Ләззат ҚАЛДЫБЕКОВА, әнші, актриса: Өзге ұлт өкілдерімен тұрмыс құрған құрбыларым жүрегімді қан жылатады
2017 ж. 23 ақпан
4288
0
Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Ләззат Қалдыбекованы көпшілік «Балапан қаз», «Асығамын арманға» және тағы басқа да әндерді шырқап жүрген әнші ретінде де жақсы біледі. Кезекті қойылымнан шыққан актрисамен аз-кем тілдесудің сәті түскен-ді.
– Ләззат, бүгінде өнер айдынында еркін жүзіп келесіз. Әуел баста бұл таңдауыңызға ата-анаңыз қарсылық білдірген жоқ па?
– Әрине, кез-келген ата-ана бауыр еті баласының болашағы үшін алаңдайтыны сөзсіз ғой. Менің де ата-анам қыз баласы болғандықтан, мамандық таңдауыма бей-жай қарай алмады. Әсіресе әкем өнерге келуіме үзілді-кесілді қарсы болған еді. Ал, анам бұл тұрғыда мені қолдады. Өйткені ол кісі өнерге бір табан жақын жан. Кезінде әнші болуды да армандаған екен. Өзінің қолы жетпеген сол бір асқақ арманға қызының жеткенін қалады. Менің қабілетімді, өнерге деген талпынысымды байқаған әкемнің де көзқарасы өзгерді. Содан мектеп бітірісімен мені әкемнің өзі жетелеп Өнер академиясына алып келді. Негізі менің әу бастағы арманым – әншілік болатын. Актриса атану үш ұйқтасам да түсіме кірмеген. Өнер академиясына талапкер ретінде барғанымда композитор Нұрлан Байкөзов ағамыз: «Сен неге актерлік шеберлік факультетіне тапсырып, бағыңды сынап көрмейсің? Бойың да бар, келбетің де актриса атануға келісіп тұрғандай» деп өз кеңесін берді. Содан ойлана келіп, актерлікті таңдадым.
– Кейбір әріптестеріңіз театрға таныс арқылы келгендігін жасырмай айтып жатады. Ал сіз осынау өнер шаңырағының табалдырығын қалай аттадыңыз?
– Мен Өнер академиясында белгілі режиссер, Қазақстанның Халық артисі, Өнертану ғылымының докторы Есмұхан Обаевтың шеберханасында дәріс алдым. Ол кісі біздің топтың тәлімгері тұғын. Оқу орнында 3-ші курс оқып жүрген кезімізде «Сахна тілі» пәнінен емтихан тапсырдық. Сонда жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасын сахналадық. Сонда мен ядролық сынақтардың зардабынан мүгедек болған Ләйлә деген қыздың бейнесін сомдадым. Сәтті шыққан болуы керек, осыдан кейін Есаға мені және бірқатар студенттерді Әуезов театрына қабылдады.
– Күні бүгінге дейін М.Әуезовтің «Абайында» – Мағыш, Т.Нұрмағанбетовтің «Қожанасыр тірі екенінде» – Зүлейха, Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» – Ғалия, И.Сапарбайдың «Қыз мұңында» – Сағыныш, Н.Гогольдің «Үйленуінде» – Агафья Тихоновна, Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызында» – Бәкей, М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншегінде» –Кезбе, И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» қойылымында Нұрғаным, Н.Оразалинның «Шырақ жанған түнінде» – Нұргүл сияқты біршама рөлдеріңізбен танылып үлгердіңіз. Алдағы уақытта қандай образ жасауды армандайсыз?
– Студент кезімде ұстазым Махинур Хамитқызы М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Қаргөздің рөлін ойнауды тапсырды. Маған әсіресе Қарагөздің жынданып кететін тұсы өте ауыр болды. Балалыққа салындым ба, жоқ әлде спектакльдің салмағын сезіне алмадым ба, әйтеуір, сол бір кезін сәтті шығара алмадым. Сол себептен, бұл рөлді басқа актрисаға тапсырды. Дегенмен, әлі күнге дейін Қарагөздің бейнесін сомдауды армандаймын. Сонымен қатар, Томирис патшайымның ержүректілігін, оның батырлығын сахнада көрсеткім келеді. Және де театр қабырғасында түрлі мюзиклдарда өзімді әншілік қырымнан танытқым келеді.
– Сынды әркім әртүрлі қабылдайды. Содан да шығар, сын арқылы кейбіреулер бой түзеп биікке талпынып жатса, енді бірі жігері құм болып жатады. Ал сізге бұл құбылыс қалай әсер етеді?
