар: «Өзге елде сұлтан болғаннан, өз еліңнің ұлтаны бол» дегенді жоғары бағалайтын. Тіпті, олар үшін Отан дейтін ұғымның да маңызы зор болатын. Менің тілегім – сол азаматтар ниеттерінен айырылмасын. Бізді алда талай сынақтар күтіп тұр. Қиындықтарда жетерлік. Десе де, Қызылағашта орын алған апатты көтеріп алып, жұдырықтай жұмылып жұмыс істегеніміз қандай сынақ болса да жеңіп шыға алатын ерік-күшіміздің бар екенін көрсетті. – деді. Ақсу ауданында туып, өскен саясаткер Дос НҰРМҰХАНБЕТОВ ауылдастарына арнаған тілегін өлең жолымен бастады. Бұдан соң сөз кезегін алған ауыл тұрғындары, этно-мәдени бірлестіктің өкілдері және мектеп оқушылары жүрекжарды лебізін білдіріп, Елбасына, ел азаматтарына деген шынайы тілегін тілге тиек етті. Тіпті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті Әлбатыр ІЛЕСКЕН ойын өрнекті өлеңмен жеткізді. Бүгінгі Қызылағашта өзгеше бейне, өміршең жағдай орнаған. Ортақ қайғы ауыл тұрғындарын береке мен бірлікке шақырып, ынтымаққа ұйытқан. Үлкен-кіші, жас-кәрі, бәрі де бір отбасының адамдарындай емен-жарқын араласып, елжіресе сыр бөліседі. Иә, жалпыға күлкі сыйлаған құтты мейрам өз өрнегін тауып, тарих көшіне аунап кетті. Х Х Х Тойы тойға ұласқан Алматы облысының барлық жерінде наурыз тойы аса салтанатпен аталып жатты. Атап айтар болсақ, той қызығынан төмендегідей мәліметтерді көруге болады. Еңбекшіқазақ ауданында өрнекті киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылған әсем ән, күмбірлеген күй жүрек тербеді. Жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтаған аудан әкімі Әлихан Тойбаев жүзіне жылылық ұялап, баршаға бірлік-береке, еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуын тіледі. Ынтымақтаса еңбек ету нәтижесінде жеткен толайым жетістіктер мен атқарылар ауқымды істерді баяндады. Райымбек ауданы орталығы – Кеген ауылындағы Наурыз мерекесі жылдағыдай дәстүр, салтымен ажарланды. Батыр бабамыз Райымбектің ескерткішінің екі жағына қаз-қатар қазақ үйлер тігілді. Жиналған көпшілікті аудан әкімі Аян Айтжанов құттықтап, күн менен түннің теңелген жақсы кезеңі әр отбасына шаттық әкелсін деді. Жалаңаш ауылында өткен әз-Наурыздың да салтанаты аз болған жоқ. Ұлтымыз Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтайтын Наурыз мерекесі жазиралы Жаркент жұртында да үлкен дүбірді дүрмекпен атап өтілді. Бұл күні өңірдегі барлық елді мекендерде аулалар мен көшелер тазартылып, орталық алаңдарда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мемлекеттік мекемелер маңы айшықты шақырулармен безендірілді. Аудан орталығы Жаркент қаласы да құлпырып, жайнап кетті. Шат-шадыман мерекеге қаладағы барлық мекеме өз дайындықтарын жасапты. Алаңның екінші бір тұсында көп ұлтты өңір тұрғындарының Наурызды тойлау дәстүрінен хабар беретін көріністер мен көркем көрмелер орын тепкен. Той бастау алар тұста Жаркент қалалық округіне жақында ғана әкім болып тағайындалған Бақыт Нұрелов мерекелік жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашып, аудан әкімі Ермек Келемсейіт аудан орталығы тұрғындарын құттықтады. Ақсу ауданында мерекелі той болды. Арасан ауылының орталығына таңертеңнен халық көтеріңкі көңіл-күймен әдеттегіден көп жиналды. Әр көшеде қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылып, ұлттық тағамдардан дастарқан жайылды. Қарапайым шаруа адамдары қыстан қалған сүр еті мен құрт-майын, қатық-айранын ақ дастарқанға салып, молшылықты, кеңдікті танытып жатты. Қонақжай қазақ халқының дарқандығын паш еткен тұрғындар мерекелік жиынға келген қонақтарға наурыз көжеден дәм татырып, табақ тартып сый-құрмет көрсетті. Күмбірлеген күй де, әуелеген ән де, шабытты жазылған жыр шумақтары да Арасан ауылының төрінде асқақтады. Жиналған қауымды құттықтаған ауыл әкімі Талғат Тәңірбергенұлы да шараға белсене қатысып, көпке алғысын білдірді. Сөйтіп көңілді көктем Алматы облысы аумағын тойға бөлеп, қала мен дала табиғаттың мамыражай талбесігінде шуақпен тербелді.