Қожамжаров: Тұңғышбай Жаманқұлов мұндай қадамға барады деп кім ойлаған?!
2017 ж. 08 ақпан
3072
0
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2016 жылғы жұмыс қорытындысына арналған алқа мәжілісінде ведомство басшысы Қайрат Қожамжаров жемқорлықпен күресте ашықтық қажет екенін айрықша атап өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
«Ешкімнің абыройы мен шеніне қарамау керек. Барлық сот отырысы мен тергеу барысында алынған дәлелдер қоғам назарында болуы тиіс», - дейді ол.
Төрағаның айтуынша, соңғы уақытта жемқорлық дерегімен танымал адамдар да қамауға алынып жатыр.
«Қарапайым халық құзырлы органдардың бұл қадамын бастапқыда түсінбей қалып жүрді. Алайда халық тергеу және талдау барысындағы ашықтық пен дәлелдердің арқасында ғана бұл қадамның дұрыстығын түсіне бастады. Мәселен, CentralAsiaMonitor және Radiotochka.kz сайттарының бас директоры Бигелді Ғабдуллин қамауға алынған кезде қоғам тура осылай тулады. Журналистер мен кейбір әріптестерім оның кінәсіз екендігін айтып, дәлелдерді көрсетуімді сұраған болатын. Алайда тергеу барысында бәрі басқаша болды. Ол кінәсін мойындады. Сот ашық түрде өтті. Барлық айғақ пен тергеу жұмыстарының нәтижелері ашық көрсетілді», - дейді Қожамжаров.
Сонымен қатар, агенттік төрағасы белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталуы да осындай пікір тудырғанын айта кетті.
«Білдей Халық әртісі осындай қадамға барады деп кім ойлаған. Біз дәлелдерді көрсетуіміз керек», - деп атап өтті ол.
Естеріңізге салсақ, Тұңғышбай Жаманқұловқа "Феникс" көркем фильмінің өндірісіне бөлінген 69 миллион теңгені талан-таражға салды деген айып тағылған болатын.