– Өзіңіз білесіз, актер деген робот емес. Оның үстіне кино мен қойылымның айырмашылығы жер мен көктей. Мәселен, кинода жіберіп алған кемшілігіңді түзеп, қайтадан түсуге мүмкіндік бар. Ал, театрда қойылым кезінде сен өз бейнеңді қалай шығарсаң, көрермен оны дәл солай қаз-қалпында қабылдайды. Мәселен, бүгін мен өзіме белгіленген рөлді аса жоғары дәрежеде сомдап шықсам, ертеңіне ойдағыдай шығара алмауым мүмкін. Ондай сәттерде, әрине, сын естуімізге тура келеді. Бірақ сыннан қорытынды шығара білген актер ғана өнердің биік шыңынан көріне алатыны анық.
– Сахнадағы жаныңызға жақын әріптестеріңіз кімдер?
– Талай қызықтарды бастан бірге өткізген менің студент шақтағы және театр сахнасындағы әріптестерім – Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының иегерлері Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметов. Бір дәуірдің жастары болғандықтан ба, біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Яғни, бұл актерларды менің жаныма жақын жандар деп айта аламын. Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Шәмшінің рөлін ойнаған театрымыздың директоры Ерлан Біләл ағамызға сахнада өзіне, көзіне, сөзіне шынайы ғашық боламын. Сахнада бірге өнер көрсеткен әрбір әріптесімнің мен үшін орны бөлек.
– Әнші ретінде тойларға шығып тұрасыз ба?
– Әрине. «Той – халықтың қазынасы» демекші, шақырған тойлардан қалмауға тырысамын. Өйткені қосымша жұмыс ешкімге де артықтық етпейді деп ойлаймын. Қазіргі таңда қазақ қыздарының ата салтымызды сақтай отырып, барынша сән-салтанатымен ұзатылуына шама-шарқымша үлес қосып жүрген жайым бар.
– Ләззат, сіздің «Қазақ аруы – 2011» атанғаныңыз да ел есінде. Айтыңызшы, сіздің пікіріңізше бүгінгі қазақ қызы қандай болуы керек?
– Меніңше, қазақтың қызы деген ғажап атқа ешбіріміздің кір келтіруге хақымыз жоқ. Әрбір ару ең бірінші кезекте ар-ұяттан аттамауды ойласа екен деймін. Әлбетте бұл тұрғыда қазақтың тілін, дінін, ділін сақтап, өзіміздің салт-дәстүрімізге құрметпен қарай білгені жөн. Қазақта әу бастан айтылып келе жатқан «Қыз бұзылса, тұтас ұлт бұзылады» деген сөз бар ғой. Демек, ұлтымыздың абыройы асқақ болуы үшін де қыздарымыз инабатты, ибалы, өн бойында қазақилық қасиет тұнып тұрса құба-құп болар еді.
– Қазақ қыздарын қытайлықтарға беру туралы агенттіктің ұлттық мемлекеттің абыройына нұқсан келтіретін, азаматтардың ар-намысына тиетін, тек қара бастарының қажеттілігі үшін істеп отырған тірліктерінің арты дауға ұласып, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқанын білесіз. Бұл тұрғыда қандай пікір білдірер едіңіз?
– Қазақ қыздарының қытайлық азаматтармен бас қосуына, әрине, үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені, қазақтың қара нардай жігіттері тұрғанда өзге ұлттың азаматымен қол ұстасып, шетел асу ақылға сыймайтын дүние. Сондықтан да, қоғамның наразылығын туғызып жатқан осындай келеңсіз әрекет мені де бей-жай қалдырмайтыны анық.
Қазақ қыздарын айбынды азаматтарымыз лайықты қорғай алатынына сенімдімін. Кейде тойларға шақыртумен барған сәтімде қазақ қызының өзге ұлттың азаматтарымен бас қосып жатқанын көргенде, шынымды айтсам, жүрегім қан жылайды. Бірақ мұндай тойларға талай рет куә болып жүрмін. Дегенмен, өте өкінішті.
– Көрермен қауым алдағы уақытта сіздің қандай өнеріңізге куә болуы мүмкін? Қандай да бір жаңалығыңыз бар ма?
– Мендегі жаңалықтың барлығы сол өнердің айналасында болатыны заңдылық. Барлық жоспарыммен бөліскенім жарамас. Өйткені кейбірінің қалай орындалатынын уақыт көрсетеді. Тек таяу арада яғни, 13-18 наурыз аралығында театр ұжымының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Театр көктемі-2017» фестивалі өтеді. Биылғы фестиваль Қазақстан және КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналмақ. Осынау мерейлі шарада мен де өз өнерімді ортаға салмақпын. Бұйыртса шара барысында үнді биін билеп, өзімді бишілік қырымнан танытсам деймін. Бәріңізді осы фестивальдің көрермені болуға шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет! Ойға алған жоспарларыңыз орындала берсін.
Сұхбаттасқан
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz