Бақыт кілті – байлықта емес, шындықта...
2017 ж. 15 ақпан
2813
0
Мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілгеніне қарамастан бұл дерт қоғамның барлық саласын жайлаған. Осы бір келелі мәселе Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр сахнасында көтерілді.
«Бақыт кілті» – жас драматург Қолғанат Мұраттың сахнадағы алғашқы драмасы. Бұл еңбекті жазуға қазіргі таңда отандық бизнес саласына ұлтжанды, халықтың хал-ахуалына бей-жай қарай алмайтын азаматтардың келе бастағандығы түрткі болғандығын тілге тиек етеді автор.
Бастан аяқ талас-тартыс пен текетіреске құрылған бұл драманың қоюшы режиссері – Қазақстанның Халық артисі Есмұхан Обаев.
Бүгінде ел көлемінде кәсіпкерліктің көжиегін кеңейтуге ұмтылған кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан тиісті қолдау жасалған. Соған қарамастан, қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықтың бұл саланың тасының өрге домалауына едәуір зиян келтіріп отырғаны жасырын емес. Пъеса барысында көрермен қым-қиғаш оқиғалармен бетпе-бет келе отырып, оқиғаның немен тынарына алаңдап, жанын шүберекке түйіп отырды.
Иә, «Бақыт кілті» сахна шымылдығы ашылған сәттен бастап-ақ көрерменін өзіне баурап алғаны сөзсіз. Оның үстіне сахнаның бет-бейнесі де көз тартарлықтай көркем жабдықталған.
Қойылым барысында іскер жігіт Бауыржан (Еркебұлан Дайыров, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері) тоқырап тұрған алтын кенішіне қайта қан жүгіртіп, іргелі кәсіпорынның ел игілігіне қызмет етуі үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Дегенмен, осынау мақсатқа жету жас кәсіпкер үшін оңайға соқпайды. Өйткені, осы кеніштен заңсыз пайда тауып отырған бұзақы топпен қатар, бөлінген инвестициядан жөн-жосықсыз өз үлестерін талап етіп, оңай олжаға қарық болғысы келетін сыбайлас жемқорлар кәсіпкердің алдынан кесекөлденең шығып, кедергілер туғызады. Тіпті сол қу құлқын үшін Бауыржанның өмірінің астаң-кестеңін шығарады. Сыбайлас жемқорлардың қитұрқы әрекеттерінің жүзеге асуына кәсіпкердің жанына жалау болып жүргендей көрінетін көмекшісі Ермектің (Ақберен Жұмабаев) өзі де сатқындық жасап кетеді. Осындай қысылтаяң шақтарда кәсіпкердің жан жары – Жанар (Ләззәт Қалдыбекова, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері) оның жанынан табылып, үнемі қолдау білдіріп отырады.
Ал, қаскөйлер болса, өздері көздеген пайдаға кенелу үшін жолдарында кезіккеннің ешібірін аямайды. Ұжым мүшелерін бір арнаға ұйыта білген іскер басшы ақыры кеніштің ісін жандандырып, алтын өндіруге қол жеткізеді. Мұны көре алмаған қарсыластары ақырында Бауыржанды да қолға түсіріп, оның бас амандығы үшін әкесі Қанаттан (Төлеубек Аралбай Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі) қомақты қаржы талап етеді. Осылайша айрандай ұйыған отбасының шырқы бұзылады. Анасы Маруся (Гүлнар Жақыпова, Қазақстанның Халық артисі) болса, ұлы үшін қанша қаржы сұраса да берейік деп жан ұшырады. Бауыр еті баласының өміріне төнген қауіптің бетін қайтару үшін әкесі бұзақылардың талап еткен қаржысын да тауып келеді. Бірақ Бауыржан оқиғаның соңына дейін қарсыластарына берілмей, кескілесіп өзінің батылдығын танытты. Екі жақ ымыраға келе алмай тұрған сәтте полиция қызметкерлері заңсыз әрекетке барған басбұзарларды құрықтап, заң алдында жауап беруге міндеттейді. Осылайша, бір кәсіпорынның қыл үстінде тұрған тағдыры оңынан шешілді. Алтын кеніші жергілікті жұртты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмысын жалғастыра береді.
Қойылым барысында кәсіпкер Бауыржан:
– Жұмыс істей алмайтын кім?
– Қазақ.
– Қайыр тілеп жүрген кім?
– Қазақ.
– Қолынан іс келмейтін кім?
– Тағы да қазақ. Мен осы сөздердің бәрін жоққа шығарғым келеді. Қазақтың да қолынан бизнес жасау келетіндігін әлемге дәлелдегім келеді, – дейді. Әрі осы сөзінде тұрып қазақ деген халықтың қолынан барлығы келетінін өзінің қайсар мінезімен дәлелдеп шықты.
Көрерменге ой саларлық осынау қойылымнан соң менің де санамды сан түрлі ойлар қаптады. Осы тұста отандық қаншама кәсіпорын жат елдіктердің қолында екендігі де алаңдатпай қоймайды.
Алтын кеніші демекші, былтыр ғана ресейлік «Polymetal International plc» компаниясы «Казцинк» ЖШС-мен келісімге келіп, 100 миллион долларға Қазақстандағы Комаровский алтын кенішін сатып алғаны да есімізде. Шіркін, осындайда еріксіз «Бақыт кілті» қойылымындағы кәсіпкер Бауыржанның жанайқайына құлақ түрер біздің биліктен бір жан табылсайшы деген ойға келесің... Неге өз байлығымызды өзіміздің отандық кәсіпкерлердің ел игілігі жолында игеруіне мүмкіндік туғызбаймыз?! Қазақ деген өр рухты халықтың қолынан келмейтін іс жоқ қой. Әттең...
«Мен Тәуелсіз елдің шындығымын. Ал шындыққа ешқашан оқ өтпейді» деп қорытты сөзін қойылымның бас кейіпкері. Иә, әрбір кәсіпкер бақыттың кілті – байлықта емес, шындықта екенін жан жүрегімен ұғынса ғой, шіркін...Сонда біздің егемен еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болары анық.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz