Есмұхан Обаев: Адам театрға өзін-өзі іздеп келеді

Картинки по запросу есмұхан обаев

Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор Есмұхан Обаевпен сұхбат

– Қазіргі қазақ театрларына бұрынғыдай емес, көрермен көп баратын болды. Мұның сырын немен түсіндіруге болады?

– «Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғары интенция» деген екен орыс философі Александр Герцен. Мұндағы «интенция» деп отырғанымыз зат бейнесінің ойда сақталуын сипаттайтын идеалистік философиялық ұғым. Рас-ау, кейде адам біртүрлі күйге енеді: санасында түсініксіз сан сұрақ пайда болып, ішкі жан-дүниесі белгісіз бір нәрсені қалап тұрады, өртеніп, опық жеп жүргендей сезінеді. Осындайда адам мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің себебін білу үшін, сауалына жауап алу үшін театрға келеді. Қоғамда мейірім – тапшы, махаббат – жалған. Осы сезімдердің керемет үлгісін көріп, рухани азық алып қайтады. Сол себепті де, адамдар театрға қойылым көру үшін ғана емес, өзін-өзі іздеп келеді. Театр адам зерттеу проблемасымен айналысады.

– Айтыңызшы, жоғары лауазым иелері театрға өздері билет алып, келген кездер болды ма?

– Ондай да болады. Бұрын министріміз Алтынбек Сәрсенбаев марқұм арнайы келіп, кассадан билет алып, қойылымдарымызды тамашалап қайтатын. Бүгінгі таңда Астанада жүрсе де, Арыстанбек Мұхамедиұлы оңтүстік астанаға театрға келіп, спектакль көріп қайтады. Артынша бізді шақырып алып немесе өзі келіп, қойылым туралы өзінің ойын айтып кететін кездер болады. Сонымен қатар, академиктер, жазушылар, ғылым-білім қайраткерлері келіп тұрады.

– Театр бірсарындылықты, керенаулықты көтермейтін секілді. Театр – көрерменімен театр. Көрерменнің көңілінен шығу керек. Болат Атабаевтың «Театр дегеніміз – режиссер және труппа» дегені бар. Бүгінгі режиссерлер мен «труппа» туралы айтып берсеңіз. Қаншалықты көңіліңізден шығады?

– Болат cолай айтса, мен басқаша айтар едім. Біздің кезімізде «Партия ОМЧС – совесть нашей Европы» дейтін. Сол сияқты режиссер – біздің театрдың ары, бары, намысы, болмысы. Біздің театрымызда режиссер деген көп тұлға. Алдыңызда отырған үлкен ақсақал мен болсам, одан кейін Әубәкір Рахимов, Алма Кәкішева сияқты қыз-жігіттер бар. Сонымен қатар, қара шаңырағымызда А. Әшімов, Т.Жаманқұлов спектакльдерін қояды. Кейде көрші елдерден шақырып қойдырамыз. Режиссерсіз театр жоқ. Актерсіз де театр жоқ. Әртіс деген – театрдың жауынгерлері. Жауынгерсіз жеміс жоқ екеніне ешкім күмән келтірмейді. Жалғыз өзі режиссер ешнәрсе істей алмайды, қоюшысы болмаса актер де актер емес. «Актер – Режиссер – Драмматург» – бірін-бірі толықтырып, жалғап отыратын «үштік».

– «Пьесадан қойылымға дейінгі» кезең аса үлкен еңбекті қажет етеді...

– Дұрыс айтасыз, спекталь бөлек дүние, пьеса бөлек. Мәселен, пьесаны жазып әкелдіңіз, мен оны басқаша қоюым мүмкін. «Терісін» айналдырып, басқа трактовка жасап, автордың айтар ойын ғана ұсынуым мүмкін. Ол режиссерге байланысты. Қайтадан авторға қайшы түрлендіруге болады. Қазір заман солай. Мысалы «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымына қатысты түрлі әңгімелер болды. Қазіргі режиссурада о дүниелік болып кеткен тұлғаларды, жазықсыз жапа шеккендерді аршып алайық деген міндет бар. Мысалы, драмматург Бақытжан Отарбаев Жәңгір ханның еңбегінің бәрін тапты. «Сіз қазақты кім деп жүрсіз?» деп, патшамен сөйлескендегі ұлт туралы сөзін көркем жеткізді. Осыншама жерге, дүниеге ие болған ел мәдениетін өсіргендігін, далада музыка мектептерін ашқандығын, бәрін шеберлікпен ұсынған. Сондай-ақ, Досханның «Құнанбай» киносында Құнанбайдың образы бізге қалай әсер етті?! Оны Совет өкіметінің солақай саясатының арқасында халық жауына дейін апарып тастадық. Ол саясаттан да құтылдық біз. Шүкір.

– Қазіргі қазақ драмматургиясының халі қандай? Жас драмматургтерге зәру сияқтымыз...

– Қазақ драмматургиясы болған және бола да береді. Мәдениет министрлігі 70-80 пьесаға конкурс жариялайды. Соған 78 автор барып жұмыстарын өткізеді. Бізде 58 театр бар, оның 17-сі ғана қазақ театры. Сол конкурстан өткен шығармаларды біз сахналаймыз. 27 қаңтарда «Бақыттың кілті» деген жаңа қойылымның премьерасы болады. Бүгінгі күннің тақырыбын қозғаған үлкен дүние авторы, жас драмматург – Қолғанат Мұрат. Мәдина Омарова қызымыз «Көмбенің дәмі» дейтін пьесаны жазды. Оның алдында Әнес дейтін жігіт «Алмас қылышты» сахнаға әкелді. Әуезов театры жас драмматургтерге мүмкіндік береді. Осындай жастар бар, орта буынға жататын талантты жігіттер бар, өзіміздің Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Иран Ғайып сияқты классиктеріміз бар.

– Сіз «Бас Платинді Тарлан» сыйлығының иегерісіз. Бұл сыйлықты сізге театр өнеріне сіңірген еңбегіңіз үшін берді ме, әлде режиссуралық жеке қойылымыңыз үшін табыстады ма?

– Платина деген бұл – медсенаттардың құрған үлкен сыйы. Оның өзінің комиссиясы болады. Оскар сыйлығына ұқсайтын арнайы мүсін беріледі. Платиндік сыйлықтың үш түрі бар. Соның бірі – осы театр өнеріне сіңірген еңбек үшін табысталады. Мен 2004 жылы алдым, сол кез менің ең ізденімпаз шақтарым болатын. «Бас Платинді Тарлан» менің режиссерлік еңбегім үшін табыс етілген. Құдайға шүкір, еңбек бағаланбайды емес, бағаланады. Бірақ соған тағайындалған адамдардың ішінде көзі тірісі мен ғана шығармын. Ол сыйлықты Әшірбек Сығай, Райымбек Сейтметов, т.б. адамдар алған... Ал қазір бірнеше жыл бойы бұл сыйлық тағайындалмай қалды.

– «Әр қалада бірнеше үлкен театрды ғана сақтап, қалғандарын жабу керек» деген әңгіме жүрді бір кездері. Бұған не дейсіз?

– Театр – адамның рухани серігі. Олай дейтінім, адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орны осы ошақ. Бір ағылшын жазушысы «Театр мұражай сияқты. Біз оған бармаймыз, бірақ оның бар болғанына қарсы емеспіз» деп жазған. Теардың өз көрермені бар, мұнда келмейтіндер осы ағылшын жазушысының ұстанымымен жүргені дұрыс шығар. Енді мынаны қараңызшы, Сәкен Сейфуллин қазақ театрын ашқан кезде былай деген екен: «Театрға құлағы естімейтін адам келсе, ол сахнада болып жатқан іс-әрекетті көзімен көріп, түсініп, содан ләззат алуы керек. Ал егер көзі көрмейтін зағип кісі келсе, ол тыңдап ләззат алуы керек». Театр – халықтың айнасы. Олар жабылса... Өнерді өмір деп бағалаған халықтың жағдайын ойлау керек... Театр болмаса – халықтың мәдениетінің кем тұсы да сол болмақ.

Біз – Қазақ елі – өзіміздің алған бағытымыз бар, өскен, өркендеген, білім-ғылымы жеткен елміз. Басқа іргелі елдермен тайталасып тұрған елміз. Мәдениетімізді, әдебиетімізді, тарихымызды, театрымызды әлемге таныта алатын қауқарлы елміз. Бізде қазақтың актерлік мектебін, режиссурасын танытатындай халықтың айнасы – театрлар жұмыс істейді. Барымызды бағалайықшы.

– Әңгімеңізге рахмет, аға! Театрда жолыққанша!

Әңгімелескен: Гүлім Рысқұл

qazaqtimes.kz